Руханияттың өлшемі рейтинг емес
10.11.2017
3023
3

Сәкен СЫБАНБАЙ


Теледидар деген – бір мезетте миллиондар көретін алып аудитория. Теледидар – терең дүниетаным, теледидар – мәдени өре, теледидар – сананы жаулар құдірет… болуы керек еді. Осы бір «сиқырлы жәшікті» тиімді пайдаланудың орнына біз эфиріміздің денін былжырақпен толтырып, былықтырып отырмыз.

Тәулік бойы төпелеген нәрсіз ән

Бүгінде телеэфир – бірінен бірі өткен жағымсыз ақпаратқа толып барады: «Біреудің төрт жасар баласы құдыққа түсіп кетіпті». «Мектеп бі­тір­ер шамадағы жап-жас бала өзін-өзі өлтіріпті». «Ана жерде атыс бо­лыпты». «Мына жақта біреуді қасқыр жеп кетіпті». «Бір топ бұзақы так­сис­ті қала сыртына шығарып, бауыз­дап кетіпті…» Жаңалық қарайын де­сеңіз, жаныңызды шүберекке түй­іп отыра­сыз. Қазір теледидарды қосу үшін де жүрек керек. Бүгінгі ақ­парат бағдар­ла­маларының крими­нал­­ды хрони­кадан айырмасы ша­ма­лы. Дикторлар даусын барынша құбыл­тып, басқа бөлмеде жүрген сізді те­леэкран ал­дына тез шақырып алу үшін барын салады. «Не боп қалды екен?» деп шауып келесіз. Диктор­дың міндеті орындалды, енді жұмыс­қа журналист кіріседі. Жау қуып ке­ле жатқандай жаныға сөйлейтін оның әңгімесі жаныңызды одан бетер шошытады. Арналар көрермен тартудың амалы­мен, рейтинг жинаудың әлегімен енді осындай бәсекеге түскендей: «Кім қаттырақ қорқытады? Қане, қай­сы­мыз көбірек жирендіреміз?». Яғни, қарапайым көпшіліктің «сұмдық атаулыға» арбалып қалатын әлсіздігін пайдаланады.
«Жүрегі ұшқан жұрт теледидар қосудан қалып, көрерменсіз қалып жүрмейік» дей ме екен, әйтеуір бір­жақтылықтан қашпақ болған телеар­на басшылары елді елең еткізудің екінші бір түріне – «жұлдыздар жар­қы­лына» сүйенуді де ұмытпайды. Қазір түнгі аспанда жұлдыздар бұ­рын­ғыдай самсап тұрмайтын болды. Мұны мамандар: «Баяғыдай емес, Қазақстанда экологиялық ахуал на­шар­лап барады, зиянды түтін көп, содан аспан буалдырланып, жұлдыз­дар анық көрінбейтін болып жүр», – деп түсіндіруге тырысады. Мұның да әсері бар шығар, бірақ аспандағы жұлдыздардың азаюы жердегі «жұл­дыз­дардың көбеюіне» тікелей тәуелді емес пе екен деп те қауіптенеміз.
Әйтеуір теледидарға сенсек, бәрі – «жұлдыз». Әне, жап-жас бойжеткен көгілдір экраннан көсіліп сөйлеп отыр. Үйін көрсетіп жатыр, көлігін көлденеңдетіп жатыр, жартылай жалаңаш клипін тықпалап жатыр – қарап отырып, осы күнге дейін бұл «жұлдызды» қалай білмей келгеніңіз­ге қарадай қысылып, пұшайман күйге түсесіз. «Қандай әні бар еді?» деп ойланасыз. Қанша ойлан­ға­ныңыз­­бен бәрібір таппайсыз – Тә­ңір жарылқағанда, көмекке тілші келе қалады: ол «Сіздің «Пәлен» деген хитыңыз қазір дәуірлеп тұр ғой, сол қалай дүниеге келіп еді?» деген сұрақты «жұлдызға» көлденең тастайды. Кеше ғана тойда жарғақ құлағыңызды жарып жібере жаздаған әлгі «жынды хитты» есіңізге түсіресіз де, таң қаласыз: «Е, мынау сол қара­ғым ба еді?».
«Қарағыңыз» бірақ сол митың «хитын» ғана айтумен шектелмейді. Қыза-қыза келе көрерменге (мына сізге!) ақыл айта бастайды. «Әрдайым ақжарқын жымиып, көңілді жүру керек» («сонда неменеге жетіспек­пін, әлі несиемді жапқан жоқпын» дейсіз сіз), «адам ұйқыны жақсылап қандырып алуы керек, дәрігерлер ұйқысы қанық адамның ісі оңға баса­тынын айтады, өз басым сағат он екіге дейін ұйықтаймын…» («түс­ке дейін тырайып жатсам, менің тір­лігімді кім істейді?»), «күнара спа-салонға барған жөн» («о не бәле тағы?»), т.б.
Теледидар бүгінде толассыз той-думанға айналды. «Той-думан» деген арнайы телеарна да ашылған. «Гәк­ку-ТВ» дегені тағы бар. Осыдан жиыр­ма жыл бұрын «Шіркін-ай, күндіз-түні қазақтың әні әуелеп жа­тар арнайы арна ашуға қашан қолы­мыз жетер екен?» деп армандаушы едік. Сол арман ақыры орындалды, бірақ… «Той-думан» мен «Гәккудегі» әндерді тыңдасаңыз, «біз армандаған арна осы ма еді?» деп ойланып қала­сыз. Орыстың, қырғыздың, түріктің, өзбектің, үндінің, румын­ның, грек­тің әндерін қазақшаға сәл ыңғайлап алып, конвейерше заулатып жатыр. «Қазақтың әні» деген сипаттамаға лайық ән ілуде бір кездеседі. Басқасы – сөзі қазақша болғанымен, әуені, ырғағы, болмысы, табиғаты, өзегі бөтен, шата, дүрегей дүниелер. Тәу­лік бойы төпелейтін осы нәрсіз ән­сы­мақтар арқылы жас буынның му­зы­калық талғамы бұзылып жатыр.
Елдің ең негізгі арналарының бас­шылары да, ондағы музыка сая­са­тын жүргізетін редакторлар да кі­лең жастардың көңілінен шығуға тырыса ма, әлде өнерге деген талғам-талабының бар деңгейі сол ма, әйтеуір олар да әкәку-сәкәкуден әрі асатын емес. Есесіне, сахнаның кие­сін ұғатын, қасиетін білетін, бірер күндік әләулайдың әсеріне елтімей, асқақ өнерге адалдығын сақтауға ты­рысып жүрген жақсы әншілер на­зардан тыс қала береді. Жалпы, қазақтың ұлттық ән өнері, жыр-термесі эфирден мүлдем аласта­тылды деуге болады.
Рас, «Қазақстан» ұлттық арнасы­нан қыркүйектен бері «Мен қазақ­пын» атты дәстүрлі өнерді дәріптей­тін жаңа жоба жүріп жатыр. Оған барынша заманауи сипат беруге тырысып, шоу элементтерін қосып, қызықты ете түсуге біраз еңбек жұм­сал­ғаны көрініп тұр. Бастама жаман емес. Алайда бұл – ел ішіндегі жас та­ланттарды ашуға бағытталған бай­қау. Ол бір күні аяқталады, қорытын­дысы шығады, жеңімпаздар анық­талады, сый-сияпатын алады. Сосын ше? Оның орнын қандай хабар басады? Бағыты мүлде бөлек – эстра­далық байқау басталып кетпей ме? Яғни, «Мен қазақпын» жобасы­ның жөні басқа. Бұған қоса, ұлттық ән-жырды насихаттайтын, оның кешегі өнегесін саралайтын, бүгінгі ахуалын бағамдап отыратын, бола­ша­ғына көз жіберетін тұрақты бағ­дар­лама керек-ақ.
Бұрын кеңес дәуірінде аптасына бір рет көрсетілетін «Терме» деген телехабар болушы еді. Әскербек Ең­ке­баев жүргізетін, студияға қонақ болып Қаламқас Орашева, Қати­мол­ла Бердіғалиев, Шымболат Діл­де­баев және т.б. келіп, әжік-күжік әңгіме өрбітетін, талай терме мен жырдың тиегі ағытылатын. Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасырдан асып кетті, ал біз көп мәселеде алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Терме, жыр, дәстүрлі ән туралы арнайы бағдарла­ма ашпақ түгілі, өнерпаздарымызды эфирге жолатпай, жатырқайтын жағдайға жеттік. Әспеттейтініміз – тек эстрада «жұлдыздары». Олардың ішінде де талай талантты әншілер бар ғой, бірақ біздің телевизия со­лар­­дың ең сорақыларын (әлде өлер­мен-пысықтарын?) сұрыптап алып, «заманымыздың бұлбұлдары – осылар, қане, тамсаныңдар, таңда­ның­дар, табыныңдар!» деп, өз таң­дауын байғұс көрерменнің танымына зорлап таңады.

Карикатура авторы: Ғалым Смағұлұлы

«Қазақстан» «жастар арнасы»

Музыкалық арналарда ғана өз­дерімен-өздері мәз-мейрам боп жат­са мейлі ғой, әләуләйші қауым енді елдің басты арнасына баса-көк­теп еніп кетті. Нұрлан Қоянбаевтың түзелмес «Түнгі студиясы» аз бол­ған­дай, «Қазақстан» ұлттық телеар­на­сының эфиріне «Жайдарман» мен Тұрсынбек Қабатов келіп қатар жайғасып алды. Жарайды, «күңірене бермей, күле де жүрейік» деген ұстанымға қарсы болмайық, бірақ «Жайдарман» мен Т.Қабатовтың әзіл-сықағы ұлттық арнаның – №1 мемлекеттік арнаның деңгейіне сай ма? Меніңше, сай емес. Екі жоба да әлдебір жастар арнасына (егер сон­дай арна ашыла қалған жағдайда) болмаса, «Қазақстанның» эфирінен көрсетілуге мүлде жарамайды.
«Жастар арнасы» демекші… кей­ін­гі кезде «Қазақстан» өзінің ұлттық (жалпыұлттық, мемлекеттік) мәрте­бе­сінен гөрі сол «жастар арнасы» деген сипаттамаға көбірек ұқсап бара жатқан тәрізді. Бір жағынан, арна жетекшілері ұстанған бағытты түсінуге де болар: статистика мәлі­мет­тері бойынша Қазақстан халқы­ның үштен біріне жуығы (шамамен 5 миллионға жетеқабыл адам) – 15 пен 35-тің арасындағы жастар екен. «Демек, басты күшті сол жас ауди­то­рия­ны жаулауға жұмылдыру қажет» деп шешкен секілді арна бас­шылығы. Жоғарыда аталған «Жай­дар­ман» да, «Әзіл әлемі» де, «Түнгі сту­дия» да, «Хит Қазақстан» атты клиптер байқауы да – сол жас көрер­меннің жүрегіне жол табу үшін, со­лардың көңілінен шығу үшін жа­са­лып жатқан қадамдар десек, қа­телеспеспіз. Құдай жарылқап, «Тәй-тәй шоу» бағдарламасы бір­тіндеп «Балапан» арнасына ауысып кетті (бастапқыда ол да осы ұлттық арнаның эфирінен көрсетілген бо­ла­тын), әйтпесе «Қазақстан» «16 жасқа дейінгілерге арналған арна» атануға шақ қалған еді. «Дара жол», «Парасат майданы», «Қарекет» секілді ересектерге арналған санаулы бағдарлама болмаса, тіпті қазір де солай атауға болады. Егер жастарға арналған хабарлар олардың өресін өсіріп, талғамын көтеретін дүниелер болса, мейлі еді-ау…
«Сенбілік шоу» да осы ұстанымға сәйкес ашылған жобаға ұқсайды. Қазір қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени жаңалықтардың бәрі фейс­бук­те, твиттерде, басқа да әлеуметтік желілерде қызу талқыланады, бы­лайша қарағанда байсалды көрінетін мәселелердің барлығы жастардың уытты сарказмына суарылып, усой­қы қағытпаларымен көмкеріліп жатады. «Сенбілік шоу» – сол еркін пікірлесуді теледидар форматына сыйғызуға жасалған талпыныс. Ал бұл талпыныстың әзірге аса сәтті шығып жатпағанын да аңғарып отырмыз. Эфирдегі тауып айтылған сөз, астарлы әзіл, ұтымды уәж ең алдымен көрерменді күлдіруі, соның көңілін көтеруі, көкейіне жағуы тиіс. Мұнда студия көрерменінде ешқандай реакция жоқ, жүргізушілер өздері айтып, өздері мәз болады да жатады. Кейде олардың тіпті езу тартуға да тұрмайтын тұрпайы әзілдерге ішек-сілесі қата күлетіні сон­ша, «осылар эфир алдында абай­сызда шатастырып темекінің орнына басқа бірдеме тартып алған жоқ па екен?» деген күмәннің туып қала­ты­ны да рас. Қысқасы, көрерменді жылатудың да оңай еместігін білеміз, ал оны күлдіре алу – анық күрделі жұмыс. Бұл жерде жүргізушілердің тапқырлық шеберлігімен қатар ой-өре, парасат-пайымы алдыңғы лекке шығады. Өкініштісі, біздің ақсайтын тұсымыз да осы.
Ақыл-парасатымыздың, жалпы интеллектуалды дүниеге деген көзқарасымыздың қандай деңгейде екенін біз «Парасат майданы» бағ­дар­ламасының эфирлік кестеге қойылған уақытының өзінен-ақ (23.45, кейде 00.20, қайсыбір күндері тіпті 01.15!) аңғара аламыз. Жұрт жұмыстан келіп, ел орынға отырған шақтағы ең көрілімді уақыт (19.00-ден 23.00-ге дейін) негізінен кешкі ақпаратқа, киноға, сериалға тиесілі. Өйткені, бұлар – рейтинг беретін негізгі көрсетілімдер саналады. Тіпті «Түнгі студияның» өзі эфирге «Па­расат майданынан» бұрын шығады (демек, Дархан Әбдіктің бағдар­ла­масы «түннен кейінгі студия» болғаны ғой?). Бұл жайт Нұрлан Қоян­баевтың рейтингі жоғарырақ екенін көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге арна басшыларының ұстанымы мен қай бағытқа басымдық беретінінен де хабардар етеді. Бәл­кім, біздің көрерменнің деңгейінің сол ақпарат, сериал, «Түнгі студия» төңірегінен ұзап шықпайтынын да меңзеуі мүмкін.
Бұл – бүгінгі «рейтингшіл» уа­қыт­тың айықпас дерті. Әйтпесе руханиятқа қатысты дүниені, адам­ның сана-сезіміне әсер етер ақ­па­раттық-мәдени ықпалды сандық мөлшермен, құрғақ рейтингпен есептеу қаншалықты дұрыс, қаншалықты әділ? Егер тек қана сол өлшемге сүйенетін болсақ, онда әләуләй эстрада мен талғамсыз та­ма­даның тантымасы тәрізді арзан әзіл-әжуаны әспеттеп, театр мен дәс­түрлі ән-жырды, опера мен ба­лет­ті біржола ысырып қою керек шығар? Нағыз мәдениет пен өнердің құны, ұлттық рухани құндылық­тар­дың шынайы бағасы қашаннан бері рейтинг арқылы анықталып еді?
Баяғы тәржімелер қайда екен?
Қазақ киносының сонау 50-жылдардан бергі қорында да мол дүние жатыр. Біздің арналар жыл сайын мереке күндері солардың ары кетсе он шақтысын ғана айналдырып көрсете береді («Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Қыз Жібек», т.б.). Қалған­дары қайда?
Біздің кино өнерінде кенжелеп қалған бір сала – документалистика. Қашанда назардан қалыс, қамқор­лық­тан алыс қалып жүретін, үгіт-на­сихат жағынан да қағажу көріп жататын жанр. Әсіресе біз бағалай алмай, қазақ қадіріне жете білмей жүрген өнер. Әйтпесе көрші Ресей телевизияшылары өздерінің тарихи тұлғалары туралы да, әдебиеті мен мәдениетінде айрықша із қалдырған айтөбел таланттары туралы да, ұлан-байтақ орыс жерінің әр қиыры, әр бұрышындағы табиғаты тамаша өлкелер туралы да, елдегі музейлер мен тарихи ескерткіштер жайлы да талай тамаша деректі фильмдер түсіріп тастаған. Қарап отырып қы­зы­ғасыз. Неге бізге де сондай дүн­ие­лер жасамасқа?
«Би-Би-Си»-ден бастап, әлемнің өзге де әйгілі телекомпаниялары тас­палаған документалистика жан­ры­ның інжу-маржандары бар. Со­лардың бұрын әр арнада әртүрлі са­­пада ала-құла аударылғандарын қай­та сараптап, деңгейі жоғарыларын ірік­теп, пайдаланған жөн деп білеміз. Сол шедеврлердің әлі қазақшалан­ба­­ған­дары да – мың-сан. Оларды да жақ­сылап, аударып, кәдеге жаратқан абзал.
Сол сияқты «Қазақфильмнің» қорында, «Қазақстан» мен «Хабар­дың» қоржынында жатқан әлемдік киноклассиканың қазақша аударма­ла­ры бар. Қазіргідей мәтінді кадр сыртынан оқитын тәржіме емес, әр сөз-сөйлемді актердің ерін қимы­лына да, бет-жүзіне де, көңіл-күйіне де сәйкестендіріп, сапалы аударыл­ған туындылар. Оның ішінде «Қыз­мет­тестер хикаясы», «Вокзал­дағы екеу», «Өміріңізге қауіпті», «Сөнген оттың сәулесі», «Сияуыш туралы аңыз», «Айбынды сері Айвенго», «Із кесуші», «Қара құзғындар құпиясы» және т.б. жеткілікті. Қаншама адам­ның қажырлы еңбегі жұмсалған осы аудармалардың ешқайсысы қазір телеэфирден берілмейді. Сақталған-сақталмағаны белгісіз. Егер бар бол­са, неге көрермен назарына қайта ұсынбасқа? Фарида Шәріпова­ның, Алтынбек Кенжековтің, Мұх­тар Бақтыгереевтің, Бикен Римова­ның, Әмина Өмірзақованың, Рау­­шан Әуезбаеваның, Гүлзия Бел­бае­ваның, Нүкетай Мышпаеваның, Атагелді Ысмайыловтың, Есболған Жайсаң­баевтың, Омархан Қал­мыр­заевтың және т.б. тарландардың қайталанбас үндерін естіп, кейде экрандағы актерлерден де асыра ойнап шыққан таланттарына тәнті болмасқа?
Кейінгі 15-20 жылда аударылған шетел фильмдері де баршылық. Осы жолдардың авторының өзі басты рөлінде Олег Видов ойнайтын «Жұмбақ салт атты» («Всадник без головы», КСРО-Куба, 1973 жыл), Любовь Полищук түскен «Менің өліміме кінәлі Клава К.» («В моей смерти прошу винить Клаву К.», КСРО, 1979), Питер Фальк ойнай­тын «Жаңа жыл құтты болсын!» («С но­вым годом!», АҚШ, 1987) және т.б. фильмдерді тәржімелеген. Тәуелсіздік дәуірінде қазақ тілінде сөйлеген туындылар аз емес. Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасы жоғарыда аталған Джеки Чанның «Доспехи Бога-1», «Доспехи Бога-2» фильмдерін «Құ­ді­реттің қаруы-1», «Құдіреттің қаруы-2» деп, керемет аударып көр­сетті. Өкі­ніш­ке қарай, 90-жылдардан бергі уа­қытта қазақша­лан­ған шетел кино­кар­тиналары біздің арналардан бір реттен артық көрсетілген емес. Осы­лардың бәрін неге қайта сұрыптаудан өткізіп, пайдалануға болмайды?

* * *
Теледидар деген – бір мезетте миллиондар көретін алып аудитория. Теледидар – терең дүниетаным, теледидар – мәдени өре, теледидар – сананы жаулар құдірет… болуы керек еді. Осы бір «сиқырлы жә­шікті» тиімді пайдаланудың орнына біз эфиріміздің денін былжырақпен тол­ырып, былықтырып отырмыз.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 13.11.2019 | 00:34

Өте орынды. Даусыз. Тек сөз жүзінде қаламаса игі еді. ..

Аноним 04.10.2021 | 15:45

Біздің көкейімізде жүрген көп ойды дөп басып айтыпты. Бірақ, қазіргі таңда біздің телеарна қызметкерлері де, басшылығы да «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ауруға ұшырған. Егер бірдемеге сын айтса, бұрынғыдан екі есе өршеленіп жалғастырады. Жастардың хабарын тыңдағың да келмейді. Тыңдасаң да, салмақты қабылдай алмайсың. (парасатты жастар бар, олар туралы емес) Ресейдің арналарын қараңыздаршы. Салиқалы жастағы парасатты жүргізушілер, парасатты хабарлар. Айтпақшы анау 7 арнадағы ауа-райын оқитын келіншектің жалаңаш киімдерін қойғызатын адам жоқ па? Онымен қоймай, жаңалық соңында жургізуші ол келіншекке сөз берерде мағынасыз қалжыңдар айтады. Оның қажеті қанша. Жалаңаш, ашық-шашық киіммен ел алдына шығуды тиятын тәртіп, тіпті заң керек. 21-ғасыр теледидары — жас ұрпақты аздыратын арналар ретінде есте қалатын болды. Түзетіңіздер, айға бата жасап отырсыздар ма!

Аноним 04.10.2021 | 15:47

Сәкен Сыбанбайға рақымет! Енді тиісті орындар осы мақаланы нысана етіп, телеарналарды түзесін! Құртсын, анау «Қосылайық» деген іспетті іріген хабарларды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір