Саяхат жолы
Туризм – баршаға белгілі сала. Әлем тарихын оқитын болсақ, онда барлық уақытта біздің Жер-шарын көптеген саяхатшылар мен зерттеушілердің зерттегенін байқар едік. Бірақ тек Туризм ғана жақында адамға қызмет етудің ерекше түрі ретінде пайда болды. Туризм – енді-енді дамып келе жатқан жаңа сала. Бүкіл Әлем бойынша туризм экономиканың ең маңызды түрі және кейбір дамушы елдер үшін өмір негізі (Тайланд, Кипр, Малайзия, т.б.) болып саналады. Қазіргі кезде Планетамыздың түрлі аймақтарында экологиялық дағдарыс шиеленіскен жағдайда экологиялық білім мен тәрбие беруге басты назар аударылуда. Осыған байланысты, ең маңызды орын туризм мен өлкетануға беріліп отыр. Туризм жастарды жағымсыз қылықтарға қарсы тұруға (темекі тарту, арақ ішу, т.б.), денсаулығын күшейтуге, адамның пайдалы әрі қызықты істерге құштарлығын оятады. Ғалым Каменский табиғатты қорғау қажеттілігі тәрбиелеудің біртұтас жиынтығын құрайтындығын дәлелдеген болатын. Ж.Руссо табиғаттың даму жолдарын, адамзат болашағының қарышты дамуын алғашқы түсіндірушілердің бірі болды. Туризм мен экология, табиғатты қорғау мәселесін В.И.Вернадский, Э.В.Гирусов, Ю.М.Лотман мен А.Д.Урсул қарастырды. Сондықтан, туризм дегеніміз жастар үшін – саяхат жасау, ол арқылы жетістікке жету, жаңа дүниені танып білу. Туризм мақсатына қарай діни, конгрестік, курорттық, өз бетінше ұйымдастырылған, экскурсиялық немесе танымдық болып жіктеледі.
Ішкі туризмнің мынадай түрлері бар: әлеуметтік, экологиялық, шытырман оқиғалы, спорттық, әскери, емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, және т.б. Соның ішінде жаяу туризмді ерекше атап өтсек болады. Жаяу туризм – күрделі емес таулы және жазық жерлерде өткізілетін туризмнің түрі. Халықтық топтар арасында ең көп тараған белсенді туризм түрі болып есептеледі: арнайы көлікті қажет етпейді, кез келген аумақ бойынша жорықтар ұйымдастыруға болады. Қарапайым жаяу жорықтар кез келген ауданда (туған өлкеде) демалыс уақытында өткізілуі мүмкін. Жаяу туризм – спорттық туризмнің бір түрі болып саналады. Оның негізгі мақсаты – маршрут бойынша белгілі бір аймақтан өту. Маршрутты ең алдымен топтағы әрбір қатысушының күші мен нақты тәжірибесіне, жорыққа сай келетін жабдықтардың болуы және жорық алдында жаттығулар өткізу мүмкіндігіне негізделіп таңдалуы қажет. Әсіресе маршруттың қиын әр түрлі бөліктерін (асулар, тасты және тасқын қаупі бар, өзендер арқылы асулар, үлкен биіктіктегі орындар, азимутты, қоныстанылмаған, қиын бағыт алынатын) бөліп көрсету және оларды жеңіп өтудің толық жоспарын құру керек. Күндізгі жүру километражын есептеу орташа бүкіл маршрутқа есептеліп жүргізіледі. Ол маршруттың жеке бөліктерінің техникалық күрделіліктерін, азық-түліктерді жұмсауға байланысты жеке кезеңдерде рюкзактардың салмағын есепке ала жүргізіледі. Жаяу саяхатта магниттік жіктеуді есепке ала отырып, алдын ала барлық азимуттарды есептеу қажет. Азимуттар карта нақты көрсетілген және жергілікті жерде оңай табылатын орындардан басталуы және жергілікті жер линиясына (өзен арнасы, көл, теңіз жағалауы, теміржол жолы, тау массиві) негізделген болуы тиіс. Жергілікті жер нүктесіне азимут бойынша шығуды жоспарлау ұсынылмайды. Себебі, кішігірім қателіктің өзі апатты жағдайға әкелуі мүмкін.
Жаяу туризмнің артықшылықтары өте көп. Жаяу туризм – бұл әдемілікке, тазалыққа және бастапқы күйдегі табиғатқа бой алдыру болып табылады. Жаяу туризм – бұл жеке адами қасиеттердің өсу мүмкіншілігі. Жаяу туризм – ұмытылмастай көңіл-күй мен жақсы достар.
Тау туризмі – биік, күрделі таулы жерлерде өткізілетін жорықтар болып бөлінеді. Тау рельефінің элементтері тау жорықтарында қозғалысқа едәуір кедергілер келтіріп отыратын сәттері кездеседі. Бұны тау жорығының табиғи кедергілері деп атайды. Тау туризмімен айналысу үшін таулардың физика-географиялық ерекшеліктерін жақын білу керек. Тау рельефінің элементтерінен қалыптасатын табиғи кедергілерден өту және қорғану тәсілі тау жорықтарының техникасы және тактикасы деп аталады.
Таулар орналасуына, қалыптасуына қарай әр түрлі болып келетіндіктен олардың беткейлері тік, көлбеу градустарға бөлінеді. Бұлардың өзі жорық қозғалысы үшін үлкен кедергі болып табылады. Сонымен қатар, беткейлер қиыршық, басты қорымдар мен өсімдік жамылғысымен жамылып жатады. Таулы аймақпен қозғалыс кезінде бұлар басты кедергіге айналады. Теңіз деңгейімен салыстырғанда таулар әр түрлі болғандықтан, бұл аймақта ұйымдастырылатын туристік жорық түрлері де әр түрлі болады. Тау категориялық жорықтары көбінесе биік таулы аймақта ұйымдастырылады. Өйткені, бұған қойылатын талаптар мен ережелерге сәйкес келеді.
Асулар. Асулар дегеніміз тау жоталарының арасынан өтуге қолайлы иін немесе географиялық тілмен айтқанда «тауаралық ершік» деп аталады. Асулар биіктігіне қарай градусына байланысты және кездесетін кедергілерге қарай әр түрлі күрделілікке жіктеледі. Бұл асу категориялары деп аталады. Асу категориясы күрделілігіне қарай санмен және әріппен қоса белгіленеді. Яғни, күрделі А1 асуы, одан да күрделі 1 асуы және асулар үш деңгейлікке бөлінеді: 1А, 1В, 2А, 2В, 3А, 3В. Асулар күрделілігінде теңіз деңгейінен есептегендегі биіктігі қар немесе мұз жамылғысының болуы, оның маусымдарға байланысты жатуы немесе қозғалыста болуы – қорымдар мен жартастың болуы, тас құлау немесе қар көшкіні болу қаупі, үлкен тастардың болуы, асулар категориясының дәрежесін анықтайды.
Тау маршрутын жоспарлай отырып, жорық кезінде жергілікті жерде маршруттың асу нүктелерін айтарлықтай биіктіктерде табу үшін алдын-ала азимуттарды есептеп алған пайдалы. Арнайы қауіпсіздік шараларын әзірлеу қажет: егер топ өз ішінде бөлінетін болса, байланыс және сигнал беру тәсілдерін, барлаушы топтарын бөлу, апатты жағдайлар болған кезде іс-әрекет жоспарын құру керек. Тау туризмі бұл – тек қызық қана емес, сонымен қоса машақаты мол жұмыс. Таулардағы қолайсыз ауа-райы, қатты жел, қардың жаууы, +20-дан -20-ға дейінгі температура үнемі кездесіп тұрады. Таулардағы ең қауіпті деген құбылыс қар көшкіні болып табылатын шығар. Көптеген туристер, альпинистер және бүтіндей бір топтар осы қар астында қалып қалған. Таулардағы 4000 метрден аса биіктік адам өміріне қауіпті болып келеді. Таулы туризмде екі негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады: альпинизм мен спелеотуризм. Екі бағыт та қазіргі таңда өз адамдарын табуда. Таулы туризм өзіне еліктіреді, өйткені альпинистер мен тәжірибелі туристердің айтулары бойынша, тауға бір рет шықсаң, қайта-қайта оралғың келіп тұрады.
Белсенді туризмнің ең күрделі түрлерінің бірі – шаңғы туризмі. Ол елімізде жыл өткен сайын кең қанат жайып, дамып келеді. Шаңғы және таулы аймақтағы шаңғы тебу тәсілін жіті меңгеру қажеттігі, жұқа, қалың қарларда жүрудің қиындығы кейбір қауіптің бары (температураның төмендігі, боран және т.б.) саяхатқа қатысушылардың дене тәрбиесін арттырады. Шаңғымен саяхат жорығы кей қиындықтарға қарамастан өзінің қайталанбас тамашалығымен есте қалып, оған қатысушылардың дене құрылысын шынықтыруда зор маңызға ие болады. Шаңғы туризмі қыс кезінде, белгілі бір қар жамылғысының қалыңдығына байланысты өткізілетін, өзіндік ерекшеліктеріне байланысты құрал-жабдықтары (примус, пеш, шаңғы, т.б.) және қонақжайлары (бивуак, қар үйшіктері, тұрғын мекен-жайлар, т.б.) бар жорықтарға байланысты жұмыстар тобы. Климаттың, ауа-райының әр түрлі жағдайында жорықтар өткізіледі. Шаңғы туризмі бойынша жорықтар жазық жерлерде және таулы аудандарда, қар жамылғысы тұрақты аймақтарда таралған. Шаңғы туризміне қатысушылардың басты кедергілері: қар жауып тұрған кездегі қозғалыс (әсіресе, қары борпылдақ, жұмсақ ормандарда), биік, ұйлыға өскен бұталар, мұзы жақсы қатпаған өзендер, жоғары немесе төмен түсуге мәжбүр ететін биік қия, жоталар. Шаңғы жорықтары кезінде қатысушылардың физикалық дайындығы мен жасына байланысты түсетін күштің сәйкес келу қажеттілігін есте сақтау қажет. Ересек туристер үшін күндізгі жүру күніне 25-30 км. құрайды. Бұндай жүруді жаттыққан топ аса күш жұмсаусыз, үнемі жаттығусыз орындайды, әсіресе, көпкүнді жо-рықтарда, бұндай жолды жүру қиын.Мектеп оқушыларымен жорықтарды ұйымдастыру кезінде дала жағдайында түнеуді жоспарлауға рұқсат етіл-мейді. Жаңадан үйреніп жүрген ересек адамдар үшін де бұндай түнеуді ұйымдастырмаған дұрыс болады.
Қазіргі кезде адам қызметінің әр түрлі формалары бар, олар жалпы жағдай жасауға және әлемді тануға бағытталған. Халық тұрмысының жақсаруы жаңа әлемді ашуға адамның қажеттілігін, соның ішінде саяхатқа құштарлығын арттырады. Саяхат дегеніміз – туризм. Туризм тек орын ауыстыру емес, ол көптеген экономикалық және әлеуметтік аспектілерді құрайды. Соңғы он жылда туризм мықты дербес индустрияға айналды. Дүниежүзілік Туристік Ұйымның мәліметтері бойынша туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын құрайды екен. Соңғы кездері Қазақстанда туризмді дамыту арқылы экономикалық жағдайды жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны жиі-жиі әнгіме болып отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, мемлекет қазынасына сырттан түсетін инвестицияның 10 пайызға жуығы осы туризмнен түседі екен. Қазақстан туристік ел болуға толық мүмкіндігі бар ел. Алайда, Қазақстанда туризм бәсең дамып келеді. Оның дәлелі, елімізге шеттен келетін туристердің басым көпшілігін – келуге тиісті іс-сапармен, жұмыс бабымен келгендер құрап отыр
(89,7 пайыз). Соған қарамастан, әрбір турист шамамен 700 АҚШ долларын қалдырады екен. Әйткенмен, бұл көрсеткіш әлемдік орташа бағадан (1000 доллар) әлдеқайда төмен. Қазақстанда туризмнің қанат жаюы үшін, шекаралық тексерулер мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, туристерді тасымалдау, яғни, көлік қатынасына жағдай жасау сынды факторларды іске асыруды дұрыс жолға қою керек. Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамы бойынша, 2020 жылға қарай саяхатшыларды ең көп қабылдайтын ел Қытай болмақ. Ал, осы елге жетудің тиімді де қысқа жолының екеуі де Қазақстан арқылы өтпейді ме? Өркениетті елдерде туризмді дамыту басты мақсаттардың біріне жатады және туризм елдің мәртебесін (имидж) қалаптастыратын құрал болып есептеледі. Елінің сұлу табиғатымен әлемді таңдандыру арқылы мемлекет бюджетіне ақша түсіріп, кіріс келтіру ең пайдалы іс екені де белгілі. 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізгі мақсаттары айқындалды. Олар – Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін арттыру және туристік саланың мемлекет экономикасына үлесінің артуы, Қазақстан Республикасындағы туризм индустриясының едәуір арту әлеуетін ескере отырып, экономикалық өсу мен инвестицияларды ынталандыру, туризм индустриясы мен экономиканың сабақтас салаларында жұмыс орындарын құру, жалпы ішкі өнім мен экспорттың өсімі, кәсіпкерлікті, оның ішінде экономиканың ілеспес салаларында ШОБ-ты және ауылдық аудандарды қоса алғанда, жалпы республика және өңірлер бойынша адами әлеуетті дамыту, «Жасыл экономика» қағидаттарын ескере отырып, қазақстандық қоғамның ауқымды әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына ықпал ету болып табылады. 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың басты міндеттері – туристік дестинация ретінде бүкіл әлемге танымал Қазақстан бейнесі, қажетті инновациялық, энергия тиімді инфрақұрылымды, жаңа туристік «тәжірибелердің» жүйесін жасау және халықаралық өнімдер мен жергілікті және шетелдік туристерге арналған бәсекеге қабілетті қызметтер әзірлеу, туризм саласын кәсіби басқару және реттеу жүйесі. Осы тұрғыдан келгенде, біз бүгін сөз еткен жаяу туризм түрінің алар орны ерекше.
Түркеш ЖАҚЫП,
географ.
ПІКІРЛЕР1