ҚАЙСЫН ҚҰЛИЕВ пен СЫРАҒАҢ
12.07.2024
693
0

(Есте қалған екі жайт)

 Әлі одаққа мүше болмасам да, қисыны келіп, 1971 жылдың 26-28-мамыры аралығында үш күн бойы өткен Қазақстан жазушыларының VI құрылтайына қатыса қалғаным бар. Бұның мәнісі былай.
Алпысыншы жылдары баспасөзде Арал теңізінің алыс қойнауындағы Бөгеннен төсек тартып жатқан мүгедек, бастауышты ғана бітірген Зейнолла Шүкіров деген жас ақын шықты деген хабар бұрқ ете қалды. Өлеңдері жарияланды. Ұзамай «Тоғысқан тағдырлар» повесі «Жұлдыз» журналында басылды. Шымкент педагогикалық институтында студентпін. Ақынға хат жазғанмын, кідірмей жауап келді. Жазда Арал қаласында ақынның творчествосы талқыланған оқушылар конференциясы әп-әдемі өтті. Оған бардым. Негізгі баяндаманы Саид Базитов жасады. «Лениншіл жаста» Бекен Әбдіразақов конференция туралы көлдей мақала жариялады. Зекеңмен сол конференцияда дидарласқаннан бастап ақырғы деміне дейін ағалы-інілі қатынасымыз үзілген емес, одан да анығы сырлас болдық.
Күндердің күні ағамыз Қазалыдағы маған хабарласып: «Алматыға съездге алып барасың», – деді. Мақұл. Облыс арқылы бастықтарымнан рұқсат алды. Зекеңді арнайы барып Бөгеннен көтеріп шықтым (суретте). Сонымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі орналасқан сол кездегі үкімет үйі – қазіргі Алматыдағы осы Астана алаңындағы еңселі үйдің жертөле – төменгі қабатындағы үлкен мәжіліс залында оң жақ, шамамен оныншы қатарлардың бірінде, кіріп-шығуымыздың ыңғайына қарай шеттеу отырмыз.
Сол съезден ерекше екі жайт есте қалған.
Президиумда бүкіл одақтан шақырылған кеңес әдебиетінің бетке ұстарлары: Берды Кербабаев, Қайсын Кулиев, Ибрагим Ибрагимов, Мұстай Кәрім тәрізді ығай мен сығайлар. Қонақтарға құттықтау сөз берілетін дәстүр тағы бар. Съезді асықпай-үсікпей баппен ыңыранып Ғабит Мүсірепов ашып берді. Сол қысқа кіріспесінде: «Бүгінгі күндері бақытты социалды өмірімізді дәріптеудің орнына поэзиямызды ылғи құшаққұмар өлеңдер басып кетті», – деді.
Біздің алдымызда үш-төрт қатар озық отырған Мұқағали (Қандай реніш не мағынада екендігін түсіне алмадым – М.Қ) орнынан көтеріліп, зор дауыспен гүжілдеп тұрып реплика тастады. Біріншісін елемеген еді, екіншісінде Ғ.Мүсірепов: «Мұ… қа…. ға…ли…, жи… на… лы… сы… мыз… ды… жүр… гі… зей…ік те», – деп сызылғанда Мұқағали: «Мақұл, бабам. Қойдым», – деп орнына отырды.
Қонақтардың қатарынан сөз алған балқар ақыны Қайсын Құлиев қазақ әдебиетінің жетістіктерін шола келе:
– Бар байлығы бір қара нардың жүгінен ауыспайтын қазақ әдебиетінің Мағжан Жұмабаев тәрізді алып ақынынан жеритіндей қай байлығы тасып барады? – деген кезінде залда өлі тыныштық орнады. Жұрт демдерін ішке тартып алған. Бұның арты не болар екен деген үрей бар. Осыны өзімізден әлдебіреу айтқандай болса, құйрығына қоңырау байланатын қауіпті сөз.
…Үзіліс кезінде тыста өзім құралыптас жастардан Мағжанның «Сүй, жан сәулем. Тағы да сүй, тағы да…» деп басталатын өлеңдер топтамасы қолыма тиді. Нағыз лирик екендігі менмұндалап тұр. Шығармалар машинканың қара қағазымен бір басқанда бес-алты данасын шығара алатын жұп-жұқа мөлдір қағазға басылған. Кейін ойлаймын, соған қарағанда, алдын ала дайындық бар, осындай қауіпті сөзді сырт адамның аузына салдырған өзіміздің кісілер болды-ау. Қалайда Мағжан ақынға жариялы түрде іздеу салынды. Ашық түрде қалың жұрттың құлағына тиді. Жол ашылатын үміт бар тәрізді.
Сол өлеңдерді елге алып келіп, өзім қызмет атқаратын аудандық партия комитетінің машенкесінен көбейтіп, жастарға таратқанмын. Көзіне қалай түсіп қалғанын қайдам, Әбжәми Байшуақов
деген зәһарлы бірінші хатшымыз кезекті ішкі жиналысымызда: «Арамызда қасиетті мекеме аудандық партия комитетінде пахабный өлең бастырып тарататын қызметкерлер бар», – деп қарап отыр. Төбеме дейін мұздап қоя берсін. Атым аталған жоқ, әлдеқандай шара көрілмеді. Алайда ескерту бар.
Қарар қабылданып, құрылтайдың жұмысы аяқталған соң келесі жаңа құрамды талқылау үшін коммунистер жоғарыға – Саттар Имашев жолдасқа көтеріліңіздер деген құлақтандыру болды. Делегаттар екі айырылды. Бұқара біртіндеп ыдырай бастады, коммунистер болса тізбектеліп президиумның оң жағындағы баспалдақпен жоғарыны көтеріліп барады. Кісі қарасы сиреген соң тысқа шығып тыныстап шөл басармыз деп отырғанмын. Зал босаған кезде Зекең «кеттік» деп жоғары нұсқады. Президиумның жанынан көтерілетін әлгі баспалдақ тік әрі биік екен. Сол кезде Зекең әбден толысқан, алпыс килограмнан не әрі не бері. Ұмытпасам, үшінші қабат. Тағы да баспалдақ. Алапат мекеменің күнгей жағындағы қос есікті кіші залға тоқтамай әрең жеттім. Екі есігі де қаусырылған. Екінші есікті шалқасынан ашып кіріп келгенімізде бұл кезде жайғасып алған жұрт түгелдей жапырыла бізге қарады. Бұлар күтпеген оқиға. Зал аузы-мұрнынан шыққан. Құйрық басар жер жоқ. Бергі шеттен Сырағаң – Сырбай Мәуленов ұшып тұрып орнын бізге ұсынды. Зекеңді отырғызып, өзім Сырағаңның жанында қабырғаға сүйеніп тұрмын.
Президиумда мәжілісті жалғыз басқарып отырған Саттар Имашев денелі, аққұбаша ажарлы кісі екен. Қолында қағаз, енді ғана бастаған ісін тоқтатып, біз жайғасып болғанша күтіп тұр.
Коммунистерді оңашалағанда алдын ала келісіп алатындары Жазушылар одағының болашақ басқарма мүшелерінің құрамы, хатшылық, оның үстіне Мәскеуде өтетін КСРО Жазушыларының V съезіне делегаттар құрамы. Кісі аттары кезек кезегімен оқылып жатыр. Кәдімгі коммунистік тәртіп, аталғандар шетінен мақұлданып келеді. Аяқтала бере хатшы: «Кімде қандай ұсыныс», – деп тоқтады. Жанымда тұрған Сырағаң: «Менде ұсыныс бар», – деп гүр етті. Жұрттың назары тағы да біз жақта. «Айтыңыз». «Коммунист жолдастар! Менің ұсынысым, Жазушылар одағының болашақ басқарма құрамына сайлауға түскелі тұрған жаңа аталған кандидаттардың тізіміндегі Сырбай Мәуленовті алып тастап, орнына Зейнолла Шүкіровті қоссаңыздар». Біраз тыныштық, хатшы да кідіріп барып: «Мәуленов жолдастың ұсынысын дауысқа саламыз ба?» – деді. Залда күбір-күбір, мақұлданған ыңғай бар. Сонымен ұсыныс дауысқа түсті. Сьезде Зекең басқарма мүшелігіне өтті.
Қайтып келеміз. Купеде екеуіміз ғана. Кешегі ақ тер, көк тер болғаным естен кетер емес. Оның үстіне, пленум дегенің ұмытпасам жылына төрт рет жаз демей қыс демей кезегімен өтеді де тұрады. Дімкәс адам, әсіресе қыстың көзі қырауда, соның бәріне қатыса ала ма?
– Кеше өліп қала жаздадық қой. Оның үстіне, Сырағаңның орнын алып… Сізге пленум мүшелігінің қажеті не? – дегеніме берген жауабы:
– Кітап шығару үшін келіп тұруыма жақсы.

Молдахмет ҚАНАЗ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір