Ғашық жүрек
17.11.2017
2468
1

Әбубәкір Қайран


Адам өмірінің мән-мағынасы мен маңыздылығы, сән салтанаты мен салауаттылығы тек өзінің жеке қасиеттерімен ғана өлшенбейді екен. Әрине, әрбір жақсы атанып жүрген пенденің өзіне тән бір даралығы болуы әбден мүмкін. Дегенмен, бірге жаралған қасиет екендігіне шүбә келтіруге де болады. Бұл тұста адамның ең бірінші ұстазы өмірдің өзі екендігіне мән беру керек сияқты. Ал, өмір дегеніңіздің ауқымы тым кең, тіпті, тым шексіз. Сол сияқты, өміртану үрдісінің де әркімге әртүрлі болғанымен, күрмеуі көп күрделі және қиыры мен шиыры, тереңі мен биігі жетерлік тылсым құбылыс екендігін де мойындаймыз. Бірақ, сол тылсымның тұнығын кім сіміріп ішеді, кім былғайды — мұның бәрі әр адамның алған тәрбиесі мен сіңірген біліміне, көргені мен білгенінің көрнекті, керекті немесе нашар жағын жүрек түбіне түйе білгендігіне байланысты болар. Дана қазақтың «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген сөзінің де түп төркіні осыған саяды.

Кісі бойына адамдық қасиеттердің көп даруына ең алдымен ата-ананың асыл өнегесі, содан кейін өскен ортаның ықпалы көп әсер ететіні анық. Адамның өмірге көзқарасы өзін-өзі тани бас­тағаннан-ақ қалыптасып, оның желісі дос таңдау, жар таңдау, мамандық таңдау деген сияқты талпынысы мен алқынысы, бұлқынысы мен жұлқынысы көп алуан түрлі асулар мен белестерге ұласып кетеді. Осылардың ішінде тек жүрек әмі­ріне бағынатындары — дос таңдау мен жар таң­дау. Олай дейтін себебіміз — бұл екеуі де жүрек шы­мырлатар сүйіспеншілдік сезіміне байланыс­ты. «Ғаламда су мен от қымбат, адамда жар мен дос қымбат» деген тәмсіл сөздің терең мәніне жиі-жиі үңіліп қойғанымыз жөн шығар.
Осы тұста «дос» деген ұғымды бөліп алар бол­сақ, «мен сенің кім екеніңді айтайын, досыңды көр­сет» деген данышпандық қыйсынның алды­мыз­дан шыға келетіні бар. Демек, дос досты тәр­биелейді. Бұл жерде «дос» деген ұғымды төмен­дет­пеу үшін, есепке құрылған жалған достықты са­намыздан сызып тастауымыз керек. Өйткені он­дай «дос» — дос емес.
Мен, міне, қазір өзімнің ең бір жақын досым ту­ралы, оның мен таныған ерекшеліктері мен шы­ғармашылық өрістері туралы жазғалы отырмын. Бұл ұмтылысым ойланған кезімде оңай кө­рін­генімен, қаламға жүгінген кезімде, қина­лың­қы­рап қалғанымды қайтіп жасырайын!
Боз бала кезімізде табысып, міне, бүгінгі алпыс жастың асқарына көтерілген шағымызға дейін жұп жазбай келе жатқан жан досым туралы ме­нен көп білетін жоқ шығар деп ойлаушы едім. Алайда, досымның жан дүниесін жарқыратып ашып беру, оның сезім пернелерін дәл басу оңай шаруа емес екен. «Ең керемет емші де ең жақынын емдей алмайды» деген сияқты, мен де ең жақын досымның ең керемет қасиеттерін кеудемді кернеп тұрған алғаусыз аппақ сезімдерді дәл сондай етіп ақ қағазға түсіре алмаспын-ау! «Көмейдегі көрікті ойдың ауыздан шықса, мәні кетеді» деген — осы.
Менің сөз еткелі отырған досым — Нүсіпбай До­дабайұлы Әбдірахым. Ол — ақын, журналист, өз елінің, өз жерінің өркешті азаматы. Туып өскен жері — Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев ауылы.
Керіліп жатқан алдымда —
Көрікті туған ауылым.
Оранған жасыл шалғынға —
Мен өскен жер бұл, бауырым.

