АРАМ ДОСТАН АДАЛ ИТ АРТЫҚ…
02.03.2018
1408
0
Менің үйден әдемі киімдерімді киіп, бір жаққа қонаққа немесе тойға бара жатқанымды сезіп-біліп, итім үнемі бірдеңе дәмете көзімен шығарып салушы еді. Итімнің аты Форсаж болатын. Ерекше жылдам жүретін болғандықтан, үйдегі бала-шаға солай атап кеткен.
Той біткенде, жұртқа жексұрын болып, қал­ған сүйек-саяқ­тарды жи­­нап алып жа­тамын. Түннің бір уа­­ғында келсем де, ме­ні сарыла то­сып оты­ратын итім бір қуа­нып, ой­нақши алдым­нан шығып, не­сібесін тойғанша жеп, қалғанын ке­лесі күніне сақтап, жерге көміп тас­тайтын.
Бірде бір ай бойына Түр­­кияда өте­тін Халық­ара­лық мүсіншілер сим­по­зиумына кетіп қалғаным бар. Шетелден хабар­лас­қан­да, ал­дымен итімнің жа­ғ­дайын сұраушы едім. Оған үйдегі бала-шаға реніш­те­рін білдіріп: «Біз­ден бұрын итіңіз­дің хал-жайын сұрайсыз, итіңіз біз­ден артық болды ма сіз­ге?» дейтін. «Ит те жеті қазы­на­ның бірі ғой», – деп, мен де олардың көңі­лін аулап қоя­тынмын.
Содан симпозиумнан орал­­ға­ным­да, итім мені дұрыс қарсы ал­май, ұясынан шыға қоймады. Не болды екен деп, итімді шын­жы­рынан ұс­тап, сыртқа әрең шы­ғар­дым. Тамақ берсем жей қойма­ды. «Балалар уақ­тылы тамағын бер­­мей, әбден рен­жі­тіп алды ма екен» деген ой да көңілім­де қылаң бе­ріп қал­ды. Алайда, олар итке та­мағын дер кезінде беріп тұрғанын ай­тып шыр-пыр болып жатты. Со­ған қарағанда, менің шетелге ке­тіп қалғанымды қайдан білсін, ме­ні тастап кетіп қалды деп ойлады ма екен, кім білсін. Әйтеуір, қай­ғы­дан қан жұтқаны көрініп тұр.
Кішкене сергіп алсын деген ой­мен шынжырынан босатып жі­бер­дім. Форсаж аулада аздап жүрді де, сыртқы есікті ашқанымда, да­ла­ға қарай атып шықты. Көшедегі әр­бір бұтақтың түбіне барып, арт­қы аяғын көтеріп, дәрет сындырып жүр­ді. Мен әдеттегіше оның оралуын күтіп тұрдым. Бірақ ол орал­­мады. Сағымға сіңіп жоқ бол­ған­дай, ізім-қайым жоғалды. Ал мен күндіз күлкіден, түнде ұй­қы­дан айрылғандай, бүкіл Жетісу ау­данын шарлап, көше-көшені ара­лап іздеп шықтым. Жоқ. Сол күйі табылмады.
Итім маған өте адал еді. Он бес жыл бойы байлауда тұрып, көшеге де шықпай, менің отбасымды, ау­ламды ұры-қарылардан қорғады. Мен оны Еуропалықтардай сыртқа қы­дыртып, саябақтарға апарып, ұрға­шы иттермен жолықтырған да емес­пін. Қазір сол итіме обал жа­садым-ау деп ойлаймын. Өзіме сон­шама адал болған итіме, иттік іс­тедім бе деген ой мазалап жүр.
Бір күні көрші орыс кемпір ме­нің күй-жайымды айтпай-ақ аң­ғарған болуы керек, «Тілеу-ау, сен бүйтіп мазалана бергенше, ит аулаушылардың орталығына ба­рып көрсеңші. Олар үш күн бойы көшеде байлаусыз жүргенде ұста­ған иттерін иесі келгенше күтіп, ұстай тұрады. Содан кейін барып кө­зін жояды», – деді. Мұны естіп, көңі­лімде қайта үміт оты оянды. Алып-ұшып Алматының бір ше­тіндегі ит аулаушылардың орта­лы­ғына бардым. Мұнда келген соң, көңілім одан сайын бұзылды. «Мені алып кетші» деп тұрғандай бо­лып, қыңсылаған иттердің дау­сынан жүрегім қобалжыды.
– Аға, қазақта «жақсы ит өлігін көр­сетпейді» деген сөз бар. Ол итіңізді енді іздемей-ақ қойыңыз. Сіз­ге жасаған сыйымыз болсын, мы­наны өзіңіз алып бағыңыз, – деп, итімнен аумайтын бір күшікті бер­ді.
Жас күшікті арқалап, үн-түнсіз үй­ге оралдым. Көңілім толар емес. Бұл аз болғандай, әйелім: «Мен өл­генде бүйтіп қайғырмайтын шы­ғарсың», – деп, ренішін білді­ріп жатыр. Бірақ көңіл-күйім ор­ны­на түсе қоймады. Тура И.Кры­ло­втың «Арыстан мен ит» мы­са­лындағы арыстанның күйін кешіп тұр едім. Жем ретінде торға жіберген күшік­пен арыстан достасып кетуші еді ғой. Кейін күшік ауырып өлгенде, қай­ғы жұтып отырған арыстан ке­лесі жіберген күшікті шайнап өл­тіріп тастайтын. Менің де көңілім осы кепті кигендей болып, итімнің орны толмай тұрды.
Ойыма көптің аузынан естіген бір әңгіме оралды. Бір орманшы иті­мен бірге келе жатқанда, көлік қа­ғып кетіп, орманшыны жедел жәр­дем келіп алып кетеді. Иесінің қаны тамған жерден кетпей, ит сол жер­де қырқына дейін күтіп тұрып ала­ды. Қаза тапқан иесін келіп қа­лар деп ойлаған болу керек. Мұ­ны білетін жұрт иесіне адалдық та­нытып отырған итке риза­шы­лы­ғын білдіріп, осы маңнан көлікпен өткен-кеткен кездері итке тамағын беріп кетіп жүрген. Иесін қырық күн күткен ит сол жерде тура иесі­не ұқсап, көлік қағып кетіп мерт бо­лады. Осының бәрі ит пен адам­ның берік достығы емей не? Дәл сол қырық күн өткеннен кейін сол жер­ге ел итке арнап ескерткіш ор­нат­қан. Ұлы данышпан­дары­мыз­дың бірі айтқандай, хайуанатта – ит, жеміс ағаштарында – алма адам­ға деген адалдығын өмір бойы жо­ғалтпайды екен. Алма бұтағы сы­нып түскенше иіліп, жемісті кө­бі­рек берсем екен деп, ал ит өл­генше адамға қызмет етсем екен деп ойлайтын көрінеді. Екеуі де өз-өздерін осылай құрбандыққа ша­латын сияқты…
Бірде ерлі-зайыпты қалаға жұ­мыс іздеп келіп, бір қарттың көр­шісінің үйін жалға алады. Қарт кісі жал­ғыз өзі тұратын. Кемпірі май­дан­нан оралмаған жалғыз ұлының қайғысын көтере алмай, талай жыл бұрын қайтыс болыпты. Со­дан бері шалдың серігі өзі күшік ке­зінен асыраған жалғыз иті еді. Жеті қазынаның бірі иесіне адал­дық танытып, үйге жан баласын жолатпайды. Ұры-қары дегендер ит­тен қорқып, ол маңайға аттап ба­са алмайды. Ал ауылдан келген сыбағаны біраз дегдітіп алу үшін сырттағы жіпке жайып қойған жас отбасының етін ұрылар бір-екі рет үптеп кетеді. Ерлі-зайыпты ақыл­да­са отырып, базардан күшік са­тып әкеледі. Иесін қорғайтын шал­дың иті сияқты болып өссе деп ой­лайды. Бірақ ол күшік ұрыларға қол­ды болады.
Бір күні күтпеген оқиға болады. Соңғы кездері үйінен мүлде шық­пай қалған қарт өзіне жігітті ша­қы­рады. Өзін ауру меңдегенін, ен­ді быламық жасап ішуге де қау­қа­рының қалмағанын айтады. Бас­панасына ие болатын артында ұрпағы болмағандықтан, осы үйді олардың атына жаздырып береті­нін жеткізеді. Тек өмірінің соңына дейін күтіп, арулап жер қойнауына тап­сырсаңдар деген өтінішін жет­кізеді. Жалғыз серігі итке жігітті ер­тіп апарып, иіскетеді. Ендігі се­нің қожайының осы дегендей «та­ныстырады». Солай қарт өмір­ден өтеді.
Осылай бір-ақ күнде ерлі-зайып­ты үйлі-жайлы болып шыға келеді. Ит те жаңа иелеріне үй­ре­неді. Бір күні түн ортасында ит ұлып-ұлып үріп, қыңсылап, қатты ма­засызданады. Ұйқы бермеген соң әйелі күйеуіне «мына итке не бол­ды, қарап келші. Жібіне ора­лып қалды ма, болмаса босатып жіберші» дейді. Жігіт иттің қарғы бауын шешіп, төсегіне келіп жан­тая­ды. Енді одан да сорақысы бо­ла­ды. Ит алдыңғы аяғымен үй­дің есігін тырмалап тұрып алады. Түкке түсінбеген жігіт, есіктің ал­ды­на шыға бергенде, жоғары бал­ды қатты жер сілкінісі болып, көз­ді ашып-жұмғанша үйдің шаңы­рағы ортасына түседі. Келін­шек үйін­ді­нің астында өлім құша­ды.
Осыдан кейін жігіт қайғыдан қан құшып, көпке дейін үйленбей­ді. Қарттың күйін кешіп, қос тізе­сін құшақтап, итті серік етеді. 10 жыл­дан кейін ит қартайып өледі. Со­дан кейін ғана қожайыны жал­ғыз­­сырап, өзіне жар іздей бастай­ды.
Біз ғарышқа бірінші екі аяқты адам ұшты деп әлемге жар саламыз, ал төрт аяқты иттің бірінші ұшқа­нын ескере бермейміз.
Сатып кететін кей достан адал қыз­мет ететін ит әлдеқайда артық деп ойлаймын. Менің «Жеті қазы­на» деген композициямдағы иттің бейнесі осы Форсажға арналды. Адам мен иттің мәңгі достығын бей­нелейтін бұл шығармам жас ұрпақ­қа ой салар деген сенімде­мін.
Тілеуберді БИНАШЕВ,
мүсінші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір