Тұлғаны тану – ел мерейі
Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған Алаш қайраткерлерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрметпен аталады. Ол кісіні ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тануға тек еліміз дербес саясатын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.
1926 жылдың наурызында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде түркі тілдес халықтар бірі екіншісімен тілдескенде өзара тез түсінісіп, бауырлас халықтар екендігін сезіне білулері үшін ортақ жазба қарпі қажеттігі алғаш рет көтерілген болатын.
Бұл съездің жұмысына 131 түркітанушы ғалым, мұғалім, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, т.с.с. қатысқан болатын. Олардың арасында 5 қазақ – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омаров және Бай-Сейдули Азиз болды.
Осы съезде түркі тілдес халықтардың жазбасын араб әліппесі негізінде жасақтауды жақтап сөйлеген кейбір ұлт өкілдерінің пікірлерін сынап, түркі тілдес халықтардың барлығының бір қаріпті – латын қарпін қабылдауын негіздеп сойлегендердің бірі Нәзір Төреқұлов еді. Ол: «…Ең алдымен түрктанушылар съезінің бүкіл түркі дүниесі үшін ерекше прогресті революциялық факт болғанын қадай айтқым келеді, мұны мына мағынада түсіну керек: бұл съезде ескі араб жазуын қолдайтын бірде-бір үн шықпады, демек ескі араб сауатының күні өткені, арамызда біржола кеткені деп түсіну керек.
…Бәсекеге түскені тек екі әліпби, бұл – реформаланған жаңа араб әліпбиі және латын әліпбиі… Ұлттық рухқа, барлық талапқа сай, «тарихи тамырлы» әліпби – Құран жазуы емес, латыншаға негізделген, жаңа жазуды ең заманауи, мәдени және техникалық негізде жасауға мүмкіндік беретін жаңа әліпбиі», – деген болатын.
Яғни ол, латын әліпбиін қолдады. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде оқулық жазды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра Морфологиялық зерттеу жүргізді. «Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітаптар ұйымдастырып, басып шығарып отырды.
Н.Төреқұлов тіл, өнер–білім жөніндегі өз толғауын келесі тұрғыда айтып өтті:
1. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді.
2. Елдің елдігі, теңдігі өнер-білімге байлаулы. Сондықтан ел бастайтын сауатты оқығандарды көптеп шығару, дайындау керек.
3. Орталық үкіметтің жарлықтарын әрбір ұлттық топтардың тұрмыс ерекшеліктеріне лайықтауға әсер етеміз. Бұл ұлттық бөлімдерді (қазақ, өзбек, түркімен) ашу кезінде біз осындай мақсатты алға тартқан едік.
4. Алдымен айтып алайық, патша үкіметі Ресейде орыстан басқа ұлт бар деп білмейтін, білгісі де келмейтін еді. Патшаның мақсаты мынау: бұратаналардың біржолата тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу.
5. Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға, әдебиеттің жоқтығы секілді бөгеттермен арпалысуға тура келіп отыр.
6. Көп шетел сөздері, терминдер қазақ тіліне қазақ тұмағын кимей кіріп барады. Басқаның сөзін бұзбай айтамын деп тіліңді бұрап жүргенде, өз тіліңнен айырылып қаларсың.
Нәзір Төреқұлов Қазақстандагы алғашқы баспагерлердің бірі. Ұлт республикасында баспа ісін ұйымдастырушы болған ол Мәскеуде 1922-28 жылдары «Күншығыс халықтары Орталық баспасында» бас редактор болып істеді. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Қазақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вилданов секілді түркі халықтары ардақтыларын шығармашылық іске тартты. Міне осындай білімді зиялыларды кітап шығару ісіне қатыстыру арқылы Н.Төреқұлов Шығыс баспасының жұмысын жандандырып жіберді, ұлт тілдерінде жазатын қаншама жазушы, ғалымдардың елге танылуына жәрдемдесті. Нәзірдің бұл әрекеті ұлт саясатын тар мағынада формальды түрде жүргізіп отырған кеңес үкіметінің басшыларына ұнаған жоқ.
Н.Төреқұловтың оқу–ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. Осы ұлттық мамандар арқылы ұлттық мектептер ашуға, әр ұлттың өз тілінде білім алуына баса назар аударды.
1925 жылы өткен І бүкілодақтық мұғалімдер съезінде жасаған
Н.Төреқұловтың «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндамасының басты қағидалары келесі тұрғыда болды:
1. Ұлттық мәдени-ағарту мекемелерінің қолдағы бар жүйесі орнықтырылып, ол мемлекет бюджетінің есебінен біртіндеп кеңейтілсін.
2. Аса мұқтаж болып отырған аудандарда ұлттық мектептерге арналған ғимараттар салу туралы мәселе кезекке қойылсын.
3. Тұрмыстық салт–дәстүр салдарынан ортақ мектептерде әйелдер бірге оқи алмайтын ұлттық республикалар мен облыстарда (Орта Азия республикалары, Әзірбайжан) әйелдерге білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінсін.
4. Кеңес өкіметінің жергілікті органдары арқылы, ұлт мұғалімдерінің белсене атсалысуымен ұлттық мектепке көмектесетін әртүрлі қоғамдар ұйымдастыру жолымен бұқара халықтың оқу-білімге қазірдің өзінде байқала бастаған ынтасы барынша пайдаланылсын.
5. Ұлттық республикаларды, облыстарды және аз ұлттарды шаруашылық жағынан өрлетуде айрықша маңызы бар арнайы кәсіптік–техникалық және ауылшаруашылық мектептерін дамытуға ерекше көңіл аударылсын.
6. КСРО-ның барлық ұлт мұғалімдері орыстармен қатар деревняның қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырылсын (ликбездер, сауатсыздықты жою қоғамдары, кооперативтер, т.б.).
7. Ұлттық педагогикалық техникумдар мен мұғалімдер институттарының жаңа мұғалім кадрларын дайындаудағы жалпы жұмысымен қатар, қолдағы бар мұғалім кадрларын жыл сайын және жүйелі түрде қоғамдық–саяси тәрбие ғана емес, педагогикалық тәрбие беру тұрғысынан қайта даярлау курстары ұйымдастырылсын.
8. Таңдаулы ұлттық және аз ұлттар мектептері мен мұғалімдерін жүйелі өсіріп отырудың барлық шаралары қолданылсын; жергілікті баспасөзде ұлттарды ағарту ісіне қазіргі кеңестік жұртшылықтың өзекті мәселесі сипаты берілсін.
9. Орталық пен жергілікті жерлерде баспа жұмысын күшейтуге барынша көңіл бөлініп, мемлекеттік баспалармен қатар әрқилы ұлттық кооперативтік баспалар мен ұйымдардың бастамасы мен қызметін пайдаланып, ынталандыру арқылы ұлттық мектепті оқулықпен, кітаптармен, көмекші құралдармен, мұғалімдер басшылыққа латын арнайы басылымдармен неғұрлым толық қамтамасыз етудің барлық шаралары қолданылсын.
Нәзір Төреқұлов небәрі 36 жасында Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу әншейінгі кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті. Жоғары білімі мен біліктілігіне қоса, шығыстың діні мен тілін түсініп, терең құрметтеген Н.Төреқұлов шығыс адамына тән мәмілегерлік талантын толық ашып көрсете алды. Сауд Арабиясы Королінің отбасына ықпал етудегі Ұлыбритания өкілі мен Кеңестер Одағының өкілі арасындағы бәсеке біздің қандасымыздың үлесіне шешулі оның табиғи мәмілегерлік қасиеттерін, қажырлы еңбегін көрсетеді.
Сонымен, Н.Төреқұловтың КСРО дипломатиясы мен саяси тарихындағы алар орны ерекше екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бірақ, осыншама еңбек атқаруына қарамастан, Алаштың абзал арыстары С.Қожанов, Т.Рысқұлов,
С.Сейфуллин сияқты Н.Төреқұлов та Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болды. Бір айырмашылығы, Н.Төреқұлов дербес мемлекет құруды армандаған Алаш ордалықтардың құрамында болғаны үшін емес, мұсылман елдер өкілдерімен тығыз байланыста болғаны және мұсылмандьқ дінді сақтап қалуды үгіттегені үшін кеңестік жендеттердің қолдарынан мерт болды.
Халқына қалтқысыз қызмет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған Алаштың адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жарқырай бермек. Оның өнегелі мұрасы тек қазақ дипломатиясына ғана емес, келешек сабырлы да салиқалы саясатымызға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұғыры биік асыл тұлға азаматын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Ұлт тұлғасын ұлықтау – ел мерейі. Ер есімі ел есінде және болашақ ұрпақтың жадында нақышпен тасқа жазылғандай мәңгі қала бермек.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
«Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қорының Президенті.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.