Кешкен жер жалаң аяқпен —
Көктемгі нөсер жауынын.
Шаңдатқан тұлпар — таяқпен,
Шаттыққа бөлеп бауырын.

Араз боп сабыр, ақылмен,
Өртеніп мұнда от басқам.
Алғашқы махаббатыммен
Егіліп тұрып қоштасқам… —
дейді ақын өзінің «Ауылым» деген өлеңінде.
Осы бір өлең үзіндісінен-ақ Нүсіптің сыр­шыл­ды­ғын ғана емес, шыншылдығын да байқауға болады. Олай дейтінім — асау, албырт жүректің жетегінде жүріп, ойламаған жерден от бастырған тен­тектік пен арманда сүйген алғашқы махаб­бат­тың келмеске кеткенін осы үш-ақ шумақтан анық байқауға болады.
Ағалар асқақ көрінген,
Ақыны тұтас бір қауым.
Ауылым, сенің төріңнен
Оқылса болды жырларым. —
деген шумақты оқығанда, Нүсіп ақынның ел мен жер­ге деген махаббатын ғана емес, даңқ пен дағ­бырт­қа мүлдем құмарлығы жоқ екендігін де анық сезінеміз.
Нүсіп Әбдірахым қазақ поэзиясының қасиетті босағасын алғаш аттаған шағында-ақ наурыздың қарындай, сәуірдің таңындай тап-таза, мөп-мөл­дір жырларымен келгенін еш ұмыта алмаймын. Тіпті, сол жырларға тәнті болғаным соншалық — бір талайын жатқа білетінмін. Қазір де біразын білемін-ау, сірә.
Шындығын айту керек, Нүсіп досым жас ке­зін­де жазған махаббат туралы жырларымен біздің арамызда зор құрметке бөленді. Өйткені, біздің бәріміз бұл тақырыпқа келгенде, оған ілесе алмай қа­латынбыз. Сондықтан болар, бас қосқан оты­рыс­­тарда оның бал мен у аралас, нәзік те мұңды өлең­дерін көп оқытушы едік. Оны «махаббаттың ақы­ны» дейтінбіз. «Тек махаббат туралы жаза бе­ре­сің» деп сөккендер де болған.
Нүсіп ондайларға жауап ретінде:
«Махаббаттан басқа ештеңе жазбайсың, — деп,
сөкті мені бір ақын, —
Жоқ па басқа бір тақырып жыр қылуға тұратын?».
Жазбас ем-ау,
Құлып салып, жауып тастар едім-ау,
Зат болса егер сол шіркінің сандығыма сиятын, —
деп әлгілерге жауап қайтара келіп, осы өлеңде бы­­­лай аяқтайды:
Мен ғашықпын!
Қаталдыққа махаббатты емші етем.
Бақыт тілеп сол мергенге,
Ақ жанымды көрші етем.
Маған арнап оғын жонған адамдарға мен бүгін
Жыр оқимын —
Қан-қан болған қанатымды көрсетем!
Нүсіптің ғашықтық жырларының бастауы боп тұр­ған, тіпті, оның нағыз ақын деген атағын шы­ғарған «Сары қыз» деген өлеңі бар. Бұл өлең өз ке­зінде талай жастың жүрегін тебіренткені — ақи­қат. Сол кезде Нүсіптің аты аталған жерде «Сары қыз» өлеңі де қоса айтылатын.
Иіні келіп тұрған соң, «Сары қызға» байланыс­ты бастан кешкен бір оқиғаны айта кетейін.
Ол кез Нүсіптің де, менің де жаңа үйленген ке­зіміз. Біз Алматы маңындағы Кемертоғанда, Нү­сіптің қайын жұртында жұбайым Гүлзия бар, бәрі­міз қонақ боп жатқанбыз. Бір күні Алматыда жүр­ген ақын, журналист досым Жолболды Ыс­қақовпен кездесе қалып, оны да Кемертоғанға ертіп бардым. Жолжөнекей Нүсіп туралы әңгіме ай­тып келе жатып, аяқ астынан қалжыңбастығым ұстап, «Нүсіп өзі жырлап жүрген сары қызына үй­ленді ғой, қазір көресің» дедім. Жолболды «Сары қыз» деген өлеңді жақсы білетін. «Ой, бақытты екен!» деп, шат-шадыман болды. Менің жұбайым Гүлзия — көк көздеу, сары келіншек. Соны Нүсіп­тің әйелі етіп таныстырғым келіп, үйге Жөкеннен бұрын кіріп, спектакльдің идеясын жеткізе қойдым. Жөкен Нүсіппен амандасып, құшақтасып болған соң, «Ал, құсың құтты болсын! Арманыңа же­тіпсің» деп Гүлзиямен танысып, еміреніп, беті­нен сүйді. Нүсіптің келіншегі Мәкен менің жұ­байым­ның рөлінде.
Бәріміз дастарханға отырып, Жөкенге тост берген кезде, әбден қызық болды. Ол да ақын ғой, көңілі толқып, көзіне жас алып тұрып:
Ұнатушы едім бір сары қызды көзі көк,
Арманшыл едім, есейсем деуші ем тезірек.
Космонавт болып, Айға ұшып бара жатқанда,
Шығарып салып тұрсашы деймін өзі кеп. —
деп, «Сары қыздың» бір шумағын жатқа оқып жі­бер­ді де, көлкөсір тілегін айтты. Қос келіншекті күл­кі қысып барады. Нүсіп екеуміз сыр алдыр­ма­дық. Сөйтіп, «Сары қыз» деген өлеңнің кесірінен Жө­кен қатты алданып, ертеңінде «ақымақ қыл­дыңдар» деп, өлердей ашуланды…
Махаббат тақырыбын барлық ақындарға ор­тақ деп ойлайтындар көп болса да, менің өзім бұл тараптағы ақындар өте аз деп білемін. Өйткені бұл тақырыпқа көбірек қалам тарту үшін жан нә­зік­тігімен қатар жүрек қайраты да керек. Ал, бұл екі қасиеттің қатар тұрып, бір нысанаға бағытталуы өте сирек кездесетін құбылыс. Оның үстіне ға­шық­тық жырлардың сиқырлы сыры мен бүркеулі нұрын сөзбен жеткізу өте қиын деп білемін. Бұл поэ­зиядан көрі музыкаға жеңілдеу ме деп те ой­лай­мын. Тағы бір қиындығын айтар болсақ, бұл — ең көп жырланған тақырып. Сол көптің ішінен суырылып шығып, керемет бір өлең жазу — ақын­ның ақындығы. Өмір бойы Лаурасын жырлап өт­кен Петрарка мен өле-өлгенше Ләйләсімен ата­ғы шыққан күні кешегі өзіміздің Жұматай аға­мыз­дың маңдайындағы мәңгілік бақыттары да — осы махаббат тақырыбы. Артық айтқандық емес, егер Нүсіп Әбдірахым бұл үдерістің соңына шындап түссе, ерте бастан өлеңдерін жиі жариялатуға құш­тар болса және белгілі аға ақындар ортасынан жас кезінен орын тауып алған болса, бүкіл қазақ ас­панға көтерген махаббат ақыны болар еді. Оны өзі де сезініп, бір өлеңінде:
Мәпелеумен сезім атты шынарды,
Мәз боп талай қуандым да, қуардым.
Көңіліме алғаш көктем орнатқан —
Бір қыз мені ақын қылып шығарды. — дейді.
Нүсіптің махаббат туралы өлеңдерін қайталап оқып отырып, қатты таң қалғаным — ол басқа қыз­­­дарға өлең арнаса да, әлгі сары қызға деген іңкәрлығынан ешқашан айнымапты. Мәселен, ол өзіне ғашық болған бір қызға арнаған «Сен емессің» деген өлеңінде құшағында тұрған сол қыз­ға да ащы шындықтың бетін ашып тастайды: Сендей сүйіп көрмесе де әлі күнге мені ешкім,
Кеш, асыл жан, шыға алмадым құшағынын елестің.
Кейде ұқсап кетесің сен алыс қалған сол жанға,
Амал қанша, о, өкініш, сен бірақ ол емессің…

…Сол шақтарда сен бақытты санадың-ау өзіңді,
Қалай бұзам сенің тәтті, сондай шатты кезіңді?!
Кісі өлтірген қарақшыдай — сезбесін деп сырымды,
Сен қарасаң, дереу төмен түсіремін көзімді.

Жалған жалын жылытар ма, қоштасармыз біздер де,
Өте берер өз әнімен көктем, сұрғылт күздер де.
Жылдар өтер сағынышпен, сарғаюмен қиналған,
Көңіл шіркін бірте-бірте ол да күдер үзбей ме?

Сонда сен де иесіз үйдей құлазып бір жас жаның,
Тұрасың ғой мұңаюмен құшағында басқаның.
Сонда сен де үнсіз төмен түсіресің көзіңді,
Көрмесін деп басқа біреу көзіңде ащы жас барын.
Осы бір шап-шағын өлеңнің өн бойынан көп адамның, көп еркек-ұрғашының басынан өткен махаббат драмасының өте құпиялы, көлеңкелі тұс­тары елес беріп тұрғандай. Жүректі жегі құрт­тай жеп жататын мұндай мұңлы махаббаттың әуе­нін поэзия тіліне көшіріп, жеріне жеткізіп айту әр­бір ақынның қолынан келе бермес.
Ақын бір өлеңінде өзін арбағысы келген бір би­кешке деген аяушылығын сездіре отырып, мүл­де тосын түйін жасайды.
Сайқал күлкі… Мұңға толып бара жатыр көкірек,
Неге ояндың қалғып кеткен сұрқия ой — жетімек?
Уылжыған балауса қыз, кімге айналып барасың,
Тұрсың мынау тұнжыраған ағайыңнан не тілеп?

Ләззат алған от құшақтан өң бойыңды күйдірген,
Құмарлық та емес қой бұл соншама есссіз күлдірген.
Қар аралас жанбырға ұқсап тоқтай алмай егілген —
Күлкіде де мұң боларын, о, сұмдық-ай, кім білген!..

Мұң сыйлаған қандай жауыз, кім алдыңнан кесе өткен,
Не жұбаныш таппақшысың ызғар ескен төсектен?
Жыр ғып айтып жүрген шығар сеніменен бір түнін
Бірге өткізген соқыр кеуде, саңылаусыз есектер.
Нүсіп Әбдірахымның махаббатқа толы жыр­ла­рының бәріне жуығының басты кейіпкері сол бір сары қыз екенін түсінеміз. Егер ақын тек осы та­­қырыптағы өлеңдерін жеке бір кітап етіп шы­ғарса, қолдан қолға көшетін тамаша бір жыр жи­нағы болар еді. Ол өзінің сонау 2007 жылы шықан «Ақтарылам алдарыңда» атты кітабына бұл өлең­дерін циклдап берген еді. Соның біреуіне маң­дай­сөз етіп «Мен сені өлең үшін ойлап таптым» деген Жұбан Молдағалиевтің өлеңінің бір жолын алыпты. Нүсіп ақын солай етіп жырларының кейіпкерін «ойлап таптым» десе де, ойлантан ару бейненің ең басты қозғаушы күш болып қалатыны анық емес пе?!
Сөз басында айтып кеткенімдей, Нүсіптің сыр­шылдығы мен шыншылдығы қашанда қатар жү­реді. Осы екі қасиет оның қос қанаты іспетті. «Ал­дарыңда ақтарылам» деп өзі айтқандай, ол өзінің мұңын да, мінін де еш жасырмай өлеңге тө­гіп-төгіп жібереді. Сірә, содан өзі жеңілдеп қа­ла­тын болуы керек. Мысал ретінде келтіре ке­тейін, оның Есенинге арнаған өлеңі бар. Дұрысын айтқанда Есениннің суретін алдына қойып, бет­пе-бет сырласуы. Нүсіп осы өлеңінде іште жатқан бір­талай шерін ақтарған.
Есенин, мен де өзіңдей –
Көп таяқ жедім арақтан.
Содыр да сойқан кезіңдей –
Қан болып қайтам кабактан,

Күлкінің тәтті сыңғыры
Мені де талай арбады.
Сұғылатындай бір күні
Кеудеме финнің қанжары, – деп басталатын өлеңнің өн бойындағы жолдар мен шумақтарға ақынның ащы азаптары мен өрттей өкініштері қоса өрлеген. Мұндай жайларды өзі де бастан кешкен адам оқыса, өңешіне өксік кептелетіндей дәрежеде жазылған бұл өлең Нүсіптің жап-жас кезінде өмірге келіп еді. Ол бұл өлеңін:
Алау таң, жарық күнімнің
Болса да ыстық шуағы,
Мойныңды қиған ала арқан
Елестеп ылғи тұрады.

Тесіліп жансыз бейнеңе,
Отырмын үнсіз тауап қып.
Көп түстім, Сергей, әуреге,
Қойсам ба енді арақты?! – деп аяқтайды.
Нүсіп Сергейге берген екіұштылау уәдесін сәл ке­шірек болса да орындап, ішімдіктен іргесін аулақ­татып әкетті.
Айтпақшы, айта кетпеске болмас, Нүсіптің ақын­дық жолындағы ең бір ерекше ұстазы Сергей Есе­нин деп білемін. Ол ұлы ақынның өлеңдерін пір тұтады, жатқа оқиды. Өзі де жас кезінде тентек еді, бірақ ақылды тентек болды. «Ақылды тентек адам болып шығады» деген сөздің жаны бар.
Оның достық туралы және достарына арналған өлеңдері бір қауым.
Мұңайсам кейде,
Үңілсем кейде торығып,
Қиналсам кейде маңдайым тасқа соғылып,
Көтеріп кетер еңсемді,
Досымның бірі жолығып, — деген өлең шумағы­ның өзінен-ақ оның досқа деген пейілі мен сенімі ерекше екендігін бірден байқауға болады.
Қырықтың қырқасынан асқаннан кейін, Нүсіп­бай Додабайұлы махаббат лирикасына маңай­ламай, азаматтық лирикаға бет бұрып, ел мен жер, батыр бабалар туралы өлеңдерді көбірек жазу­ға бет бұрып кетті. Өзім байқаған бір ерек­шелік — Нүсіптің ғашықтық өлеңдері гүлдің нәтін­дей нәзік болса, азаматтық әуендері тым ас­қақ­тығымен, рухтылығымен ерекшеленіп тұрады. Мәселен, ол қазақ тілі туралы өлеңінде:
Тілім менің!
Тірегім де мұратым!
Кім өзіңді қиянатқа қиятын?!
Тіліп таста бетін семсер сөзіңмен —
Жоғалтқандар болса намыс, ұятын! — дейді.
Білетін жұрт Нүсіпбай Әбдірахымды қазақи қалжынның қас шебері деп біледі. Оның осы қасиетін ескеріп, бас қосу мен отырыстардың гүлі деуіміз керек шығар. Ол білетін күлдіргі әңгімелер мыңдап саналады. Осыған орай Нүсіп — лирик қана емес, сатирик ақын. Оның «Соңғы ақыл», «Әртіс пен тартыс», «Аздырған «ақыл», «Ауданда тұратын ақынның айтқаны», «Қайта құру кезіндегі өтірік өлең» және тағы басқа сатиралық өлеңдері кім-кімді болсын күлдіріп отырып, күрсіндіреді, күрсіндіріп отырып, күлдіреді.
Мен ойлаймын — егер Нүсіп жас кезінен сати­ра­ның сара жолына түсіп кеткенде, одан Оспанхан аға­сы сияқты нағыз сатирик шығар ма еді — деп.
Журналисттік мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен жампоз досымның үзбей істеп келе жат­қан осы қызметінің игілігі мен рәтін көріп жүр­геніне дән риза болып отырып, оның керемет ақын­дығына осы қызметтің айтарлықтай тосқауыл жасағандығын жасырғым келмейді. Ра­сын айту керек, журналисттік қызмет ақынның аяғын тұсайды, өрісін тарылтады. Қанат жайып, ер­кін самғауға қайта-қайта кедергісін келтіре бе­реді. Әрине, бұл менің өз пікірім ғой.
Нүсіпбай Әбдірахымның ел азаматы ретінде жеткен жетістіктері, шыққан биіктері жетерлік. Ол өзінің бүкіл қайрат-күші мен жігер-намысын, таланты мен қабілетін ел үшін, жер үшін, болашақ үшін барынша жұмсап келеді деп білеміз. Мен өз досым туралы азын-аулақ сырымды аяқтай келе, оған: «Таңғы арайдай жайнай бер, тайқазандай қай­най бер! Ғашық жүрек лүпілін болашаққа арнай бер!» деймін.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.08.2024 | 01:50

Керемет сөздер тебірентеді тұла бойды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір