Отырам үнсіз сөгіліп
23.02.2018
1218
0

Софы СМАТАЕВ


Ғұмырым біртүрлі
Балалық күнімнің талтүсі
Тұратын төбемді
қақтап-ақ.
ұрыншақ көңілдің жартысы
ыңырсыр бір әнді жаттап ап.

Жартысы айқайлай
құтырып,
Шарқ ұрып қиянға кететін.
Ал демім ышқына
жұтынып,
Көмейден күй болып өтетін.

Өтетін әр күнім тойлатып,
Ұстатып қызықтың жалынан.
Секіріп жетердей
Айға тік,
Балалық шағымды
сағынам.

Сағынам қалтқысыз күлкімді,
Уайымсыз һәм қамсыз
күндерді.
…Бүгінгі ғұмырым
біртүрлі
Қосақтап тастаған
мұңға ерді.

Бұршақ боп жауды
Қара бұлт керги кекіріп,
Сарт та сұрт
бұршақ секіріп,
Әлгінде жайраң Болмыстың
Қоя бергені-ай
өкіріп.

Бұршақ боп жауды мұз көктен,
Бүрісе қалды.
Қыз – көктем.
Сілейді үркіп ақ қайың
Ақ балтыры
сызды өпкен.

Жұлмалап көк мұз
бүршікті,
Көз жасын гүлдің ыршытты.
Далама пана
бола алмай,
Жалаңаш жаным түршікті.

Қыс сұры қандай өктем-ді,
Қарып бір кетер
Көктемді.
Жастықты соқты-ау
аязы,
…Айтармын кімге
Өкпемді?

Жүйкем бар
Жүйкем бар темір арқандай,
Мүжілген тозып,
Жалғанған.
Қояды кейде
тарта алмай,
Жалғандық көріп Жалғаннан.

Тыңдаймын ауыр ыңқылын,
Жаныма зарым
батқанда.
Кеудемді тырнар
сұңқыл үн,
Ұйқысыз сүйреп ақ таңға.

Аяймын мыж-мыж жүйкемді,
Ызылдар шертіп,
дірілдеп.
Ыза, кекке ол талай
үйкелді,
Бар болса,
Көзі іріңдеп.

Бір кезде ол
аспап ішегіндей,
Шертетін күйді елжіреп.
Сипайтын жанды
көрінбей,
Қосылып күйге жел-жібек.

Жететін үнім аспанға,
Жайғанда жүйкем саусағын.
…Жұлынды
Зілім басқанда,
Жүйкемдей жүнжіп қаусадым.

Дел-салмын
Дел-сал боп тыншып
сал денем,
Сүйрейді тәнім жанды әрең.
Мен бөлек,
қызық бір бөлек,
Аулақта бөтен қалды әлем.

Кетті Әлем менен
бөлініп,
Күй болып,
ән боп төгіліп.
Отырам үнсіз
сөгіліп,
Ұстатпай ұшып көп үміт.

Айналып ұлдан
өгейге,
Тығылды тілім көмейге.
Сақ етер құлжа
сақасы ем,
Құлдырап түстім
кенейге.

Көзімнің отын жаға алмай,
Көңілдің күйін
таба алмай.
Сол аяқ тас боп
сіресіп,
Тоспаға тірлік
қамалды-ай.

Денем-сал,
мүлгір дел-сал ой,
Дүрлігер жүрек
тоңса бой.
…Кеселсіз, дертсіз
құлпыртар,
Тәніңе саулық қонса ғой…

Жүректі құр ұрғызып…
Жүрегімді құр ұрғызып төсіме,
Тілегімді айта берем несіне.
Тіленбей-ақ мен ешкімге,
қосылғам,
Қаратаудан босқан елдің
көшіне.
Ақ табанды жарып, тіліп
тас батқан.
Көне астаудан көппен бірге
ас татқам.
Боз тайлаққа боздап қуып,
жете алмай,
Арқалағам
қайғы, шерді бес батпан.

Жалғап алып үмітімді
үзілген,
бір ғана әнді ерекшелеп
жүз үннен,
Ізгілердің ізі-түзін іздедім,
Естеліктің
жазы, қысы,
күзінен…

Жоқ пірлерім
Әбділда жоқ,
Ғафу мен Сырбай да жоқ.
Ақын үнін
боздатар сырнай да жоқ.
Сүлейлердің
Соңында тентіреген
Жетім көңіл
кеудемді тырнайды шоқ.

Кімге айтарсың
Жоғалтқан, тапқаныңды,
Бір қуанып,
бір мұңға батқаныңды.
Қара ойыңнан
аппақ жыр сорғалатсаң,
Аласартып
қоярын ақ таңыңды.
Тұманбай жоқ,
Қадыр мен Сағи да өткен.
Ұлы ақындар
қазасы жанды илеткен.
Ой, мұңымды
тыңдатар ақын таппай,
Марғау жұртты
Зар, шермен әлдилеткем.

Мұқағали
мұңымды елер еді.
Құшағына аға боп бөлер еді.
Пірілерден
тіріні ұғар жан жоқ
Мынау тірлік
қалайша көгереді?
…Өгей билік
Ел-жұртқа не береді?

Қойшы әрі
Қойшы әрі,
несін күрсінем,
Беталды неге түршігем.
Мұңым-ау,
Мұңым іштегі –
Тазама түскен
кіршік ең.
Қойшы әрі,
Қайтем өкініп,
Мүжіліп, сынып,
кетіліп.
Адалды қайдан табармын,
Тұс-тұстан жауса өтірік.
Ақпын деп алдап өтініп.

Қойшы әрі,
Кім мен нелерді,
Өзгерте қоям мен енді
Алдамшы
Кім мен нелерім
Төсеніш етсе төбемді
Ішкізіп атау керемді.

Қойшы әрі,
бері, әрісі,
Сұмдықтың
жасы,
кәрісі,
Адамнан пенде жасауда,
Адал мен арам
жарысы.
…Тауықпыз күтер тарысы…

Келер ме көктем
Келер ме көктем
жастығымды көтеріп.
Жетер ме шуақ ізінен мөлдір от өріп
Табар ма тағдыр төменнен
төрге шығарар
Дәл мендей шалды отырған
күрк-күрк жөтеліп?
Келер ме көктем көгімнен
бұлтын ысырып,
Қанатын жаяр көңілімді
көкке ұшырып.
Мұң менен зардан бітелген
миды ақтарып,
Соғар ма жүрек көктем
исімен тұшынып?

Келер-ау көктем,
жауар-ау көктен шуағы.
Өнер-ау жерден сылдырлап ағар
су әні.
…Тебер ме тағы төменді
сонау төбесі
Сығар ма тағы әлсізді анау жуаны?

Қайтейін, көктем,
келмейсің маған тағы да,
Енбейсің енді алмасы солған бағыма.
Бәрібір мынау күзімнің
жинап байлығын
Даналық дейтін қонармын
ертең тағыма.

Зәрлісі кім?
Күркіреген күнімен көк ойнаса,
Жасынымен жайратып көп ойнаса,
Қырдан қашқан аңдары ойға безсе,
Ойдағы елдің жандары абайласа,

Тарқар ма еді ашуы Тәңірінің?
Азайтар ма ызалы Әмір үнін?
Жүгірер ме дуылдап ыстық қаны
Жер мен Көктің
үзілмес тамырының?

Сауылдатып нөсерін төкпелесе,
Қамшы тамшы төгілсе кекке ілесе,
Таз төбесін сел жуған жетім шоқы
Ағыл-тегіл еңіреп өкпелесе,

Керексізін сезініп дауылының,
Тежер ме еді күркірдің ауыр үнін?
…Кәрлісі ме,
білмедім сорлысы ма,
Зор болмыстың
Нашары,
Тәуірі кім?

Сан саққа жүгіртіп…
Сан саққа жүгіртіп санамды
Бойымнан сан ойым нәр алды.
Қазады қазымыр уайым,
Жанымнан
Жазылмас жарамды.

Тыншығам түнерген түнге еніп,
Тұншығам түршігіп
Мұңды еміп.
Мұнайға құлшынған мұңлық ек,
Қалайша кетерміз күн көріп?

Білемін,
Қол созып бір Алла,
Үмітті ұрлатпай тұр алда.
Жар құшқан жапалақ жұрт едік,
Айналып кетсек қой қыранға.

Кетсек қой ер салып құр атқа,
Жетсек қой жеткізбес мұратқа.
Қашанғы
Қу көңіл қобалжып,
Тіреле береді
«біраққа»?

Жылаңқы,
Көр жасық күз келді,
Кеудемнен тауып ап мұз көлді.
Ертеңін елінің жоғалтпас
Бұрармыз қай жаққа жүзді енді?

…Хақ пен тақ іздер ме біздерді?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір