«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…»
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында «ЗАМАН» парасатты және салауатты өмір» Қоғамдық қоры мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті жас ақындар мен жазушылар және журналистер арасында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты мүшәйра өткізді. Мүшәйраға бір ай көлемінде барлығы 40-тан астам өлең келіп түсті. Оның ішінен үздік делінген 12 өлең ақын-жазушы, теолог және журналист мамандарынан құралған сарапшылардың іріктеуі арқылы таңдап алынды. Өлеңдердің уағыз түрінде, бір бағытты әсіре діни сипатта болмауына көңіл бөлінді.
Өлеңдер оқылмастан бұрын сөз алған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Рахымжанұлы Есенбеков, бұл шараның маңыздылығы: дін мен дәстүрге байланысты; қоғамда конфессияаралық келісімді және толеранттықты насихаттауға; радикалды діни ағымдардың, экстремистік ұйымдардың деструктивті идеологиясының қауіптілігін ашып көрсетуге; жастарды адамгершілікке, қазақы тәрбиеге баулуға; қазақы ұйқас арқылы дін мен дәстүрдің ажырамас егіз ұғым екенін көрсетуге; толеранттылықтың бастауы дін ғана емес дәстүрде, тәрбиеде екенін өлеңмен жеткізуге бағытталуында екендігін айтып өтті. Авторлар қазылар алқасының алдында өз өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Сонымен қатар, дәстүрлі әндер мен туған жер, Отан туралы патриоттық әндер де шырқалды.
Жазушылар одағы басқарма бастығының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан және Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков бастаған қазылар алқасы барлық өлеңдерді тыңдап болған соң, өз шешімдерін шығарды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, журналистика факультетінің 4-курс студенті Нұрбек Кеңесбайұлының шығармасы үздік деп танылып, 1-орынды иеленіп, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. 2-ші орынды алған Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті әлем тілдер және филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиет мамандығының 1-курс студенті Төлеухан Жүзік 200 мың теңге, 3-ші орынға лайық деп танылған ақын Нұрқасым Елнұр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті 100 мың теңге сыйақыға ие болды. Қалған тоғыз қатысушы да арнайы сертификат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы және «ЗАМАН» парасатты және салауатты өмір» Қоғамдық қоры бұдан былай да дін мен дәстүрімізге байланысты игі шаралар өткізіп тұратын болады.
ПІКІРЛЕР1