Өнер дейтін асау ат…
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Астанадан жақсы хабар жетті… Тәуелсіздік дәуірі тұсауын кесіп, балақ бауын байлаған Астана Жастар театры өзінің он жылдық тойын театрдың Бас режиссері, көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың
70 жасымен үйлестіре атап, қала әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігі үлкен өнер фестивалін өткізіп жатыр дегенде қуанғанымыз рас. Өнер атаулының қай-қай түрін де жатсынбай, жаңа дәуірдегі ұлттың рухани әлеміне тиісті мемлекеттік орындардың бұлай мән беруі, ең әуелі, «Рухани жаңғыру» атты Елбасының ұлттық бағдарламасының жүзеге асып жатқанының айқын белгісі екені күмәнсіз.
Астана төрінде Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай, Қайрат Сүгірбеков фестивальдарының дүркіреп өткені жұрт жадында.
Енді, міне, Нұрқанат Жақыпбай фестивалі тұсауын кесіп отыр.
Күні кеше ғана Алматының аспанын ән мен жырға бөлеп, бір премьерадан соң екінші премьераға шапқылап, бір жыр кешінен соң екінші бір жыр кешіне асығып жүретін жігіттер, міне, жетпіс дейтін биікті бағындыру үстінде… Осындай ел құлағын елеңдетіп, әдебиет пен өнер дейтін егіз ұғымның абыройын көтеру үшін тер төгіп, тебінгісін термен майлаған ұрпақтың бір өкілі өнер олимпінен көрінген сәтте Астанаға Алматыдан сәлем жолдап, осы бір шағын мақаланы асығыс жазуға отырдым.
***
Есіме өткен ғасыр түсті…
Әуелі…
Нұрқанатпен бірге жүріп, еншімізге тиген уақыттың жүгін бірге көтерген достар түсті есіме…
Алматы, Алатау, Хан Тәңірі, Қарқара, Мыңжылқы елестеді.
Осыдан бірер жыл бұрын Босатқан дейтін құрдас жігіт арнайы шақырып, Нұрқанат екеуміздің отбасымызды Қарқара төрінде қонақ етті… Гу-гу әңгіме… Әзіл-қалжың… Кездесудің алғашқы күні аяқтала бере Босатқан менен:
– Нұрлан-ау, мына құрдас өзі сөйлей ме? – деп сұрақты төтесінен қойып қалды. Нұрқанат жымиып күлді де қойды.
Мен Босатқанның қалжыңына-қалжыңмен жауап қайтардым:
– Сөйлейді!.. Көкесін түсіріп сөйлейді, – дедім.
– Ендеше?.. Бүгін күн ұзаққа бір ауыз сөз айтпады ғой бұ шіркін.
– Бүгін Нұрқанаттың сөйлемейтін күні… – дедім.
– Сонда… Сөйлейтін күні қашан?
– Алда… Әуелі таныс. Сонан соң, көресің… – дедім: Нұрқанат Жақыпбайды сөйлету үшін не оның жүрегіне жол тауып сырласу керек, не театрына барып, спектакльдерін көру керек, – дедім бұрылып.
Сөйткен Нұрқанат араға жылдар салып, достарына, елі-жұртына театр авансценасынан сөйлей бастады. Міне, Астана төрінен сөйлеп жатыр. Өнерімен сөйлеп жатыр.
Иә…
Бүгінгідей адам ойы мен санасына ырық бермей, біресе ойға, біресе қырға, біресе алты құрлықтың ана қиырына, біресе мына қиырына сүйрей жөнелер жаһандану дейтін жұмбағы мен сыры қалың дәуірде сырласуға да, театрға баруға да мүмкіндік бола бермейді. Өкінішке орай, бұл – шындық!.. Әйтеуір ақталудың жолы қалай мол болса, театр дейтін сұлулық әлемінен кешірім сұраудың да сылтауы солай жетіп артылады…
Оның үстіне… Нұрқанат та, Нұрқанаттың нұрлы кеңістігіне қанат бітіріп, тел қозыдай тең өскен осынау дос-замандастың аты мен абыройын ұлттық сахна өнерінің алдыңғы сапына алып шыққан Нұрқанаттың театры да Алматыда емес, Астанада… Сырласуға, Астананың Жастар театры ұсынар сұлу ой мен сымбатты қимылдың өрісі бөлек өзгеше әлеміне енуге, турасын айтсақ, екі қала арасындағы қашықтық қол байлау болып отыр.
Бұл да – шындық…
Бозбала күннен білетін досыңмен анда-санда бір ұшырасқаныңды місе тұтып, аз көрсең де көңіл көгін мұң мен қуанышқа, қайғы мен шаттыққа қатар бөлейтін жаратылысы бөлек замандас өнеріне риза боласың… Театр залынан шығып бара жатып, өзіңе-өзің іштей сан мәрте кейіген сәттер еске түседі. Мына қамшының сабындай қысқа өмірдің жетегінде жүріп, қаншама жанды байытар, жүрекке қанат бітірер айлар мен жылдарды алыстатып алғаныңды ойлайсың.
Бұл, сайып келгенде, Нұрқанаттың нұрлы әлемінен кейінгі жан ахуалы… Өмір мен өнердің шуағына қатар шомылып, жоғалтқаныңмен қайыра көріскендей, іздегеніңді тауып, өзіңмен өзің оңаша қалар ғажайып бір сәтпен қайыра қауышқандай күй кешкізетін де сол әлем… Спектакльдегі жалғыздықтың жаралы сәт-сағаттарынан рахат табар кейіпкерлердің болмысын көркем кейіптеу үшін сахнаның сиқырлы сыры мен көзге көріне бермес жұмбағын қатар өрген, ой мен сезімнің, сөз бен қимылдың үйлесімін жымдастыра өрген, шашасына шаң жұқпас шеберлікке қалай ғана тәнті болмассың?! Біресе Аймен, біресе Жермен, біресе көлмен тілдесудің жан арпалысын, жан азабын, жан рахатын қатар кешкен, жұмырбас пендеге ғана тән қайғы мен қасірет құндағына таңылған, Абай сөзімен айтқанда, махаббат дейтін «тілсіз тілдің» бақытына бөленген пенделіктен арылу сәт-сағатының қалай «тұтқыны» болғаныңды қайтып ұмытуға болады?!
Мына қатыгездігі мен қаталдығы қып-қызыл өрттей лаулап, бет қаратпас дәуірде адамдарға деген үміті мен сеніміне жел тигізбей жүріп, өмірден ерте озған талантты қаламгер інім Талаптан Ахметжанның пьесасы бойынша қойылған «Сұлу мен суретші» дейтін спектакльді көріп отырып, өз басым осындай күйге түскенімді жасырмаймын… Спектакльдің алғашқы бір нұсқасын Әуезов театрынан көргенім есімде. Онда да режиссер Нұрқанаттың ой-сөз-қимыл пластикасын қатар өретін стильдік қолтаңбасына риза болып тарасқан ек. Жәй тараспай, Шолпан, Фаукен төртеуміз түнгі Алматының сұлу кескініне сүйсіне, сұқтана қарап, қыдырыстап жүріп, ойламаған жерден оңаша бір кафеге бұрылғанымыз есіме түсіп отыр… Шампан ашып, арамызда қоңырайып үнсіз отырған мэтрге спектаклі туралы жарысып пікір айтып жаттық. Кезек-кезек… Анда-санда басын изеп, келіскен сыңай танытқаны болмаса, Нұрқанатта қай кездегідей дыбыс жоқ. Әлденуақ: «Бұл – эксперимент!» – деді жерден жеті қоян тапқандай. Ол үнсіздік кеңістігін бұзып, ағынан жарыла сөйледі: «Болашақ театрымның», яғни «Мен» дейтін театрдың стилі, бағыты, бағдары осылай болады бұйырса…» деді.
Кеш бойғы қызу әңгімеден дос-жар адамдардың, сыр бөліскен сәтінен есімде айрықша қалғаны осы! «Мен» және «менің театрым» деген үш ауыз сөз. «Мен» театры дегенді бұрын да ауық-ауық естіп жүретінмін… Бірақ өзінің бүкіл жастық шағы, жалынды кездері мен ел танып, жалпақ жұрт өнерін мойындаған Ғабит Мүсірепов театрын көзі қиып, Нұрқанат өзге театрға, тіпті өзге бір қалаға кете қояды деп ешкім ойлай қойған жоқ. Солай ойлай қоймағанның бірі – менмін…
Өйткені…
Нұрқанат екеумізді алғаш таныстырған да, табыстырған да осы қадір-қасиетінен айналайын ТЮЗ дейтін киелі өнер ордасы еді…
Қаз-қалпы есімде…
1970 жылдың көктемі. «Қазақстан пионері» газетіне орналасқаныма үш-төрт ай болған жас журналистпін. Бас редакторымыз Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов: «Нұрлан, сенің өнерге, театрға бейімің бар секілді… Биыл Балалар мен жасөспірімдер театры өзінің жиырма бесінші сезонын ашады. Сол қарсаңда балалар театры туралы көлемді материал ұйымдастыр» деді.
Артта қалған студенттік бес жыл бойына қос театр босағасын тоздырған сұлулыққа деген іңкәрлік мені қаланың қақ ортасындағы ТЮЗ-дің (өкінішке қарай, жер жетпегендей нарық дәуірінің арқасында орнына оқырайып биік қабатты жаңа тұрғын үй түскен) ғимаратына алып келді. Материал репортаждық стильде, ара-тұра сұхбат араласқан күйде газеттің екі бетіне жарияланды. Осы күнде арамызда жоқ Әмина Өмірзақова, Бәйділдә Қалтаев, Аққағаз Мәмбетова, Қасым Жәкібаев, Сәлима Саттарова, Мәкіл Құланбаев, Жамал Бектасова, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәриям Жақсымбетовалардың, сондай-ақ арамызда жүрген Роза Әшірбекова, Шапай Зұлқашевтардың дүркіреп тұрған кезі… Біразынан сұхбат алдым. Осы топтың ішінде менің есімде айырықша қалғаны – көзі тұнық, қимылы ширақ, көкірегі ояу, театр босағасын аттамай жатып, Ғани, Сәкен, Махамбет бейнелерін сомдай бастаған жас актер Нұрқанат Жақыпбай. Көрсең – көз тоятын, сымбат десең, сымбат, дауыс десең, дауыс, бой десең, бой бар… Театр тілімен айтқанда, фактурасы келіскен жігіт!
ТЮЗ дегеннен шығады…
Жалпы өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары ұлттық драма өнерінің бағыты мен бағдарын анықтауда жетекшілік рөл ойнаған қос театрымыздың бірінен саналатын ТЮЗ репертуары жағынан да, актерлік мәнері мен режиссурадағы жаңашылдығы тұрғысынан да дараланып тұратын. Әбділда Тәжібаев, Шахмет Хусайынов, Әлжаппар Әбішев, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхаметжанов, Садықбек Адамбеков, Сафуан Шаймерденов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Әнуар Әлімжанов, Мұқаметқали Хасенов, Оразбек Бодықов, Баққожа Мұқаи, Роллан Сейсенбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Әділбек Тауасаров пьесалары театр жарнамасына әр беріп тұратын. Мен-Дон-Ук, Есмұхан Обаев, Виктор Пұсырманов, Маман Байсеркенов, Қадыр Жетпісбаев, Райымбек Сейтметов секілді белгілі режиссерлердің ойы мен қиялы тербеткен сахна туындыларына жұрт ағылып жататын. Әлгі айтқан актерлеріміздің ізін қуа келіп, осы жылдар ішіндегі дебюттік қойылымдар мен премьераларға актерлік жаңа мәдениет, соны сипат берген Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінәбиева, Лидия Кәденова, Балтабай Сейтмамытов, Гүлжамал Қазақбаева, Кәдірбек Демесінов, Шолпан Сіргебаева, Тұрсын Құралиев, Райхан Халиолдиналар театр авансценасынан енді-енді көріне бастаған еді.
Сол жылдарда әкемтеатр мен жастар театрының арасында шын мағынасындағы шығармашылық бәсеке, жарыс бардай көрінетін… Жақсы бәсеке! Өнерге қанат бітірер бәсеке! Театрдың өрістеп, өркен жаюына мұрындық болар кәсіби жарыс! Өнер жарысы!
Жақыпбаев сомдаған жарқын, жақсы рольдердің дені осы кезеңде өмірге келді. Көрермен көңілінен шығып, театр мамандарының жылы қабағы мен жоғары бағасын алған бейнелер қатары молайды. Сол кезеңнен менің есімде қалған екі рольге тоқтала кеткім келеді. Біріншісі – Маман Байсеркеұлы қойған Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларындағы» Еркебұланның (Сәкеннің прототипі) бейнесін сомдауы. Менің сүйінгенім – Нұрқанаттың пьеса айналасында шектелмей, Сәкенге қатысты арғы-бергі әдебиеттермен танысып, монографияларды оқып, барынша үңгіп, ізденгені. Маман ағасы екеуінің түн баласы ұйқы көрмей, күрделі дәуірдің қиын мінезін талдай отырып, ұлы тұлғаның жан дүниесін ашуға ұмтылғаны.
Спектакль сәтті қойылды. Сәкенді көрген қарттардың біразының аман кезі. Солардың бірі – Әлжаппар Әбішев. Премьерадан соң: «Айналайын, Нұрқанат, мың жаса!» Сәкенімізді қайыра тірілттің ғой…» деп көзіне жас алғаны есімде. Екіншісі – өзімнің тұңғыш пьесам «Шырақ жанған түндегі» Таңаттың рөлін ойнауы. Осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын Вениамин Ким қойған спектакльдің көрермен көңілінен шыққаны – театр тарихына айналған әңгіме. Досхан, Ғазиза, Нұрқанат және театр майталманы – Қасым Жәкібаев (бірінші құрамдағылар) сомдаған Сағын, Нұргүл, Таңат, Көрші бейнелері қаз қалпы жадымда. …Бұл да ұзақ әңгіме. Менің бұл арада айтпағым: актер-Нұрқанаттың ойы мен бойын қасаңдық қорығына қамамай образ табиғатын ашу үшін еркін қимылға, көркем ізденістерге батыл барғаны. Ел санасында қаһарман-кейіпкерлер сомдаушы ретінде қалыптаса бастаған актердің күтпеген жерден сұлулық көрсе, есі кете елітуге, елітуінің төркінінде кіршіксіз тазалық жасырынған бозбала жігіттің ахуалын соншама нәзік, соншама сыршыл, соншама нанымды етіп бейнелеуі көрермен көңілін баурап алды. Бұл талантты актерді жаңа қырынан тануға жол ашты. Актер бойындағы пластикалық мүмкіндік молынан танылды.
Бүгінде, ойлап отырсам, күллі өнері мен өмірі адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарын ашуға, сол арқылы мына ұлы дүниенің ой мен қиялға бағына бермес жұмбағын зерттеп, сырына бойлауға сарқыла жұмылған, театр дейтін киелі дүниені соған бейімдеген режиссер – Нұрқанаттың қазақ театрына құбылыс болып енген, ешкімді қайталамайтын қолтаңбасы өз бастауын сол өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарынан алғандай елестейді.
Иә…
Қазіргі қазақ театр өнерінің шекара асқан абырой-беделін қабырғасы қайыспай көтеруге жараған Астана Жастар театрының ел ауызында жүрген аңызға пара-пар ақиқатының жолы оңай болған жоқ. Осы бір «ақиқаттың жолы ауыр» дегенде менің есіме ылғи кешегі қазақ ТЮЗ-інің сахнасына сән берген Нұрқанаттың Айтматов шығармалары бойынша қойылған «Жан азабы», Оралхан Бөкейдің «Атау кере», Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда», Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» пьесалары бойынша қойылған өрісі бөлек өзгеше дүниелері есіме түседі.
Бұл – кешегі күнгі Нұрқанат.
Бұл – менің есіме түсіп, аузыма ілігіп отырғандары ғана.
Қайран ТЮЗ?!
Қайран қазақы бояу реңі әлемдік ойлаумен үндесе, үйлесе өрілген ескі ТЮЗ-дің майталмандарының ұлттық театрымыздағы орындары ерекше еді ғой. Бексұлтан Жәкеевтің «Әке тағдырындағы» Әке бейнесін сомдаған Бәйділдә Қалтаевтың қайғы мен қасіретке малынған, жанды баурап әкетер қазақы қоңыр дауысы қалай еді?! Әрқайсысынан бітімі бөлек реалистік мектептің иісі аңқып тұратын еді ғой… Дауысы жүректің қыл пернелерін қозғайтын Нұрқанаттың қоңыр үні мен бейне сомдау, кейіпкер кескіндеу мәнерінен өз басым сол ұлы шалдарды естігендей, көргендей боламын әлі күнге…
Кейін актер Нұрқанаттың режиссер Нұрқанат болып, өнердегі өз жаңа сүрлеуін іздеуге бет алған кезінде алдына ақ жол айтып, бата-тілектерін білдірген де осы Мүсірепов театрының тарланбоздары еді…
ТЮЗ біздің ұғымымызда Нұрқанаттың біте қайнасып кеткен ұлы төрі болатын.
Сондықтан…
Бірер жыл өзі көркемдік жетекші болған айтулы театрдан режиссурадағы өз сорабы айқындала бастаған дарынды өнер иесін басқа жаққа кете қояды деп ойламауымыз заңды еді.
Жаратылысынан артық сөзді ұната бермейтін Нұрқанат Жақыпбай үндемей жүріп, ақыры өз Үні мен өз Қолтаңбасын танытар жолды өзі таңдады… Өзі қанаттарын қатайтып, буындарын бекітіп, бойын тіктеткен, ойын түлеткен бір топ шәкіртімен Алматының «тар жол, тайғақ кешулерін» артқа тастап, Елордаға бет түзеді. Шолпаны мен екі ұлы – Алматыда. Үйсіз-күйсіз Нұрқанат – Астанада тұрып жатты. Жаңа театрдың іргесі қаланды. Адалдықтың ақ жолынан аттамауды серт санайтын азамат Астана әкімшілігінің есік, төрін тоздырып жүріп, әуелгі қолы жеткен бірер пәтерге театр артистерін, кіргізді. Жатақхана ретінде пайдаланды. Қалибек Қуанышбаев театрының бір бұрышына қоныстанып межелі мақсаттарын орындауға кірісті… Әртүрлі ғимараттарда репетиция жасап жүріп, жалынды жастардың ыстық жүрегі қалалық театрды өнердің кең айдынына алып шықты. «Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған» дейтін халқымызда ескіден жеткен сөз бар. Нұрқанат мойнына ілген жаңа театрдың қамытын ерінбей-жалықпай сүйреді. Сөйтіп жүріп, қалалық театрды қаз тұрғызды. Бір сөзбен айтқанда, басшы да, қосшы да өзі бола жүріп, өнердің өзегін жалғады… Оқушылар Сарайына ауысып, көздері ашыла бастады… Театр репертуары жаңа дүниелермен толықты. Нұрқанаттың ғарыштық мінез бен ғаламдық ойды игеруге ұмытылған пластикалық шешімдері дүркін-дүркін өтетін халықаралық фестивальдерінің гранприін жеңіп алып жатты. Әрі-беріден соң жаңа дәуір тудырған постмодерндік үлгідегі әлемдік театрлармен қаймықпай тайталасқа түсті.
Үстіміздегі жылы жастар театры өзінің мерекелік оныншы маусымын сәні мен салтанаты жарасқан жаңа ғимаратта қарсы алды.
Театрдың жаңа дәуірі басталды.
Қазақстан театрларының лексиконында «Нұрқанаттың театры» деген жаңа тіркес пайда болды.
Еңбек – ер жігіттің көркі.
Өнер талант пен тағылымға, таным мен талғамға негізделсе, тұлғаның да, тұлға соңынан ерген ұжымның да бағы жанатынына көзіміз жете түсті. Біздің жастау кезімізде «Ефремовтың МХАТы», «Любимовтың театры», «Мәмбетовтің әкемтеатры», «Пансоның театры», «Стуруаның театры» дейтін сөздерді жиі естуші едік… Соңғы оншақты жыл қазақтың өнер әлеміне «Нұрқанаттың театры» дейтін ұғымды енгізгені – уақыт ақиқаты. Соның арқасында талай сәйгүліктің жалын тарап, аламанда жолын ашқан ұлт өнеріне өз қолтаңбасы анық, өз бояу-реңкі қанық спектакльдер келді. Жүйелі, пластикалық бітімі мен болмысы таза жаңа театр келді. Әлемдік классиканың інжулерінен саналатын Шекспирдің «Асауға – тұсауы», Гогольдің «Ревизоры», қазақ драматургтерін жаңаша оқу кеңістігіне жетелейтін Әбіш Кекілбайдың «Абылай ханы», Бердібек Соқпақбаев, Сұлтан Раев, Оралхан Бөкеев, т.т. авторлардың театр репертуарынан берік орын тебе бастауы – игілікті оқиға.
***
Өнер дейтін асау мінезді хас тұлпар.
Асауды жуасытып, бағып, баптап аламанға қосу үшін уақыт керек. Уақыт – талант, уақыт – парасат, уақыт – ізденіс, уақыт – ой, уақыт – сезім, уақыт – ұлы махаббат! Осынау бай палитралы кеңістікті ырықтау үшін, ең бастысы, Мінез, Төзім дейтін қос компоненттің болғаны ләзім. Сонда ғана өз кәсібіне, өз ісіне бар болмысымен кіршіксіз адал адам ғана Тұлға дейтін биікке көтеріледі. Өнер атты асаудың ноқтаға басын іледі. Асауы ноқтаға үйренгенше өнер дейтін әлемнің онсан қиындығын басынан өткереді. Жығылады. Сүрінеді. Уақыт топырағына аунап, сілкініп, қайта тұрады. Уақыт рухын шақырып, еріне қайта қонады.
Нұрқанаттың өнері – Уақыттың аламанында суырылып алға шыққан хас тұлпардың мінезіндей хас өнер екені анық!