ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҢА ЕҢБЕК
Белгілі ақын, ұлт жанашыры, «Дәстүр» журналының Бас редакторы Қасымхан Бегмановтың ұлт этнографиясына арналған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітабы оқырманға жол тартты.
Бұл көлемді де құнды еңбек халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлы-ның туғанына 100 жыл толу мерейтойлық шарасына арналған жоба аясында жүзеге асты. Этнографиялық сыр-сұxбат аясында көрнекті ұлт этнографиясы өкілдерінің әңгімелері, бұрын-соңды айтылмаған үзік сырлары толық қамтылған.
Жаһандану дендеген қазіргі таңда ұлттық құндылықтарға айырықша басымдықтар берілуде. Ұлттың ұлт болып сақталуы да ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қаншалықты сақталуына байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде: «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деуі де сондықтан. Аталмыш төрт томдық Қасымхан Бегмановтың (осыдан жеті жыл бұрын жарық көрген Жағда Бабалықұлымен халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы сыр-сұхбатқа құрылған) «Этнографпен әңгіме» кітабының заңды жалғасы.
Бұл еңбекте еліміздің барлық өңірлеріндегі этнографтар жергілікті салт-дәстүр ерекшеліктерін айшықтап, салт-дәстүрге қатысы бар одақтар мен ұйым басшылары, қолөнер шеберлері, сөз алып, ой-пікірлерін білдірді.