Дидахмет Әшімханұлы, Роллан Сейсенбаев, Зейнолла Серікқали, Нұрқасым Қазыбек және Дулат Исабеков
Осынау бір аяулы жанды есіме алсам, көңілім алабөтен толқып, жүрегімді ғайыптан аялы алақанымен күліп сипағандай болады. Есімінен, әңгіме арасында аталғанда, кенет, жайма-шуақ жаз күндері жылылығындай жанға жайлы, шуақты леп ескендей көрініп, жүздескенде нұрлы жүзінен мейірім төгілетін, жан-жағына, төңірегіне шапағат, рақым, ізгілік шашқан аса бір гуманист, кісілігі жоғары, ғажайып тұлға еді.
Бұрын тар жерде кездесе қалғанда, бойы сұңғақ, зәулім бәйтеректей заңғар, ардақты Зекең биіктен төмен қарап, үстіңнен төніп, қоңыр даусымен сабырлы да өктем сөйлегенде, әр сөзінен ақыл парасаты інжу-маржандай жарқ етіп, салмақты шыққан қоңыр үнінен қамқорлық, шын жанашырлық сезілетін.
Өне-бойы адалдық, рухани кеңістігі ағыл-тегіл жақсылық ырысына, ізгілік кенішіне толған, көкірегіне саналы да сәулелі ақыл-ой біткен, тұңғиық көздерінен, іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысынан бекзаттық, тектілік байқалып тұратын жаратылысы бөлек, шын мәніндегі, алтын адам еді.
Алтын адам – «Алтын жамбы» иесі. Жас ұрпаққа жамбы тіккен хас мерген.
Алаштың ардақты перзенті.
Әділ сөз – адал сөз.
Менің әдеби есімімді, жалпы аты-жөнімді әдебиет сыншысына жеткізген шын алтын көпірдің бірі, дүлдүл ақын Жарас Сәрсек болатын. Тұңғыш романымды, тараулары таңбаланған қалың қос қолжазба дәптерімді өзі оқыған соң, Әмірхан Балқыбек қарап шыққан соң, Қазыбек Құттымұратұлы парақтағаннан кейін, Әлекең, Әлия Бөпежанова «қазақтың бас сыншысы» деп атаған Зейнолла Серікқалиұлының қолына тиген еді.
Роман туралы Зекең тамаша бір көлемді жылы мақала жазып шықты. Сол мақаланы әлі күнге дейін жаңартып үнемі кітаптарыма қосып отырамын. Себебі, бұл мақалада құпия бір күш бар, оқыған сайын, неге екені белгісіз, кітаптың жолын ашып, көлденең қиянаттардан, әділетсіз айтылған ой-пікірлерден қорғап отыратын тәрізді әсер қалдырады…
Әділдігі алмастың жүзіндей еді. Жібек Әмірханқызы айтқандай, асылдың айрықша артықшылығы сол, алмас жүзді сын қанша өткір кессе де, тілген жерінен ешқашан қан шықпайды.
Әдетте, Зекең қалам тартқан мақала құрылымы өлшеніп тартылып, жақсы пейіл-ниеттен жақсы көзқарас қалыптастыратын сынға, талқыға өрілетін. Жаманға жол сілтеп, жақсыға әділет сын жазатын, жақсыдан басқа баға жоқ. Қаламгер шығармашылығына жанашырлықпен қарап, қолдау таныта, құрмет білдіре пікірлесетін.
Жасында жігіттің нақ төресі, жасы ұлғайып, қарттық келгенде, Асқардай парасат падишасы болды. Еңбектері қазақ руханиятының асыл қазынасына айналды.
Сынға да сынақ бар, бірақ, өмір сынында, әділет қашан да жеңімпаз, уақыт қашан да әділ.
Әділдікті тұқыртып, шындықты бұқпантайлатқан қиянаттың алдағы уақытта, бәрібір, қанша бет бақтырмаса да, беті ашылады.
Зейнолла Серікқалиұлы шынның өзі болатын. Бірақ шындығында ізгілік басым еді. Әділдігінен кісілігі зор-тұғын.
Шығарма талдағанда, авторды шынайы қорғайтын. Туындыға жақтаса кететін, алайда, өздері жеке қалғанда, салиқалы, байсалды әңгіме қозғайтын.
Сұңғыла еді.
Тост көтергенде, тілекті өзі айтып отыратын: әуелі жеке, дербес өз атынан, сосын – сіздің атыңыздан, соңыра – еріп келген серігіңіздің құрметіне ішілетін.
Абайдың, Жамбылдың басына жаяу сапар шегіп, жолға шыққанда, тәу етіп барып қайтқанда, жақсы бір рухани дәстүрдің негізін қалады: Мамадияр Жақып, Жұмабай Шаштайұлы тәрізді қаламгерлер осы бір ғажап саяхаттың топтық құрамында, белсенді қатысушысы болды. Жалғасын табуы тиіс, елге де, жұртқа да, ұлтқа да пайдалы іс-шара деп топшылаймын.
Бірде, Панфилов пен Бөгенбай батыр қиылысында кездесіп қалдық. Сол жерден таныс кафеге кіріп, дәмханаға жалғасып жатқан жазғы алаңға, үстелдердің біріне барып жайғастық. Кәуап алып, сусын іштік. Жаздың нақ ортасы болса да, неге екені белгісіз, жадырап күліп, шалқып отыра алмадық. Дастарқан басын жаулаған мұң, жүрегімізде ертеден мұз боп қатқан бір салқындық немесе жаңадан түскен бір жара бар секілді әсер етті, әңгімеміз жараса қоймады. Зекең маған кенет өзі немқұрайлы, жүзі қападар секілді көрінді. «Ренжітіп алдым ба?..», – деген ой да болды. Кім біледі, жастық шақ, албырт кездің жаңылыс басқан теріс қадамы, қызба мінезі, нар тәуекелі көп еді ғой. Жақпай қалсам керек. Кім біледі?
Сонда, әңгіме арасында сырқаттанып жүргенін айтты. Енді мені көңілсіздік жайлады…
Кейін ауруханада жатқанда кешқұрым уақыт іздеп бардым.
Сол жолы, оңаша, жалғыз өзі, оқшау қалғанда, уайым ойламасын деп теледидар апарып бердім. Қуанып қарсы алды, бірақ орнынан тұрған жоқ. Бауыр безіне жасалған операция нәтижелі екен, тіпті қолы жеңіл болса керек, сәтті өтіпті деп күлімсіреп айтып, емдеп жатқан дәрігердің сөзін келтірді.
Мен бұл сөздердің жалғандығын білдім. Сыртқа шыққан соң, көзімнен жас бұрқ етті. Қас байлаған қараңғылық түсіп келе жатқан апақ-сапақ мезгілде, қызыл іңір шақта, сол бір ала көлеңке кеште, көше бойымен жабырқап бара жатып, құмығып үнсіз жылап келемін. Жолда қаптаған автомобильдер тасқыны шашқан жарықтар жарқ-жұрқ бетіме түседі.
Хабарласқан сайын жағдайдың қиындап келе жатқанын естиміз. Қыста, ақпан айында, туған күнімен құттықтап шықтық. Тыңқылдаған жүдеу домбыра, бай дастарқан, көңілді болуға тырысқан қонақтар. Жалған күлкілер қасақана, ерегісе әдеттегіден қаттырақ күледі. Ерсі шығады. Бойға жасыра алмас терең мұң бар. Әрбіреуімізден жалғыздық байқалады. Үйге қайғы басып, шерге толып қайттық. Қападармыз. Қамырықты сөйлесеміз. Сол күннен бастап, хабарласқан сайын сырқат меңдеп, жағдайдың қиындап келе жатқанын, дерттің беті қайтпайтынын естідік.
Аға ешкімді қабылдамайды. Сұлтан екеумізді кіргізді. Зекең етпетінен жатыр. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Сұлтан екеуміз ақырын жылап отырмыз. «Бәрі бітті», – деді Зекең. Сөзі анық шықты.
Сосын көктемде қоңырау шалыстық. Әлсіреп қалыпты, әлсірегені даусынан білініп тұр.
Кешікпей хабар жетті.
Бірақ, қанша жыл өтсе де, осынау бір аяулы жанды есіме алсам, көңілім алабөтен толқып, жүрегімді ғайыптан аялы алақанымен күліп сипағандай болады…
Дидар АМАНТАЙ.