Қосағалы – ердің аты, жердің аты
ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Омбы шекаралық комиссиясының (төрағасы В.Шубин) бұйрығымен құрылған бір ғана «Тама» болысы жүз жыл шамасы өткен соң бес болысқа жетіп, кеңестік үкімет құрылғаннан кейін 1928 жылы, Қазақстан Министрлер кеңесінің шешімімен, Сырдария облысының (орталығы – Шымкент қаласы) құрамына берілді. Көшпелі негізде құрылған бұл ауданға бұрын Ақмола облысына қараған орта жүздің «Тарақты» руларынан тұратын «Қойтас», «Сораң» болыстары қосылып Сарысу ауданы деп аталды, жазғы орталығы Арқаның Сарысу өзенінің жағасындағы «Ақ кеңсе» деген (қазіргі Қарағанды облысындағы «Түгіскен» ауылына таяу) жер, қысқы орталығы Шу бойындағы Өксікбай байдың ағаш үйі (қазіргі Жамбыл облысының «Шығанақ» ауылына таяу) белгіленді.
Аудан халқының саны 15 мыңдай болған. 1928 жылғы қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу басқа кәсібі жоқ, жер шаруашылығынан хабарсыз, саудамен айналысып көрмеген бұл елді қатты күйзелтті. «Қар бір жауса, терек екі жауадының» кері келіп, 1932 жылғы (мешін жылғы) аштық қосылып үлкен апат әкелді. Халық оңтүстікке Байқадам, Созақ жерлеріне шұбырды. Көпшілік аштықтан, суықтан өлген, ауруға шалдыққан. 1934 жылғы санақ бойынша ауданның 15 мыңдай адамынан 3,5-4 мыңдайы ғана тірі қалған. Сарысу ауданының негізін құраған болыстар –«Қарақыз», «Шу», «Мұңлы», «Шоңай», «Қойтас», «Сораң» деп аталған – жеті болыс ел – «Қарақыз» болысына Әліп, Алшын рулары, «Шу» болысына Жағалбайлылар, «Шоңай» болысына Әлсейіт, Төлеген, Бөлеген, «Мұңлы» болысына Шақа мен Қырықбойдақ Құлмырза мен Төлеп, «Қосағалы» болысына «Есентай мен Кедей, Сеңгірбек», «Қойтас» және «Сораң» болыстарына Тарақтылар біріккен. Болыстықтарды әр жылдары Сеңгірбектерден Итемген, Қылыш, Нұрша, Әліпті Бекұлы мен Жәнібек, Жөгіні, Сарыбас, Исатай, Исабек пен Әлі, Жантөре, Есентай, Қосағалы Рақпанұлы мен Төлеген, Жұмабатыр ұрпақтары, Тарақтыны Кеншім, Мәдібек сияқты ел ағалары басқарған. Екі ғасырға таяу уақыт өтсе де бұл ел ағаларының есімдері ұмытылмай көпшіліктің жадында жатталып келе жатыр, олардың есімдерімен аталған «Қосағалы қонысы», «Жұма батырдың обасы», «Қылыш су қоймасы», «Есжанның қасқа бұлағы», Қылыш, Қосағалы, «Төрқұл-Қарғаш», Күзен, Ерубай, Байбосын сағаналары алды екі ғасыр, соңы бір жарым ғасыр өтсе де көненің көзіндей әлі тұр. Бұл ел ағалары туралы деректі әңгімелерді айтатын, кейбірін көздерімен көрген Жөгі Рақыш, Ақмолда, Құлыбек, ақын Бұралқы Құдайбергенұлын, Әліп бұтағының құйма құлақ шежіре көңіл ақсақалдары Сейіл Исаұлы, Сейілбек Алашбайұлы, Досжан Бәжібайұлы, Нұрмағамбет Жандарбекұлдарымен дидарласып сұхбаттасқанымыз жаңылмай күні бүгінгідей есімізде қалған. ХХ деп аталған ғасырдың 90 жылдарына дейін Арқа жеріне Шу бойынан Жамбыл облысының «Шығанақ», «Қамқалы», «Жайлаукөл», Оңтүстік Қазақстан облысының «Жуантөбе», «Шу», «Тасты» кеңшарларының жылқы баққан, қой жайған малшылары көшіп келіп, Арқа елімен араласып отырған шақта ертеректегі ел туралы, жер туралы, ер туралы ақиқатты қариялары аңыз етіп айтатын. Сол жылдары кеудесі көне әңгіменің қоймасындай халықтық әңгіменің білгірі тарақты Балтабай Адамбаевтың өзімен, еңбектерімен де танысып есінде қалған ескі әңгімелерін тыңдағанбыз.
Сонау ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін Арқаны жаз жайлап Шу бойын қыс қыстаған елдің бүгінгі ұрпақтары ежелгі ата қоныстарын, ата-бабаларының жатқан жерлерін білуге құмартады. Өткен 2014 жылы Арқа жерінде тұратын жеке шаруашылығы бар жас жігіт Алашбаев Ғабитпен Бетпақтың төрінде жатқан Шәукенбай байдың (Құрақ руының адамы) зиратына барып, басына құлпытас қойып, құран бағыштағанымыз бар. Сол жолы Бетпақта жатқан Әжібай, Тәжібай, Жақсыбайларға да құлпытас қойылғанын көріп, оларды ескеріп жүрген ұрпақтарына риза болдық. Іздеу салар інісі, жоғалғанын түгендейтін ағасы бар атаның аты өлмейді дегенге куәлік іспетті іс болған шаруа бұл.
Арқа жеріндегі Атасу өзенінің жағасында Есентай Қосағалы батырдың және оның ағайын інісі Тойғұлы қыстауы мен кесенелері бар. Бейіттерінің күмбезі ескіріп аласарғанымен, құламай қалған қабырғалары тұр. Қосағалы батыр елін жаудан қорғап, Кенесары Қасымұлымен дос көңілмен араласқан Танаш батырмен аталас туыс екендігі тарихтан белгілі. Ақтау жерін солармен бірге қорғаған Қосағалының, Тойғұлының қонысы Қосағалы атымен аталған қыраттың оңтүстік етегіне орналасқан. 1928 жылға дейін Қосағалы болысының әкімшілік орталығы болған. Рақпаннан Қосағалының өзімен бірге туған Қайып, Қосмұрат деген екі ағасы болған. Олардың да бейіті Арқада. Қосағалының азан шақырып қойған аты – «Қилыбай» дейді. Өжет қылықты, өр мінезіне қарап екі ағасы бар «тентекті» ел қос ағасы бар Қосағалы батыр деп еркелеткен. Рамет батырдың ұрпағы Рақыш Байтілеуұлы кәрия: «Рақпанұлы Қосағалы батыр мен Тойғұлы батыры бар жөгі еліне бұзық ниеті бар жау келе алмаған» деп әңгімелейді.
Бұл жер Атасу өзені бастау алатын Қызылша, Қараша, Қарасай, Есжанның қасқа бұлағы, Айнабұлақ, Мұңлы, Бүгіл, Ақбастау – Арқа жерінің жұмағы ұзыны да, көлденеңі де 200 шақырым алапқа созылып жатқан оазис. Теріскейін Қарсыадыр, Бестау, түстігін Арқарлы, Іргетау қоршап жатқан, тамаша табиғатын тамсанып айтып тауыса алмайтын ғажайып бір шұрайлы өлке – тама елінің құтты мекені. Мұңлы мен Қу тауларының қойнауы – сылдырап аққан маржан бұлақтар, ырғалып өскен ақ қайың, терек пен шырша, тау беткейлерін жауып жатқан арша тоғайларының жұпар ауасы жанның рахатын, бойды сергітіп, қиялыңды шартарапқа шарықтатады.
Қосағалы қонысы «Ақтау» ауылынан алты шақырымдай өзінің атымен аталатын қыраттың оңтүстік алдына орналасқан, бейіті қыраттың теріскей бетінде Атасу өзенінің жарқабағында тұр. Қыстау мен қорымның арасы екі шақырымдай. Одан әрірек оңтүстікке қарай Тойғұлы батырдың қыстауы бар. Ақтау бекінісі Қосағалы қорғанынан жиырма шақырым шығысқа қарай орналасқан. Кенесары осында бекініп орыс келімсектерінен (отарлаушылардан) туған жерді қорғады. Осы кезде тама елінің батырлары Танаш батыр бастаған Қосағалы, Тойғұлы, арғын Ағыбай Кене әскерінің сол қанатында болып орыс әскеріне ойсырата соққы беріп отырған. Бұл туралы толық деректі ақын Доскей Әлімбаевтың «Хан Кене» дастанынан оқуға болады. Ақтауда Кенесары кезінен қалған төре тұқымдарының ұрпағы Жұмабек төре, Жәнібек (Оспанов) төре, Жармұхамет (Ақпанов) төре, Әбдіхамит Төтекеев төре, «Біз төре тұқымымыз, өздеріңнің Құнанбай хажыларың (Абайдың әкесін айтады), «тірілеріміздің билігі – төреде, өлілеріміздің билігі – Қожада» деген, біз сендердің төрлеріңде отыруға лайықпыз» деп мақтанатындары бар. Қосағалы батыр қонысы, қорымы бір сөзбен айтқанда, «Ақтау» ауылының аймағында жатыр. Атасу өзенінің оң жақ бойы ХІХ ғасыр басынан кіші жүз «Тама» руларына мекен болған. Кедей руының Ібіжан, Мақажан, Исабек, Бұзаудың Асанының, Қиял байдың, Жанай әулиенің, күні кешегі Сәтбергеннің Жарылғабының, Есентай руынан шыққан Қосағалы мен Тойғұлының, Есжан батырлар, ел ағалары Бейсен мен Күзектің, Бұрқы, Отарбай, Қылыш, Алтайбай әулиелердің қонысы, қорымдары бар, олар таста таңбаланған. ХІХ ғасырдың мәдениет тарихынан ерекше орын алатын дархан-дарынды қобызшы композитор Ықылас Дүкенұлы, оның шәкірті, әрі туысы әйгілі күйші Сүгір Әліұлы – осы өлкенің тумалары. Осы кешегі ХХ ғасыр басында өмір сүрген әйгілі ақын – әнші, ғұлама – молла, хажы, кеңестік дәуірдің ағартушы мұғалімі Сарысу ауданы құрылғанда тұңғыш халық ағарту бөлімін басқарған Мүсәйіп Байтілеуұлы, атақты әнші Сапалай Исатайұлының Мұңлы – Қулы, Қызылша-Қараша, Ақтау-Атасу қойнауы – қызықты-қызулы күндерін өткізген алтын бесіктері.
Қосағалы мен Тойғұлының ел қорғаған батырлықтарынан басқа ұрпақтарының үлгі айтар ісі – заманында Шу мен Атасу аралығына көшерлік күш көлік түйесі, жарамды мініс аты жоқ ағайындарына Арқаны қыстатып, отырықшылық кәсіпке баулу үшін қора-жай салдырған. Қосағалы, Тойғұлы қыстаулары, Қарасайдағы Есжан қонысы, Мұңлыдағы Құлдың ағаш үйі, Жантөре, Үсен қыстаулары сол кезден қалған ескерткіш тәрізді. Қудың тау алдындағы ескі аңыз – атыздар, Пырна бойындағы жыртылған жерлер, қазылған арықтар ертеде егін салынған-ау деген ой тудырады. 1950-60 жылдары академик Ә.Х.Марғұлан археологиялық зерттеулер жүргізгенде Қу, Мұңлы, Ақтау қойнауында кен қорытылған, егін салынғанын айтыпты деп естігенбіз. Алайда, жазбаларында кен қазылған, қорытылған дегені хатқа түсіпті. Егін салған деген сөзі жазылмаған. Ал біз Көктас, Пырна, Атасу өзені бойынан су тоқтатқан тоған сұлбаларын, қазылған арықтар мен атыздардың іздерін көріп егін салынған жерлер екенін байқай аламыз. Бұл істі де бастаушы елін отырықшылыққа үндеген Қосаға, Тойғұлы ұрпақтары болуы бек мүмкін.
Көгінде қыран қалықтаған, шатқалында арқар арқыраған, беткейін бөкен жапқан, дәулеті шалқыған бұл өлке қырық жылға жақын 1928 жылдан кейін иесіз қалғандай болды. Темір жол тартылмаған, техника тапшы, аудан, облыс орталықтарынан шалғайдағы Қосағалы, Қорған, Қылыш, Ырғайлыда әр таудың бөктеріндегі күміс көлдер мен маржан бұлақтар басында ғана Жаңаарқа ауданына қарайтын «Өркендеу», «Түгіскен», «Атасу» колхоздарының қой қайырып, жылқы өсірген малшылары жазда киіз үйлерімен, қыста жапырайылған жаппа тамдарда өлмес күндерін өткізді. 1964 жылы ту даланың төсі иіп, көгінен күн нұры құйылып, таулары тіріліп, даласы түрленіп, шағын ауылдарды біріктіріп «Ақтау» кеңшары құрылды. Кеңшар орталығы Атасу өзенінің бойындағы Қосағалы қорғанының алдындағы жазық беткейдегі Жанай әулиенің Ақшоқысының етегіне салынды.
Арқа жерінде Қосағалы батыр туралы айтушылар көп еді, олардың көбі қазір ана дүниеге аттанып кетті, естігендеріміздің бір парасы ғана бұл. Батыр жетімсіз тірлік кешкен ағайындарына көшерлік түйе, мініс ат, соғым сияқты қажеттерін бай ағайындарынан күштеп болса да алып береді екен. Жалған айтушылармен, жалшы ақысын жегендермен жаны қас екен.
Қазір жасым жетпістің бесеуіне келді. Өмірім Қосағалы жерінде өтіп келе жатыр. Өткендердің үлгілі ісін, елге еткен еңбегі туралы айтудан, жазудан жалыққан емеспін, қатарларым азайды, жастарға мұғалім болғанмын ғой, сабақ берген балаларыма насихаттап айттым. Ескі әңгімелерді тыңдаушылар азайды, алыста қалған аңыз сияқты сөздердің ақиқаттығына сенбейтіндер бар. Елдің сенімінен айырылмау үшін айтар кәрілік тілегім – Қосағалы сияқты батырдың ұрпақтары болса, Тойғұлының ұрпағы болса қорымдарына қамқорлық жасап, басына белгі қойса – сауапты іс болар еді. «Өлі разы болмай – тірі байымайды» деген ата сөзін ескергеніміз мақұл ғой.
Жақсыбай Сүлейменұлы,
қарт ұстаз.
Ақтау ауылы, Қосағалы мекені.