«Айта көрме бекерге…»
15.12.2017
1825
1

(жазушы  Сәбит  Досановтың
кезекті  кітабы  хақында)

Әзілхан  Нұршайықов  кезінде Тұрсынхан  Әбдірахманованың  ақындығын, ғалымдығын,  әншілігін,  ұстаздығын  ескеріп  «Төрт моторлы»  дегені  есімізде.  Ал біз  білетін  Сәбит  Досановтың  үш  моторы  әпкесінен  де  асып  түседі  екен.  Неге десеңіз  Сәбит   –  прозаик,  драматург ,  ақын,  эссеші,  көсемсөзші,  оған журналистігін,  академиктігін  қоссаңыз   –  жетеу!  Сонда  Сәбит  төрт  моторға  және  үш  моторды  қосып,  жеті  моторлы  боп  тұр  емес  пе!

Шығармашылық шабыты шаш етектен келетін Сәбит қаншама роман, повестер, «ХХ ғасыр» атты төрткүл дүниеге аян три­ло­гия­сының сыртында қомақты поэзиялық туындылар да тудыруда. Соның бір дәлелі оның таяуда ғана қолымызға тиген «Арманым көп, өз өмірім жетер ме?» деп аталатын өлеңдер жинағы.
«Ізденгіш те тапқыш» деп ұлы Мұхтар Әуезов баға берген Хамит Ерғалиев кезінде Сәбит поэзиясына сәттілік тілей отырып, «Қашан да кісі алдында інілік ізет танытып жүреді» деп бағалаған болатын. Кітаптың беташарын ақиық ақынымыз Хамаң: «Ақын­­ның мұңы ел мұратынан туындайды» айдарлы алғысөзімен бергенін байқадық. (16.06.1994 жыл).
Ақын Өтежан Нұрғалиев:
«Жақсыны да, жаманды да көп көрдім,
Самолеттің апатын да өткердім.
Шыбын жаным көрінсе де көзіме,
Босағасын көріп қайттым жеті рет.
Өмір және өлім дейтін өткелдің, –
деп жырлаған ақынды талай кезеңдердің қы­­зығы мен қасіретін ойлы адам осылай жыр­­ласа керек», – деп тәнті болған еді.
…Ақын шығармашылығы, оның тақы­рыбы әр алуан, көңіл-күйлері, тарихи тақы­рып­тар, азаматтық лирика тағы басқалар…
«Ахмет алты Алаштың аяулысы» аталатын өлеңінде:
Тарихтың өзі екшеген санаулысы,
Ахмет алты Алаштың аяулысы.
Жаралған ақыл-оймен парасаттан,
Ақындық, ғылым болды қалаулы ісі», –
деп төрт жолға тарлан тұлғаның бар болмысын сыйдыра білген.
Ал «Іздедім мен асылды» өлеңінде:
«Тауға да ұрып, тасқа да ұрып басымды,
Іздедім мен серік болар асылды.
Маржандарым арзан болып шықты да,
Содан ерте ағарттым мен шашымды.

Тауға да ұрып, тасқа да ұрып басымды,
Ғасыр жасап ағартсам да шашымды.
Жер жүзінің барша қызын жисам да,
Таба алмаспын дәл өзіңдей асылды», –
деп жан тебірінісіне түскен ақынның көз ал­­дында аяулы жары Құралай Аққошқар­қы­зының бейнесі тұрғанын айнытпай сезесіз.
Кітапта арнау өлеңдер топтамасы өз алдына бір төбе қылаң береді. Әсерлі де, жарас­ты, көңіл толқытар шумақтар…
Ақын дүниеден қапияда бақиға озған сүйікті ұлы Даниярға топтама өлеңдер жаз­ған.
«Ұл едің сен жетелі,
Осылай күндер өтеді.
Алладан әмір келгенде,
Әкең де саған жетеді,
Анаң да саған жетеді»
(«Айналайын құлыным»).
«Ұлымменен мен бірге,
Медеуге тағы барар ма ем.
Нұр тамған оның жүзіне,
Ғашық көзбен қарар ма ем?

Ұлымды тағы көрсем ғой,
Жанында шалқып жүрсем ғой.
Құшақтап, сүйіп, аймалап,
Армансыз болып өлсем ғой…».
(«Даниярға хат»).
«Бақыт неткен келте еді,
Жүректі қайғы өртеді.
Айрылу сенен Данашым,
Жазылмайтын дерт енді.
***
Бақытты күнді аңсадым,
Жүректе жатыр қанша мұң?!
Ойлай-ойлай өзіңді,
Сансырадым, шаршадым».
(«Даниярға арнау…»).
Небәрі 20 ғана жас жасап, бақиға озған зерек, алғыр да, тапқыр ойлы баласына:
«Халықтың жайын ойладың,
Әлсіздерге болыстың.
Небәрі жиырма жасыңда,
Тұлға болып толыстың», –
деп жүрекжарды жырын тербейді.
Ақын өзінің қосағы, мәңгілік сүйген жары, әйгілі ғалым Құралайға арнап жазған жырында:
«Құралайым, сені сүйем мәңгілік,
Өмір бойы жырлап өтем ән қылып.
Аялаймын алақанға саламын,
Жүре берші көрген көзді таңқылып, –
деп ағынан жарыла жүрек сырын ақтарады.
«Болса кінәм, түзе, өзің жазала,
Жу жанымды, сілкіп, қағып, тазала.
Ая жаным, өзіңді де, мені де,
Айғай-ұйғай жан жарасын жаза ма?!

Ашулансаң қайғы болар, жетер күз,
Сен жымисаң көкіректен кетер күз.
Бір-біріміз түсінбесек екеуміз,
Айтшы, жаным, қай мұратқа жетерміз?».
«Ақын үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтынын да, адам мінезінің әрқилы шақтары болатынын да алға тартады. Тату-тәтті тұрмыста болуды мұрат етеді.
Иә, әр пенденің арманы көп. Ойлағаның­ның бәрі орындала бермейтіні өмір заңы. Адам баласына нысап, барына риза болу іспетті ізгі қасиеттер қажет. Сонда ғана көңі­лің орнында болатыны кәміл.
Ендеше біздің Сәбит ақынға да айтарымыз: Арманың көп, бұйырғанға жетесің, төрт аяқтан тік тұрмаса не етесің?
…Шүкір делік, Шолохов атындағы Халы­қаралық сыйлық, ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері, Махмұд Қашқари атындағы Түрік әлеміне сіңірген зор еңбегің үшін, тағы басқа да толып жатқан марапаттарың айдай әлемге прозаик, ақын Досанов атын мәшһүр еткеніне риза болғай.
Қарымды қаламгер, көркем әдебиеттің көп жанрларына қалам тартып, талмай араласып келе жатқанын жақсы білеміз. Оның мына кезекті жыр жинағы да сан салалы тақырыпты қамтуымен де поэзия әлеміне еркін самғап, ойлы-күйлі ойларын орамды да мәнерлі тілмен айшықтап, сезімге құрып жаза білетінін аңғартады. Автордың өзіне тән қолтаңбасы, ерекшелігі айқын сезіледі.
Сөз соңында айтарымыз:
Жо…оқ Сәбит, мұңайма сен бекерге,
Шабытыңның шабысына жетер не?
Арманыңның арғымағын арытпа,
Фәни жалған ғайып болар кетерде.
Кейіме, алда талай өмір бар-ды,
Марапат кеудеңнен кең өңірді алды.
Тақияңа төрткүл дүние тар болғандай,
Сыйлықтан сен алмаған – Нобель қалды!

Мыңбай  РӘШ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.02.2020 | 22:37

Балалар шығарған такпак барма сабит досанов ка

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір