Бүгінгі таңда отандық туризмді дамыту мәселелері өте өзекті. Оның өзектілігінің негізгі себебі – елдегі экономикалық, әлеуметтік, имиджік мәселелердің осы туризм саласы арқылы оңдап алуға болатындығында жатса керек. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығында да осы мәселелердің жай-жапсары егжей-тегжейлі баядалған.
Соның бірі – «Қазақстанның туристік өнімдерін ақпараттандыру және ілгерілету мақсатында көшпелі іс-шараларды, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен туризм индустриясының шетелдік кәсіпқойлар үшін Қазақстан бойынша таныстыру турларын ұйымдастыру» екені белгілі. Қазақстанның туристік өнімдерін ақпараттандыру мәселесінде отандастарымыздың да толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етілуі аса маңызды деп ойлаймыз.
Әр мемлекет экономикасының дамуына түрлі факторлар әсер етеді. Соның басты факторларының бірі – туризм саласы дер едік. Біз бүгінгі таңда актуалды тақырып болып тұрған Қазақстандағы туризм туралы сөз өрбітпекпіз. Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықтар ежелден-ақ шет мемлекеттердің қызығушылығын оятқаны белгілі. Саяхат және туризм нысандары Қазақстанның кез-келген тұсында бар десек, артық айтпағанымыз болар еді.
Ойланып қарасақ, Қазақстанда ат туризмін дамытуға да мүмкіншілік мол. Ат туризмі – әлемде дамыған саяхаттың түрі. Өкінішке қарай, бізде бұл сала әлі кенжелеп тұр. Туристік бағыттар да тиісті деңгейде насихатталмайды. Оның бір себебі, бағдарлық маршруттардың әлсіз түзілуінде деп ойлаймыз. Осы мәселені шешуге байланысты қазіргі сәтте GPS-бағыттауыштарды пайдалану қолға алып жатқандар көп.
Жалпы, статистикаға сүйенсек, Қазақстанның сакралды тарихи және мәдени орындарына өз елімізден гөрі, шетелдерден келетін туристердің қызығушылығы басым екен. Бұл тұста да жолдың нашарлығы, автокөлікпен жүру мүмкіншілігінің жоқтығы қолбайлау болмау үшін, Елбасының тапсырмасына сәйкес, аталған орындарға апаратын жолдардың күрделі жөндеуден лайықты өтуін ұдайы қадағалап отыру да маңызды сипатқа ие болмақ.
Туризм – халықтың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны да көркейтудің тиімді бір жолы. Туризмнің 32 салаға жанама ыкпалы бар, соның бастыларын атап айтар болсақ, олар: туристік фирмалар, көлік түрлері, мейманхана кешендері, демалыс үйлері, шипажайлар, ұлттық парктер, тамақтану саласының жұмыстары өркендеп, табыс еселенеді.
Біздегі туризмнің дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі – интернет желілеріндегі ақпараттың тапшылығы. Қазақстанның өзінде тұрып, басқа аймақтардағы көрікті орындарды білмей, шет мемлекеттерге саяхаттап, демалатын адам саны көп. Қазақстандық туристердің мейлінше көп баратын елдері: Ресей, Қытай, Германия, Корея, Польша, Туркия, БАӘ. Бұл – маркетингтің жоқтығының бір көрінісі. Жарнаманың әлсіздігі активтердің сырт мемлекеттерге кетуіне әкеп соғады. Әйтпегенде, жоғарыда аталған елдердің табиғатымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын демалыс аймақтары біздің елде де жетерлік.
Тағы бір осал тұсымызды мойындау керек. Ол – сервистің төмендігі немесе мүлдем жоқтығы. Жамбыл өңіріндегі Мыңбұлақ, Көкшетаудағы Оқжетпес, Алматы аймақтарының өзі шебер табиғаттың ғажайып туындысы, туризмнің басты нысандары емес пе!? Көрген жанның таңдайын қақтырып, тамсантар, мұндай жер елімізде тым көп. Алайда, аталған аймақтарға бару үшін, ең алдымен тасымалдау жағынан көптеген кедергілерге тап боламыз. Қазақстанда әуе жолдары жақсы дамыған, бірақ авиабилет бағасының қымбаттығы Қазақстанның туристік өнім бағасын үлкейтеді, ол сәйкесінше халықаралық нарықта бәсекелестігін төмендетеді. «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны елімізде 14 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Қазақстанның темір жолдары арқылы Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түркіменстанның және Тәжікстанның жолаушылар поездары өтеді. Қазақстан темір жолының басты қызметі – транзиттік қызметпен ғана шектелмей, шетелдік қонақтарды әрбір бекеттерде Қазақстандық мекендермен таныстыра берсе, бұл да құба-құп болар еді.
Алматы қаласының да туристерді қабылдауға мүмкіншілігі жоғары. Атап айтсақ, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты техникалық сипаттамасы жағынан Еуропаның ең жақсы жарыс жолдарынан кем емес. Қардың сырғанақтық сапасы бойынша, тіптен артықшылығы да көп.
«Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығында: «Алматы халықаралық тау шаңғысы туризмі және іскерлік туризмнің орталығы болады және «Қаладағы және таудағы ойын-сауық» кластері ретінде сипаталады. Аталған кластер ұсынатын негізгі туристік өнімдерге MICE-туризм, мәдени туризм және турне, таулардағы және көлдердегі демалыс және қысқа мерзімді демалыс жатады», – деп атап көрсетуінде үлкен мән жатыр.
Қазақстандағы туризм мәртебесін көтеріп кеткен елеулі оқиға – ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесі. «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің деректеріне сүйенсек, ЭКСПО көрмесіне келушілер саны 500 мыңға жеткен. Бұл өте жақсы көрсеткіштің белгісі, жақсылықтың нышаны.
Әйгерім ҚАСЕНОВА,
Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің ұстазы.