Ән мен күй – аманат
10.11.2017
2795
0

Біржан БӘЗІЛЖАНОВ,
дәстүрлі әнші,
Халықаралық байқаулардың лауреаты


Кей-кейде қазақ деп аталатын ұлттың өткеніне көз жібересің. Сол сәтте салқар даланың төсінен, күмбір-күмбір күмбезді көне жұрттан, сона-а-ау бір алыстардан халық үні, баба жыры домбыра, қобыз үнімен құмығып жеткендей болатыны бар. Дала самалы байырғының үнін қағып әкеліп, құлағымызға күй мен жыр үнін жеткізіп, сыбырлайтын шығар, бәлкім? Ендеше, сол ән мен күйді бүгінгінің әншісінен естуге неге сүлесоқпыз? Әнші дегенде, осы күні телеэфирлерден түспейтін эстрада әншісін қаперге алып отырмағанымызды оқырман қауым түсінген болар.
Домбыраны жанына серік еткен бүгінгінің әншісі бұрынғыдан қалған дәстүрді жоғалтқан емес. «Қара өлеңмен қазақ баласының бәрi сырлас» десек те, қазақы үнмен көмкерілген дәстүрлі ән кештерінің көрерменінің сиреп бара жатқанын түйсінгенде көңілді мұң торлайды. Біздің бүгінгі кейіпкер дәстүрлі ән кештеріне қазақы үнді шын сағынған көрермен ғана келетінін айтады…

– Жаһанданудың кең аранына жұ­тылып кеткісі келмейтін әр ұлт үшін, соның ішінде қазақ үшін дәс­түр­дің орны – ерекше. Дәстүрді ән өне­рі арқылы рухани жаңғырудың маңы­зы қаншалықты зор?
– Қазір көбі ұраншылдыққа ай­­­налдырып алғысы келіп жүрген «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­ма­сы­ның мән-маңызы, әсіресе, дәстүрлі ән мен күй үшін маңызы айрықша болып тұр. «Рухани жаңғырудың» біз­­ге әсер еткен бір ғана тұсын айтайын, осы күні кез келген іс-шара дом­бырасыз, дәстүрлі ән-күйсіз өт­пейді.
Жалпы көпшілікке елеусіз болса да, нағыз өнер адамдары анық бі­­леді, дәстүрлі ән мен жырға бұ­рын­нан да аз-маз көңіл бөлінетін. Мәселен, дәстүрлі әншілерге ар­нал­ған байқаулар біршама бар. Әміре Қашаубаев, Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаев, Дәнеш Рақышев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құр­манғалиев атындағы байқаулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл байқаулардың мақсаты да сол – рухани жаңғыру болатын.
Осы күні сол насихат күшейіп, те­леарналарымызда да дәстүрлі әншілердің түрлі байқауларын өткізе бастауы да көңілге медеу. Яғни дәстүрлі әннің насихатталуы теларналарда да жаман емес.
Өзім қызмет ететін Жамбыл атын­дағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының басшысы Жеңіс Сейдоллаұлының мұрындық болуымен дәстүрлі әншілер, күйшілер шетелдерге, еліміздің аймақтарына түрлі гастролдік сапарларға шығып, өнерімізді паш етіп жүр.
Қай жаққа жиналып, қай жерде бас қосарымызды білмей жүретін біздер үшін былтырғы жыл сүйінші жаңалығымен қуантқан жыл болды. Алматы қаласының әкімі Ба­уыржан Бәйбектің қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрымыз ашылды. Өнердің қаймағын бұзбай, халыққа жеткізу дәстүрлі ән өне­рінің маңайында жүрген әрбір қыз-жі­гіттің парызы. Сондықтан, дәс­түрлі ән өнері арқылы рухани жаң­ғырудың маңызы зор.
– Әншілік, күйшілік өнердің өзін­дік мәнері, иірім, мақамдары бар ғой, ол кәсіби оқу арқылы сіңе ме, әлде топырақтан ба?
– Әншіге дауысты Құдай береді. Оған халықтың ән-жыры топырақ­пен, қанмен сіңеді. Бойына ән қон­ған адам сол өнерін шыңдай түсу үшін мін­детті түрде оқуы керек. Әрине, байырғының әншілері оқымай-ақ «дауысы алты қырдан естіліп» ән айтты емес пе» деушілер де бар. Бі­рақ ол әншілердің өмір­дере­гіне те­реңірек үңілсеңіз, әрқай­сысының да ұстаз алдын көргенін бағамдар едіңіз. Бүгінгі таңның ұстазын байыр­ғы әншілер сияқты ауыл-елді ке­зіп іздеп бару – арнайы оқу орнына түсу деп қабылдасаңыз, оқудың да міндетті екенін бағамдар едіңіз. «Жүсіпбек – ән әлемінің академигі» дей­ді Мұхтар Әуезов. Сол ән әле­мі­нің академигі нотаға салып кеткен ән мен жырды кәсіби түрде оқып, білу үшін де оқудың маңызы зор.
– «Ән – топырақтан» десек, сен Жетісу ән мектебінің өкілі болып са­на­ласың. Білуімше, Арқа ән мектебі бойынша білім алдың…
– Дұрыс айтасыз. Жетісу ән­ші­лік мектебін мықты зерттеп тастадым деп айта алмаймын. Бірақ, ол әуез қанымда бар ән. Арқа ән мек­тебін кәсіби түрде зерттеп, оқыдым. Әрине, Жетісу ән мектебі әркез бауырына тартып тұрады. Ол мектеп топырағыңда бар болғандықтан, оны өзің-ақ игеріп аласың деп, Арқа ән мектебінің ұңғыл-шұңғы­лын зерттеп, кәсіби түрде оқуым әнші ретінде жаңа қырымнан танытады деп ойлаймын.
– Сұрақ ауанын әріге бұрсақ… Ырғақты музыкаға еліктегіш болып кеттік. Осы күні дәстүрлі әнге деген сал­қындық байқалмай ма?
– Даңғаза музыкадан халық бә­рі­бір шаршайды. Ал ырғақты му­зы­каға еліктеу – дәстүрлі әннің жақ­сы насихатталмауынан. Әйт­пе­се, халық дәстүрлі өнерден түбегей­лі бас тартып отырған жоқ. Көктемде жеке есептік концертімді бердім. «Осын­дай дәстүрлі ән кешін сағы­нып­тық, тірі дауысты ән тыңдаған ерек­ше демалыс сыйлайды екен» деп ақ батасын, игі тілегін айтқан жан көп болды.
Әр нәрсенің шегі болады. Қазір ха­лық эстрадалық әндерден шаршады. Әрі эстардалық концерттер негізінен фонограммамен айтылады. Тірі дауысты халық сағынған. Сон­дықтан, дәстүрлі әнді наси­хат­таудың үстіне насихаттай берсек, ха­лық түптің түбінде дәстүрлі әнге бәр­ібір оралады. Сондықтан домбыра, қобыз секілді фольклорлық аспаптармен ойналатын күй, ән, жыр, термені көбірек насихаттауымыз қажет.
– Ұлттық музыкадан алшақтау арқылы жас буынның қазақы болмысы өзгереді-ау деген қауіп жоқ па?
– Олай деп үзілді-кесілді айта ал­маймын. Қазақтың бойында бар нәр­се ешқайда кетпейді. Адам түп­тің-түбінде өз негізіне оралады. Бол­мысын іздейді. Сол кезде біз бү­гін алшақтадық-ау деп жүрген ұлттық музыка өнеріміз де лайықты ор­нына оралады.
– Дәстүрлі әнді күнде тыңдап дағ­дыланбаған жастар үшін сағаттап оты­рып, дәстүрлі әнді тапжылмай тың­дау ауыр тиетіндей көрінеді. Бая­ғыдағы таңды таңға ұрып ән-күй тың­дау, сол арқылы рухтану, шабыттану күйінен қалайша айрылып қал­дық?
– Негізі, тыңдай білетін адам үшін екі-үш сағат түк те емес. Ақ­се­леу Сейдімбеков пен Жәнібек Кәр­ме­нов ағаларымыздың сұрақ-жауап­­тарынан құралған кештерін халық кірпік қақпай тамашалайтын. Иә, бүгінгі таңда көрермен тез жалық­қыш. Оны да концерттік бағ­дарлама­ларда ескеруіміз керек.
– 14 қарашада ұйымдастырылып отырған «Аманат» атты кеште осы жайт­тар ескеріледі дейсіз ғой, демек?
– Әрине, ескеріледі. Жамбыл атын­дағы Қазақ Мемлекеттік фи­лар­мониясында өтетін бұл кеш Ал­ашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу мерейтойына орай, Алаш жолы, қазақ мұраты үшін жандары құрбан болған азамат­тарымыздың рухының құрметіне ұйымдас­ты­ры­лып отыр. Әу баста кештің атын «Алаш аманаты» деп қойғымыз кел­ген. Кейін күллі қазақ халқының ән ама­наты, күй аманаты ғой деп, «Ама­нат» деп атағанды жөн сана­дық. Кеште Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, Ха­лықаралық, респуб­ликалық кон­курстардың лауреаты Мақпал Тоқ­тағанова және мен өз өнер­лерімізді ортаға саламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір