
Әуелден солай, ақын – әлемді жүрегінде тербете білуі керек деп жатамыз. Ал, біз білетін Аманғазы негізінен бостандығымыздың бойтұмарындай ұлы Желтоқсанды жүрегінде әлдилеп келе жатқан ақын. Сұрақ туады. Адам жанының қыл ішектерін шертуге бесенеден бейім ақын неге Желтоқсанды жырлауға соншама құмбыл? Себебі мында: ел ереуілдеп, ер етігімен су кешкен сонау 1986 жылы Аманғазы өзі секілді өрімдей жастармен бірге арқырап теңдік сұрап алаңға шыққан, тарихқа «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен енген қақтығыстың бел ортасында әділет іздеп азапқа түскен, кейін соның ащы зардабын тартқан күрескер ақын, азамат ақын. Оның өлеңдеріндегі азаматтық үннің «үп» десең желге ұшып кететін қауқарсыз емес, қауызынан аршылған жұмыртқадай әрі толық, әрі салмақты, әрі қуатты болатыны сондықтан. Бұдан да дәлірек айтсам, ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің толғағынан туған әрбір жыры Желтоқсанның қайғысы мен қасіретіне, қадірі мен қасиетіне, бостандық жолында басын бәйгеге тіккен жасқайраттықтардың ерлігі мен өрлігіне, намысы мен алғысына толы. Соның асқақ рухына шүпілдеп тұр.
Мезгіл сәтке бетін бері бұрды ақыр –
Жырла, заман!
Жырла, жүрек!
Жырла, тіл!
Бір ҚазМУ-ды он жыл жүріп тауысқан,
Жырлап қалсын Желтоқсандық бір батыр, –
деп тебіренеді ол «Желтоқсан жыры» атты өлеңінде. Дүние аяр болмаса, әділетсіз болмаса «шындықтар шарасыз» қалып, ақындар «жындының жырын» жырлар ма еді? Жырламас еді. «Арақты ішіп, Аралды ішіп, арды ішіп, жезөкшеден жар құшар» ма еді. Құшпас еді. Міне, өлеңде өтірік айтуға болмайды деген қағидаға иек артсақ, осы келтірілген мысалдар соның бірден-бір жарқын мысалы. Сонда, бір адам екінші адамға не үшін әлімжеттік көрсетеді? Бір ел екінші елді неліктен басып-жаншиды? Бұл барып тұрған қиянат емес пе? Қиянат болса, оның түпкі мақсаты не?
Осы сауалдар төңірегінде ақын Аманғазы басын тасқа да ұрып, тауға да ұрып, әбден сана сарсытқан сияқты. Азамат жанының ойран-ботқасын шығарып жіберетіндей азапқа түскен сияқты. Бірақ, бұл сұрақтар қанша жерден актуалды болғанымен, оның нақты жауабын тарқату ақын міндетіне жатпайды. Біздіңше ақын міндеті – өмірдің қатпар-қатпар болып жатқан түпкі тереңіне үңілу. Түпкі тереңіне үңілу арқылы адам жанының терең түпкірінде жатқан сан тарау сауалдар мен қилы ойларды түртіп ояту. Яки, ой тастау, ойландыру. Ойландыру арқылы адам баласының болмыс-бітімін, жан дүниесін ашу. Бұл не үшін керек? Ең алдымен өзіңді тану үшін қажет. Адам өзін танымай, өзгені тануы мүмкін емес. Өзгенің болмыс-бітімін, айналадағы сәт сайын өзгеріске түсіп отырған мың-миллион қабат құбылыстарды сезіну мүмкін емес. Бір сөзбен ақын мақсаты жауап беруде емес, ойландыруда, тебірентуде, толқытуда. Міне, мәселенің мәнісі қайда жатыр…
Сұрақтарға тұншығып ғалам бүгін,
Боздақтарға ілесіп жоғалды мұң.
Кісендеулі сананы құтқара алмай,
Кісендеулі күйінде қамалды ұғым…
Бұл – «Біз білетін құрбандар!» атты өлеңінен алынған үзінді. Ресми дерек Желтоқсан көтерілісі кезінде небәрі үш-ақ адамның ажал құшқандығына хабар береді. Ал, сол күндері «жазалаушыларға» басшылық жасаған бір генерал «нағыз ұрыс алаңына айналған жерде жүз шақты жастардың өлі денесі серейіп-серейіп қалды» деп мәлімдесе, Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаларға байланысты жағдайлар түпкілікті баға беру жөніндегі Комиссияның алғашқы қорытындысында Желтоқсан көтерілісі кезінде 168 адамның опат болғандығы туралы мәлімет таратқан еді. Сонда қайсысына сенбек керек?.. Сауалдың көкесі осы! Сауалдан сауал туады. Осындай бірін-бірі жоққа шығаратын деректер қайдан пайда болады? Осының бәріне кім кінәлі? Аманғазыға сенсек, осының бәріне өзіміз кінәлі екенбіз. «Кісендеулі сана» мен «кісендеулі ұғым» кінәлі екен.Тәуелсіздік алғанымызға келесі жылы жиырма бес жыл толмақ, бірақ қазақтың санасы әлі күнге кісендеулі қалпында қалып отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы қалпынан бір өзгерген жоқ. Аянышты ма? Аянышты. Өлеңге кезек берейік.
Сойыл, күрек қуды өзінше «көкпарды»,
Қазақ, бірақ, қайтпай шерін ақтарды,
«Өрт сөндіргіш» сөндіре алмай шегінді,
Көзімде лапылдаған оттарды…
(«Шеңгелдер». 1986 жыл).
Көтергендер ел рухын көк төсіне,
Ақталса да жарайды көп кешіге.
Ерді құртқан ездер ме мезгіл өте,
Батыр болып кім кепіл кетпесіне?..
(«Желтоқсандық екіжүзділер»).
Бұл жерде де ақынмен еш дауласа алмайсың. Бірін-бірі біліп болмайтын айқас алаңында сойыл мен күрекпен қаруланған тасжүрек жендеттер де, темір қалпақ киген мәңгүрт бастылар да жүрді, өз көлеңкесінен өзі үркектеген қорқақтар да, қорқаулар да, табанында бүрі жоқ тайғанақтар да, жарамсақтар да жүрді, жеме-жемге келгенде жалт беретін екіжүзділер де, тіпті сасық ойлы сатқындар да жүрді. Сонда әділет қайда? Әділетті Жаратқаннан жалбарынып сұрап алуға бола ма? Сөйтсек, әділет өзіміздің қолымызда екен. Осы бір қарапайым ғана қағиданы елеп-ескермегендіктен біз азапқа түсіп, мазаққа ұшырайды екенбіз. Яки, әділет жолында жеңіліске ұшырап жатсақ, оның барлық кінәсі өзімізден! Ақын Аманғазының айтпағы да түптің түбінде осы уәж болса керек.
Дәл осы тұста ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің талант қуатының, көркемдік қолтаңбасының ерекшеліктері туралы сөз қозғауды қоя тұрып, оның Желтоқсан тақырыбына арнаған жырларының тізімін келтірсек, оқырманға әлдеқайда пайдалырақ па дейміз. «Алаңдағы өрт. 1986 жыл», «Аударылған трамвай. 1986 жыл», «Шеңгелдер. 1986 жыл», «Алаңдағы мінбеге. 1986 жыл», «Алаңдағы жарық. 1986 жыл», «Желтоқсандық екіжүзділер», «Желтоқсан», «Қасқырлық немесе Желтоқсан оқиғасынан соң», «Желтоқсан жаңғырығы», «Біз білетін құрбандар!», «Желтоқсан жыры»… Қарап отырсаңыз, бүтіндей бір кезеңнің жанды суретін көз алдыңа әкеледі. Оның үстіне қандай суреттер десеңші! Әрбір өлеңнің өзегінде көптеген жұмыр басты пенделердің парық-пайымы жете бермейтін парадокстар мен қарама-қайшылықтар шарпысады. Ұлттық рух пен ұлттық намыс буырқанып жатады. «Алаңға сен бармасаң, мен бармасам, ол бармаса, кім барар еді?!» деген өжет мінезді сезінесің.
Ақынсың ба, ендеше ұлтыңның қанды жасын ішіп, бүкіл азабын жан-жүрегіңмен көтере білуге тиіссің. Әйтпесе, ақын болып керегі не?! Қолыңмен көтере алмайтын қылышты белге байлағаннан не пайда?! Осы ретпен келгенде, Желтоқсан тақырыбына арналған Аманғазы өлеңдерінің бір парасы тікелей арнаулардан тұрып, оны тек өзінше жырлап, өзінше бейнелеп, өзінше қорытып, өзінше алып шыға алғандығында дер едік.
Мысалы, ақынның «Қайрат кім?» деген толғауы бар. Бұл толғау Желтоқсан қаһарманы, түрмеде адам кейіпті рецедивистің қолынан қапыда қаза болған Қайрат Рысқұлбековке арналған. Өзгеше формада, өзінше айта алған. «Қайрат деген кім сонша дүрліктіретіндей?! Ерлік жасаған Төлеген емес, Мәншүк емес..» деп бір даукес жігіт жоқ жерден дауласа кетпей ме?.. Мәңгүрттің аты – мәңгүрт. Оған қандай айла жасамақ керек? Аманғазы өзінше айла жасайды. Даукес жігіттің жауабын өмірден қыршын кеткен талантты ақын Бауыржан Үсеновтың аузына салады. Онысы сәтті шыққан деуге болады.
…Сенің елді бәрібір сүймегенің,
Шындық атты шыңға бас имегенің,
Күндеп болып тіріні, күйгелегім,
Аруақтардың жармасып алқымынан,
Құдіретті құрдымға сүйреледің.
Құзар шыңнан мұз емес, мұң құлады,
Саған таңсық – кім түзу, кім кінәлі?
Мақтанар ем –
Қазақтың сұңғылалы,
Болса егер Қайраттай мың қыраны!
Бұл өлең – қандай өлең? Даусыз, жақсы өлең. Мұнда өлеңге керек барлық қасиет құйылып бойынан табылып тұр. Ең бастысы Қайрат Рысқұлбековтың кім болғаны, қандай ерлік жасағаны әдемі сомдалған. Сол секілді желтоқсан көтерілісінің тағы бір қаһарман қызы Ләззат Асановаға арналған «Ләззаттың басына барғанда», Ербол Сыпатаевқа арналған «Жаркенттегі ескерткіш», Түгелбай Ташеновқа арналған «Ердің ері», Мұхтар Шахановқа арналған «Түнекті серпіп келеді сырғанап аспан», тағы басқа шырайлы жырларында Желтоқсан көтерілісінің қасіретті де қасиетті бейнесі тамаша ашылған. Осы өлеңдердің қай-қайсысында да табанға түсіп тапталып жатқан ұлттың тағдыры, жүрек түпкірінде шиыршық атып жатқан аңсар-арманы ерекше құлшыныспен жырланады. Осы жырлары арқылы қазақтың зары мен запыранын, мұңы мен наласын қайғысы мен қасіретін жеткізгісі келеді. Неліктен бұлай? Біздіңше қазақтың бүгінгі ұлттық санасына бұғау салынып, ертеңгі ұлттық санасына қылыш сілтеніп жатқанын күнде көріп, сәт сайын куә болып жатқандықтан. Мұндайда көкірегі қақ айырылмағанда қайтеді?! Жан-жүрегі тұншығып жыламағанда қайтеді?! Қалай дегенде, ақын Аманғазының өлеңдерін оқып отырғанда, бір кезде мызғымастай болып көрінген КСРО деген алып машинаны ту-талақай етіп, коммунизм деген тәтті қиялдың астаң-кестеңін шығарған 86-ның желтоқсанындағы сол бір үш күннің бүкіл қайғы-қасіреті мен азабын, рахаты мен қасиетін жүрегіңнен қайта бір өткізгендей боласың.
Ендеше желтоқсан жырды – жеке тағдырынан бөлек қарамайтын күрескер ақыннан алдағы уақытта да халықтың мұң-мұқтажын жүрегіне құйып алып, оны өзінше тербетіп, өзінше әлдилеп, өмір-өлеңімізде көп олжалар салатынына бек сенеміз.
Болат Шарақымбай,
ақын.