Қарымы кең, қабырғалы халық
Адам бойындағы асыл қасиеттердің бәрі – тәрбиеден бастау алатыны белгілі жай. Тәрбие болмаса, мақсат, мұрат, мүдде дегендеріңіз жайына қалатыны да белгілі. «Көргенсіз дегенге арланба, көргеніңнен көрмегенің көп», – деген ұлағатты мақал осыған саяды.
Марат МӘЖИТОВ,
жазушы
Біреу біреудің оғаш қылықтарын көргенде «О, тәрбиесіз» деп зілді сөз айтады. Шалкиіз жырау:
…Тәрбиелі болмаса,
Ұлым бар деп мақтанба, –
Тәрбиелі болмаса,
Қызым бар деп шаттанба, –
деп толғайды. Ал Мұрат ақынның:
…Арман, арман, арман бар,
Асуы оның тым биік.
Тәрбие деген талғам бар,
Мұзартын жатыр күн сүйіп, –
деп жырлауы не нәрсенің де тәрбиеге байланысты екендігін көрсетеді.
Қазақ халқы тумысынан тәрбиеге аса көңіл бөлгенін өткен тарихымыз дәлелдеп берді. Әйтпесе, «Жаман ұлдан – мәстегім», деген сөзді айтпас еді ғой. Тәрбие –татулыққа, бірлікке, достыққа, бауырмалдыққа негіздейді. Бір мысыл: Салық деген азаматтың он үш баласы болды. Алтауы– ұл, жетеуі – қыз. Сонау елуінші жылдарда сол он үш баласын бәйбішесі Қалампыр еңбекке баулып, тәрбиеледі. Жоқ-жітік кезде ешкімге алақанын жаймай, бір мақсатқа жұмылдыра білді. Кейініректе «Пай,пай, Салық пен Қалампырдың жеткіншектері-ай, міне, ұл-қыз деп осыларды айт» деген сөздерді естідім. Өзім куә болған тағы бір мысал:
1993 жылы Атырау облысы, Миялы селосын (Қызылқоға ауданы) тасқын су басып, көп шығынға ұшыратты. Тұрғын үйлер опырыла құлап, адамдардың біразы баспанасыз қалды. Сол кезде тұрғындар улап-шулаған жоқ, табиғаттың тосын мінезіне жұдырықтай жұмылып қарсы тұрды. Аудан басшысы Есенгелді Нұршаевтың ұйымдастыруымен төрт- бес айда жағдай оңғарылды. Осындайда классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтың мына бір сөзі еске түседі:
«…Тәрбие ұлтымыздың жаратылысында бар, демек, қанында бар. Өйткені, аналарымыз «құрсақ тәрбиесі», «бесік тәрбиесі», «сәбидің санасын ояту» тәрбиесімен ерінбей-жалықпай айналысқан. Міне, соның жемісін тек қазақ емес, еліміздегі басқа ұлттар да сезініп отыр. Өркениетті ел болуға ұмтылу, сонымен бірге, еңбек, білім, тағы басқа құндылықтарымыз ата-баба тәрбиесінің арқасында бір жүйеге тоғысуда».
Жергілікті тұрғындарға ептеп үрей туғызған Қарғалы (Алматы қаласы) өзенінің буырқануы да халқымыздың салқынқандылығы мен сабырлығының шекарасын бұза алған жоқ. Бұл да қасиетті де, қастерлі тәрбиенің жемісі екеніне дау жоқ…
… Судың түбін шым бекітеді,
Даудың түбін қыз бекітеді…
… Өзі таза адам өзгеге күйе
жаға алмайды,
Жүрегі таза адам өтірікке
бара алмайды,
деген жолдарда тәрбиеге негіздеу бар. Қазақ халқы рухы биік өміршең халық. Рухының биіктігімен қаншама ауыртпалықты, кедергі-бөгеттерді көтерді, жеңе білді. Сонымен қатар, еңбекқорлық, адалдық, достық, ұят-ар, намыс, іскерлік, ашық жүзділік, шыншылдық, өміршеңдік қалыптарын тұтастай сақтап, оны дамытып және таразылай білді. Сөйтіп, «Мәңгілік Ел» болудың іргетасын қалыптастырды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мен 2050 жылғы Қазақстан – Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты, мемлекет…» деп тұжырымдайды.
Қорыта айтқанда, тәрбиелі халық пен тәрбиелі ел азаматтарының болашағы жарқын да салтанатты болатыны айдан анық.