Айдынды азамат
03.11.2017
1742
0

Мен оны кітап оқығандай оқып келем. Зейін-зердемнен өткіземін. Жек көретін нәрсесі – ой жалқаулығы, бойкүйездік. Ұмтылатыны, түйсіктен туындайтын жігерлілік. Осы екі ұғым оны үнемі жақсылыққа бағыттап, өрелі өзгерістерге өрлетіп, тым тереңге жасырынған «менін» тұншықтырады. Мұның аса маңыздылығы – тоқмейілсімейтін дос таңдауына, айналасындағылармен қапысыз қарым-қатынас қалыптастыруына мәулетті мүмкіндіктер ашады. Сондықтан шығар, кеудесі қапаға толы қауқарсызданған сәттерін ұшыратпаппын. Тапқыр ақылы қажымас қайрат пен еңбек рақатына қарай екпіндете ентелетеді.

Мәскеудегі Тимирязев атын­да­ғы ауылшаруашылығы акаде­мия­сын мал дәрігері мамандығы бойын­ша бітірген кейіпкеріміз қа­зақ­шаға да, орысшаға да ділмар. Сынды сыпайылап, образға орап, мысқалдай мысқыл қосып айтады. Шаруаға оралымсыздығын ауа-райына жапқан ортан қолдай бас маманға:
– Сіз жердің өзін айналу осін түзу­лесеңіз қайтеді, сонда қысы да, жазы да жоқ, ауыл шаруа­шы­лы­ғына өте қолайлы жайма-шуақ, ма­мыражай маусым орнатар едіңіз, – деп жай оғындай жалт еткені жа­дым­да.
Өтін алып аузына құятындай өт­кір тілмен осып-осып жіберген­нен гөрі осынысы жөн дегенмін іш­тей.
Ол ғылымды жеке мүддесіне икем­деушілерді жақтырмайды. Мұ­нысы Әлішер Науаидың: «Жеке пай­даны ғылымнан көздегендер оң­байды, Алданады ондайлар және хал­қын алдайды. Жалпош­тан­са кім­де-кім дөкейлерге шен үшін, Қор етеді өзінің санасының жемі­сін», – дегенімен өзектес. Оның пайымдауынша, шын зиялы кісі бү­кіладамзаттың қуаныш-бақыт­тың мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Әйт­песе жылдар бойы тір­нектеген бай біліміңіз де, кәсіп­тік бейіміңіз де, үлгілі тәртібіңіз де сізді зия­лы­лар қауымына қосуға қауқарсыз.
Түбінде масылдыққа малы­на­тын босбелбеулерден, сүлесоқ­тар­дан, ұлтының тағдырына ұйқылы-ояу­лардан, Тәңір жаратқан жа­­сампаз табиғатты тойымсыз то­найтын тұрпайылардан, әлеу­мет­тен тыс тірлікке оқшауланатын анайылардан қорқады ол. Соларға қарсыласқан әрекеттері оны ба­тыл­дықтың биіктеткіш баспалдақ­тарына көтеріп, таза іс-қимылы қайыс­пас қайырымды қасиеттерге қа­наттандырып, көпшіліктегі тү­сі­ністік пен сыйластыққа жет­кі­зе­ді. Даналығы деп дабырайтпайық, парасаттылығы деуге құқылымыз. Ал па­расат дегеніміз – алапат ашуды кер­неу шегіне жеткізбей бұға­лық­тайтын, мекерліктің мойнын бұ­рай­тын, асауды ырқына көндіретін, әлеуеттілікті арттыра­тын киелі жа­лыны бар, айбарды алыстат­пай­тын есті мінез.
– Шын жазушы сюжетсіз-ақ жол табады, – деп еді маған.
Қисынды да, қиын міндет. Адам жанының экологиясын та­зар­туды тұспалдағанын ша­ма­ла­дым. Біздің кейіпкер әр ізденісінде ұштала түскен ебі мен қабілетін қай кезде қалай, қандай мақсатқа жұмсау керектігін мүлтіксіз мең­герген. Жарасымды жара­тыл­ған сыртқы пішініндегі кейпі кей­де қатаңдау қамшылдық танытса, мін­бердегі мәнерінен сұстылық се­зілсе – қиыс айтылған қоғамдық пі­кір­ді қылыштай қиюға, әлде­кім­дердің өктемшіл үстемшілдігінің жалын жапырайта жатқызуға, бей-берекет шашылып кетпеуге, ай­бы­нын соңына дейін сақтауға ың­ғайлануының көрінісі деп біліңіз. Қызметтік өрлеу сатысында тала­нына тап келгендерге тартымы тас кескендей қатал да әділ талап қою­шылығы адамдық парызын, мем­лекет алдындағы мұқым мін­детін орындауды ұмыт­пағанының, ер­теңгі абыройын ойлағанының бел­гісі. Жан-дүниесі тым ресми­ле­не рәсуаланғандарға, мәнді мә­ліметтерге марғау қарайтын мар­дымсыздарға, өмір ағысын сырттай ғана бақылайтындарға, дер кезінде қызу қимылға көшпейтін енжар­ларға, біреуді ғана қуантып, көп­шіліктің көңілін күлге көме­тін­дерге, істегені іске де, түске де ұқ­­­­­­­­са­майтындарға атқарушы билік­те талай рет қарсыласқанның куәсіміз. Соларды ағаш аттың ба­сына іліп әкеткенін – ар-намы­сына тиіс­кенін көрмеппіз. Өзінің басқаларға да ұғынықты ұстаны­мын берік ұс­тап, тезі қатты бірбет­кейлік таны­та­тын. Міңгірсіз міне­зінің түбінде жыл­мағай жылым емес, адамгер­ші­ліктің бұлжымас, мызғымас яд­росы жататын. Содан таралған қуат базбіреулердің ман­сап­шыл мысын басып, бақан­тірестердің бай­баламын тас-тал­қан ететін. Қа­телігін адал мойын­дағандарға құшағын айқара ашып, бауырына тартып, кешірім­мен көркею де тән оған. Бұл қасие­ті тұлғалық тұғы­рын биіктетіп, халықтық құрметке жет­елейді.
Қарапайым ойлары да қиялға бай азаматтың шешендігі туған тілі­міздің мәйегімен тектеусіз та­мырласып, тыңдаушының тала­бы­на тілеу қосып, ниеттестікке ша­қы­­рады. Ол сөйлегенде түсі­нігі­міз­дің тұманы түріліп, алыс ғаламшардан санаға сәуле жеткендей жылы­шы­райлана жайдарыланып, көмейдегі көнені қоздата болжаған кісіге се­зік­сіз сүйіспеншілігіміз оянғанын түйсінгенмін. Бертінде талай шын­жырлы шен, шұбар тонды­ларға құлақ тостық. Сөйттік те: «Се­нің тіліңмен періштелер сөй­леп тұрса да, сүйіспеншіліксіз сөз­деріңсіз жездің жеңілтек сың­ғырына немесе кимвалдың (екі мыс табақшаны бір-біріне соғу ар­қылы ойналатын аспап Н.Б.) жаң­ғырық дыбысына айналады», – де­ген байырғы байыпты бай­ламды жиі-жиі еске алдық. Ал топтан озған Қуаныш Айтаханов толғауы тоқсан пікірін ортаға сал­ғанда, төл ойларыңызбен арман-тілегіңізді сәл сәтке ұмыттырады. Арада бірер минөт өткенде өз идея­ларыңыздың арнасына қайта оралып, ішкі сарыныңыздың әлде­нендей әлейім өзгеріске ұшы­рағанын, әлдененің жадыңызға жар­қырай орныққанын, ұлтыңыз­дың, жер-суыңыздың тағдырына алаң­даушылығыңыз еселенгенінін бажайлайсыз. Шиелі түйіннің шие­сін шешкен ділмарлық туғыз­ған инерция санаңызда сілкініс жасап, кейбіреулердің күбір-сы­быранан күдері жал күдігіңіз қою­ланады. Күмән таусылған тұста бәрі де аяқталатындай, бітіп қала­тындай, тығырыққа тірелетіндей тұс­палшыл күйге ауысасыз. Ол қар­сы алдыңызда өзін шынайы болмыстан бөлектемей, оқиға ағысын сәл тоқтатуға оңтайланып, толымсыз тұстарын толықтыруға даяр тұрады. Пікірлесін бас-көзге төпелемей, өзін адам баласының күш-қуаты жететін кедергілердің бәрімен күресуге бейімдеп үлге­реді. Жеңісіне сенеді. Сол сенімі құ­лық­сыздықтың құлазыған шөлі­нен аман-есен өткізіп, жайсаңдық жазығындағы көкорай шалғынға, түсімі мол егінжайға жеткізеді. Осы байлығын – рухани ырзығын жұрт­қа тынымсыз үлестіре бастай­ды, жақсылық жоқ жерде бақыт жүдейтінін естен жүдә шығармай­ды. Ішкі сұраныстарын қанағат­тандыратын дайын формула жоқ екенін түйсініп, ізденісін жантерге малшына жалғастырады, құнды­лық­тарын қайта бағалауға құлшы­нады. Ізденіс – еліктеу де немесе бағытының бөлекшілдігін таныту да емес, уақыт талабының жолын ашу екенін тәлім тұтады. Сөйтіп ке­шегі жасаған жоспарына өзгеріс­тер енгізіп, күн тәртібіне сәйкес­тен­діреді. Көпшілік қатарындағы қарапайым Айтаханов пен сая­сат­кер Айтаханов бір-бірін осылайша ұдайы толықтырады. Көзеген межесіне, мәнді-мәніске жетпей тоқ­тамайтыны сондықтан. Тағды­ры мен кісілік келбетінің тоқайла­са­тын торабы да осы-ау деп топ­шылаймын. Қуаныштың Пар­­ламент Сенатында сөйлеген сөздері жаһан­­намға кетіп бара жат­қан жара­тылысқа жанашыр­лықтың, біл­гірліктің үлгісі. Аузы-мұрнын тас қып бекітіп, жаураған торғай­дай құты қашып отыратын­дарға сұрапыл соққы.
Оның түсінігінде қазіргі кезең­дегі этика ғылымы адамдардың өзара әдепті қарым-қатынасын зерт­теумен ғана шектелмей, биос­фераға – қоршаған ортаға, тіпті ғарыш­қа көзқарасын да зерделеп, берекелі бағытқа жөн сілтеуі тиіс. Таби­ғат біржақтылықты, ұран­шыл­дықты, зорлықты жақт­ырмай­тынын, ынталы ықпалдастықты қа­лайтынын, жаратылыстың қым-қуыт қозғалысындағы қыз-қыз қайнаған қайратта, жайшылықта жұрт көзіне шалына бермейтін шынайы үйлесім мен текті тәртіпте жасырынған тылсым күшті ой көзіменен құлақ сала тыңдайтын зейіндінің тоқтамы бұл.
Орман-тоғайға қатысты нем­құрайдылық пен тәртіпсіздік үшін кей­біреулер жас шыбықтың мой­нына тау тесіп ілгендей қинала сып­сыңдайды сырт көзге. Алла сый­лаған әдемі әлемнің шадыман-шаттығын көпсіне қорлайтындар күндердің күнінде өз қуанышының қызығын жерлеу арқылы өтемақы төлейтіндігі жөніндегі ақиқатты кесімді тілінде сайрайтқанымен, сөзі ісінен алшақ екенін көргенде жауапқа тартқың келеді. Айтаханов былай дейді: –Сын сағаттарда, қысылтаяң шақтарда, ауыр күн­дерде ағын суларымыздың тар­тылып, сарқыла түскені үшін еш­кім сыналмайды, сөгіс алмайды, қызметтен де қуылмайды. Бірақ жоғарыдан бекітілген жоспарды қандай жағдайда да жоқтан бар құрап орындауға міндеттісің. Біз табиғатқа «тұтынушы» ретінде ғана ашкөзденбей, оның да мүд­десін ескеріп, қажетіне қарайла­сып, экологиялық тепе-теңдікті қорғап қалуға борыштымыз. Қана­ғатсыздық қара пәледей басып, қарыннан қақтайтынын ұмытпа­ғанымыз мақұл. Қанағат таусылған тұста бәрі де түгесіледі. Федор Дос­­тоевскийдің «Қылмыс пен жа­за» романынан Раскольниковтің «Не старушонку я убил, себя я убил», – дегенін оқыған шығарсыз. Мойындаудың өзекті мұнан артық өртейтін өкініші бола ма? Еш­нәр­сені өрістетпейтін, жолындағының бәрін – жас жауқазындай ертеңі­міз­дің арман-тілегін өршіген өрт­тей жалмайтын жалмауыздық қой бұл. Қыр-соңыңнан қалмайтын қырсықтың қанды қыспағы осы­дан басталатынын, табиғатты емес, өзімізді өлтіріп жатқанымыз­ды түсінбейміз…
Жабығыңқы көңілімді қалың мұң қаптап, қатты жабырқадым әлгі сөздерден кейін. Адамдар өзін асыраушы Жер-Анасын қорлады деп. Жосықсыз жыртылған жон, ойсыз оталған орман-тоғай, тозған топырақ, уланған су бойымыздағы тіршілік нәрінің бәрін білдірмей со­рып, орнын несібемізді тандыр­ландыратын рухани құрғақшылық­тан туындайтын түрлі аурулармен толтырып, бейкүнә сәбилерімізді жөргегінде үсіктей ұрып, жуадай жа­пыруда деп күйінгенмін. Өз құй­рығын өзі жұтқан жылан ту­ралы баяндайтын ежелгі «Кесірлі шеңбер» аңызын жадымда жаң­ғыртқанмын. Отым бетіме лапып, Жер-Анаға опасыздығымыздың ойрандары адами және моральдық тірек-таяныштарымызды тұғыр­дан тайдыра тәлтіректетуде деп, Жаратқанға жәутең қаққанмын. Арал теңізінің жартысына жуығы жоғалып, құрғаған табанынан, зерт­теуші ғалымдарға сенсек, жыл сайын 75 миллион тонна құм мен тұз көтеріліп, құм дауылы жиілеп кеткен. Сібір өзендерінің бір бө­лі­гін қасіретті Аралға бұруға көр­ші­леріміз келіспеді. Төмендегі өлең шумақтарын қағаз бетіне сонда түсірген едім:
Қорғасындай у ойлар,
Жасылымды жалмап бітер сыңай бар.
«Бізден бұрын көресің» деп,
Гомердің
Көзін ойған Олимптегі құдайлар.
Масқара ғой, масқара!
Құдайларда – кесір егес, өшкен ар.
Пенделерге сенген күнің не болмақ,
Арал, Балқаш –
Даламдағы қос жанар? –
Мөлдір, әсем күй қайда,
Шабытты шақ қайрылмай ма,
тумай ма!
Атымтайдай жомарт едім,
Амал не,
Шығайбайлық батып
отыр шымбайға.
Бұған енді не дермін,
Сырдың суын сирағынан келтіріп,
Немкеттілік тағып алды көп орден –
Даңғазалық! –
Олимптегі құдайлар
Көзін ойған Гомердің.
Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңына қарай осы­лай­ша күйзелгенмін. Жауырды жаба тоқымайтын Қуаныш Айтаханов бұрынғы Бөген ауданының шаруа­шылықтары түгел қаратылған Арыс қаласы бірінші басшысының орынтағына жайғысысымен, аймақатағы бітелген бастаулардың көзін ашуға пәрмен беріп, көше бойларына, Арыс өзенінің қос жағалауына он мыңдаған ағаш кө­шеттерін отырғызуға жалпақ жұрт­ты жаппай жұмылдырған. Кей­де артта қалғанның көбі кезен­де­гісінен де аяулы, қымбат сезілетіні бар. Сол шақтағы солқылдақ шы­бықтар бүгінде жуан діңді нуға ай­налып, көргендердің әуесін кел­тіріп, жанға сұлулық ләззатын сый­лап, көзшалымнан менмұн­далай­ды. Екі жылдан кейін-ақ өзен жағасындағы талдырмаш тал­дар қар тоқтатуға, азынаған желдің екпінін бәсеңдетуге шамасы жетіп, микроклиматты жақсартуға, маңын­­дағы егін алқаптарының тиім­­ділігін арттыруға әсер еткенін байқағанбыз. Тоғай ортасында айта­қырланған алаңқайларда әр­тек­ті шөптесіндердің қайта түптене түк­тенгенін, өсіп-өрбігенін аңғар­ғанбыз. Ағаштар жер асты тұщы суын табиғи насос ретінде құнарлы топыраққа дейін көтерді, жасыл ө­зектілерді ылғалдандырды деп сенгенбіз. Арқаны пірге сүйегендей жайланғанбыз. Алды шаңсыз, арты даусыз нәтижені тәптіштеуіміз тегіннен-тегін емес. Елегісі кел­мей­тіндерге сол әрекеттен адам жа­нының экологиясын түйсін­ген­біз. Сондағы ісі Қуанышты пси­хо­логиялық кіршеңдік пен ластықтан қор­ғап, ой-өресін мәністі мәде­ниетпен кіріктіруге құлшындыр­ған. Ол өзгелерге де рухани та­зару­ды тіледі. Өткенге өкіне беру ішкі мүм­кіндіктеріңді, жасампаздық әлеуетіңді тұншықтыратынын тұс­палдап, жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге үндеді.
Өсімдіктану ғылымымен шұ­ғыл­данатын ғалым жолдасым:
– Іні-досыңыздың баста­ма­шыл­дығымен Арыс-Темірлан тас­жолының жиегіне отырғызылған қа­раағаштардың әрқайсысы бір жаз­дың өзінде 40-50 келіге дейін кө­мірқышқыл газын бойына сіңі­ріп, қарағаймен салыстырғанда 10 есе артық оттегі бөліп, санитарлық ги­гиеналық қызмет атқарып тұр. Эс­тетикалық маңызы мен тыныс­тық мәні өзара іліктесе өзектесіп, бі­рін-бірі толықтырып, денсаулық­қа жағымдылық сыйлап, адамдар­дың іскерлік қабілетін ұштауына, тәуі­рірек тынығуына жағдай жа­сай­тынын екінің бірі біле бермей-ді, – деді.
Жуырда біз Қуаныш тіктірген тал­дардың жамыраған жапы­рақ­тарының жалтылына қарап, сонау тұс­тағы кісілік ішкі парасаттың сырт­қы сұлулыққа ұласқанына қуан­дық. Мұндай тәлімді үлгіні не­мере-шөберелеріміздің де ес­кере жүргені артықтық етпейді.
Оның өзі де жоғарыдағы авто­көлік жолымен талай жүріп, тізіл­ген тал-теректерден таныған-та­ны­мағанын сұраған да болар. Тыл­сым табиғаттың жауап қай­тарар тілі жоқ. Бәлкім олардың жа­пырағындағы сыбдырдың сыр­лы сазы сонау кездегі өз жүрегінің асу бермейтін аңсары шығар. Тәтті ойлар алдамшы, содан бері талай жыл­дар алманың ақ гүліндей тө­гіліп түсіпті. Бірақ іңкәр істің ізі суы­мапты. Ниет қабылдығы, нә­сіп айла дегеніміз осы. Үлкен жол­дың үстінде кісіден ең берісі кө­леңке қалуы керек қой. Ал Қуа­­ныштың тал-теректері сәби кө­зімен қара­ғандарға – поэзия панажайы, сұлу­лықпен сусындай алмайтын­дарға – пайда ойлайтындарға отын ғана. Маған олар тіршіліктің не екенін үнсіз күйінде түсіндіріп, әсем­дік әсерін қарапайымдылық емес, қарабайырлық өлтіретінін есіме салып тұрады.
Кеңестік билік жекеменшіктің жел­кесіне жетпіс жылға жуық мі­ніп, жанын жаһаннамға қамауға жан­таласты. Айтаханов Арыс қа­лалық партия комитеті бірінші хат­шысының орынтағына отырған тұста жарасына май жақсаң да жа­зылмайтын желөкпе шәңкілдектер жариялылықты жалаулатып, бұ­рын жасалған жап-жақсы дү­ние­лердің біразын төңкеріп тастауға, аяғын аспаннан келтіруге, басқаша қалыптауға асықты. Қуаныш са­быр сақтады. Қозуынан тежелуі ба­сым болмыстық қасиеттері оны адам­гершілік тойым мен әдептілік не­гізінде ой орнықтылығына, тұ­жырым тиянақтылығына жетелеп, сөй­леу мәнерін мүләйімсуден ман­сұқтап, тіл әуезділігін әсемдей түс­ті. Бұл – жеке тұлғалық ұста­ным­ның жемісі еді.
Жекеменшікті қайта жандан­дыру­ға қабағынан оқ төккендер қия бастырмайтын. Қуаныш оя­бын тауып, орайын келтірді. Қа­ланың барлық атқамінерлерін ат үстінде ұйықтайтындай халге кө­шіріп, әр отбасындағы үйіргелік жер қандай деңгейде пайдала­на­тынын қадағалатты, тұрғындарды жылы сөзбен, шындықпен тәр­бие­леуге назар аударды. Бастамасы ұзын­ның ұзағына, қиынның қиы­рына жетпесе де, жұрттың үйір­ге­лік жерге сүйіспеншілігінің суын­бауына сүрлеу салды. Соның нә­тижесінде өңірдегі тұңғыш жы­лыжайлар сақырлаған сары аязда өнімін там-тұмдап ұсынып үлгерді. Алғашында аяғын алысқа көсіл­ме­генімен, бұл бастама мемлекеттік жоспар орындау жетегінде жүрген жалтаңкөздерге жекеменшіктік жалпыхалықтық мүддемен құқы бар­лығын, шаруаның адал еңбе­гімен тапқан табысының көбеюі­нен қорықпауды тұспалдаған есті ес­керту-тін. Ес біліп, етек жиған ме­кенінің қадіріне жеткен ауыл­дық­тар бүгінде арыстықтарды көл-көсір көкөніспен қамтамасыз етуде. Қазір Арыс, Бадам өңірінде жал­пы аумағы 72 гектарға қанат жайған жылыжайлар жұмыс істеп, шетелдерге көкөніс, жеміс-жидек жөнелтіп жатса, олардың негізінде сонау тұста кәсіпкерлік пайданы насихаттап, көмейінен бал төккен Қуаныш Айтахановтың да үлесі мол.
– Егер адамзат тірі қалғысы кел­се, ерте ме, кеш пе, қарапайым шаруаның жанға жайлы, тәжі­ри­белі сыннан өткен: «жер – астық пен мал азығы – көң – жер», – де­ген жобалғы шеңберінен ауыт­қы­мауы қажет. Бұған дүниежүзіндегі «жасыл қозғалысшылар» нық сенімді. «Табиғаттан рақым күтіп отыра алмаймыз, бермесін тартып алуымыз керек» дейтін шалажансар теориясымақтың күні әлдеқашан өткен. Жер-Ана бізден қамқорлық күтеді. Қиянат-зорлығымызды кешірмейді. Қасіретін түбінде өзімізге шектіреді. Топырақ құна­рын химиялық тәсілмен улау жал­ған жұбанышымен алдарқатуда, – деп еді ол ауылшаруашылығы қыз­меткерлерінің жиынында сөй­леген сөзінде. Мәселенің өзектілігі маңызын әлі жойған жоқ. Әр ай­мақтың топырақ құрамы әр түрлі екенін ескерсек, әр агроном, әрбір егін салушы механизатор қай жер­ге қандай мөлшерде тұздар ен­дірі­летініне ден қоя білетін ақылман ака­демиктің деңгейінде болу керек қой. Әзірше қазақ ертегісінде ай­тылғандай: «көр жыла, жер жыла, ештеңе өнбейтінінің» күнін кешіп келеміз. Қарымды қаламгер Ва­си­лий Салюниннің жазуына қара­ған­да, кешегі кеңестік кезеңде ел бойынша бір гектарға орта есеппен 2 келіден химикат ендірілсе, бұл көр­сеткіш Орта Азия мен Қа­зақ­станда 50 келіге жуықтапты.
Ауыл шаруашылығын экстен­сив­ті жүргізушілерді Қуаныш Айта­ханов ардан күткендер, ұят­тан безгендер қатарына жатқызады. Өзі ауыспалы егіс әдісін, пар ай­дауды жан-тәнімен қолдау­шы­лар­дың бірі. Шөлейтте қалдырған парларға салдырған тәлімі арпа-би­дайының түсімі 1989 жылдың ап­тап ыстығында орта есепппен гек­тарына 14-15 центнерден ай­налды. Шамасы шаршаған ал­қап­тардың көрсеткіші мұның шаңына да ілесе алмады. Ешкімнің амалын сөгіп, абыройын төкпейік, осы мысалдың өзі жеткілікті.
Кітаптың адамзат қоғамын өр­кендетудегі рөлі мен маңызы жө­нінде аз жазылған жоқ. Кітап оқы­майтындар ойға олақ, тілі тұ­саулы, сезімге томаға-тұйық келе­тіні бесенеден белгілі. Қуаныш Айтаханов аудандарда бірінші басшы лауазымында жүргенде, бұл мәселеге жан-жақты мән берді. Кі­тапханаларымыз жабылып жат­қанда, Созақ аудандық газетінің аясында Құлыншақ ақын атындағы әдебиет бірлестігін құрып, сол ұжым арқылы «Теріскей талант­тары» сериясымен кітапшалар шығаруға қолғабыс тигізді. Одан соң «Отырар» энциклопедиясы, «Оты­рар жәдігерлері», «Оты­рар­лықтар жауынгерлік сапта», «Ше­жірелі Отырар», «Тәушен», Ше­жірелі Сайрам», т.б, кітаптары өт­кеніміз бен болашағымызды жал­ғастырған құнды қазына. Бұл жинақтар талайды тарихи танымға ұмтыл­дырып, өжеттікке, жүректі­лікке, қайсарлыққа, төзімділікке бау­лып, рухани қабілеттілікті қа­лып­тастыруға ықпал етті. Тәрбие­нің негізгі мақсаты да осы емес пе?
Жетпістің жотасына жігіттік жі­герін жасытпай жеткен айдынды азаматқа Ай мен Күндей амандық тілейміз.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ,
ақын, Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір