Өлке тарихы – ұрпақ мұрасы
Туған жердің тарихы туралы кітап шыққанынан хабардар болған, Төле би ауданы Кеңесарық ауылының жас-кәрісі Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебінің акт залына жиналды. Мектепте қоғам қайраткерлерінің, ауыл ақсақалдарының, аудан әкімінің қатысуымен «Қарашаңырақ-Қарасора, құтты мекен Сайрамсу» атты екі томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Атауы айтып тұрғандай, кітапта ауылдың, өлкенің тарихы кеңінен баяндалған. Шымкент қаласындағы А.С.Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы он шақты жыл бойы ізденіп, туған жері туралы барлық деректерді жинақтапты. Құнды еңбектің оқырман қауымға ұсынылуына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негіз болған. Жергілікті тұрғындар үшін де, туған жерінің тарихын білуі тиіс өскелең ұрпақ үшін де құнды кітаптың тұсаукесерінде сөз алған ауыл ақсақалдары, қоғам қайраткерлері автордың еңбегін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді. «Біздің ауыл Тянь-Шань тауының етегінде сұлу табиғаты мен сан алуан жануарлары, өсімдіктері бар Ақсу-Жабағылы қорығына тиіп тұрған, Ұлттық парктің жанында Сайрамсу-Қасқасу-Қарасора өзендерінің бас жағында орналасқан. Бұл атақоныста Есімханның ордабиі болған, тоғыз ұлды Құдайбердінің Түгелбай мен Данай атты ұлдарынан тараған ұрпақтар атам заманнан бері тұрып келеді. Құдайберді би оның атақты ұлдары мен кейінгі ұрпақтары ел мен жер үшін болған соғыстар мен шайқастарда ат үстінен түспегені туралы деректер тарихи құжаттардан мәлім. Есімханның әскерін басқарған Құдайберді қалмақ пен Ташкент ханы Тұр-сынханға қарсы соғысқа осы жерден аттанған. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа осы ауылдан 189 боздақ қатысып, 119-ы майданда қаза болды. Бертін келсек, есімі әлемге танымал ауыл түлектері аз емес. Мысалы, былғары қолғап шебері Серік Қонақбаев, кеңес дәуірінде Тоқболат Тоғысбаев бастаған бүкілодақтық суретшілер одағына мүше болған 18 қылқалам шебері, Сальвадор Дали мен Пабло Пикассоның деңгейіне көтерілген Ерболат Төлепбай мен Бексейіт Түлкиев бар. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кезінде Қазақ ССР-інің өкіметі төрағасының орынбасары, жоспарлау комитетінің төрағасы, ОҚО әкімі болған Қалық Абдуллаев, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының әкімі болған, құрылыс министрлігін басқарған Амалбек Тшанов та осы ауылдың азаматтары. Ауылымыздан 10-нан астам ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаттары шығыпты, – деді тұсаукесер рәсімінде сөз алған қоғам қайраткері, генерал Ержан Исақұлов. – Осы сынды фактілер, ауылдың қилы-қилы кезеңдердегі тыныс-тіршілігі туралы материалдар Өмір Шыныбекұлының кітабында көрініс тапқан. Кітап – шыққан тегімізді, жерімізді, ауылымызды және тарихымызды таныту арқылы өскелең ұрпақтың рухани санасын жаңғыртады».
Жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Өмiр Шыныбекұлы «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кiтабымен де оқырман қауымға жақсы таныс. «Әлем тарихын білгенімен, ауылының тарихын білмейтіндер жоқ емес. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде орта мектепте туған жердің тарихын оқу патриотизмнің ең жақсы үлгісі екенін, туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін атап өтті. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері барын, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екенін де айтты. Осы талаптан шығуға тырыстым. Туған жеріміздің тарихын аға буын ақсақалдар айтып та отыратын. Дегенмен, тарихи деректерді табу, жинақтау, дәйекті дәлелдер келтіріп, сыншы оқырманға ұсыну оңай болған жоқ», – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Ғалымжан Қамытбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.