Тау басындағы адам
«Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!».
М.Мақатаев.
Шығармашылығына үңілген кезде «ол үшін жазу еш қиындық тудырмаған ең оңай шаруа болған екен-ау» деп ойлана бастайсың әуелде. Өмірбаянына қанық оқырманға ол отыра қалып, бастан кешкен оқиғаларын тізбектеп шыға салғандай әсер қалдыруы мүмкін. Тағы да үңіле қарағанда осы бір қалам иесінің әрбір туындысындағы кейіпкерлер таныс ұшыраса бастайды.
Көзі тірісінде-ақ балалар әдебиетінің классигі атанған жазушы шығармалары қанша уақыт өтсе де оқырмандарын әсте жоғалтқан емес. Кітапқа деген «көзқарастың өзгерген» дәуірінде де оның туындылары бұрынғы тұғырынан еш аласармапты.
***
Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебиетінің классигі. Балаларға арнаған өлеңдерін айтпағанның өзінде қаламгердің әйгілі «…Қожасы» мен «Балалық шаққа саяхат», басқа да туындыларындағы негізгі кейіпкерлердің көбі – балалар. Оның бас кейіпкері өзі суреттеуге құмар ауылының шаңдақ топырағына аунап келіп, анасының құшағына сіңіп кететін «алаңсыз балақай» емес. Қайшылықтар өрбіген сайын бас кейіпкер «бала» өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарын бастан кешкен ойлы жанға айналып, көз алдыңда есейіп бара жататындай.
***
Оның шығармашылық желісі өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиет табалдырығын аттаған классиктер шоғырының біраз бөлігінің қаламына арқау болған тақырыптардан оншалық алшақ емес. «Балалар әдебиетінің жазушысы» деп атағаны болмаса туындыларының желісі сол дәуірдегі адамдардың түгелі дерлік қасіретін тартқан аштық пен соғыс тақырыбын аттап кетпеген. Бірақ қаламгердің айтатын ойы басқашалау. Сол кездегі өлшеммен алғанда идеялық тұрғыдан «көңіл көншітпейтін» туындылар.
«Ол тек балаларға арнап жазады» деген жаңсақ ойымнан біржола арылтқан шығармасы – «Өлгендер қайтып келмейді». Ауылдағы аурушаң шешесіне қолғабыс болып жүретін бас кейіпкер бозбала Еркіннің өзі армандаған жазушы Еркінге айналар жолы тым алыс әрі тым жақын. Бозбала деп айдар таққанмен, алғашқы махаббаты – Ғалиясын киноға ертіп барғанда «сыныптастарым көрсе қалай болар екен?!» деп бейкүнә мақтанға салынып, өзі соған іштей масаттана түсетін балалық қиялы әлі тәрк ете қоймаған өспірім Еркін. Ол өзіне қарағанда момындау туған ағасы Сәрсебекке онша ұқсамаған. Тәңір «өле-өлгенше шындық үшін күрес» деп тек бұған ғана тік мінезді төгіп бере салғандай. Бірақ сол мінезінен алда өзін не күтіп тұрғандығын ол әлі білмейді. Ол үшін ең маңыздысы – әділеттілік. Үлкен өмірге енді ғана қадам басса да ақ пен қараны ажырата алар зейіні оны басқалардан ерекшелеп, ылғи да «тәлкекке» сала береді. Дүниені ешқандай қалыпқа салмай, өз жүрегі мен санасының елегінен өткізе отырып тану – оның өмірлік қағидасы. Егер зәредей қиянатын байқар болса еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қолынан келсе әділ жазасын беріп, сазайын тарттыруға бар. Болмаса Ғалиямен оңаша қалып, ішкі сырын жайып салуына әдейі келіп кедергі бола беретін бес-алты жасар бала Қалиды «залым Қали» деп соншалық жек көрер ме еді? Ауылдағы ауру шешесі мен жеңгесі Қанышаға өткізген қорлығын біліп, әкесіндей Нұрәліні сабайтыны ше? Ол бала мен қарт, бай мен жарлы деп ешкімді бөліп-жармайды. Оның түсінігінде АДАМ деген ұғым ғана маңызды. Жас бол, кәрі бол, кім болсаң ол бол, бірақ адамдықтан аттап кетпе! Адамдық қалыбың ес біле бастағаннан айқындалатынын меңзейтіндей.
Ауыл ішінде сыйы жоғары ағасы Сәрсебек соғысқа аттанбас бұрын оны «інім» деп алдында елпеңдеп жүретін ауыл совет председателі Нұрәлінің залымдығының кесірінен Қарағандыдағы ФЗО-ға жөнелтіліп, артынан ол жерден құтыламын деп айыпсыз бола тұра бір жыл ғұмырын түрмеге беріп келе жатқан Еркін үшін әділеттіліктен өткен басқа қандай қасиетті түсінік болуы мүмкін? Оның болашақта журналист, жазушы боламын деген таудай талабының алыс та азапты жолы сол кезден басталған. Бір емес, бірнеше рет ең құнды дүниелерін ұрлатып алып, өзі ашқұрсақ болып жүрген кезінде «ғұмырының жартысы жоғалған нанмен бірге кетіп» бара жатса да тағдырдан алған сабағын қайталап көруге тырыспайды. Жиіркеніп, дайын дүниеге ие шығуды өзіне ар санайды. Бір жыл өтіп, жат мекеннен тезірек туған жері Тұйыққа жетіп алу үшін Алматыдан Қарасазға дейін үш жүз елу шақырым жерді сіңірін сүйретіп, жаяу басып келе жатқан ол өзіне жекжат Балжанның үйіне әзер кіргенде азып-тоған жұпыны халінен оны танымай қалған Ғалия сыртқа қарай жүгіріп, шешесіне барып: «Апа, үйге бір қайыршы бала кіріп кетті», – дейді. Еркін үшін қорлықтың ең ауыр түрі түрме де, аштық та емес, міне осы. Қаламгер өзіңе соншалық жақын тартқан адамның бір-ақ сәтте жатбауыр болып шыға келуі мүмкін екендігіне оқушыны осылай иландырады. Бас кейіпкердің тезірек мұратына жетуін тілеп, ынтызар болып отырған оқушыға бақыт табу оңай еместігін өмірлік оқиғалармен суреттей отырып, осылай сабақ береді.
***
Оның кейіпкері «тағдыр» деген сөзді жиі айтқанымен, өмірге өкпелемейтін жан. Қалайда дүниеден өз үлесін алғысы келеді. Оны ешкімнен сұрап алмайды, намысы жібермейді. Өзіне тиесіліні әділет жолымен алуды көздейді. Еркіннің кейбір толғаныстарынан «өзгеше ойлайтынын» байқау қиын емес. Бейнебір өз дәуірінен озып кеткендей. Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі теңдікті, демократияны көксейді.
Қаламгердің басқа да шығармаларындағыдай, бұл туындысындағы бас кейіпкер мінезі де Бердібектің өз мінезіне қатты ұқсайды.
Көркем туынды болғандықтан қиялдан туған оқиғалар да аз емес. Мектепте мұғалім болып жүрген Еркін жоғарғы жаққа (Мәскеуге) арызданатыны бар. Қиянат көргендіктен шағымданады. Одан да ештеңе шықпаған соң Алматыға қайта оралады. Шығармада бас кейіпкер тура сөйлегені үшін ылғи да бір нәрсеге ұрынбай жүре алмайтынын айта береді. Шынында да солай. Әуелде «ол неге бұлай істейді?!» деп жақтырмай да қаласың. Кейіпкердің ағынға қарсы келе беретін «қиқар» мінезі кім-кімді де мезі етуі мүмкін. Бірақ артынан ойлана келе оныкі дұрыс екенін іштей мойындайсың.
Дүниеде ешбір нәрсе оп-оңай сен ойлағандай бола салмайтынына тағы да бір рет көзің жетеді. Мейлі, сенікі дұрыс болсын, бәрібір сен ойлағандай бола салмайды екен. Оның кейіпкерлері батыр да, танымал тұлға да емес, қара халық. Сағымдай бұлыңғыр армандарына жету жолында дәрмені құрыған қара халықтан шыққан қарапайым адам. Сол кішкентай адамның мұратына жетуінің небір қиын да күрделі, арпалыс жолындағы тағдыр-тауқыметіне куә боласың. Куә болып қана қоймай сонымен бірге қиналасың. Әйтеуір ойлаған мақсатыңды жүзеге асыруға келгенде алдыңнан кес-кестеп кедергі шыға береді. Намысқа тырысып, берілмеймін дейсің, бірақ… Бірақ әлдеқайдан тап болған алапат күш келеді де өз қолыңмен қалаған қабырғаңды қиратып кетеді. Сонда да берілгің келмейді. Кейіпкермен бірге тыныс алып, дегбірі таусылған оқырманды жазушы қараңғы түнектен тәлтіректетіп әкеледі де жарыққа қарай сүйрелей береді. «Берілуге хақың жоқ!» дейтіндей. Енді шығарманың соңына жеткенше тоқтай алмайсың.
***
Соғыс… Бастауыш сыныптан-ақ ұстаз шарапатының арқасында Отан деген ұғыммен пара-пар санаға сіңген «қасиетті сөз». Әсіресе жыл сайын тойланар 9 мамыр мерекесі патриоттық сезімнің шырқау биігіне көтерілер сәті. Соғыс десе әлі күнге көз алдымызға жаужүректер елестейтіні де содан шығар.
Бердібек Соқпақбаев шығармашылығынан түйсінер тағы бір пайым – қаламгер санасының соғысты қабылдай алмайтындығы. Еркіннің жиі қайталайтын сөзі: «Соғыс – біреуге соғыс болса, біреуге ырыс». Кейіпкер романда осы сөзді бірнеше рет айтады. Бұрын соғыс сөзінің трагедиялық астарын біле тұра, іштей оны ерліктің баламасы санайтын оқушы ойы әуелде сан-саққа кетуі мүмкін. Шығармада әскерге өз еркімен сұранған Еркін: «Сонау соғыс жоқ бала кезде мен әскердің сурет боп, қатып тұратын киіміне, астындағы сәйгүлік атына, асынған мылтық-қылышына қызығатын едім. Қызыл әскер болуды арман ететінмін.
Сол кезде солдат болдың екен деп бірден жаңа киім бермейді. Майданға жөнелтілгендердің иығынан сыпырылған көнетоз ескі киімдер береді. Оны киіп, сурет боп, қатып қала қоймайсың…», – дейді. Қаламгердің соғыс деген суық сөзге ішкі қарсылығы роман атауынан-ақ байқалады: «Өлгендер қайтып келмейді». Бір отбасын асырап отырған Сәрсебек майданға аттанғаннан кейін артынан тым болмаса қара қағаз да келмей, кеткен ізімен қайта оралмауы романның өн бойындағы бар салмақты ұстап тұрғандай. Қаламгер адамның қандай қиын күнде де арына дақ түсірмей, адам боп қалуын, мейлі қарапайым болсын, оның да бақытқа жетуге, өмір сүруге құқылы екендігін көрсеткісі келген. Бас кейіпкердің Еркін аталуы да кездейсоқ емес. Ол шын мәніндегі еркіндікті көксейді.
Ой-санасы қалыптасқан жан үшін екі адамның араздасқаны қаншалық оғаш көрінсе, екі елдің жауласуы тіпті оғаш көрінері ақиқат. Жер бетінде мыңдағын жылдардан бері соғыс болмай тұрмаған ел жоқ көрінеді. Тіпті бейбітшіліктің ұзақ мерзімі жүз жылға ғана созыларын ғалымдар да дәлелдепті-мыс. Сонда адамдар не үшін соғысады… мұның себебі көп болғанымен жауабы жоқ. 1966 жылы жазылып, «Жұлдыз» журналына ұсынғанда сол кездегі бас редакторы оқып шыққаннан соң «идеялық тұрғыдан қанағаттандырмайды» деген сылтаудан кейін ширек ғасыр өтіп, 1991 жылы дәл осы басылымның №4 санында толық нұсқасы жарияланған хикаяты – «Ергежейлілер еліне саяхатта» да соғыс тақырыбы көтерілген. Иә, бұл сіздерге мәлім дәл сол Гулливер барған Ергежейлілер елі. Айырмашылығы тек бірнеше ғасыр өтіп, оған Гулливер емес Бердібек Соқпақбаевтың өзі барады. Барады да ондағы адам айтса нанғысыз өзгерістерді көріп, таң қалады. Бұл хикаяттың жазушы қиялынан туғанын бірден байқаған шығарсыздар. Оған кейіпкер Берді ойда-жоқта өз үйінің балконында танысқан ергежейлі досы Елдесердің шақыртуымен барады. Қонақты күтіп алуға Ергежейлілер елінің президенті Жасабол шыққанда басшының өзі қарсы алғанына қуанып кеткен кейіпкер: «– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын!», – деп, сөзін мақтаумен аяқтайды.
Оның әр сөзін Ергежейлі тіліне аударып тұрған Елдесер соңғы сөзін аудармай, бетіне бажырая қарап:
«– Біздің президентімізді сіздің жәбірлегіңіз келе ме?», – дейді. Оның бұл әрекетін түсінбей қалған ол:
«– Қалайша?», – деп таңырқағанда Елдесер:
«– Пендені көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық», – деп жауап беріп, оны састырады.
Ергежейлілер елі үш жүз жыл бұрын Гулливер барған кездегіден мүлде өзгерген болып шығады. Ғылым мен техника қарыштап дамығаны сондай, тіпті бұл елдің халқының бар жұмысын машиналар атқарады екен.
«Үш мың алты жүзінші айдың он бесі күні бүкіл Ергежейлі империясы бойынша ең зор мереке «Бейбітшілік күні» болып тағайындалады. Сол күні армия түгел таратылып, кару-жарақ түгел жойылуға тиіс». Жазушы «өзі барып қайтқан» Ергежейлілер елінде «жер бетіне өмір емес, өлім себуге арналған жәшік-жәшік ажалдар (бомба, снаряд, оқтар)» қалай жойылғанын сипаттаған. Соғысқа деген ішкі қарсылығын осылай жеткізуге тырысқан.
***
Соқпақбаев қаламынан дүниеге келген туындылардан байқалатын тағы бір ерекшелік – өзі өмір сүріп отырған дәуірден озып кеткендігі. Суреткердің түйсігі мен қиялынан туған кейіпкерлер тілімен жеткізген оқушыға ой салар әрбір сөзінен мұны байқауға болады. Оның кейіпкерлері ылғи да тура сөйлеймін деп опық жеп қалатындарын жиі айтады. Шығармаларында ол үнемі бірінші жақтан баяндайды. Сондықтан да кейіпкер айтқан әр сөзінен жазушының өз мінезі көрініп қалып отырады.
Жол бойында Дінмұхаммед Қонаевты туған күнімен құттықтау үшін оның үйіне жол тартқан ақын-жазушылармен кездейсоқ кездесіп қалып, бірге барған қаламгер оқиғасын «Таудан түскен адам» атты естелігінде академик Рымғали Нұрғали өте әсерлі жазған еді. Сонда: « – Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек…», – дейді Қонаев. Ал Бердібек Соқпақбаев: «Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол-ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім», – дейтіні де осы отырыста. Кейіпкерлерінің «Менің осы тік мінезім-ай!» деп сан соқса да айтарын ашып айтатын қалыпқа симас тура мінезі – оның шығармаларын оқи отырып, оқушы көз жеткізер ешқандай қоспасыз өз мінезі еді. Классик Бердібек пен абсолютті Ақиқат – егіз ұғым! Ол – қарапайым тіршілікте етек жақта жүргенмен, әдебиет әлемінде ешқашан өзінің асқар биігінен, өзінің Тауынан түскен емес. Тау басындағы тарпаң!
Нұрлайым БАТЫР.
ПІКІРЛЕР2
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.