Ұзақ-сонар «Ашық хатқа» – қысқаша жауап
19.08.2015
1762
0

1Қадірлі Медеу! Жаңылмасам, сен екеуміз – бір жылы туған төл, яғни, құрдас болуымыз керек. Сондықтан кездейсоқ танысқан біреулерше бір-бірімізге «сіз» деп сызылмай-ақ, «сен» деп сөйлескеніміз дұрыс болар.

Маған баспасөз бетінде («Қазақ әде­биеті» газеті, 10-шілде, 2015 ж.) «ашық хат» жазып, көңілдегі күдікпен бөліскен екенсің, оның ешбір айып-шамы жоқ. Өйткені, бұл күнде өз дүние-мүлкіңді түгендеп, айналаға жіті көз салып отырмасаң, сен үшін ешкім де ат сабылтып, шығармаларыңа жидашы, қормал бола қоймайды. Оның үстіне, қазір әдебиетте талтүсте қораңа түсіп, «жиендік» жасайтындар көбейіп кетті. Ол жағы басымызда бар, ондай суық қолдылар кейінгі кезде біздің қораға да жиі түсіп жүр. Ондайлар сенен оқиға ұрлайды, образ ұрлайды, ой ұрлайды. Мұның өзі, шынтуайтқа келгенде, қора­дан қой ұрлағанмен бірдей. Мен ұрылар тым басынып бара жатқан соң, олар­дың бірнешеуін баспасөзде әшке­релеп жаздым да. Амал не, қазір әдеби ұрлықты кәсіп етіп, «жазушы» атанып жүргендер аз емес. Мен оларды өздігінен аңға түсе алмайтын, көктегі қырандар мен жердегі жыртқыштардан қалған жемтікпен күн көретін қарақұстарға теңегенім бар.
Бұл енді таза көркем әдебиеттегі көрініс. Ал деректі, құжатты шығарма­лар­да жағдай одан гөрі басқаша. Сіз әлдебір тұлға туралы тарихи пәктілерді жинақтап, деректі шығарма жазған екенсіз, ондағы пәктілер енді сіздің жеке мүлкіңіз болып саналмайды. Тарихи пәктілер мен деректер халықтың ортақ қазынасы, яғни, әлдебір тарихи деректі алғаш ашқан адам да «мынау – менікі» деп меншіктей алмайды. Өйткені, тарихи пәктілер мен деректерді сіз ойлап тапқан жоқсыз. Олар сізге дейін де бар болатын. Егер оларды сіз жарияға шығармасаңыз да, оны, сөз жоқ, басқа біреу шығарар еді. Сон­дық­тан сіз тапқан тарихи деректі «шикізат» ретінде әркім-ақ өз шығармасында пайдалануға ерікті. Оған іштарлық жасап, ренжудің қажеті жоқ, қайта қуану керек. Сен тапқан деректер сол күйі елеусіз қалмай, қолдаушысын, жалға­сын тауып, ел игілігіне жарап жатса, ол жаман ба?!
Енді арамыздағы әңгімеге ора­лайық. Медеу, сен Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын ұзақ жыл зерттеп, ол туралы «Қазақтың Қанышы» атты көлемі 600 беттік, қалың кітап жаздың. Сәт­баев тануда дәл қазір сенің алдыңа түсе­тін кісі жоқ. «Қазақтың Қанышы» – ғұла­маға сөзбен соғылған ескерткіш тәрізді. Сенің әйгілі тарихшы Бекмаханов жайында жазған деректі кітабың да бұл сөзімізге толық дәлел бола алады.
Ал мен жазған «Академиктің көз жасы» – небәрі алпыс беттік шағын хикаят. Әрине, менің повесім көлем жағынан болсын, мазмұн жағынан бол­сын, сен жазған «Қазақтың Қанышына» теңесе алмайды және оны қайта­ла­майды да. Шығарманың көлемі ғана емес, сен екеуіміздің ұстанған концепциямыз әр басқа. Сен өз кітабыңда Қаныштың күреске толы өмір жолын, ғылымның биік шыңына көтерілген бақытты кезең­дерін суреттедің. Ал, маған – биіктен биікке тынымсыз өрмелеген «бақытты» академик емес, өмірі қайғы-қасіреттен, уайымнан арылмаған бақытсыз Сәт­баев керек болды. Себебі, ұлтың азат болмайынша, сен де бақытты бола алмайсың.
Деректерге қарап отырсақ, ұлы ғұ­ламаның жасыған, қорланған, өкін­ген, керек десеңіз, еңкілдеп жылаған сәт­тері аз болмапты. Ғылымның ұшар басына шыққан «№1 қазақтың» көрген күні осындай болғанда, басқа қара­па­йым қазақтар не күйде жүрді десей­ші?!
Әрине, Қанышты жылатқан – сол кездегі империялық саясат, орыс шови­нис­терінің әділетсіз зорлығы. Көзі ашық қазақ зиялысының басына түскен қасірет… Медеу, сен менің повесімдегі Қаныштың советтік түзімге іштей қар­сылығын қабылдамайтын сыңай таны­тып­сың. «Бұл күнде Совет өкіметін жамандайтындар көбейді» деп қағытасың. Өзің ойлап көрші, Қаныштың сексенге келген әкесі Имантай отызыншы жылдары түрмеде өлсе, үш бірдей ағасын: Әбікей, Әбдікерім, Ғазиз Сәтбаевтарды 1937 жылы «Халық жауы» деп еш жазықсыз атып тастаса, ғұламаны өз қолымен құрған академиядан аластап, итжеккенге айдалудан Мәскеуге қашып барып зорға жаны қалса, осының бәрін бастан кешкен Қаныштай дана бір ұрты май, бір ұрты қан советтік түзімге қалай ­қарауы керек?
Сәтбаевтардың бүкіл заузатын, аға­йын-туыстарын түгел жазалап жатқан­да, Қаныштың қалай аман қалғанына таң­­ғаласың. Сөйтсек, оның да себебі бар екен. Қанышты ажалдан қорғап қал­ған – Жезқазғанның мысы мен алтыны, марганеці мен ураны, қазақ дала­сының бұдан басқа да ашылмай жатқан кеніштері екен ғой. Империялық өкімет ғұламаның айрықша жаралған таланты мен ақыл-ойын, білім-қабілетін, міне, осы мақсатқа пайдаланбақ болды.
Жоғарыда айтқанымдай, мені бұл тақырыпқа қызықтырған – Сәтбаевтың бұл күнде әркім білетін өмір жолы мен ғылымдағы жетістіктері емес, қорлан­ған, өксіген, еңіреп жылаған сәттері болатын. Осы мақсатта Қаныш Иман­тайұлы туралы жазылған біраз естелік­терді сүзіп шықтым. Ғұламаның 100 жылдық мүшел тойы қарсаңында шыққан естеліктер топтамы, сенің кіта­бың, тағы басқалар… Міне, осылардан өзіме қажетті тарихи деректерді теріп алып, пайдаланғаным рас. Сен «ашық хаттың» бір жерінде «деректерімді пайдалана отырып, тым құрыса маған сілтеме жасамапты» дегендей өкпе айтыпсың. Бұл өкпең орынды. Шынында да, хикаяттың бір жерінде «кейбір деректер Медеу Сәрсекенің еңбек­терінен алынды» деп ескертуім керек еді. Бұл – менен кеткен кемшілік. Кейде, көркем шығармада басқаға сілтеме жасау оқыр­манның қызығуын ке­мі­тіп, әсерін әлсіретеді. Бәлкім, мен содан сақтанған шығармын.
Сонан соң, жоғарыда айттым ғой, жалпыға ортақ тарихи пәктілерді пайдалану – біреудің қорасына түскендік болып саналмайды. Бұл көркем шығармадағы ой ұрлау, оқиға ұрлау, образ ұрлау емес, белгілі деректерді бас­қа қырынан сөйлету болып табылады. Тарихи деректер – ортақ игілік, ортақ қазына.
Ойым түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, соңғы жылдары профессор Тұрсын Жұртбаев «Ұраным – Алаш» деген ортақ тақырып­пен «Алаш» қайраткерлерінің түрмеде тартқан азабы жайында, жалпы қазақ зиялыларын жоюды көздеген репрессия туралы бұрын құлыптаулы жатқан архив материалдарын жарыққа шығар­ды. Онысын «Жұлдыз» журналының әлденеше санында жариялады. Бұл – аса бағалы еңбек. Алаш қайраткерлері жайындағы кейбір материалдар көркем шығарма жазуға сұранып тұр. Міне, осы тарихи пәктілер мен деректерді Тұрсын «менікі» деп бауырына басып отырмайды ғой. Күні ертең ел игілігіне айналған осы қазынадан әркімдер пайдалануы мүмкін. Одан Жұртбаев ұтылмайды, әрине. Өзі қазған бастаудан бүкіл елдің сусындағанын көріп, мерейі тасиды.

Медеу, мен сені түсінем. Қаныш Иман­тайұлы туралы әрбір сөз, әрбір де­рек саған алтыннан да қымбат. Қа­ныш туралы деректерді басқаға қи­май­сың. Мұндайда аздап қызғаныш туатыны да заңды. Алайда, Сәтбаев деген тұтас бір жатқан әлем ғой. Оған қатысты дүниенің бәрі менікі деп, бауырға басу мүмкін бе? Біздің бәріміз­дің де мақ­са­тымыз – шындыққа бір табан жа­қын­дау. Жалпы, Сәтбаев туралы кезінде сен айтпаған шындықты бүгін басқа бі­реу айтса, оған іштарлық жасауға болмайды. Ғұлама жайында сен тапқан де­рек­тер ешқайда кетпейді. Олар қайта айналып келіп, Қаныштың қазанына құйы­лады. «Академиктің көз жасы» да – сол теңізге қосылған тұщы бұлақ­тар­дың бірі.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір