ӘЛ-ФАРАБИДЕН ӘЛИХАНҒА ДЕЙІН…
ардақты аталарымыздың әуестігі
Әрбір адамның аңсары ауып, жаны құмартатын ермегі бар. Бірақ осының мән-мағынасына онша бойлай бермейміз. Егер арнайы зерттеу жүргізсе, Қазақ елі тұрғындарының, белгілі бір пайызының қандай қосалқы іспен әуестенетінін анықтауға болар ма еді…
Әйткенмен, ондай есептің уақыты жете қойған жоқ-ау. Сондықтан мұндайға халық санағын жүргізу кезінде біршама көз жеткізіп қалар ма едік деп те ойлап қоясың.
Жаңа заман адамының әлгіндей «ерігуге» уақыты жетпейтіні де еске түседі. От ала қашқызғандай қарбалас тірлік артық қимылға мұрша бермейтіні рас. Жас ұрпаққа тіптен қиын – күнбе-күнгі ауырлап бара жатқан сабақтарынан бөлек мектептегі түрлі үйірмелері мен секциясынан артылмайды. Одан қит етсе смартфонына жармасады. Сөйткен көпшілігінің «ермегі» осымен тәмәм…
Халықаралық тілде «хобби» делініп жүрген әрекетке белгілі ақын-жазушыларымыздың, жалпы өнер адамдарының жуықтығы қызықтырады. Сол арқылы-ақ бұл кісілердің шығармашылық лабораториясының талай қырын аңдар едік.
Ал назар аумағын біршама кеңейтіп, тарихқа тереңдей түссек, Әбу Насыр әл-Фараби сынды ұлы тұлғаларымыздың бүкіладамзаттық масштабтағы теңдессіз қызметі арасында бір сәт сергіп, атқа мініп, туған табиғатпен етене қауышып, саят құрып, суға жүзіп немесе ас пісіріп… шабыт шыңдауға уақыт тауып отырғанын байқаймыз. Сондай «әуестіктің» өзін халықтық мүддеге ұтқыр ұластырғанын көреміз. Мәселен, жетпіске жуық тіл біліп, астрономия, философия, логика, этика, метафизика, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларында 150-ге тарта трактат жазып қалдырған әл-Фараби бабамыздың өз қолымен қобыз, домбыра аспаптарын жасаған шеберлігіне көз жеткіземіз. Әмбе соларды керемет тартқан орындаушы, композитор, ақын екендігін біле түсеміз. Кейбір әдебиетте ғұлама ғалымның қобыз сарыны арқылы адам емдегені айтылады.
Таңғажайып қабілетімен әлем ғалымдарын тамсандырған осынау ұлы ойшылдың бейнесі келе-келе өз жазушыларымыздың да қаламына арқау болғаны мәлім. («Аққан жұлдыз», С.Мұқанов; «Ақын арманы», Д.Әбілев; «Ұстаздың оралуы»,
Ә.Әлімжанов; «Фараби», Д.Досжанов; т.б.). Бұларда да асқан оқымысты бабамыздың ұлттық музыкаға қатысты қырлары қамтылады. Мысалы, Әнуар Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі» романында «Фарабидің екі шекті домбырасындай сиқырлы екен» дегендей жолдар бар.
Реті келгенде айта кетейік, ұлттық-фольклорлық ансамбльдерде кең қолданылып жүрген сазсырнай аспабы әл-Фарабидің кейінде табылған «Үлкен музыка кітабы» деректері бойынша жасалғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін…
Сол секілді, бастауыш білімді қазақ, қыпшақ-шағатай, араб және парсы тілінде алған Шоқан Уәлихановтың да әуелден музыкаға бейім болғаны айтылады. Өйткені аға сұлтан ұлының жастайынан ел ішіндегі белгілі ақындармен, күйшілермен жиі араласып, қазақтың ауызша және музыкалық халық шығармашылығымен жақын танысуына мүмкіндігі мол болған. Ал оның бейнелеу өнеріне деген алғашқы сабақтары Аманқарағай округіне жиі келіп тұратын орыс саяхатшылары: географтар, топографтар, суретшілерден басталады. Елгезек, алғыр бала осыларға қатты еліктеп, өз бетімен көп машықтанады. Әсіресе оған шығыстанушы, суретші А.Сотников орасан ықпал етеді. Кейін Омбыдағы кадет корпусында көркемсурет пәнінің оқытушысы Н.Померанцев жас Шоқанды үйіне ертіп әкетіп, талмай баулиды. Әуелгіде жұмысты қарындаш пен тущьтан бастаған ол біртіндеп су бояумен жұмыс істеу құпияларын игереді. Солайша біртіндеп шеберлік шыңына көтерілген ол Қазақ даласының небір әсем көріністерін бейнелеумен бірге портрет жанрын да керемет меңгеріп шығады. Мұнымен қатар табиғаты әсем өлкеде туып-өскен Шоқанның ертеден қалыптасқан үлкен саятшылығы, аңшылыққа әуестеніп, құс салып, ит жүгіртуге бейімдігі, өсімдік дүниесін жетік білуі алдағы атақты саяхаттарында,Қашқар сапарында, Батыс Қытай мен Шығыс Түркістан халықтарының, ұйғырлар мен қырғыздардың мәдениеті, әлеуметтік құрылымы, географиясы, тарихын зерттеп, орасан материал жинауда зор пайдасын тигізеді. Одан соң Шоқан ғажайып журналист еді. Әлкей Марғұлан әділ бағалағанындай, Шоқан күнделіктерінің өзі көркем очерк стилінде жазылған…
Ал: «жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп, жабырқаған көңілің көтерілер» дейтін Абайдың композиторлығы қалың бұқараға әуелден белгілі. Дана ақынның «Қансонарда бүркітші шығады аңға… Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, біле алмассың, құс салып дәм татпасаң» дейтініндей, жақсы атқа, қыран құсқа құмарлығы да аян. Жыл сайын салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап, құс салып отырған. Ақынның ұлы Тұрағұлдың айтуынша, балаларының да әрқайсына құс салғызған көрінеді. «Әртүрлі мезгіл арасында екі жүз елу шамалы құсы қолыма келіп кеткен шығар. Тулақтың Шолағындай құс көргенім жоқ», – деп айтып отырушы еді. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде бес түйесін беріп, Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты. Мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді»…
Абай атамыз, сондай-ақ, дойбы, карта сықылды ойындардың бәрін де бір кісідей ойнапты. «Сөйтсе де, мен білген кезде салынып, қызықтанып ойнайтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді, – дейді Тұрағұл әкесі туралы естелігінде, –Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп ай жатып ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, иә атқа мініп қайтқаны да болды… Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады… Құмалақтан әкемді жеңген адам көргенім жоқ».
Осындайда біздің бір еске түсетіні, Абайдың інісі Оспан екеуінің қомақты бәйге тігіп, ауыл әйелдерін жаяу жарыстыратыны… Бұл да бір қызықты ермек түрі болса керек қой…
«Алаш» көсемі,Қазақстандағы Уақытша үкіметтің комиссары, Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейханның да ірі журналист, этнограф екенін білеміз. Бізді елеңдеткен бір әңгіме оның бағбандығы жөнінде еді. Қазіргі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданында туған ол кейін Ресейде тұрғанымен, атамекеніне жиі оралып соғады екен. Өзі кезінде немере ағаларымен бірігіп осындағы Тоқырауын өзені жағасына ақ қайың егіпті. Күндердің күнінде сол ағаш үлкен тоғайға айналады. Кейбір деректерге қарағанда, «Ақтоғай» атауы осыған орай пайда болыпты. Көзіқарақты оқырман білуге тиісті, кейбір кітаптарда Әлиханның марқұм әкесі мен ағасының зираты басына
тіккен екі алып еменнің фотосуреті көрініс беріп қояды. Сөйтсек, оны Әлекең жас көшет түрінде Оңтүстік Америкадан алдырып, отырғызған көрінеді.
Тағы бір «Алаш» серкесі Ахмет Байтұрсынов фотограф және композитор ретінде танылған.
А.Затаевичтің айтуы бойынша, ол шебер домбырашы, әрі тәуір әнші. Зерттеуші «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды. Қазақ елінің тарихын, этнографиясын, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын терең білетіндіктен, ол Торғай, Ақтөбе, Бөкей ордасы, сондай-ақ Қарқаралы өлкесінің әндерін жазғанда маған көп жәрдемдесті, тамаша екі күйді тіпті өзі орындады» деп жазады.
Мағжан Жұмабаев та он саусағынан бал тамған шебер екен. Қол-
өнер бұйымдарын керемет жасаған. Әсіресе, қамыстан себет тоқуға бейім болыпты. Кейде сол себеттерді сатып, тұрмыстық қажет өтеген. Ағаштантүйін түйген Мағжанның қолынан шыққан бұйымдарына жолдастары да қатты қызығып, жоғары бағалап, тапсырыс беріп отырыпты.
Марқұм ақын Дихан Әбілев болса Жүсіпбек Аймауытовтың ісмер етікші екенін тамсана әңгімелер еді…
***
Сайып келгенде, бұл тақырыптағы сөз біршама. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, осынау біртуар тұлғалардың қай-қайсының да әуестігі әңгімесін қаузай түссе, небір ұлттық қазына маржанының ашыла бастайтыны анық.
Құлтөлеу МҰҚАШ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.