Елу жыл ел алдында, ән сахнасында төлтума ән туындыларын, ілгері өткен, өзіне замандас сазгерлердің шығармаларын өнерге қойылар биік талап деңгейінде қалықтата шырқап келе жатқан саз өнерінің саңлақтарының бірі, композитор, ардақты әнші-сазгер – Алтынбек Қоразбаев. Бүгінде жалпақ қазақ, іргелес жатқан қырғыз, өзбек халықтарына есімі, шығармашылық жолы жақсы таныс Алтынбек Қоразбаев әнші-композитор ғана емес, соңынан шәкірт ертіп, баулып келе жатқан, өнердегі мектебін де қалыптастырған ұстаз. Ол Жетісу ән өнері мектебінің ұлы дәстүрін жалғастырып, дамытушы, ізденімпаз әрі талғампаз, еңбекқор, шығармашыл тұлға. Ұлттық, дәстүрлік сипаты мықты өнер туындылары ғана халықтың жүрегіне жол табады. Ұлттық топырақтан нәр алмаған, ұлттық құнарға тамыр жая алмаған кез келген шығарма бауы байланбаған түндіктің киізіндей, желп-желп еткен жеңілтек бір нәрсеге айналып кетеді. Есті әнді мұндайда күту қиын, ал есер әнге тұншығасың. Композитор Алтынбек Қоразбаев шығармалары ұлттық сипатқа тұнып тұр. Оның ән әуендерінің табиғилығы, шынайылығы ұлттық ерекшелігінің асқақтай көрінуінде жатыр. Алтынбек шығармаларынан ұлтымыздың ән өнерінің болмысы мен сипатын, халықтық дәстүріміздің саф алтындай тазалығын сезінесің, сезбеу мүмкін де емес.
Ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміздің кеңістігін тың музыкалық туындылары мен мәртебесін биіктетіп, іргесін кеңейте түсіп, әлемдік музыка жетістіктеріне ұштастыра білген. Алтынбек әндеріндегі халықтық дәстүрдің тінінің мықтылығын, балғын бала кезден халық мұраларын: аңыз-әңгіме, ертегі, эпостық, батырлық, ғашықтық жырларды бас алмай оқып, өзі де кешкісін дастархан басында үлкендерге оқып беріп, өнеге тұтуында, бойына, балалық санасына терең сіңіруінде жатыр дер едік. Халқымыздың ауыз әдебиеті түрлерімен, халық әндерімен балаң кезде ауызданып, бойына сіңіріп өскен, қалың елдің ішінен шыққан балаң жігіттер, әсіресе, 1970 жылдардағы қазақ әдебиетіне бір ерекше толқын болып кіріп, әдебиетіміздің болашақ дамуын қалай айқындап беріп кетсе, қазақ музыка тарихында да музыкалық мәдениетімізді кәсіби биік белес деңгейге көтерген де сол ел ішінде өскен, бойында музыкалық таланты тасқындаған жігіттер еді. Қазақ әдебиеті мен музыкасын дамытушылардың тылы – ел іші, ауыл болғаны мәлім. Ауылда өсіп, қалада білім алған біз әңгіме етіп отырған кезеңдегі жастар ауыл мәдениетін де, елімізді, республикамызды, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді гүлдендірді. Сол шоғырдың ішінде елмен етене өскен композитор-әнші А.Қоразбаев та бар. Ол қазақ халқына әншілік, домбырашылық, сазгерлік, ұстаздық, қазақ музыкасын насихаттаушылық еңбегімен тынымсыз белсенді қызмет етіп келе жатқан тұлға. Ол ән керуен көшін болашаққа тура бағыттап келе жатқан да азамат. Алтынбек ән әуендерінде халықтық сарын, елдік бояу, нақыш, ұлттық рух басым. Болмысында ұлттық рух басым әндер адам еркін билеп кететіні мәлім. Алтынбек әндерінің қуаттылығының арнасы осыған саяды. Тыңдаған жан, естіген құлақ еріксіз ән жетегіне қалай ілесіп, әншімен бірге қосылып, өзі де әуелетіп ән айтып кеткенін білмей де қалады.
Алтынбектің ән өнерінде, қалай дегенмен де, жаңашылдықпен ұласқан дәстүршілдік басым. Оның әндерінен сондықтан да уақыт пен кезеңнің табын, болмысын сезінесің. Шуақты, нұрлы күндердің, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кезеңнің әні де, жыры да, күйі де бөлек. Жекелеген адамдар ғана емес, жекелеген ауыл, аудан, облыстар ғана емес, тұтастай еліміз бір мемлекеттік жүйеден екінші бір жүйеге ауысып, ел экономикасы, ауыл тұтастай дерлік күйреп қалған заман кезінде туған ән де, әуен де мүлдем бөлек сарынға ие. Мемлекет басына кездейсоқ келген адамдардан сақтандыруға қатысты ұлылар ескертуі ұмытылып, алып мемлекет кездейсоқ адамның жауапсыз іс-әрекетінен күл-талқан болды. Ұлы Отан соғысында жау омыртқасын күйретіп жеңген халық нарықтың көзге көрінбейтін шеңгеліне ілікті. Бетпе-бет келетін жаудың сұлбасы елес бермесе де, қысымы, қиянаты тірі жаудан да асып түсті. Республика дағдарысқа ұрынып, қиыншылықтан шыға алмай жатты. Бұл кезеңдегі бүкіл халықтың басына түскен ауыр күндер ән бедерінде де өз ізін салмай тұрмады. Көптеген әннің әлеуметтік сарыны қоғамдағы ауыр тұрмыстың күйін бейнелей алды. Халқымыз пессимизмге салынбай, оптимистік, жасампаз ән рухымен тәуелсіздігіміздің туын көтеруге ұмтылды. Алтынбектің де мұндай күрделі кезең, ел басына түскен ауыртпалық заман шығармасында көрініс таппай тұрмады.
Ән де, жыр да белгілі бір жағдайға немесе әсер еткен оқыс оқиғаларға байланысты туып жатса, Алтекеңнің басты әндерінің денінің шығу тарихы бар, ән кездейсоқ дүниеге келмесе керек. Әннің тарихы белгілі оқиғаға арналғандықтан оның тақырыбы да нақты, кейіпкері де көбіне ортамызда жүрген қилы тағдыр иелері. Сондықтан да мұндай әндер өмірдің шындығын қаз қалпында бейнелеп, әуен өзегіне айналдырады. Әрбір әннің жазылу, шығу тарихы әр қилы, жалғандығы, жылтырағы жоқ өмірдің өзінен алынғандықтан, көптеген тағдыр иелерінің де басынан өткен, ұқсас, ортақ оқиғаға келіп саяды. Бір адамға арналған ән көптеген адамға ортақ, соның күйін ән әуенімен жеткізіп тұрғандай қабылдайды. Ал талантты сазгер бауырымызда мұндай әндер аз емес. Халықтың жүрегіне жетпеген ән – құлақты тосырқататын, миды шыңылдататын, есер ән. Әнді құдыретті, киелі өнер деп сезініп, әулие, пір тұтып, биік өнер шыңын мұрат тұтқан сазгер бауырымыз туған елі мен жерін, қасиетті Отанын ән әуенімен, ақ жүрегімен қалай тебіреніп ақтарыла сүйсе, оның әнін сүйер қауым да сазгерге деген шексіз, риясыз ілтипат, ықылас-пейілмен қолдап, көкке көтеріп жүргенін сезінсе керек. Қаршығаның жүз күйшіні жиып, жұдырықтай жұмылдырып, бір адамдай күй төгілткен тосын сыйындай, Алматының, республиканың, басқа да үлкен қалалардың кісі лық толы залдарынан шырқалған Алтынбек бауырымыздың әні мыңдардың, артық айтпады демесеңіз, миллиондардың тағдырына ортақтасып, үндесіп тұратын. Әнінің мұндай қасиеті Алтынбекті елдің, жұрттың сүйікті әншісіне, сазгеріне айналдырды. Бүгінде Алтынбек әндерін балалар, мектеп оқушыларынан бастап, қалың әншілер тобы, ел-жұрт той-думанда, түрлі мереке жиындарда, айтулы даталы күндерде жиі-жиі шырқайды.
Композитордың біраз өлеңдері балаларға арналған, үйреніп, тез айтып жүруге жеңіл. Балаларға ән шығаратын композиторлар бізде аз. Алтынбек бауырымыз балажанды, ақ көңіл, көпшіл, бауырмал жан болғандықтан оның әндерінің дені балалардың орындауына ыңғайлы деу керек. Талай таланттың жолын ашатын ән де – Алтекеңнің қоржынында.
Қазақтың сал-серілерінің соңы, атақты Балуан Шолақ Арқадан Жетісу жеріне келген сапарында Кененді көріп, батасын берген, өнерінің ашылуына үлкен септігі тигені мәлім. М.Жолдасбеков ағамыз «Кененнің сарқыты» деп айтқандай Алтынбек Кенен атамыздың «Базар-Назар», «Қайран жастық», «Көк шолағын» айтып жүрді. Алғаш «Ақ қайың – аңсарым», «Ақ халатты дәрігерім» деген әндерін шығарып, ел алдында орындауға ыңғайсызданатын. 1972 жылы Ғарифолла Құрманғалиев Атырауға баратын топқа Алтынбекті де қосып, жас жігіттің әнін тыңдап: «Әнші болуға бейім екенсің, Кенен атаңа ұқсайсың», – деген сөзі ән айтуына қамшы болған екен.
«Әгугәй домбыра» әнін шығарған сазгер 1975 жылы Кенен Әзірбаевтың 90 жасқа толу мерейтойына дайындық барысында «Жүз жасаған Кенен ата» әнін жазып, сол тойға арнайды, ән тыңдарман тарапынан өте жылы қабылданады. Көзі тірісінде 90 жасқа келген мерейтойы бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде тойланған әнші, сазгер, қайраткер. Бұл дүбірлі тойға КСРО Жазушылар одағының төрағасы Г.Марковтан бастап, Одақтас республикалардан да қонақтар қатысқан. Кененнің 90 жылдық мерейтойының алдында Алматы обкомының бірінші хатшысы, көрнекті мемлекет қайраткері А.Асқаров обком бюросының шешімімен К.Әзірбаевқа Алматыға келген кезде түсіп жүретін үйі болсын деп Т.Шевченко мен М.Төлебаев көшелері қиылысында жаңадан салынған 5 қабатты үйдің екінші қабатынан 4 бөлмелі пәтер бөлдіреді. Қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткері Х.Әміровке де Қарғалыдан дача салдырып береді. Кенен атамыз дүние салғанда арнайы топпен келген Алтынбек
Н.Тлендиевпен кездесіп, танысады. Алтекең: «Атамызды қазақ қана емес, табиғаттың өзі жоқтап тұрғандай сезілді. Алдында ғана шайдай ашық аспан түнеріп, дауылдатып, саябырсыды. Бірнеше жігіт Кенен атаны көтеріп барады. Мәйіттің беті ашық. Атамның аппақ сақалы желмен бірге желбірейді. Бейне, туған елімен қоштасып бара жатқандай. Сол сәт қолтығымнан мықтап ұстап алған Нұрғиса ағам: «Айналайын, сақалыңнан желбіреген… Кетіп барасың ба, қабырғалы еліңді, туып-өскен жеріңді тастап», – деп көз жасын бет орамалмен сүрте берді. Нұрғиса ағаның сол сөзі есімнен кетпей қойды», – деп жазыпты. Бір ғана адам жанын тербейтін сөз болашақ жазылар әннің кілтін қолға ұстатып жібергендей еді. Ақыры ұзақ толғанып жүріп «Сағындым, Кенен атамды» деген әні дүниеге келді. Ақын Ж.Сәтібековпен бірге ән мәтінінің де сәтті тууына себеп болды. Өлең де, ән де өте сәтті шыққан. «Желбіреген ақ күміс, Сақалыңды сағындым. Жайлауындай даланың, Шапаныңды сағындам. Ән мен жырдың кені екен, Айналайын берекем».
Алтынбек Қоразбаевтың төрт әні туралы арнайы тоқталудың енді реті келді. Бұл әндері – «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара бала», «Қара пима» деп аталады. Бұларды бірін-бірі жалғастырып жатқан әндер циклі десе де болады. Композитордың бұл туындылар циклін ән-эпопея десе, артық өлшем болмас. Адам тағдырын, қасірет-қайғысын Алтекеңдей терең толғап, ән желісінің тініне айналдырған сазгер кемде-кем. Қара кемпір – ғұмыр бойы Алтекең өскен Қызыл сайда тұрған. Майданға аттанған Жексенқұл мен Қосшығұлы хабар-ошарсыз кеткен, шалы да дүние салған. Өмір бойы қос ұлының жолын әні келіп қалады, міне келіп қалады деп жәутеңдеп тосумен, қой-ешкісін сол қос ұлының малы деп өсірумен қасірет пен қайғыға батқан кейуана. Соғыс қасіретін шеккен, талай боздақтарынан айырылып, шерменде болған аналардың тұтас бір жиынтық бейнесіндей, солардың символындай үмітпен өткен қаралы Қали апа. Ол қырғыз қызы екен, жетпісінші жылдардың соңында қайтыс болыпты. Өмірін боталап, қос перзентін жоқтаумен өткен, қайғы-мұңға батқан жан еді. Қара кемпірдің айтып жүретін мұңды әуені Алтынбектің түнде құлағына келіп, елегізітіп, бейшара кейуананың бейнесі көз алдында тұрып алады. «Әдеттегідей ұлдарымен әңгімелесіп отыр. «Жексенқұл, саған арнап құрт-ірімшік жинадым. Тойыңды дүрілдетіп өткіземіз. Қойларың да көбейді. Мына жұрттан сені сұрасам «келмейді» дейді. Өтірік, сенің тірі екеніңді жүрегім сезеді. Түбі мені іздеп келесің… Ех, қарақтарым, сендер менің сағыныштан жүдеген хәлімді көрсеңдер ғой», – деп отыр. Қасына келіп тыңдап отырғанымды сезер емес. Ақырын кетіп қалдым. Үйге қарай аяңдадым. Көзімнен сорғалаған жастың не үшін, қалай аққанын өзім де түсіне алар емеспін. Сол түні ұйықтай алмадым. Көкірегімді удай ащы запыран қыж-қыж қайнатты. Сол түні мен алғаш рет тағдырға налыдым. Өмірдің қасіретті бетіне тура қарадым… Ыңылдап әлдебір мақамдарды ойға түсіріп, өзімше толқып жүретінмен. Бірақ біздің басқа мұндай бақ қонатынын кім білген? Алланың бұйыртқаны шығар. Қали апама ақыры саз өнерімен өлмес ескерткіш орнаттым. Бұл бір анаға емес, тағдырлары ортақ сан миллиондағам аналарға арнаған перзенттік ескерткішім – «Қара кемпір» еді» деп жазыпты ән авторы. «Қара кемпірді» Алтекең 1984 жылы шығарған. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында. Бұл ән «Тамашаның» 40 жылдығы қарсаңында алғаш Республика сарайында орындалды. Егілмеген ел қалмады, жанарлары жасаурамаған жан болмады. Алтынбектің де көзінен жас шығып, іштей езіліп кетті. Осы күннен бастап әннің аты бүкіл Республикаға таралды. Алтекеңнің атақ-даңқы да аспандап шыға келді. «Қара кемпір» өнер ордасының да атын биікке көтерді. Арада 10 жыл өткен соң Алтынбек өзінің маңдай терімен жинаған ақшасына «Қара кемпірге» – Қали апаға арнап ескерткіш тұрғызды. Осындай керемет мұңды әннің дүниеге келуіне басты себепкер болған Қали апасына Алтекең өзін қарыздармын деп есептейді. «Қара кемпір» әні қандай әсерлі болса, Алтекеңнің көкірегінен қара сөз болып төгілген «Қара кемпір» деген новелласы да нағыз сондай көркем әдеби ескерткіш.
А.Қоразбаевтың бұл «Қара кемпір» деген новелласы бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулыққа сұранып-ақ тұрған, көркем, шынайы туынды. Алтекең өте күрделі тақырыпты, қасіретті, көркем тілмен де, музыка тілімен де ғажап игерген нағыз хас талант. 1988 жылы «Қара шал» толғауын жазды. Бұл да бұрын-соңды қазақ баласының басына келмеген қасіретке арналған еді. Соған қарсы Алтекең ән тілімен, сөз өнерімен күресті. Үшінші толғау – тастанды балаларға арналған «Қара бала» («Бозторғай») әні. Бұл ән Мейрамбек Беспаевтың жұлдызын жарқыратты. Талантты ақын Ұ.Есдаулетовтың «Қара пима» балладасына арнап жазған. Он жыл бойы осы балладаға ән жазамын деген ойда жүрген, толғаныстарды бастан кешкен сазгер әнінің туар сәтін күтіп ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Ән 1997 жылы туды.
Біз тоқталып отырған әндер А.Қоразбаевтың ұлтын қалай сүйетінін, оның тағдырына әнімен шырылдап қалай араша түсетінен көрсетеді. Отаншыл жүректі, кең диапазонды, заманымен бірге жасасып, жасампаз өмір орнатуға әнімен үлес қосып келе жатқан ой құшағында, ән әлемінің ішінде жүретіні жастарға үлгі болмақ. Алтынбек Қоразбаевтың Елбасының сөзіне жазған «Үш қоңыр» мен «Сарыарқа» шығармалары бүгінде тұтас халық сүйсініп орындайтын әнге айналды. Бұл әндер ғасырлардан ғасырларға жалғастық табатын өлмес, өшпес адам жанын от жылуымен жылытатын туындылар болып қала бермек.
Мұхтар Қазыбек.