Қайсын ғұмыр – Қайсын жыр
Ұлы ақынның рухына тағзым
Сай-саланы сарыжағал түске бояған қазан айының соңғы күні. Ақтаудан көтерілген ұшақ Қап тауына жетіп қонғанда түн қараңғылығы қоюланып қалған еді. Солтүстік Кавказ аймағының шипалы мекені саналатын Минводы қаласының әуежайынан түстік. Жаңбырдан кейінгі саф ауа көкіректі кернеп, көңілді жадыратып сала берді.
Қазақтың білгілі ақыны Әділғазы Қайырбеков екеумізді бұл жауапты сапарға жетелеген Қайсын ақынның рухы болатын. «Әлемнің ақыны» атанған малқар халқының ұлы перзенті Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойына еліміздің атынан өкіл болып бара жатқан бетіміз. Осы жерден оңтүстік-шығысқа қарай 102 шақырым қашықтықта Кабардин-Балкар Республикасының астанасы Нальчик қаласы бар. Көздеген нысанамыз сол қала, іздеген халқымыз – малқарлар.
Әуежайдан шыға бере:
– Ассалаумалейкум, қазақ қарындашлар! Есен-сау жеттіңіз бе? – деп алпамсадай екі жігіт бізге қарай құшақ жая ұмтылды. Бұлар бізді тосып тұрған Мұхтар Табақсоев пен Заур Махиев екен. Бұрыннан таныс жандардай құшақтарына қысып, сағынысқан бауырлардай төс қағыстыра амандасты. Жайлы көлікке жайғасып, Нальчикке қарай бет алған соң әңгіме тиегі ағытылды. Тау халқына тән өр мінезді, ер көңілді Мұхтар бауырымыз атақты «Эльбрус» баспасының редакция жетекшісі, ал көліктің тізгінін ұстаған Заур болса республикалық кәсіподақ ұйымының белді қызметкері екен. Шұрқырасып, елдің жағдайын сұрасып жатырмыз. Әрқайсымыз өз тілімізде сөйлейміз. Түсінбейтін сөз кем де кем. Бәрі айқын. Бәрі ұғынықты.
– Әділғазы аға, байқадыңыз ба, малқар тілінің 60 пайызы таза қазақ сөздері екен, – дедім. Бұл сөзімді естіп қалған Мұхтар:
– Сіздің осы сөзіңізді керісінше айтса да болады. Қазақ тілінің 60 пайызы таза малқар сөздері десек ешқандай қателік болмайды, – деді әзілдей күліп. Шын мәнінде түркі тектес ағайындардың арасында бізге ең жақыны малқар тілі екеніне көзіміз жетті. Тіпті «Нальчик» дегеннің өзі қазақтың «нәл», «нәлші», былайша айтқанда «таға», «тағалаушы» деген мағына береді екен. Малқар таулары таға іспеттес болып доғаланып жатқанын Мұхтар нақтылай түсті. Сондықтан келген қонақтарға естелік ретінде кәдімгі аттың тағасын сыйлау дәстүрі бар дейді. Біздің қазақта да аттың тағасын түрлі жамандықтардан сақтайтын қасиетті зат деп қастерлейтінін, босағаға бекітіп қоятынын айтқанда малқар достарымыз сүйсініп қалды.
Жалпы саны 120 мыңды құрайтын малқар халқы өз тарихында небір зобалаңды бастан өткерген екен. Алыс тарихты айтпай-ақ, кеңес кезеңін алсақ та бауырлас халықтың көрмегені жоқ. Большевиктердің топалаңынан тең жартысы қырылып кеткен. Ұжымдастыру, кәмпескелеу, аштық, қуғын-сүргін, соғыс, одан қалды жер аудару дегеннің ауыр азабын тартқан. Ата-анадан, ағайын-бауырдан, туған-туыстан түгел айырылып, туған жерден ажырап, қызыл аяқ қар кешкен, жалаңаяқ жар кешкен қаһарман халық тағдырдың тәлкегін қанша көрсе де биік рухын сақтап қалыпты.
– Біз қазақ халқын әкеміздей құрметтейміз, – дейді Мұхтар. – Өйткені депортация жылдарында малқарларды аман алып қалған осы қазақтар. Біздің жұртта қазақтың жақсылығын көрмеген адам жоқ. Әкелеріміз бен ағаларымыз түгелдей Қазақстанда өмір сүрді, әлі де өмір сүріп жатқандары бар. 1944 жылдың 8 наурызында басталған малқарларды жер аудару науқаны бір-ақ аптаның ішінде аяқталған. НКВД тарапынан жасалған мұндай асығыстық нені білдіреді? Қолдарына ешқандай зат алдырмай, вагондарға малша артып туған жерінен үдере көшіртті. Осылай 5-6 күнде суыт көшкен 5 мыңға жуық малқар отбасы, шамамен 16 мыңнан астам адам Қазақстанға жөнелтілді. Қалғандары Орта Азияның басқа республикаларына жіберілді. Бұл кезде қазақтар да жетісіп отырған жоқ еді. Аштықтан, соғыстан әлсіреп отырған халық өз басындағы қиындықтарға қарамай, үйсіз-күйсіз барған ағайындарымызды үйіне кіргізді, нанының соңғы түйіріне дейін бөліп берді. Асырады, бақты, құшақтарын айқара ашты. Бұны қалай ұмытасың? Ақсақалдарымыз: «Қазақ деген дархан халық бар, қай жерде жолықсаңдар да қазақтарға құрмет көрсетіңдер!» деп, кішкентай баласына дейін құлағына құйып отырады.
Мұхтардың әңгімесі біздің көңілімізді толқытты. Қазақ халқына деген мұндай махаббатты өзгеден көрген емеспіз. Мұндай шынайы сүйіспеншілік сезімді кімнен көріп едік?.. Айналайын, малқарларым-ай!
Әңгіме жол қысқартады. Қызу әңгімемен Нальчикке жақындап қалғанымызды да байқамаппыз. Тау ішіндегі қаланың шамдары самаладай жарқырап көріне бастады. Мен Мұхтардан:
– Қалада Қайсын Құлиевтің ескерткіші бар ма? – деп сұрадым.
– Әрине, – деді ол, – Қаланың дәл ортасында қоладан құйылған үлкен ескерткіші тұр.
– Біз Қайсын ақынның тойына арнайы келе жатқандықтан ешқайда бұрылмай, түн болса да ең әуелі сол кісінің ескерткішіне ат басын бұрсақ. Ақиық ақынның рухына тағзым етсек. Ең әуелі ақын рухымен амандасып алсақ деп едік…
Біздің бұл ұсынысымызға Мұхтар мен Заур қуана келісті. Осылайша түн ортасы болғанына қарамай, ұлы ақынның ескерткішіне келіп, рухына тағзым еттік.
Таңғы ас үстіндегі табысу
Мұхтарлар бізді Нальчик қаласындағы «Синдика» атты қонақ үйге орналастырды. Таңертең Әділғазы ағам екеуміз таңғы асқа түстік. Ішке енсек у-ду болып, бір-бірімен қауышып жатқан жұрт. «Қазақтарсыңдар ма?» деп Әдекең екеумізге де құшақ жайғандар көбейді. Бүкіл түркі әлемі осында жиналғандай. Татар, қырғыз, башқұрт, әзірбайжан, алтай, тағы қайсысын айтасың… Бәрі осында. Қайсын ақынның тойына 30-дан астам елдің делегациясы шақырылыпты. Түркиядан, Мәскеуден, Санкт-Петербургтан келген қонақтар бар. Ас үстінде туған бауырдай шұрқыраса көріскен туыстардың риясыз көңілдерін көріп, түркі жұртының ұлылығын сезінгендей боласың. Кезінде жер-жаһанды уысында ұстаған бабаларымыздың әруағы тіріліп келгендей қуаныстық. Осы жерде мені ерекше қуанышқа бөлеген, естен кетпес әсер қалдырған тағы бір оқиға болды. Ол – Жаңа-Арқада туып өскен менің ардақты досым, қазақтың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай жайлы әңгіме еді. Қырғыздан келген Айдарбек пен Жиенбай ақындар да, Алтайдан, Қазаннан, Уфадан, Түркиядан келгендер де Ғалым ақынды сұрайды. Ғалымның ақындық қуаты мен азаматтығын айтады. Өз досыңды алыстағы ағайындар мақтап жатса қалай қуанбайсың. Ғалым солардың бәрімен араласады екен. Бірінің өлеңін қазақшаға аударған, бірінің кітабын қазақ тілінде шығаруға жәрдемдескен. Біразы Ғалымның мөлдіреген жырларын өз тіліне аударып бастырған. Барған, келген, қуаныш-қайғыларына ортақтасқан. Бәсе, деймін-ау, Ғалым досымның бір орында байыз тауып отырмай, үнемі жол үстінде жүретіні осы екен ғой. Менің түсінгенім – біздің Ғалым аспай-саспай жүріп-ақ бүкіл түркі дүниесінің сүйікті ақынына, құрметті азаматына айналыпты. Бұған халық болып қуануымыз керек. Қайсынның әлемге жайылған атақ-даңқы біздің Ғалымды да айналсоқтап жүрген сияқты.
Нальчикке аттанарда Ғалымға жолықтым. Ол Қайсын Құлиевтің досы болған малқардың талантты ақыны Керім Отаровтың «Сәмбі талдың бұтағы» атты кітабын қазақ тіліне аудартып шығарыпты. Алғысөзін де өзі жазыпты. Осы кітапты Кабардин-Балқар республикасы Жазушылар одағының төрағасы Мүтәліп Беппаевқа өз қолыммен табыстадым. Мүтәліп те Ғалымға көп рахмет айтып, малқар әдебиетін танытудағы, насихаттаудағы өлшеусіз еңбегі үшін зор алғысын жаудырды.
1 қараша – Қайсын ақынның туған күні. Мерейтойлық негізгі іс-шаралар осы күнге орайластырылған екен. Сағат үште ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстелге жиналдық. Т.Мальбахов атындағы мемлекеттік ұлттық кітапханада өткен бұл жиын әлем халықтарының Қайсын Құлиев рухына бас иіп, тағзым еткен сәті десе болады. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның аясында мерейтойға келген барлық делегациялардың өкілдері сөз алды. Олардың әрқайсысы Қайсын ақынның ақындық таланты мен азаматтық болмысы туралы өз көзқарастарын жеткізді.
Осы жиында әлемге мәшһүр ақынның асыл жары, академик Элизат Эльбаевна Кулиевамен дидарласып, әңгімелесудің сәті түсті. Ол кісі менің анаммен құрдас екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей шырайлы өңінен жас кездегі сұлулықтың белгісі байқалады. Әдемі қартайған кісі. Менің Қазақстаннан келгенімді естігенде орнынан тұрып амандасты. Қасында бос тұрған орынды нұсқап, қатар отыруымды өтінді. Аяулы анамды еске алдым. Сізбен қатарлас еді дедім. Ол кісі шынайы қуанып, естелік суретке түсейік деді. Суретке түсіп болған соң Қазақстанда өткерген жылдары туралы қызықты естеліктер айтып берді.
Элизат апай Қайсын ағаның 100 жылдық мерейтойына арнап «Былое как сегодня» атты естеліктер мен хаттар жинағын шығарыпты. Бұл кітапты оқыған адамның жандүниесі нұрланып сала береді. Ақынға жар болу қиын да құрметті міндет. Қадыр ағамыздың: «Ақынға сен күйеуге шықтым деме, Ақынды сен бала қып алдым деп біл» дейтіні сондықтан. Элизат апай да ұлы ақынды баласындай аялап, тағдырдың ыстығы мен суығын қатар көтеріскен қайсар рухтың иесі. Ақын туралы естелікті бұл кісі жазбағанда кім жазады? Баға жетпес осы бір керемет кітаптың ашылар бетіне ақынның жары былай деп қолтаңба жазып берді: «Дорогому Темиргали Муратбековичу Копбаеву с глубоким уважением и пожеланием крепкого здоровья, больших творческих успехов и большого счастья Вам и всему народу Казахстана! Мы любим Вас!».
Осы шарадан кейін Музыка театрында Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған Салтанатты жиын болды. Республиканың үкімет басшылары, парламент жетекшілері, қоғам қайраткерлері қатысқан жиын үш жарым сағатқа созылды. Жиында 40 адам сөйледі, бір таңқаларлығы кеш біткенге дейін лық толы залдан шығып бара жатқан жан көрмедік. Бұл да халықтың сүйікті ақынына деген құрметі шығар. Аудитория әр сөзді ынты-шынтысымен тыңдап, жабыла қол соғып отырды. Мұндайда сөйлеген шешендердің де делебесі қозып, арқаланып кететіні бар. Әділғазы Қайырбеков екеуміз де біраз сөздің тізгінін ағыттық. Қазақстан Жазушылар одағы беріп жіберген Абай атамыздың мүсінін сол елдің Жазушылар одағына табыстадық. Мен Қайсын Құлиевке арнаған «Чегем мен Өгем» атты өлеңімді оқыдым. Зал дуылдата қол соқты. Алматыдан арнайы алып барған зерлі шапанымызды Қайсын ақынның кенже баласы Ахмад Қайсынұлының иығына жаптық. Жарасып-ақ кетті.
– Міне, енді нағыз қазақтың баласы болдыңыз, – дедім. Жұрт тағы да қызу қол соқты. Осы кезде кешті жүргізіп отырған Кабардин-Балқар Республикасының мәдениет министрі Мухадин Кумахов менің сөзімді іліп алып:
– Біз әрқайсымыз өзімізді қазақтың баласымын деп санаймыз! – деді. Бүкіл зал қуана қол соқты. Өзіміздің де қуанышымызда шек болмады.
Табиғаттың ерекше сыйындай болып Қап тауларына алғашқы қар жауды. Түнімен жауған қар бар алқапты ақынның жанындай кіршіксіз аппақ дүниеге айналдырды. Ертеңіне қонақ үйге Элизат апамыз бізді арнайы іздеп келіп, кешегі сөздеріміз бен сыйлықтарымызға дән риза болғанын айтты. Әсіресе ұлына кигізген шапанымыздың әдемілігін айтып, «Үйдегі келіндерге естелік-сыйлық болсын» деп Әділғазы ағам екеумізге бір-бір жібек орамал ұстатты.
Қараша айының екінші жұлдызында мерейтойға келген барлық қонақтар ақынның туған жеріне бет алдық. Әуелі Чегем ауданының орталығындағы Қайсын Құлиевтің мемориалдық мұражай-үйіне тоқтадық. Мемлекет қорғауындағы бұл мұражай ұлы тұлғаның өмірінің соңына дейін тұрған, шығармаларын жазған үйі екен. Әр экспонат өзінше сыр шертеді. Ақынның жұмыс кабинеті, жатын бөлмесі, ұстаған қаламы, тұтынған заттары, әр кездері түскен фотосуреттері, кітаптары келушілерді Қайсын-ғұмырдың тылсымына жетелейді. Үйдің ауласына ақынның мәрмәр тастан қашалған ескерткіші қойылыпты. Біз ескерткішті тамашалап, естелік суретке түсіп жатыр едік:
– Темір-ау, сендерді таппай жүрмін ғой, – деді Мұхтар Табақсоев аптыға сөйлеп, – Жүріңдер! Бері жүріңдер! – деп ол білегімнен ұстап тартқылай бастады.
– Мұхтар, не болды? – деймін түсінбей.
– Сендерді бір кісі тосып тұр. Жүріңдер!
Ол топты жарып, бізді ауланың сыртына қарай жетеледі. Сыртқа шыққан соң баладай қуанып:
– Апа, міне, сіз іздеген адамдарды тауып келдім. Екеуі де Қазақстаннан келген өкілдер, – деді Мұхтар сексенге таяған анаға жақындап. Бейтаныс кісі Әдекең екеумізді кезек-кезек бауырына басты. Біз атымызды айтып таныстық.
– Айналайындар, есен-саусыңдар ма? Мен өзім малқар қызы болғанмен қырық жыл Қазақстанда, Жамбыл өңірінде тұрғанмын. Мектепті де қазақша оқыдым. Атым – Зүлфия, мына бала менің ұлым Мұхаммед. Мен бұл жерге бертінде келдім. Өмірімнің бәрі Қазақстанда өтті. Қазақтарды қатты сағынамын. «Қайсынның тойына қазақтар да келеді» дегенді естігелі бері «бауырларым келе жатыр» деп тағат таппадым. Кеше ғана мына ұлыма айтып отыр едім: «Басқа халықтан жаман адам шықса шығатын шығар, бірақ қазақтан жаман адам шықпайды» деп. Қырық жыл бірге тұрғанда қазақтан титтей жамандық көрмедім, айналайын! Осы «Айналайын» дегенді де қазақтан үйренгенмін. Сендер бүгін біздің қонағымызсыңдар. Үйге жүріңдер. Біз жақын маңда тұрамыз. Бір қойды байлап, союға дайындап отырмын. Бізге екі-үш сағат уақыттарыңды бөліңдер. Сендерді алып кету үшін ұлымды ерте келдім.
– Апай, қонақжай көңіліңізге көп рахмет! Сіздің шынайы сезіміңізге разымыз. Бірақ біз арнайы топпен жүргендіктен олардан бөлініп қала алмаймыз ғой. Басқа да бағдарламалар бар. Қайсын ақынның туған ауылына кетіп барамыз. Сол жерде үлкен жиын болады. Бізді күтіп отырған адамдар бар. Сондықтан ренжи көрмеңіз. Біз тәртіп сүйетін елміз ғой, бұл жолы да тәртіпке бағынайық, – дедік.
– Темір балам, оның рас. Жер бетінде қазақтай халық жоқ. Оған көзіміз әбден жеткен. Өкінішті-ақ! Бір қонақ етіп жіберсем деп ем. Қайтейін, енді. Келші, маңдайыңнан бір иіскейін. Естелікке суретке де түсіп қалайық, – деп Зүлфия апа мені құшағына қысты. Не деген сағыныш десеңізші! Суретке түскен соң қолымды алақанына салып біраз тұрды. Қимай түрғанын жан-жүрегіммен сезініп, көңілім елжіреп кетті. Халықты бұлай да жақсы көруге болады екен-ау! Біз көлікке отырып, алыстап кеткенше ұлы екеуі тапжылмай қарап, қол бұлғап қала берді.
Қонақтар мінген бірнеше автобус тарғыл-тарғыл жартастардың арасымен өрге қарай өрлеп барады. Қап тауларының ғажайып көріністері енді басталған сияқты. Бірнеше шақырым бойы тау жолымен ыңырана тартқан көліктер Чегем сарқырамаларының тұсына жетіп тоқтады. Бұл бір таңғажайып жер екен. Жан-жақтан қаптаған туристер таңданыстарын жасыра алмай жүр. Тереңде күркіреп аққан асау өзен. Сол өзенге қасқа шыңның басынан ақкөбік болып сарқырай құлап, аппақ буға айналып жатқан сарқырама. Тік жартастан құлап жатқан сарқырама біреу емес, бірнеше. Тіпті жартастың қақ ортасынан жарып шыққан табиғи фонтандарды көргенде таңырқамасқа шараң қалмайды. Бас айналар биіктіктен аққан су айқайлап құлап жатқандай. Таудың іші жаңғырып тұрғаны соншалық, адамдар бір бірінің даусын әрең естиді.
Артымыздан біреулер айқайлап шақырғандай болды. Бұрылып қарасақ, шынында да бір топ жігіт бізді қол бұлғап шақырып жатыр екен. Мұхтар бізге жақын келіп:
– Сіздерді шақырып жатыр, – деді.
– Олар кімдер?
– Таразданбыз дейді. Қазақтар болса шақыршы деді.
– Өздері қазақтар ма? Біз жүргелі тұрған жоқпыз ба? Қалып қоймайық, – дедім мен шақырған топқа қарай жүре басып.
– Жоқ, қалмаймыз. Бізсіз бұлар ешқайда кетпейді, – деді Мұхтар нағыз таулықша қарқылдай күліп, — Бұл жерден де сіздердің туыстарыңыз табылып жатыр.
Жақындай келе байқағаным бізді шақырып тұрғандардың бәрі малқарлар екен. Олар құшақтарын ашып бізге қарай жүрді. «Біз Таразданбыз! Біз Таразданбыз!» деп айқайлады екі-үшеуі. Аңғарғанымыз бұл жігіттер балалық шақтарын Тараз қаласында өткерген екен. Көліктерінің копотының үстіне дастархан жайып қойыпты.
– Сіздердің келгендеріңізді жаңа ғана естідік. Енді барымен базар дейік. Дәм алыңыздар. Біз сіздерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Сіздермен жерлеспіз. Бәріміз Таразда өстік. Балалық шағымыз сонда қалды, – деп алпысты алқымдаған ақ шашты жігіт ағасы кесе толы тау шарабын ұсына берді. Бір-бірімізге ақ тілектер айтып, асығыс қоштастық. Осы сәт басқа емес, қазақ болып туылғаным үшін өзімді бақытты сезіндім.
Жарты сағаттан соң біз қалың таудың биік қойнауында, Жоғарғы Чегем шатқалында орналасқан Қайсын Құлиевтің туған ауылына да жеттік. Бұл ауыл кезінде Ел-Төбе деп аталған. Мұндай көркем табиғаттың ішінде туып, ақын болмау мүмкін емес. Табиғатқа таңданумен қатар мені терең ойға қалдырған малқар халқының ақынға деген ерекше құрметі еді. Ақынын осынша сыйлайтын халықты бірінші рет көрдім. Оның қасында ең ұлы ақындарымызға ескерткіш қойып, көше берумен шектелетін біздікі түк емес екен. Нальчиктегі кешегі жиындарда үкіметтің ақынға деген қамқорлығын көргенбіз. Отыздан астам елдің делегациясын шақырып, олардың жол ақысын, тамағын, жатар орнын көтерген үкіметке разы болмағанда қайтесің? Бізде бизнес-форумдарға болмаса, ақынға мұндай құрмет көрсетілмейді. Ал енді Қайсынның ауылында жасағандарын қараңыз…
Ақынның 100 жылдығына орай «Қайсынға қарай жүз қадам» Қорын құрып, «Тастағы кітап» атты жоба жасап, оның туған үйіне дейін жолдың шетін бойлай өрлеп 100 метр тас қабырға қаланған. Биіктігі 3 метр осы қабырғаның ұзына бойына әр қадам сайын қара мәрмәр тақта бекітілген. Сол мәрмәр тақтаның әрқайсысына Қайсынның өлеңдері алтынмен көмкеріліп, қашап жазылған. Жүз тақта – жүз өлең! Біз ақындардың кітабын шығарып беруге мүмкіндік таппай жатқанда малқар ағайындар өз ақынының кітабын тасқа ойып жазып қойыпты. Жол бойын жағалай, қабырғаға қарсы қаратып орындықтар қойылған. Туристер демалып отырғанда қарап отырмай Қайсынның шуақты жырларын оқып демалады. Тамаша емес пе?
Жоғарғы Чегем шатқалындағы ең биік шың (теңіз деңгейінен 4200 метр биік) Қайсын Құлиевтің есімімен аталады. Табиғатты қорғау және қолдау жөніндегі аймақаралық қайырымдылық қорының президенті Владимир Жансуевтің айтуынша Қайсын ақынның 100 жылдық мерейтойы құрметіне Қайсын шыңына екі айда екі топ жорық жасапты. Оларға Эвересті екі рет бағындырған тәжірибелі альпинистер Абдул-Халим Ольмезов пен Азнаур Аккаев жетекшілік еткен. Осы екі жорықты да В.Жансуевтің Қоры қаржыландырған көрінеді.
Қайсын туылған қара шаңырақты мемлекет өз қорғауына алған. Жүз жыл бұрынғы алаша, текемет, сырмақтар сол қалпында тұр. Үй ішіндегі тас ошақ пен мосы, шәйнек әлі бар. Даладағы ызғардан тоңып едік, ұлы ақынның ошағының отына жылынып қайттық.
Тура осы үйдің алдына жиылған халықта есеп жоқ. Мәдениет министрі де осында. Жас та, жасамыс та осы жерде. Шағын митингтен соң Қайсынның жырларына кезек берілді. Жеті жасар баладан, жетпіс жастағы қарияға дейін кезек-кезек ұлы ақынның өлеңдерін оқып жатты.
Тоқсан жеті жастағы жігіт
Жұрт өлең оқып жатқанда қасыма Мұхтар келіп, ас беріп жатқан үйге, дастархан басына шақырды.
– Қайсын ағаның замандастары бар ма? – деп сұрадым одан. Ол айналаны көзбен шолып, әлдекімді іздей бастады. Әлден соң іздеген адамын тапқандай болып:
– Анау тұрған ұзын бойлы кісіні көрдің бе? – деді қолымен нұсқап, – Ол кісінің аты Мұсаби Габоев. Сол Мұсабидің әкесі Аслан деген кісі Қайсынның кластасы. Аслан ата қазір осы жерге келеді. Жасы 97-де. Әйелі (Мұсабидің анасы) біраз жыл бұрын қайтыс болған. Бірақ Мұсаби әкесін анасынан артық бағып-қағады. Апта сайын Төменгі Чегемдегі моншаға апарып, массаж жасатып, денесін уқалатып қайтады. Ақсақал әлі қуатты… Реті келгенде кесе толы тау шарабын төңкеріп қояды.
– Мұхтар-ау, ол 97 жаста болса, 100 жастағы Қайсынмен қалай кластас болады?
– Ол заманда ауыл балаларын бір жаспен оқытпаған. 4-5 жас қарайлас балаларды бір класқа жинап оқытатын болған ғой. Әне, ақсақалдың өзі де келе жатыр…
Мен қызыға қарап қалдым. Басына кавказдық папаха киіп, бойын тік ұстаған үлкен кісі бізге қарай жақындап келе жатты. Қолында таяғы да жоқ, өз аяғымен жүр. Қалың жұрт ол кісінің алдынан шығып, жапырлай амандасып жатты. Ақсақал қасыма келгенде мен де қолымды создым. Шіркіннің қолының қарулысы-ай! Темірдей шеңгелімен созған қолымды мытып жібергенде саусақтарымның буын сүйектері сытырлап сынып жатқандай болды. Амалсыздан күліп жібердім. Ауырсынғанымды байқаған ақсақал жымиып:
– Қалай, ауырып қалды ма? – деді.
– Қолыңыз әлі де қарулы екен, – дедім күліп, – Не деген күш бұл!?
– Бұл күшімнің қайтқан шағы. Жас күнімде қол ұстасқан жігіттің тізесін бүктіріп жіберуші едім. Қазір ондай күш жоқ, – деді күлімсіреп арқамнан қағып, — Қазақпысың?
– Иә, ата, Қазақпын! Осы күштің өзі де сізді біраз жерге апарады ғой, – дедім мен, – Бізде де мықты балуандар болған. Ауылда өгізді жұдырықпен бір қойып құлататын қайратты жігіттер бар.
– Қазақ деген батыр халық. Ұлы Отан соғысында ең көп батыр қазақтан шыққан. Мен Қажымұқанды көзіммен көрген адаммын. Сондай болуды армандайтынмын. Қазақ болсаң төрге шық, – деп қария мені төрге шығарып, өзі қасыма төмендеу отырды.
Малқарлар бас қосқанда бәрі қосылып ән айтады екен. Әндері не болса сол емес, жорық жырлары. Түрлі дауыспен күңірентіп салғанда музыкалық аспаптың түк те керегі жоқ. Жүрегіңе жалын беріп, рухтандырып жібереді. Бүгін олар Қайсын ақынның сөзіне жазылған әндерді көбірек айтуға тырысты. Әлден соң, қонақкәде ретінде сіздер де ән айтыңыздар деп қиылды. Ондайда тосылып тұрамыз ба? Мен Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» орындап бердім. «Мынау керемет ән екен!» деп тағы да қолқалады. Әділғазы ағам екеуміз ақылдасып «Құстар қайтып барады» әнін салдық. Малқар ағайындар тебіреніп, қосыла айтты.
– Бұл ән бәрімізге бала күннен таныс, – деді мол денелі келген Хаваз есімді жігіт, – Біздің ата-аналарымыз да осы әнді жақсы көретін. Олар Қазақстаннан елге оралғаннан кейін де бұл әнді көп жыл орындап жүрді. Сіздер біздің көңілімізді дөп бастыңыздар. Рахмет! Есен-сау жүріңіздер!
Қасымда отырған Аслан ақсақал маған бұрылып:
– Темір, сен маған Балуан Шолақтың «Ғалия» деген әнін айтып берші. Сол әнді сағынамын, – деді. Мен ол әнді орындай алмадым. Өйткені дәл осы кезде: «Сыртқа шығыңыздар! Соңғы автобус кеткелі тұр. Күн кешкіріп кетті. Тез көлікке отырыңыздар!» деген үкім келді. Отырған кісілер бата жасап, орындарынан ошарыла тұрды.
– Тағы бір сәті түсер. Сол кезде міндетті түрде айтып беремін, – дедім Аслан қарияға. Ол менің қолымнан ұстап, сыртқа бірге шықты. Далада қараңғылық қоюланып қалыпты.
– Мен басқа көлікпен кетемін. Ал балам, қолыңды жай. Саған бата берейін, – деді қария. Мен қолымды жайдым. «Жағың түспей жамандық көрме. Менің жасыма жет! Ел-жұртың есендікте болсын! Амин!».
Қоштасу кеші
Бір сағаттай жол жүріп Нальчикке қайтып келдік. Уақыт кешкі сегіздің шамасы. Қонақ үйдің жанында бізді Заур күтіп тұр екен.
– Сіздерді Сұлтан күтіп отыр. Кешкі асқа шақырады, – деді ол. Сұлтан деп тұрғаны елге танымал боксшы Сұлтан Аппаев. Кешегі күні ол бізді «У реки» атты тамаша мейрамханаға түскі асқа шақырған. Қазақтарға деген құрметі алабөтен. Қайсынның тойына біздің келгенімізді естіп: «Мен ол кісілер үшін дастархан жаямын» депті. Қарағай үстел қайысатындай етіп, шынайы көңілден жайылған дастарханнан дәм таттық. Танысып, көп әңгіменің басын қайырғанбыз. Ол атақты былғары қолғап шебері екен. Серік Қонақбаевтан бастап біздің бүгінгі жас боксшыларға дейін түгел танитын болып шықты.
– Сұлтанның дастарханына кеше түскі асқа барып едік қой. Қайта барғанымыз ыңғайсыз емес пе? – дедік Заурға.
– Біздің Кавказда жақсы көрген адамына күніне үш рет дастархан жасаса да артық емес, – деп машинасының есігін ашты. Оның сөзін Мұхтар да қолдап кетті.
Сұлтанның қонақжай мейрамханасында бір сағаттай отырдық. Қонақ үйге өзі жеткізіп салды. Кетерінде:
– Кавказға қашан келсеңіздер де қызметтеріңізге дайынмын. Біздің бауырларға дұғай сәлем айта барыңыздар! – деп қимай қоштасты.
Әділғазы ағам екеуміз бүгін кешке біраз елдің ақындарын бөлмеге дәмге шақырамыз деп келіскенбіз. Өйткені ертең таңмен елге қайтамыз. «Қазақтың қонақжайлығын көрсетіп қайтпасақ болмас» деп шештік. Үйден арнайы алып келген қазы-қарта, жал-жая, бауырсағымыз бар. «Қазақстан» коньягін, Алматының апортынан жасалған бал шараптарды да ұмытпағанбыз. Қонақтар көп күттірмеді. Айтқан уақытта жинала қалды. Екі аптадан кейін 80 жасқа толатын малқардың даңқты жазушысы Хасан Шаваев, қарашайдың халық ақыны Әскер Додуев, қырғыз ақындары Айдарбек Сарманбетов пен Жеенбай, алтайлық ақын Кулер Тепуков, өзге де татар-башқұрты, түрік-түркімені, орыс-орамны бар қазақ дастарханын айнала отырып сырластық. Өлең оқыдық. Қайсын ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толғандық. Қонақтар өте разы болып қайтты.
Келесі күні таңертең Ахмад Қайсынұлы, Мұхтар Табақсоев, Заур Мехиев, Әскер Додуевтер арнайы әуежайға келіп шығарып салды. Көлік қозғалғанда кеудемізді бір қимастық сезім кернеп бара жатты.
Қайсын ақын жасасын! Жасасын поэзия!
Есен-сау тұрыңыздар, малқар қарындашлар!
Темірғали КӨПБАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.
Алматы – Нальчик – Алматы.