Абайсыз қазақты, қазақты Абайсыз елестетудің өзі қиын. Ақынның асыл сөзі қазақ баласының санасына ана сүтімен сіңер қасиет қайнары.
Абай қазақ жырын жаңа мазмұнмен байытып қана қоймай, оған тыңнан түрен салып, екпін-ырғағын өзгерткен еді. Ол бунақ бұзып, ырғақ қуып, қыздырмалы қызыл сөзге салынып кетпей, қашан да өмір шындығына тура қарап, ақиқатты ашып айтып отырды. Абайдың ақындығы туралы Ахмет Байтұрсынұлының: «Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңдерінен артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылын қарап сөйлеген. Яғни кез келген сөзді шырайлы, ажарлы етіп жаза білген», – дегені бар. Абай өскен ортасының мұңын мұңдасын, не жалындаған жастық шағын жырласын, мейлі туған табиғатының таңғажайып сырына үңілсін, мейлі халқының өткені мен ертеңіне көз жүгіртсін, қоғам мен адам арасындағы алуан түрлі қарым-қатынасты зерде елегінен өткізсін, соның бәрі-бәрінде оның ой тереңдігі, пікір кемелдігі менмұндалап тұрады.
Міржақып Дулатовтың: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өткен күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге ұмтылар сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар.Бірінші ақынымыз деп қабірін зиярат етер, халықпенен ай арасы күшті махабатпен жалғасар», – деген сөзі соншама құдіреті мол болжау екенін енді түсінудеміз. Абай – тұтас бір халықтың рухани әлемі. Кемеңгер ойшыл, данышпан Абайдың артында қалдырған мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жетер, мәңгілікпен ұласар асыл қазына. Қанша заман ауысып, қанша буын ұрпақ жаңарса да, ұлы ақын айтқан «қуаты күшті нұрлы сөздің» сыры кетпей, сыны бұзылмай, жаңа қырынан ашылып, жаңғырып келеді.
Мынау Абай –
бір ғалым жол шығарлық
Замандасы болмады
сөзді ұғарлық, –
деп Шәкәрімді өксіткен, өкініші көп заман өтіп, бүгінгі күнге жеткенімізге шүкіршілік жасаймыз.
Абайдың мұраты – адамды адамгершілік, кісілік жағынан жетілдіру арқылы қоғамды жетілдіру, қазақ қоғамын ілгері дамыған мәдениетті елдер қатарына қосу еді. Оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі дүниетанымдық, философиялық, қоғамдық, этикалық көзқарастары, педагогикалық, психологиялық ой-пікірлері осыны дәлелдейді. Бала жүрегінде адамгершілік, адамдық пен имандылық тағылымдарын ұялатып, Абай: «Кімде кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ, ұяты жоқтың иманы жоқ», – деп, адам болам деген кісіге қажет бес дұшпан мен бес досты ажыратуды міндет етіп қояды.
Абай қазақ поэзиясына мүлдем тың формалар енгізген реформатор. Абай, сөз жоқ, өз халқының ауыз әдебиетінен көп үйренген ақын. Өз заманының ойлы адамы ретінде, Абай поэзияның идеясын биіктете, пікірін байыта, сезімін тереңдете түседі.
Шын хакім, сөзің асыл –
баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе
дәмі кетпес, –
деп ақынымыз Мағжан
Жұмабайұлы айтқан өлең әр қазақтың жүрек сөзі. Өйткені Абай мұраларына барлау, ұлы ақынның ой тұңғиығына тереңдеу ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретін іс. Абай – адамзаттың ғұмыр бойы игеріп түйсіне түсетін тұтасқан бір ғажайып әлемі. Абай мұраларын парасатты ой, зерделі санасымен оқып-үйрену біздің қасиетті парызымыз.
Құралай Бекова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы, Таскескен ауылы, «Ақтанберді атындағы орта мектеп-бақша» КММ.