Келдің бе, қоңыраулатып қоңыр күзім?
13.10.2017
1180
0

Мінуар ӘКІМХАНОВ


Жасамадым күндестік
Үзілсе де көздерімнен тамшы жас,
Еш адаммен болған жоқпын қарсылас.
Алғаш өлең жазғанымда деп еді,
Әбу ақын енді атыңа қамшы бас.

Біреулерге болсын құным бес тиын,
Дедім ылғи елден алғыс естиін.
Кей жылпостың сөзіне еріп адастым,
Өкінішті жасағаным кеш түйін.

Сырласайық қатарыма текті кел.
Жан емеспін, жүрген әсте тентіп ел.
Мына өтпелі өмірде әлі қолыма,
Бақытымды түсірмедім мен түгел

Оқушы боп алған жоқпын кіл бестік,
Өтті бастан талай дүркін білместік.
Қатар құрбым алдымды орап өтсе де,
Жасамадым танысыма күндестік .

* * *
Талантпен таңдантпадым тамам жұртты,
Көрінді содан біреу маған мықты.
Алайда оқырманым тілеулесім,
Жып-жылы өлеңімнен бағамды ұқты.
Үмітім, жан жүрегім, қос қанатым,
Өлеңім Аламанға қосқан атым.
Кей сөзім хатқа түскен қатқыл болса,
Ол менің сыр ұғатын досқа датым.
Түлкідей шығатұғын ытқып алдан.
Жеткізбей келе жатып ұқтым арман.
Ойлаймын жыр жазсам деп ертелі-кеш,
Шынымен шығатындай жұрт құмардан .
Бақ талас болмаса да бір күндесім ,
Әзірге алғаным жоқ жыр жүлдесін.
Сөзімнің ақиқаты осы мейлі,
Сыртымнан әлдекімдер күңкілдесін.

* * *
Қар жауды қаламызға түнде біздің,
Қалмады жұқанасы жүрген іздің.
Мінеки, қойны-қоныш желге толды.
Үзілгені секілді түймеміздің.
Қаламызға қар жауды түнде біздің,
Жүрісі де жүдеді «күймеміздің».
Бөлменің ауасы да суық тартты,
Кездейсоқ кіргеніме үйге күздің.
Алмайтындай боранның тыным жағы,
Жапалақтап қар жауды бүгін тағы.
Аязды елең қылмай ақ ұлпаға,
Оранып тұр қаланың бүкіл бағы.
Кім бәстеспек боранның қарқынымен,
Жауды ғой, қаламызға қар түнімен.
Осынау қыс суретін қиналамын,
Өнердің сөйлетсем деп қай тілімен?

Ауылға хат
Болмайды балаң барда бағаң төмен,
Таусылмас сағынышым саған деген.
Өзіңнен жүрсем де алыс бұл Алматы,
Бір мінез көрсетпеді маған бөтен.

Сен де өтті бала күнгі бақытты шақ,
Барғанда қарсы аласың ашып құшақ.
Көзіме елестейді тау мен тасың,
Бейне бір жарқылдаған жақұтқа ұқсап.

Ержеттім, ұл-қызыңмен бірге гүлдеп,
Бұл күнде азаматпын білгенім көп
Өзіңе барып қайтсам аяулы ауыл,
Қаламын қалың ойдан бір жеңілдеп.

Арқанды көкпар еткем мықты есілген,
Шықпайды тентек кезім тіпті есімнен.
Ауылым санамдағы саған деген,
Сеземін арман-ойдын бітпесін мен!

* * *
Жұмсартып өрекпіген өктем желді,
Далаға тағы көркем көктем келді,
Жылылық қан жүгіртіп өн бойына,
Көтерді еңсесі сәл шөккен жерді.

Қақаған қара суық сынды әуелі,
Болыпты қалың бақтың сырты әдемі.
Құз таудан құлап аққан бұлақтардың,
Құлаққа құйылып тұр сырлы әуені.

Көзіңді айналаңа бұрсаң құрбы,
Жусанның қырат-қырдан исі аңқиды.
Бұл көктем алып келген маң даладан,
Көресің көркемдікті мың сан түрлі.

Жасартты көктем жердің тау мен тасын,
Естідік көктен құстың ән мен даусын.
Өтпей ме маңдайынан күн ыстығы,
Шың жатыр бүркеп алып қармен басын.

Шағы ғой, тал-теректің көктеп, өсер,
Ақша бұлт шудаланып көкте көшер.
Құрысы жазылады бәлкім жердің,
Төбеден төпелеп бір төксе нөсер.

Жұмсарды таудан ескен желдің демі,
Кіріпті құстар келіп көлдің де өңі.
Оранып көк шалғынға осы қазір,
Қалған ба, жасырынып жердің меңі?!

* * *
Досымның ізін кесіп,бағып жүріп,
Қолынан алғаным жоқ,бағын жұлып.
Көрсетсе ізгілігін інілерім,
Кетеді көңілім шалқып, жаным күліп.

Алдыма адыраңдап келіп мені,
Ешқашан тең-тұстарым кемітпеді.
Жанымды жабырқатпай жақын жүріп,
Есімде өрісімді кеңіткені.

ОЙҚАЙЫҢ
Өзің жаққан от барында кеудемде
Басқа ұлыңнан сағынбаспын кем менде!
Жастық шағым еске түсіп жан мекен.
Қанаттанып қалам саған келгенде.

Жырақтағы қыстақсың сен бір шағын,
Өзіңде өтті ойын қуған нұр шағым!
Мен алысқа кеткен кезде Ойқайың,
Сенің де олқы соғып тұрар құрсағың.

Өзіңде алғаш құлаш ұрдым өнерге,
Анам болып – жетеледің мені өрге.
Ұланыңның өкініші болмас-ау,
Бар көркіңді көшіре алсам өлеңге!

Кеше ғана асық атқан – жас бала ем,
Ой-қырыңды жалаң аяқ басқан ем.
Бал дәуренім қалып қойған жан мекен.
Ұмыттырмас өзің барда басқа әлем!

ҚОҢЫРАУЛЫ ҚОҢЫР КҮЗ
Жаз кетті, ерітетін көңіл мұзын,
Келдің бе, қоңыраулатып қоңыр күзім?
Жастық шақ жалт берді де өткен талай,
Жылдардың табанына көмілді ізім.

Байлыққа болмасам да жарлы кісі,
Жан емен, орындалған барлық ісі.
Қол беріп,қоңырау соққан күзден кейін,
Өмірдің барын білем қарлы қысы.

Болғам жоқ, топты жарған үздік дарын,
Әйтсе де таттым салқын күздің балын.
Жетпіске жетсем дағы ұмытпадым,
Алдымда өткелі ауыр жүздің барын.

Көзімнен ұшса да ұзап жақсы мансап,
Есігін келер күннің аштым аңсап.
Ғасырға жетесің ғой десе біреу,
Қоямын қорқынышпен басты шайқап.

Қолға еркін бермесе де өмір тізгін,
Кешпедім күйін әсте көңілсіздің.
Асуын жетпіс жастың астымдағы,
Жемісін жеп отырмын қоңыр күздің.

***
Жалт етіп өте шықты жастық бастан,
Жат болды, көп жақын үй бас сұқпастан.
Таныстар көзден ұшты бала күнгі,
Кезінде жансарайын жақсы ұқпастан.

Өткір тіл, болмасам да өр мінезді,
Сүймеймін сылбыр қимыл, болбыр езді.
Жасырман жаттап өстім жас шағымнан,
Өрелі өлең жолын, ойлы сөзді.

Бір ағам ауыр міндет жүктеп еді,
Өткердім, мені туған жұрт демеді.
Бар екен қандай ісім жақпай қалған,
Қайсыбір жақындарым сырт тебеді.

Мейлі дос мінің көп деп айыптағын,
Қалмайды қарау сөзден тайып бағым.
Біреуді сырттан сыбап сөйлегенше,
Келеді әрбір істі байыптағым.

Әркімның өзінше бар көзқарасы,
Табылар ашып айтар сөз таласы.
Сыртымнан кесіп — пішіп билік қылған,
Жандардың бола алмаймын қол баласы.

* * *
Жан едің-ау саф алтынға да бергісіз,
Көздеріңнен көрінетін пәктігің.
Қайдан тұрақ тапқаның да белгісіз,
Сені ойлаумен зулап талай батты күн.

Сағындырып артасың ба, жүк тағы,
Аңсап өлең жазарыңа негіз деп.
Не ойлайды мені білген жұрт жағы,
Өтем десем өмір бойы сені іздеп.

* * *
Бұл өмір жасамады дегенімді,
Қолыма түсірмедім керегімді.
Шынымен іздей қалсаң қағаздағы,
Табарсың жырларымнан дерегімді.

Тірлікте іздей ме деп шын бір қалап,
Жолыңа әлі күнге жүрмін қарап.
Аударсаң көңіл көзін кітабыма,
Аңсаған ой арманым тұр мұңдалап.

* * *
Адалдармен арпалысып кектесіп,
Жүрген талай кеудемсоқтар кетті өшіп.
Қытымырдың қырда басқан ізіне,
Шықпады әлі жалғыз уыс шөп те өсіп.

Бермесе де жасы үлкен деп маған төр,
Ұстап өттім іштей одан бағамды өр.
Жүн-жұрқаны жиып теріп байлық деп,
Болған жоқпын алашапқын, арам тер.

* * *
Тастайын деп қызыққа бір кенелтіп,
Жер түбіне барасың ба, мені ертіп?
Құшағыңа қысасың ба құлшынып,
Жан-жағыма қарай қалсам мен елтіп.

Еркің білсін, Парижге апар түстендір,
Саған жарлық бере алмаймын үстем бір.
Жан-жүйемді жадыратар жасырман,
Көздеріңнен көкігеріме түскен нұр.

* * *
Күздің тоңы батпандап жерге кipiп,
Ағашты жатыр әне жел кеміріп.
Жолға шықсам ызғардың каһарынан,
Каймығып қалардаймын мен жеңіліп.

Кең даланы керемет суық керді,
Күзгі боран қаңбақты қуып берді.
Аспаннан ақтарылар жаңбыр да жок,
Тазалайтын тозаңнан жуып жерді.

Көзден ұшқан даланың жазғы шағы,
Секілді бip суыған жар құшағы.
Жер уілдеп тұр екен сыртқа шықсам,
Қара жолдың бұрқ етіп қалды шаңы.

Азайды өзендегі арналы ағын,
Қалайша балық аулап қарманамын?
Шығардай қытымыр қыс қыр астынан,
Таулардың басып қалды қар балағын.

Алматы
Әуелгі сырым саған бұл ұқтырған,
Ат басын келдім алыс бұрып қырдан.
Алматы ару қала гүлге оранған,
Көзге ұрып,көркемдігі тұнып тұрған.

Биік үй мұнаралы сүйсіндірдің,
Сәулесі маңдайыңды сүйсін күннің.
Жанына жақындасам таныс қыздың,
Сеземін тал бойынан иісін гүлдің.

Аулақпын сүбелі сөз таба алмаудан,
Соғады ертелі-кеш самал таудан.
Бойыңды сергітеді әлде лезде,
Жаңбырда жақсылық бар саған жауған.

Жолдарың тіреледі тауға барып,
Тұрады ақ шамдарың таңға жанып.
Алысқа ұзап кеткен дардай даңқың,
Жатады шаттық болып,жанға дарып.

Алматы мың жыл жасап күн кешкелі,
Жарығың күндіз түгіл түнде өшпеді.
Өзің де өсіп-өңген талай ақын,
Арнады атыңа көп жыр кестелі.

Кетпес боп орнаса да тауға мұзы,
(Жаз түгіл, жайлы қала жанға күзі).
Қашанда қастерлісің өзің бізге,
Қадірлі Қонаевтай қалған ізі.

Қазақты таңдандырып жасын жырмен,
Көшеңде алшаң басып Қасым жүрген.
Ұзасам сағынышым білінеді,
Тигенде табаныма тасың бірден.

Алатау баурайына біздің қарлы,
Орныққан қаласың бір жұлдызды, арлы,
Талпынған Азаттыққа Желтоқсанда,
Қалайша ұмытайын күнді ызғарлы.

Басыңнан өткерсең де у-шулы азап,
Келесің мұқалмастан мың жыл жасап.
Тарихи таластарға төтеп беріп,
Айналдың сен қалаға сыршыл ғажап.

Әлемге атың таныс ұлы ісіңмен,
Кімге де айта аламын мұны шын мен.
Алматы кең кеудеңе кешегі әнші,
Күләш пен Әміренің үні сіңген.

Жоқ қала демесем де теңдесері,
Жыр жаздым мақтан етіп менде сені,
Алысқа даңқы кеткен Алматымсың,
Тиген бір қазақ дейтін елге себі.

Тұр әне, көкте бұлттар
Жел гулеп, көктің жүзі күрт бұзылып,
Теректен жапырақтар түсті үзіліп.
Сездіме танаулары қыстың исін,
Қайтты ғой жылы жаққа құс тізіліп.

Тұр әне,көкте бұлттар қара түтеп,
Боз боран ұйтқып соғып,барады үдеп.
Сырқаты бүрген жандай бір бүйрегін,
Сарғайып кетті демде дала жүдеп.

Қарамай алды-артына жұмып көзді,
Боз боран күл-қоқысты қуып безді.
Өзгеріп,өңі-түсі қатқылданып,
Даланың тұлабойын суық кезді.

Төкпейді жылы шуақ күн жарқылдап,
Даланың сұрқы қашып,тұр салқындап.
Өзеннің ернеулерін қырау басты,
Қалғандай қаһарлы қыс тым жақындап.

ПІКІР ҚОСУ