Жаңарған Жайық
немесе ӨРКЕНИЕТ ОРДАДАН БАСТАЛАДЫ
Сара ЛАТИЕВА,
мәдениеттанушы, жазушы
Ауылда туып өсіп, қалада тұрғысы келетін адамдар болады. Соның бірі өзіммін. Сөйте тұрып туған жер десе елеңдеп, бір тиын пайдам тимесе де, соның ауа райын тыңдап, шаруашылығы жайлы жаңалықтарына құлағымды түріп, жақсылығына марқайып, өзім бірдеңе бітіргендей әлдеқандай болып қаламын. Туған жерім – Бөкей Ордаға қарай жиналғанда көңілім көтеріліп, ерекше желпініс пайда болады. Ондайда алыс жолдың жайсыздығы, ауа-райының қолайсыздығы тіпті еске түспейді. 1965 жылы білім іздеп Алматыға кеткеннен бері тіршіліктің әрқилы жағдайларында, іссапарларда туған жерге қанша рет келіп кеттім. Соның бәрінде көк сағым болып қарсы алатын Орданың қарағайларын көргенде жүрегім лүпілдей қуанып, кетерде жүрегім шымырлай қоштасамын. Осы көктемде «Жайық өңірінің жылнамасына 100 жыл» деген тақырыпта Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің шыға бастағанына ғасырдан асып бара жатуына орай «Жайықпресс» ЖШС Бас директоры Жантас Сафуллин біраз әріптестерімен бірге келіп, Алматыдағы «Ғылым ордасының» кітапханасында бірнеше кітаптың таныстырылу, тұсаукесер шарасын өткізді. Бұлар 1911-13 жылдарда Оралда шығып тұрған «Қазақстан», 1917-18 жылдардағы «Ұран», 1918 жылғы «Хабар- Известия», 1919 жылғы «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», 1919 жылғы «Дұрыстық жолы» газеттерінің кітап етіп шығарған нұсқасы және «Қос газеттің тарихы – История двух газет» деген кітаптар болатын. Бұл кітаптар мұрағаттағы газет тігінділерін тірілтіп, бүгінгі күнгі оқушылар мен ізденушілердің рухын ояту үшін облыстық ақпарат саласындағы қызметкерлердің соңғы 4-5 жылда тындырған жұмыстары. Алматыдағы кездесуге арнайы келген белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, өлкетанушы Мұратбек Жахатовтардың әрқайсысы қазақтың қазақтық рухының көтерілуіне үлес қосып отыр.
Ауыл мен үшін Оралдан, нақты айтқанда пойыздан түсіп, вокзалдан қалаға шыққанда-ақ басталады. Өйткені дәл осы вокзал алаңынан Жайыққа қарай жарыса қаланың екі үлкен көшесі жол тартады. Соның бірі – Фурманов көшесімен барып-барып үлкен көпірден өтіп, реті келген көлікпен ауылға тартамын. Тәуелсіздіктің бір белгісі – Фурмановты Құрманғазы деп ауыстырғанында. Міне, осы әруақты бабамыздың көшесін бойлай басталған жолмен, немесе жолсызбен, бұл енді ауа райына, жыл мезгіліне қарай құбыла береді, ұзақ па, қысқа ма – жүріп өтіп Хан ордасының жолмен жалғасып жатқан көшесіне кіріп келеміз. Асфальті жоқ дала жолының өз заңы болады. ХХІ ғасырда да ол заң әлі өзгерген жоқ. Бұл жолды 7-8, 10-12, тіпті бір жолы 26 сағат жүріп жеткенім бар. Соның бәрінде де сонау қырдың басынан Орданың қарағайлы орманы мұнартып көрінгенде көңілім алабұртып, ауыл шетіне жеткенде бүкіл жол азабы деген ұмытылып кететін. Қанша келіп, қанша кетсем де солай. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген осы да. О баста Хан ордасы қала болып салынған бұл мекеннің басынан осы 190 жылда не өтпеді?! Қоғамдық құрылымның өзгергенін, дауылдатқан ақ пен қызылдың шайқасын, жаһан соғысының бомбасын, сол соғысты болдырмау үшін керек деген әскери полигонның тепкісін бастан өткізіп, соның бәрі осы қазақ даласында болғанының тірі куәсіндей дүр сілкініп, рухани жадын жаңғыртуға көшті. Сөз басында айтылған 100 жылдық тарихы аталып жатқан басылымдардың біразын шығарған типография ғимараты, Жәңгір училищесі, Тарғын мектебі, Қыздар мектебі ғимараттары да сақталған. Солардың әрқайсысында әр сыныпта өзім де оқығанмын. Қазір толық қалпына келтірілген бұл мектеп ғимараттары Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне қарайды. Бұл Бөкей – қазақ топырағындағы алғашқы өркениет Ордасы! Мұнда не жоқ дейсіз? Тұңғыш банк сарай, алғашқы медициналық орталық та осы Мәншүк пен Сейтектің елінде болған.
Бұрынғы бай совхоздың орны, орман шаруашылығы бар, өңірге белгілі емхана, ауруханасы жұмыс істеп тұрған, мың жарымнан аса бала оқитын қазақша, орысша орта мектебі бар Орда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да онша абыржи қойған жоқ. Көре-көре көсем болды ма, әйтеуір бес мыңнан аса халқы бар Орда сол қиындау кезеңнен теңселсе де құламай, рухын сақтап өтті.
Сол жылдарда Батыс Қазақстан облысына Қырымбек Көшербаев әкім болып барды. Сол кезде экономикалық ахуал да айтарлықтай көтеріліп, әкімнің игі ниеттеріне қолдау болды. Тәуелсіздік тарихындағы театрға арналған тұңғыш ғимарат осы Оралда бой көтерді. 1932 жылы ашылған қазақ драма театры түрлі себептермен Гурьев облысаралық қазақ музыкалы театрына (қазір Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театры) қосылғаннан кейін қырық жылдан аса уақыт өткен соң ашылған қазақ театры қаланың шет жағындағы мәдениет үйін мекендеп келген болатын. Сол өнер ордасына Оралдың қақ ортасынан эстетикалық көрінісі көз қуантатын, қазақы рухы көңілді марқайтатын айта қаларлықтай әдемі, сыртқы көрінісі мен ішкі мазмұны мінсіз үйлесімді ғимарат орын тепті. Ашылуына Елбасының өзі қатысып құттықтауы елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Әр өңір өз аймағынан шыққан дарынды, шығармашылық тұлғаларын өзі қамқорлыққа алсын деген пәтуамен әкім Алматыға арнайы келіп, мұнда тұратын өнерлі, елге айбын боларлық тұлғалардың біразымен кездесіп, туған жерге шақырды. Шақырып қана қойған жоқ, кездесуде берген уәдесін толық орындады. Бұл кездерде 1928 жылы ашылған Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтынан кейін елімізде екінші болып есік ашқан жоғарғы оқу орны, Оралдағы байырғы педагогикалық институтына Махамбеттің аты беріліп (бұрын Пушкин атында болатын), Оралдың ауылшарушылық институтына Жәңгір хан есімі беріліп, екі оқу орны да университет дәрежесіне ие болды. Ауылшаруашылық білім ордасы алдына Жәңгір ханға ескерткіш қойылды. Бұл баяғыда қайтыс болғанда қойылып, кейін мазарын бұзғанда құлап қалған құлпытастан соң ханға қойылған бірінші ескерткіш. Осындай елдікті көтерер қызметтеріне риза болған халық Қырымбек Көшербаев басқа жұмысқа ауысып кетерде «Өлі-тіріге көрсеткен құрметің қашан да алдыңнан шықсын, халыққа еткен қызметің абыройыңды асырсын» деп батасын берді. Ол да толқып тұрып: «Бұл өңірдегі қызметімді ылғи алғыспен еске алып жүремін, бұдан былай қайда жүрсем де Оралдың бір уыс топырағын жанымнан тастамаймын» деп қимай қоштасты. Бұл тілді, ділді түсінетіндер үшін өте салмақты сөз.
Қалай десек те Көшербаев рухани құндылықтарды құрметтеу бағытында жақсы жол бастап кетті. Марат Бисенғалиевтің ұйымдастырумен Орал облыстық филармониялық оркестрінен кейін, облыстық филармония жанынан қазақтың төре күйлерінің көшбасында тұрған Дәулеткерей атында қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырылды. Ешқайда ат шаптырып адам іздемей-ақ оркестрге лайық өнерпаздар облыс аясынан іріктелді. Құрманғазы оркестрінде қызметте жүрген Қырымгерей Қажымов көкеміз шақырылып, өнерімен де, ұстаздығымен де, шеберлігімен де көкелік дәрежеге жетті. Сөз арасында айта кетейік, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атау тұсында екі оркестр бір топ әншілерімен келіп, Алматының өнерсүйер қауымын бір сілкіндірді. Өнер барда халықтың рухы мұқалмайтынын тағы бір дәлелдеді.
Шаруа бір адаммен, тіпті ол әкім болса да, бітпейтіні белгілі. Тағайындалатын лауазым болған соң әкімдер келеді, кетеді. Ел қашан да орнында қалады. Әкімнің міндеті сол елдің қажетіне қарай іс-шараны ұйымдастырып, жергілікті ресурстарды пайдаға асыру. Соған қоса аймақтың шаруашылығын, экономикасын, өнері мен білімін тұтас қамтып өркендетуге жағдай жасау. Бақтықожа Ізмұхамбетов жоспарымен келген әкім ғой деп шамалаймын. Өйткені келген бетте халықпен кездесуінде «облыстың барлық елдімекендеріне газ жеткізуге уәде беремін және жергілікті мамандарды осы шаруаның тиісті дәрежесінде орындалуына жұмылдырамын» деп уәде берді. Біріншіден өзі Уфаның мұнай-газ институтын бітірген маман, екіншіден Қиыр Шығыстан келіп тұрған жоқ, көрші Атыраудың тумасы, яғни жер жағдайын, бұл елдің тұрмыс ахуалын бір кісідей біледі.
Жүйелі түрде кезегімен жүрген жұмыстың нәтижесін әйтеуір бір күні көресің ғой. Кезекті сапармен елге барғанда әркімнің үйіне кіріп тұрған газ құбырларын көріп, жеке танымасам да, Алматыдағы бір жиында кездесіп қалған Бақтықожа мырзаға: «Орданың әр үйінде шай қайнаған сайын Сіздің атыңызға бір алғыс айтылады, уәдеңізді орындағаныңыз үшін рақмет», – деп ризалығымды білдіргенім бар. «Әрине, әр үйге құбырды өзім жеткізіп, бекіттім ғой», – дейді әкім жымиып. Сол жылдарда ақын Қайрат Жұмағалиевке жеке коттедж салып, туған облысы көшіріп алыпты деген жаңалық шыға қалды. Алматыда ерігіп отырған соң елеңдей қаламыз ғой. Және де «Ойпырмай, жеке үй салып көшіріп алғандай несі бар екен, өзінің пәлендей атағы да жоқ» деп ши жүгіртер әңгіме қоса тарайды. Жол түскенде әлдекімдердің қызғанышына себеп болған коттежді көріп, аға-жеңгемізге сәлем берудің реті келді. Айтылған сөздің бәрі рас. «Әуелі әңгіме шыққанда сене қоймап едім. Бір күні Әбіш (Кекілбаев) пен Мырзатай (Жолдасбеков) жүр, кеттік деп ала жөнелді. Сол бетімізбен Оралды қақ жарып өтіп заулап келеміз. Қаланың шет жағы сияқты, тізіле салынған коттедждердің бірінің қақпасының алдына келіп тоқтадық. «Қайреке, үйіңізге келдік, міне кілтіңіз, есігіңізді ашыңыз» дегенде қолым дірілдеп кетті. Есікті ашып қалсам, қақ ортада жасаулы дастархан тұр. Көзімнен жас шығып кетті», – деп ағамыз желдей есіп толқып отыр. Шіркін десеңші…
Біріншіден, Қайрат Жұмағалиев «модный» емес, бірақ бүкіл саналы өмірін әдебиет деп өткізген, соған адал қызмет еткен адам. Екіншіден, осы Орал өңірінен 1952 жылы әскери сынақ полигонына алынған жерлердегі колхоздардың басқа жаққа көшірілген халқының бір өкілі. Әрине ар жаққа өткізіп жіберген жоқ, осы Қазақстанның іші болатын. Бірақ адамның еркінен тыс, оның қалауымен есептеспей, ағайын-туғанынан ажыратып, топырлатып апарып төге салу нағыз зорлықтың қорлығы еді. Мұңын тыңдайтын ешкім жоқ, жалпы көштің арасында жесір әйел, жетім бала кете барған. Енді міне, ел есін жиып, өз ерлерін іздейтін заманда, салт басты, сабау қамшылы біреу емес, ел танитын ақын, қоғамда орны бар қайраткер, жеті баласынан өрген немере-жиендерін ертіп бір қауым ел болып келіп тұр. Бейнелеп айтқанда, көшкен елге ілесіп кетіп еді, көшкен елдей болып оралып тұр. Ақынды таныған, азаматты түсінген, келер ұрпақтың көңіліне сенім ұялатқан әкімге қалай риза болмайсың. Шындығында бұл өткен кезеңнің әділетсіздігі үшін биліктің халықтан кешірім сұрағандай, бүгінгі ұрпақтың рухын көтергендей бір іс еді. Әрине, ол кездегі шаруға бұл әкімнің еш қатысы жоқ. Бірақ бүгінгі күнгі билік қатарында жүрген адамның әділетті орнатуға тәуекелінің жеткенін Азаматтық деп бағалаған дұрыс. Уақыт өтеді, қызмет қолдан қолға ауысады, бірақ әркімнің артында өзі атқарған игі істері қалады.
Осындай жарқын жаңалықтардан кейін, Алматыда отырып қарадан қарап өзім желпініп жүретін болдым. Елді дүр сілкіндірген жақсы жаңалықты келесі әкім Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтің тұсында естідік. Оралда «Қазақтың Қадыры» атанған философ ақын Қадыр Мырза-Әлінің атында мәдени орталық салынады екен, соған ақынның кітапханасы көшіріледі екен, деген әңгімелер шынымен назар аударуға тұрарлық еді. Көрінген таудың алыстығы жоқ деген, сол орталықтың ашылғанын, жолы болғандардың көретін сәті де келді. Көне грек амфитеатры жобасында салынған, дөңгелекті қақ жарып амфитеатрды сахнасымен қоса ашық аспан астында қалдырып, екінші жартысына 150 адамдық конференц-зал, үлкен кітапхана орналастырылған, жарты күмбез пішініндегі бұл орталық, өзімізді қойып, айнала көршілердің де ешқайсысында жоқ бірегей ғимарат еді. Ғимараттың айналасы ашық, өзіне қараған аумақта оншақты киіз үй тігіп, Наурыз тойын өткізуге болғандай, немесе арнайы көпшілік қатысатын мәдени-көркем шаралар өткізуге болғандай дайындалған алаңдары бар ыңғайлы кеңістік. Осы алаңның бір қапталында бірінің үстіне бірін қойған кітаптар сияқты ескерткіш тұр. Яғни ең басты құндылық – кітапқа ашық аспанның астында еңселі ескерткіш қойылған. Ал ғимараттың алдындағы алаңның дәл ортасына ақын Қадыр Мырза-Әлінің ойланып отырған ескерткіші орнатылған. Дәл осы 80 жылдық мерейтойға қарай ақынның туған жері Сырым ауданында еңселі ескерткіш ашылды. Өнер туындысы ретінде оның көркемдік шешімі басқа, мұның шешімі басқа. Бірақ жұрт танитын белгілі тұлғаға қойылған ескерткіш ретінде екеуінің де ақынның суреткерлік болмысын ашып берудегі шеберлікті, мүсін мен кейіпкердің ұқсастығын, ескерткіштердің тұрған жерлеріндегі ландшафтпен табиғи үйлесімін, өнер туындысы ретінде көрушілерге сыйлайтын эстетикалық ләззатын, рухани байлығын көзі көргендердің барлығы айтты. «Ой-бой, сенің Оралың бай ғой тіпті, бір күнде бір ақынға екі бірдей ескерткіш орнатыпсыңдар» деп Алматыда мені құттықтаушылар табылды. Енді желпінбей көр! Жәй ғана ескерткіш пе?! Ақын атында әдеби-мәдени тұтас орталық ашылып отыр ғой. Адамның өмірі өлшеулі. Бірақ сол адам қолымен жасалған игі құндылықтар халықтың жадымен бірге алдағы ғасырларға озып, болашақ ұрпақтың рухани қажетін өтейтінін ойласақ, бұл жұмыстардың бағасын біліңкірейміз деп ойлаймын.
Жалпы Батыс Қазақстандағы рухани жадымыздың жаңғыруына қатысты сөз қозғағанда әңгімені әріден бастаған дұрыс. Елбасымыздың «Қазақ хандарының ішіндегі ең прогрессивтісі Жәңгір» деген пікірі бар. Ол кісі1990 жылы бірінші рет барып Орда аумағын аралап, халықпен ашық пікірлесіп, арғы құмға Қызылағашқа (Орданың полигонға берілген жерінің шекарасы) дейін барып, өңірмен жан-жақты танысқан. Сол жолы Орда тарихи-өлкетану музейінде «Орданың тарихи музейінен зор әсер алдым. Өз елінің, өз жерінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ. Орда жұртшылығына, музей қызметкерлеріне зор бақыт, табыс тілеймін. Н.Назарбаев. 1.09.1990 ж. Орда» деген қолтаңба қалдырған.
Сонан кейін тарихи жадымызды жаңғыртуға қатысты жұмыстар үстеме қарқын алды. Облыс басшыларының мақұлдауымен, жергілікті көнекөздердің жөн сілтеуімен, Қарамолада қалған (бұл да полигонға қарап кеткен жер) күйші Дәулеткерей мен ғалым Салық Бабажановтың жатқан орнын анықтап, мүрделерін Ордаға әкеліп, бұдан сәл бұрынырақ көтерілген Жәңгір хан кесенесінің екі жағына қайта жерлеп, күмбез тұрғызып, бұл орынды Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің толыққанды бөлігіне айналдыруда ордалықтар белсенді үлес қосты. Осы жерде бұл шаралардың басында жүрген, Орданың тумасы, әуелі ауылдың, кейін ауданның әкімі болған Лавр Рашитұлы Хайретдиновтың Жәңгірханға кесене көтерудегі іскерлігін, ұйымдастырушылығын айта кеткен дұрыс. Бұл бір жағынан өз кезінде билігімен, білігімен халқына қызмет еткен ханға халықтың құрметі болса, екінші жағынан қайсыбір ұрпақтың тұсында ханның бейітін құлатып, құлпытысын қиратып тастаған білімсіздік үшін әруақтан кешірім сұрағандай шара еді. Жәңгір хан кесенесінің ашылуына Елбасы арнайы барып, тәуелсіздіктің арқасында Бөкей Ордасы атауы елге қайтарылып, тарихи әділеттің ұзақ жолы біртіндеп жүзеге асырыла бастауына Президент ретінде құрметін білдірді. Ал Лавр Хайретдинов кейін Жаңақала ауданының әкімі болған кезде, Мәмен күйшінің басылып қалған топырағын жиыстырып, зәулім күмбез орнатып, мәдени орынға айналдырды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бақилық болған дәулескер күйші Тұяқ Шәмелев өзінің өсиеті бойынша өнердегі бабасы Мәменнің жанына жерленді. Бірі өткен ғасырда, бірі бұл ғасырда өмір сүрген, бірақ тірісінде күй деген құдіретке бас иіп, қасиетті қара шанаққа шаң қондырмай өткен қос өнерпазға топырақ туған жерден бұйырды. Ілтипатты ұрпақтары бастарына кесене тұрғызып, әрі-бері өткенде тізе бүгіп, дұға бағыштап өтеді. Оралдан Бөкей Ордасына қарай жүретін күре жолдың бойында, Жаңақаланың тұсында сонадайдан еңселі екі күмбез көрінеді. Қазақтың жаны – күй мен күйшіге тұрғызылған күмбездер.
Күй десек Құрманғазы мен Динаға соқпай өту мүмкін емес. Осы жолы Құрманғазы көшесімен бара жатсам, Дина көшесімен қиылысқан жердегі сквердің дәл ортасында тұғырының өзі аумақты, назар аударарлық көрнекті, екі адамды бейнелеген ескерткіш тұр. Жақынырақ барып, алдыңғы жағынан қарасам Құрманғазы мен Дина. «Бұл әкім де күйші болды ғой» деп біртүрлі ішім жылып қалды. Оның мәнісі… Тәуелсіздік тарихында Батыс Қазақстан облысына әкім болған азаматтардың өздері өнерлі немесе өнерге жақын болуы елдің рухани дамуында айтарлықтай игілікке жеткізді деп ойлаймын. Қандай қиын болса да оңтайландыруды желеу еткен науқанда, кітапханалары мен мәдениет үйлерін жаппай жабудан аман алып қалды. Сол рухани ұстанымның әсері болар, өзім білетін Ордада тік көтеріліп қалаға көшу орын алған жоқ. Адам өміріндегі қажеттіліктің бәрі оларға да ортақ екені түсінікті, әркімнің жеке тіршілігі өзінше. «Сананы тұрмыс билейді» деген, мүмкін оған құмның тұрмысқа жағдайлы болуы да себеп болар. Бірақ мен құм халқының салқынқанды салмақтылығы мен жерін сүйген патриоттығы елдің берекесін кетіруден сақтап қалды дегенге сенгім келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы абыржуға қарамастан, қазақ тілінде «Жайық үні», «Ақжайық ұстазы» сынды қалалық салалық газеттер шығып, оларға жергілікті журналистер Ақмаржан Таубаева (дүниеден өткенше) және Мира Шүйіншәлиева редактор болып, оқушыларын қалыптастыра білді. Оралдың «орыстілді» деген лақабына бұл лайықты жауап еді. Көшербаевтың кезіндегі рухани еңсенің көтерілгенін қаланың қақ ортасындағы көсем ескерткішін бір түнде Сырым батырдың айбынды ескерткішімен алмастырудан бастап, қаланың әрбір сквер, шағын парк, алаңқайларының ортасына қойылған тұлғалық, мазмұндық ескерткіштермен жалғастыру дер едік. Олар орталық Абай алаңындағы Абайдың еңселі, тұғырлы тұлғасынан бастап, Жұбан Молдағалиевтің, Ғарифоллла Құрманғалиевтің, Александр Пушкиннің бейнелері болып келеді. Олардың әрқайсысы әржылдардағы тиісті оқиғаларға сай ашылды. Бірақ ортақ игілікке бәрі бірге қызмет етуде. 1969 жылы университет бітіріп, жолдамамен Гурьев (Атырау) облыстық радиосында қызметті бастаған кезде, өнер саласындағы бірінші кейіпкерім домбырашы Әсима Ізмұхамбетова деген апай болды. Өзімше болып барып, таныса келе талып қала жаздағаным бар. Біріншіден, ол кісі бала кезінде Динаны көрген екен, домбыраға назары сол кезде ауған, өзі Бақыт Қарабалинамен бір ауылда қатар өскен қыз. Екіншіден, айтулы домбырашының 10 баласы болады деп ойламаппын. Ал, ол кісінің айтулы болғанда да аймаққа белгілі домбырашы екенін өнерге қатысты қауымнан бертінірек келе қанықтым. Әсима апай болса күйін тартып, әңгімесін айтып, «Үлкен балам Уфада оқиды, құдайға шүкір, содан бастап балаларымның барлығы да өнерден құр емес, бірнеше аспапта ойнайды» деп, аналық және өнерпаздық мақтанышпен таныстырып отырды. Сол үлкен бала Батыс Қазақстан облысының болашақ әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов екен. Облыстық филармонияның жанынан Дәулеткерей атында халық аспаптар оркестрінің құрылуын ол қолдамағанда кім қолдайды?! Ал әкімнің Оралдан Жәнібекке қарай жақсы жолдың құрылысын бастағанын естігенде ерекше қуанғаным өзінше. Осы жолдың құрылысын үзбей, қарқынмен жалғаған Нұрлан Асқарұлы Ноғаевқа да құрметім ерекше. Ол да өнер десе құлағы түрік екенін көрсетіп, облыстық мәдениет басшылығына домбырашылығын да, іскерлігін де сыйлайтын, Жәнібек аудандық мәдениет саласын шын мәнінде өрге сүйреп жүрген Дәулеткерей Атауұлын әкеліп қойғанын нағыз жанашырлық деп түсіндім.
Сонымен Құрманғазы мен Дина ескерткіші. Дау мен жаудан қажыған Құрманғазы бабамыз домбырасын өзінен кейінгі сенімді шәкірті Динаға ұсынып, күйді аманаттап отыр. Көзі көрген жігіттердің ғазиз басы қайда қаларына көзі жетпеді ме, әлдеқандай заманда да қазақтыңқызы ердің сөзін, елдің намысын жерге тастамасын білді ме, әйтеуір күй атасының қолынан алған ұлттық кодын қайсар шешеміз кейінгі ұрпаққа жеткізіп, қолына ұстатып кеткенін біздің көзіміз көріп отыр. Иә, «нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» «Ұлттық код» деп те біз енді ғана, тәуелсіздігімізді экономикалық, қорғаныс, мәдени жағынан бекемдей алатын жағдайда, сол тәуелсіздікке бірінші күннен бастап қызмет етіп келе жатқан Елбасының аузымен айтып отырмыз. Бұл Батыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Алтай Көлгіновтың тұсындағы алғашқы ескерткіштердің бірі. Тағы бірі Ақжайық ауданындағы Ілия Жақанов пен Жұбан Молдағалиевтің «Еділ- Жайық» әніне қойылған ескерткіш. Арғы заманнан қалған сағынышқа десең де, алдағы уақытқа деген арманға десең де сыятын рухы биік, өмірі ұзақ ескерткіш.
Туған жер деп желпінгенде «Біздің орысқолды Оралымыз айғайлатпай-ақ, ақырын жүріп, ақиқатқа жетеді. «Хан ордасын» қайтарып алдық, қалғаны не тұрады. Тіпті Оралдың өзі ашық аспан астындағы ескерткіш» деп есіп кетемін ғой. Айтса да… Құрманғазы көшесін Дина, Мұхит, Сарайшық, Савичев көшелері кесіп өтеді. Былай жүрсең Шағанға қарай Исатай батыр көшесі кетеді. Былай бұрылсаң Қасым Аманжолов көшесіне шығасың, ал анау Қасым тұрған үйдің ескерткіш тақтасы. Мынау ескі ғимарат сол Қасым жұмыс істеген типогрфия. Айтқандай, бүкіл саналы өмірін, өнерінің шырқау биігін өткізген Алматыдан Күләш Байсейітоваға тән бір орын табылмай, «Күләш» телефильмі осы типогрфияда түсірілген. Осы орталықты айнала берсек әлі талай тарихтың шеті шығады. Анау Қасымның көктерегі, анау Хан тоғайы деген сияқты. Ендеше менің сәл-пәл мақтанышыма кешірім сұраймын.
Ауылға келген сайын міндетті түрде Бөкей ордасы тарихи музей кешеніне арнайы барып шығамын. 1962 жылы Мәдениет үйіне жапсарластыра салынған кітапхананың бір бөлмесінде ғана қоғамдық негізде ашылған кезінен бері бұл әдетімнен жаңылғам жоқ. Биыл музейге 17 000 адам келіпті. Тек Қазақстан емес, көршілес Ресейден, тарихқа қызығушы басқа да аймақтардан. Биыл көрген жаңалығым – музейдің орталық ғимаратының қабырғасына алғашқы үш директорға ескерткіш-тақта орнатылыпты. Біріншісі музейді қоғамдық негізде басқарып, қайраты жеткенше елге мәдениеттілік өнегесін көрсеткен өзіміздің Файыз атай. Екіншісі музейдің экспонат қорын байытқан, Москва, Орынбор, Астрахан мұрағаттарындағы Бөкейлікке қатысты көптеген құжаттарды және өңірдегі көптеген адамдардың жеке құнды заттарын музейге тапсыруына себепші болған беделді ақсақал Сиранов Шарап. Үшіншісі Хан сарайының, мешітінің, дәрігер Сергачевтің үйінің, мектептердің жобасының түпнұсқасын тауып, сол бойынша қалпына келтірілуіне, музей қарамағына бірнеше ғимаратты қосуға еңбек сіңірген, мекемені халықаралық Музейлер Кеңесінің мүшесі (ИКОМ) болуға қол жеткізіп, Бөкей ордасы музейлік кешенін Парижде тіркеткен Темірболат Махимов. Бұлардың бәрі де осы жерде туып өскен, білімін, білігін, бар саналы өмірін туған жерге, елге қызмет етумен өткізген азаматтар. Туған жерге туын қисаймастай тігіп кеткен рухы жоғары адамдар. Бұл сапардағы үлкен жаңалық осы болды. Жақсыны жадымыздан шығармау.
Музей кешеніне кіретін тағы бір ғимараттың іргесі көтеріле бастапты. Қысқасы жобадағы жұмыс қалыбында. Ел аман, жұрт тыныш. Мен Орда айналып келгенше Оралдағы Алашорданың 100 жылдығына арналған музей де ашылып, Достық даңғылының бойында қазақтың үш Батыр қызы – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспановаға ескерткіш те орнап қалыпты. Тарихи жадымыз да, тарихқа тағзымымыз да орнында.