Суретшінің көрмесі
Сыр маржаны атанған киелі мекен – Шиелінің топырағында талай жыр сүлейлері, ақын-жазушылар, басқа да өнер майталмандары дүниеге келген. Осы шоқтығы биік өлкенің тағы бір дарынды ұлы, қылқаламның хас шебері – Әбілқасым Сәрсенбаев.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Әбілқасым Сәрсенбаевтың есімі – республика жұртшылығына кеңінен мәлім. Қылқалам шебері ауылдың өмірі мен тыныс-тіршілігін, табиғатын, адамдарын өзінің шығармаларына арқау етіп келеді. Талантты суретші сондай-ақ бүкіл Түркі әлемінің алып тұлғасы – Мұстафа Шоқайдың графикалық суреттерін, портреттерін салуда үлкен шығармашылық ізденіс таныта білуде.
«Мұстафа Шоқай жолымен» деп 2008 жылы құрылған экспедицияның мүшесі ретінде Әбілқасым Сәрсенбаев ұлт көсемі басып өткен ізбен жүріп, бірталай елдерді көріп, аралады. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері Мұстафа Шоқайдың туған жері Қызылорда облысындағы Наршоқыдан бастап, Парижге дейін барып қайтты. Осы сапар барысында «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» атты екі бірдей кітап-альбомы жарық көрді.
2011 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Мұстафа Шоқай» атты шығармашылық көрмесі үлкен табыспен өтті. Ал 2013 жылы «Ұлт тұлғасы – Мұстафа Шоқай» тақырыбында үш тілде және «Мұстафа Шоқай суретші көзімен» деген тақырыпта бес тілде көрме ұйымдастырылды.
Жақында Қызылорда облысы, Шиелі кентіндегі аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы Мәдениет үйінде суретші Әбілқасым Сәрсенбаевтың Рухани жаңғыру аясында «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық көрмесі өтіп, оған жүзге жуық әртүрлі тақырыптардағы туындылар қойылды. Ұлттық болмыс пен құндылықтарға толы әр тақырыптағы суреттер көрермендердің назарын аударып, лайықты бағасын алды. Көрмеге белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, суретшілер қатысты.
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы.
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы.