Суреткер сыншы
13.10.2017
1199
0

ӘКІМ ТАРАЗИ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Әшірбек Сығайды бала кезінен білемін десем де болғандай. Консерваторияны жаңа бітірген кезі екен. Райымбек Сейітметов таныстырды. Жастықтың әсері ме, мастықтың салдары ма, сол күні ұшқалақ мінез танытып алдым, ұшқары пікірлер айтып қалдым, жаман-жәутік мігітке ұшырасқан болсам, қату қабақ, дөрекі жауап естір едім. Әшірбек сыр бермеді. Мәрт екенсің деп іштен түйіп қойдым, мінезге бай адамға тәнті болып жүретін әдетім. Содан кейін жиі-жиі кездесіп, байыпты, байсалдылығын таныдым.

Мәрттік те, байыптылық та, бай­сал­­дылық та – мінездің түрлі қыр­ла­ры. Қырлары ғана. Ғана…
Елі қадірлейтін білікті азамат атану үшін сегіз қыр аз. Сегіз сыр мән­дірек. Сыр дегеніміз – сиқыр де­ге­­ні­міз. Әшірбектің сиқырлы сыры – ша­быт­керлік таланты. Қасиетті қазақ теат­рының кешегісі мен бүгіні, биігі мен аласасын, күнбе-күнгі тірлігінің ұң­ғыл-шұңғылын Әшірбектей мең­герген, Әшірбектей пайымдайтын жан некен-саяқ.
Некен-саяқ деген тіркестің өзін сы­пайылық маймөңкесі деп қабыл­да­саңыз, қиналмай келісер едім.
Ұзақ-ұзақ іссапарларына бірге шық­қанда, көңіл-күйін шертісіп аста­на көшелерін шиырлаған сұхбат сәт­терінде, таңғалатын бір жайым – Әшір­бектің ұшан-теңіз сарқылмас бі­лімі, зерде «қоймаларына» жиған мол қазынасы. Бұл тұрғыдан Сығай – кешегі отандас, бүгінгі ынтымақтас ел­­дердің театры мен өнерінің түбе­гейлі энциклопедиясы; қай елде қан­ша театр бар, әр театрдың өзіндік ерек­шелігі қандай, ол өнер ұжым­да­рында қандай-қандай әртістер бар, әр әртістің өмір жолы, шеберлік дең­гейі, тіпті осал тұсы не десең, мүдір­мей, егжей-тегжейлі баяндап бере ал­ды.
Әшірбек Сығай деп аталатын ал­ғыр азамат, Әшірбек Сығай деп ата­латын қоғамдық түсінікке, қоғамдық құ­былысқа қалай айналды? Ол түсі­нік, ол құбылыс бізге несімен қым­бат?
Әшірбектің кітаптарын қолға ал­дым. Қайта үңілдім. Өнер зерт­теу­шінің өнерін мұқият зерттеп үңілдім. Қазақ театрының, ел өнерінің алтын діңгектері, майталман саңлақтарының ірі-ірі тұлғалары сомдалып келіп көз ал­дыма сап ұрды. Әсем де салтанатты сап. Жанарыңа жас үйірілтер аяулы об­раздар. Келмеске кеткен асылдар. Қа­дірін бірде біліп, бірде білмей жүр­ген үйреншікті… өзіміздің саңлақтар… тірі пенде деп жүргеніміз, кейде мойындап, кейіміз кекжиіп, сырты­нан сан-саққа жүгіртіп жүрген қара­пайым таланттарымызға басқаша қа­рай бастадым. Табынып қарай бас­тадым. Шымылдықтың арғы жағын­дағы жұмбақ өмірге ғашық болып, құ­марта, тамсана үңілдім.
Құрғақ мақала, жадағай оқуды күн­де оқып жүрмін. Баяғы өткен за­манда ай сайын жұрттың басын зор­лап жинап, кәсіподақ жиналысында зор­лап тыңдататын баяндама тәрізді есеп беру, атап өту… Сол жайдақ ойлы шұ­балаңқы «пікір айтулардың» фо­нында маңғаз асқар биіктей көрінетін Әшірбек туындыларының құпиясын мен анық ұқтым. Ол – суреткер сын­шы­ның (иә, иә суреткер сыншының!) лүпіл­деп соққан жүрегі екен. Айтып отыр­ған объектісіне автор өз жанынан нұр құйып отырады екен! Сондықтан да Әшірбектің әр туындысын си­қыр­лы симфониядай ұйып қабылдайды екен­сің. Сондықтан да біздің Әшірбек сын­шы емес, жыршы екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір