Еділ-Жайық – ел шеті
17.11.2017
1822
0

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


Әнес Сарайдың әдебиетке қосқан үлесі айтарлықтай қомақты: ол – қазақ әдебиетінің алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарында «Мұнаралар шақырады», «Қараша өткен соң», «Бозқырау» атты повестер мен әңгімелер жинағын, «Тосқауыл» және «Алтын арал» атты қос романды жиһаз қып қосып, қалың оқырманды риза еткен туындыгер. Оның сыртында мерзімді баспасөзде істеген қызметі мен жариялаған мақалалары өз алдына өзгеше төбе.

Қолымызды кеудемізге қойып, шын ойымызды айтсақ, кітаптың са­ны да, көлемі де жазушының шы­ғар­ма­шылық дәрежесіне өлшем бола ал­майды. Оны елге танытатын ең бас­ты қыры – суреткерлігі. Әнекең ол жағынан да ақсамайды. Сонау студент кезінде «Лениншіл жаста» жа­рия­ланған әңгімелерінің өзі-ақ оның әр сөзге жауапкершілікпен қарай­тынын танытқан-ды. Сондықтан да ол көп жазып, көпіріп сөйлеп көрген емес. Жазушылық беделді Әнекең сөйтіп жылдар бойы жалықпай-тал­май жинаған. Оның шығар­ма­шы­лық деңгейін әр еңбегін оқу арқылы ба­ғам­дап отырған оқырман: «Сараев мемлекеттік сыйлық алуға лайық па, жоқ па?», – деген сауалға тосырқамас­тан: «Иә ылайық», – дейтініне мен өз басым күмәнсізбін.
Еділ мен Жайық – еліміздің батыс шекарасын жиектеп жатқан жер. Шекаралы аймақтың басқа өңірге қара­ған­да өзгешелігі болады: ол ел тағды­ры мен жер тарихына сырттан енген бірде бақтың, кейде сордың қақпасы болып та жатады. Сондықтан шекаралы аймақтың шежіресі – ел мен жердің ең нәзік тарихын баяндайтын шежіре. Әнес Сараев «Еділ-Жайық» романында осындай нәзікке қалам тартқан.
Нәзік тарих – жазушы үшін өте қа­тал сын. Тарихи шығарма – қазақ жазушылары үшін әлі игеру үстіндегі тақырып. Әуелгіде идеологияның кесірінен еріксіз бұрмалана жазылды. Міндетті түрде ел мен елдің достығы ғана жарқын баяндалып, басқа жағы әдейі бүркемеленді. Бір халықтың өмірі бастан-аяқ мадақталды, қалға­ны мақсатты түрде балағатталды. Қа­зақтың өткен дәуренін тек қара тү­нек қып көрсетуге тырыстық.
Сол әдістен әлі де бой тартып, ой та­зартып үлгере алмай жатырмыз. Бас кейіпкеріміз тек мадақтауға, міндетті түрде ылғи ақылды сөйлеуге әрі дұ­рыс іс істеуге, ал қалғандары қате­лесу­ге, ақылсыздық жасауға тиіс болып келеді. Әнекеңнің басты жетістігі – осы дерттен, осы қателіктен мақ­сат­ты түрде бас тартуы. Ол тарихи шын­дықты боямай көрсетуге, тарихи ке­зең­нің толқымалы өмірін өз бет-бейнесін сақтай отырып суреттеуге баса назар аударыпты. Романды оқып отырғанда: «Қап, мына жері ойдан құрастырылған екен!» — деп сан соқпайсың; естіген оқыған, көрген оқиғаларыңның біріндей нанымды шыққанына сүйсінесің.
Азамат соғысы қазақ жеріне Еділ мен Жайықтан өтіп келгені белгілі. Бі­рақ осы белгілі тарихтың біз біле бер­мейтін бүге-шігесі өте көп. Тарихи шығарма сол бүге-шігенің ішек-қа­рынын ақтарып көрсету үшін, жалпылай белгілі жәйттің нақты-нақты қалтарыстары мен құпияларын ашып баяндау үшін жазылады. Кез келген белгілі тарихи оқиға – қайшылықтар мен қақтығыстардың жемісі. Сол жемістің қалай туып, қалай дамып, қалай нәтижеге жеткенін талдап беру – жазушының тарихқа деген адал­дығына сын. Осындай сыннан Әнекең абыроймен өтіпті.
Азамат соғысы жылдары қазақ зиялылары да, жұртшылығы да жік-жікке еріксіз бөлінді. Бірі қызылға, екін­шісі аққа, үшіншісі «Алашқа» қосылды. Бірі ашық жақтады, бірі торыққанынан құптады, кейбірі, әйтеуір, дабырдың жетегінде, ал көп­шілігі сөзі мен ісі сенімді шық­қан­ның ықпалында кетті. Өзі ойлап таппаған теорияны халық әрқилы қабылдады. Солай болған тарихи шындықты бүгін енді басқаша суреттеу – үлкен қылмыс. Әнекең ондай қылмысқа бармаған. Оның романында патша­лық Ресейді қорғағандар да, оны қол­дағандар да, қанаушы тапқа қарсы тұрғандар да, олардың идеясын құп­тағандар да өз нанымымен, өз шын­дығымен көрінеді.
Мәселен, ежелден бір-бірін біліп өскен Ізбасар мен Ысмайылдың бірі «Алашқа», бірі қызылға қосылады. Осыған қарап, Ізбасарды өте жақсы адам, ал Ысмайылды оңбаған етіп көрсетуші едік қой. Ал Әнекең өйт­пейді. Ізбасарды да, Ысмайылды да періштеге айналдырмай, өз нанымымен, өз күдігімен іс қылған адамдар етіп бейнелейді.
Ізбасар мен Ысмайылдың екі бас­қа бағытқа бет бұруы – жалпы қазақ­тың екі жікке бөлінуі, әрине. Бірақ Із­басарды тек жақсы қазақтар қолда­ды, ал Ысмайылды өңкей жаман қа­зақтар құптады деп қарауға бола ма?
Жазушы жеке адамдардың, яғни тарихи тұлғалардың атақ-беделін ем­ес, тарихи шындықты қорғауы керек. Өкінішке орай, қазірше біздің қазақ әдебиетінде тарихи шындықты ысырып қойып, жеке тұлғалардың бет-беделін қорғаштау дәстүр болып барады. Мәселен, Әбілхайыр ханның тарихын алайық. 1713 жылы орысқа бо­дан болудың бастаушысы Әбіл­хайыр болғандығы – тарихи факті. Оны соған бола біріміз сатқын дейміз, біріміз көреген атаймыз. Бір қызығы – оны өз тұстастары да біз құсап екіұ­дай бағалаған. Соның ақыры Әбіл­хайыр­дың өліміне апарған.
Әбілхайырдың ісін біржола дұрыс деп те, бұрыс деп те кесіп айту қазірдің өзінде қиын. Өйткені, ол өмір сүрген дәуір, біріншіден, әлі толық тиянақтап зерттелген жоқ. Екіншіден, Әбіл­хайыр шын мәнінде өте күрделі тұлға. Ол, бәлкім, тарихтың өзі амалсыз ты­ғы­рыққа әкеп тіреген тарихи құрбан­дық.
Тарихтың мәні біреуді ақтап, екін­ші біреуді даттауда болмасқа керек. Орыстың боданына түскеніміз қандай анық болса, ол бодандыққа өз түсінігіміз қандай анық болса, ол бо­дандыққа өз түсінігімен қазақты Әбіл­хайырдың, Жәнібектің бастағаны – тарихи шындық.
Автор осындай жеке тарихи тұл­ға­ларды иә біржола мадақтаудан, иә бастан-аяқ балағаттаудан аулақ болу­ға тырысыпты. Ол сомдаған большевик Ізбасар да, алаш Ысмайыл да, ақ гвардияшы генерал Кириллов та, қызыл боп кеткен Ізбасар мен алаш Ысмайылдың екеуіне де қазақ деген үлкен ұғыммен қарайтын Қарабас та кәдімгі пенде есебінде әдемі кейіп тапқан. Бұрынғы жылдардағыдай, жаңа өкіметті жақтаушыларды тек періште қып көрсетуден Әнекеің батыл бас тартқан екен. Және бір сүй­сінткені: қайсыбіреулер құсап Әне­кең революцияны жақтаушылар­ды қазіргі көзқараспен сыпыра сы­науға да ұрынбапты. Тарихи шын­дық­ты тап болған күйінде баяндауға тырысыпты.
Алаш көсемдері Алаш пен Жанша Досмұхамедовтердің атына, ісіне кейінгі, қазіргі біз беріп жүрген ба­ға­ны емес, сол өз тұсындағы бағасын беру­ге ұмтылғаны да Әнекеңнің та­рихқа адал болғысы келген талабын танытты. Ол 22 жасар командир Қо­жанов­тың да тарихи іс-әрекетін боямасыз, әсіресіз шындық шеңберінде суреттеп шыққан. Оның Ганюшкинді ақтардан азат етуіне жер ыңғайын жетік білетін Пірәлінің ақылы себеп болғанын жазушы қисынды оқиға арқылы баяндап береді. Жеңіске саяси қырағылықтың арқасында емес, жер ыңғайын пайдаланып ұтымды тарихқа қолданудың нәтижесінде жетеді.
Роман, социалистік реализмді ту қып ұстаған кездегідей саясатпен сусындата жазылмаған. Өмір шынды­ғын, заман шындығын көрсету жазу­шының басты мұраты болған. Бұл орайда саясаттан сырт адамдар қа­тарын­да атаман Қарабас пен Пірәлі­нің бейнесін жазушы айрықша әдемі сомдаған. Екеуінің елдікті де, ерлікті де танытқан ірі мінездері романның ұлттық күш-қуатын айқындап тұрған факторлар.
Романдағы Пірәлі оқиғасы – ас­тарлы мәнге ие оқиға. Өзгеден оза шыққан сері Пірәлінің жауы көп. Әри­не, тілеулесі де көп. Қазақ өміріне тән шындық бар: дұшпаның батыл қимылға бара береді, ал тілеулестерің – тек тілекші ғана. Пірәлі де сол батыл дұшпаннан таяқ жейді. Ең өкі­ніштісі: өз кіндігінен шыққан ұл өзіне бітпес жау болады. Адам түршігетін жағдай, бірақ біздің халық ада бола алмай келе жатқан жағдай.
Еділ мен Жайықтың арасын жай­лаған халықтың революция қасіретін қалай тартып, қандай қантөгіс ар­қылы жеңіске жеткенін жазушы жү­ре­гінен қан тамшылап отырып жаз­ғандай. Саясат пен сырт озбыр­лықтың салдарынан елдің бірлігі мен ұлттық мақсат мүддесіне сызат түскен қазақ азаматтарының ашынған, адасқан, толқыған, мұқалған, ақылға келген сәттерін кейіпкерлердің іс-әрекеттері, пікірлері арқылы шебер көрсетеді.


Орайлы сөз

Бекен ЫБЫРАЙЫМОВ, сыншы:

– Ә.Сараев қаламы теңізді, теңізге иек артып жатқан ауыл-аймақты суреттегенде еркін көсіледі. Бұл, әсі­ре­­се, әйелдердің Атырауға аттанар ал­дын­дағы сәтінен, кемешілер тір­лігін, Баршын, Жібек, Бөбектің ала-са­пыран дауылды күні ығынға ұшы­рап, бірнеше күн шалқар айдында бағыт-бағдарсыз адасқанын, ауыл төңіре­гінде Дауыл қашып жүріп құ­тыл­ған қалың қопалы, жынысты, ойдым-ойдым аралдарды суреттегенде бейнелі, нақты көрінген. Теңізде ық­қан үш әйелдің дауылмен арпалысқан шақтары, көрген қиын­шылықтарын оқушы өз басынан өткергендей өте айқын сезінеді. Оның сыры – жазу­шы­ның суреткерлік қабілетінде екенін айрықша атап айту керек. Теңіздегі ағын авторға табиғат көріністерін суреттеумен бірге үш әйелді мінезде­туге, даралауға септескен.
Әнестің теңізі – әйгілі авторлар су­рет­теген теңіздердің көшірмесі емес. Оған ұқсамайды, қайта өзіндік көрік-келбетімен, сұрапыл сынымен, тіршілік негізі – еңбек теңізі болып, түрлі-түрлі тұлғаларымен, Атырау толқындарындай аймаласқан – та­бысқан тағдырларымен көрінген. Бұл – шығарма шынайылығын, жазушы­ның көркемдік нысанасын айқындауға үлес қосқан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір