Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының
Басқарма төрағасы,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қоғам дамуына жаңа тыныс
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын жаңа жолдауы аса күрделі әлемдік, саяси-әлеуметтік жағдайлар тұсында жарияланды. Мұнда көтерілген мәселелер – төрткүл дүниенің назарындағы жайттар. Алты құрлық әдеттегіден де көрі жаңа заманауи проблемалармен бетпе-бет келіп отырған кезде ел экономикасын өрістетіп, тұрақтандырып қана қоймай, оның жаңа бағыттарын анықтайтын нақты ұсыныстарды он негізгі міндеттің аясына сыйғызған. Бұл бір жылдың ішінде атқарылатын міндеттер дегенімізбен де, осы міндеттердің жүзеге асуы Ел Президентінің бастамасымен бірталай уақыттан бері қолға алынып келеді. «Цифрлы Қазақстан» ұғымы, қазіргі қазақ қоғамын өрістету – жаңа ұрпақ, жаңа дәуір адамдарының күрескерлік қалыбын қалыптастырады деп бағалауымыз керек.
Қазақстан – индустриясы дамыған, жаңа технологиясы мейілінше икемделген, алдыңғы лектен көрінетін ел болу керегі жөнінде баса айтылды. Осыған дейінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, «100 нақты қадам» бағдарламаларының қай-қайсысында да айтылып келген алғышарттар кешегі Жолдауда көрсетілген негізгі ойлар – Қазақстан қоғамы дамуының жаңаша жалғасы. Бұлардың барлығы адам баласы үшін жұмбақ, сыры көп, ғаламдық кеңістікте Қазақстан ең әуелі өзінің рухани тұтастығын, экономикалық бет-бейнесін, саяси әлеуметтік болмысын тәуелсіз ел ретінде сақтап қалуына мүмкіндік беретін критерийлер. Президенттің осы Жолдаудағы нақты тапсырмалары мен нақты міндеттері Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі ұлттық мемлекет ретінде тұрақтануына жол ашады деп ойлаймын. Бұл Жолдау экономикалық критерийлердің дамуына басымдық беріп қана қойған жоқ, рухани критерийлерді де қанаттандыруға мүмкіндік беріп отыр. Республикадағы ұлттық білімнің еш елге ұқсамайтын бет-бейнесін қалыптастыру, ұлттық әліпбидің дүниежүзіндегі алфавиттердің арасынан өз орнын алуды жеделдету жөніндегі талаптары мемлекеттің рухани болмысын анықтайтын, ұлттық мәдениетін бекітетін талқылау деп бағалауымыз керек. Қаламгерлер қауымы Қазақстан жұртшылығына жеткен Жолдауды осы тұрғыдан қабылдады деп ойлаймын.
Сәбит ДОСАНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
жазушы
Көрегендіктің тағы бір көркем көрінісі
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел өміріндегі елеулі оқиға. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқандай, биылғы Жолдаудың – жөні бөлек, жолы басқа. Олай дейтініміз, заманауи технологиялар өзгеріске ұшырап, жаһандық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де ала келуде. Әлемді алқымынан алар дағдарыстардың болу қаупі де аса зор. Қарқынды жүріп жатқан жаһандану да ұлт алдына аса күрделі міндеттер қойып отыр. Осындай сын кезеңде келешекте болуы әбден ықтимал қиындықтардың алдын алып, оны еңсерудің, адастырмас ақ жолын көрсеткен, терең ойлы, текті сөз!.. Бұл – Жолдау көрегендіктің тағы бір көркем де кермиық, керемет көрінісі!..
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Елбасы Жолдауында тайға басқан таңбадай ап-айқын көрініп тұр. Бұл Жолдаудың әр бөлімі, әр абзацы ғана емес, әр жолы – «Мәңгілік Елге» алып баратын «Нұрлы жол».
Бұл жолғы Жолдауда бұрын айтылмаған өзекті, өткір мәселелер алшы түсер сақаға құйылған қорғасындай көкейге қона кетеді. Бір ғана мысал, Ұлт көшбасшысы алға қойған жетінші міндет: «Адами капитал – жаңғыру негізі». Қазақстанның ең басты байлығы – алтыны, мұнайы, газы ғана емес, жаңарған өмірге сай жаңа сападағы білімді, еңбекқор халқы.
Ел бастаған көсемі – кемел ойлы кемеңгер, халқы – ел сүйсінген еңбеккер болса, еңсерілмес қиындық, алынбас асу жоқ. Бүгіні – нұрлы, келешегі – кемел Қазақстан соның айқын айғағы!
Президентіміз Н.Назарбаев ерекше мән беріп отырған «адами капитал» жайлы айтсақ, кез келген мемлекеттің үш алып тірегі бар. Олар: жерасты байлығы, өндіріс орындары мен адам капиталы. Осы үш алыптың ең негізгісі – Елбасы Жолдауында айтылған «адами капитал». Осы тұста, Билл Гейтстың: «Біз баюды мақсат етіп бар күшті байлыққа жұмсадық. Нәтижесінде, адами құндылықтардан айырылып қалдық», – деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Президент Жолдауының әр жолы ерен еңбекке жұмылдырып, жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады.
Бір сөзбен айтсақ, биылғы Жолдау – өткен Жолдауларды мүлде қайталамайтын жаңа ойларға толы, өзгеше Жолдау!..
Бұл – алтыннан да қымбат асыл сөз!..
Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
ҮМІТІМІЗГЕ ҮМІТ ҚОСҚАН ЖОЛДАУ
Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында халықтың көңілінде жүрген көптеген мәселелер қозғалды. Біріншіден, қоғамымыз, халқымыз заман көшінен қалып қалмауы үшін заманауи инновациялық технологияларды меңгеру жайында Жолдауда жан-жақты айтылған. Әрине, бұл – өте маңызды мәселе. Іргеміздегі ұлы халық – Қытай осы бағыттағы инновациялық технологияларды өндіру және оны іске қосу, пайдалану, сату жөнінде қазір әлемнің алдына шықты. Осыдан отыз жыл бұрын ғана Қытай халқы осы реформаға кіріскені белгілі. Соның нәтижесінде технология саласында әлемнің алдына шықты. Әсіресе, бұл елдің жастары осы заманауи талапқа сай оқып дамыған. Бұл елдің экономикалық дамуы әлемдік нарықпен бәсекелестікке төтеп береді және ол жерде жеңіске жетеді деген сөз. Мінеки, осындай мысалдар көз алдымызда тұрған кезде Жолдаудағы инновациялық технологияларды дамыту және оны мектептерден бастау жөніндегі ой көңілге қонымды. Өмірдің барлық саласында айтылған технологияларды енгізген кезде ол өндіріс дамитыны сөзсіз. Оны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Мәдениет адамы болғаннан кейін бізді қатты елең еткізгені – мәдениет пен идеологиядағы рухани жаңғыру ұраны. Мұны әлі де дамыту керек. Мектеп бағдарламаларындағы тіл мәселесі бізді қатты алаңдатуда. Осыған жауап берілген тәрізді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы үш тілді меңгеру керек деген ой көкейге қонды. Әрине, бұл жерде бірінші қазақ тілі айтылып отыр. Жалпы, Қазақстан мектептерін бітірген балалардың қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілін жақсы меңгеріп шығатыны айтылып отыр. Сонда олардың мобильдік нарықта зардап шекпейтіні айтылды. Бұл шынында да солай. Бұл жерде Жолдауда айтпаса да, бір нәрсені ары қарай өмірге енгізу керек деп ойлаймын. Ол қазақ тілін меңгеріп шығу үшін мектептердің бәрі мемлекеттік болуы керек. Орыс-қазақ мектептері болып бөлінбеуі тиіс. Бір бағдарламамен оқуы қажет. Негізінен мемлекеттік тілде білім алуы керек. Содан кейін ол бірінші сыныптан бастап орыс, ағылшын тілдерін оқып жатыр ғой. Ол тілдер де далада қалмайды. Оларды да балалар өз дәрежесінде жақсы меңгеріп шығатыны белгілі. Бірақ бүкіл оқу ісі, мектепті басқару, бәрі мемлекеттік тілде жүруі керек. Өйткені, бұл мектептер – мемлекеттік тілі қазақ тілі болып жарияланған елдің мектептері. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, барлық елде солай. Мектептер негізінен мемлекеттік тілде білім береді. Мінеки, сондай жағдайда қазақ тілі екі ұлы тілдің арасында өкпесі қысылмай, қағажу көрмей еркін дамитын болады. Сондай-ақ, қазақ тіліне барлық мектептерде басым күш беріледі. Оған балалар дайын болуы үшін бүгіннен бастап балабақшалар түгелімен мемлекеттік тілде тәрбие беруді бастауы керек. Сонда мектепте сабақты әрі қарай оңай меңгеріп кете алады. Бұл әрине Жолдауға пікір білдірген бір жазушының арманы ғой. Мінеки, осыған біртін-біртін беттеп келе жатқан тәріздіміз. Сондықтан бұл Жолдау – біздің болашағымызға деген үмітімізге үміт қосқан Жолдау болды.
Роза МҰҚАНОВА,
жазушы-драматург, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Қазақ мәдениеті цифрлы технологияны айналымға енгізуі тиіс
Бұл Жолдау – ескі жүйеден арылудың жаңа жолы, рухани жаңғырудың жаңа бағыттағы өсу белгісі. Еліміз Тәуелсіздік алғанда жазушылар қауымы компьютерді қалай пайдалануды да білмеді. Жасыратыны жоқ, сонау Кеңес заманындағы салмағы 40 кг. машинкаларды ХХІ ғасырға дейін қолтықтап келгеніміз рас. Әлі есімде, Америкадан келген Александра Джордж деген аудармашы өзінің ноутбугі мен камерасын маған сыйға тартып: «Сіз жазушы адамсыз, жазушыға осы екеуінсіз өмір сүруге болмайды», – деген еді. Қоғам дамыған сайын, кемелденген сайын сұранысы күшейеді. Бүгінгі Қазақстанның мәдениетінен бастап, өнеркәсібіне дейін жаңа цифрлық технологияны меңгеруге, айналымға енгізуге тиіс. Бұл біздің өмірімізді жеңілдетеді, ғұмырымызды ұзартады, санамызды қалыптасып қалған ескі сүрлеуден құтқарады. Денсаулығымыздан бастап, азаматтық құқықтарымызды дұрыс пайдалануға жол ашады. Қоғамдағы етек алған келеңсіз кемшіліктер цифрлық технология арқылы шынымен де жаңа дәуірге, жаңа сапаға, жаңа санаға ауысады.