Актерлердің шығармашылық портретін жасады
Есмұхан ОБАЕВ,
театр режиссері,
Қазақстанның халық артисі, профессор
Әшірбектің есімі аталса, консерваторияның студенті, езуінен күлкі кетпейтін, орта бойлы, келбетті жігіт елестейді. Екеуміздің өнер саласында қатар жүргенімізге 50 жылдың жүзі болыпты. Қазақтың профессионалды театр өнерінде Әшірбектің орны ерекше. Өйткені театртанудың театр сыны деп аталатын саласын кең арнаға салып, өрісін ашқан Әшірбек еді. Қазақстанда 54 театр болса, ол соның бәрінде болды. Еліміздегі 54 театрды түгел аралап, ондағы таланттарды тірнектеп жинап, елеп-екшеп, өнерде жүрген дарынды актерлердің шығармашылық портреттерін жасады. Сол портреттер топтастырылған «Сахна саңлақтары» атты кітабы үшін 2000 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Театрлардың тарихын, репертуарын, драматургия мен режиссураны зерттеген көлемді еңбектер баршылық. Бірақ Әшірбек сыншы ретінде театр актерлерінің шығармашылық портретін жасауда ерен еңбек сіңірді.
Ол ешқашан дүние қуған жоқ. Кәсібіне адал қызмет етті. Кейде қалжыңдап: «Әй, сен осы уақытқа дейін байып кеткен шығарсың? Жиған- тергеніңді қайда жасырып жүрсің?» десем: «Қайдағы байлық? Тапқаным жолдан артылмайды. Ел кезіп, театр аралаумен-ақ қалтам қағылады емес пе? Аз-кем жиғаным болса, кітап шығарғым кеп тұрады», – дейтін.
Қазақтың театр өнері туралы еңбектерін оқып отырсаңыз, Әшірбектің жұдырықтай жүрегі өнер деп соққанын көресіз. Театрдың түйткілдерін мінберлерде де батыл айтты. Дарынды актерлер, білікті режиссерлердің тек Алматы мен Астанада шоғырланғанын, жыраққа барса, үй-күйсіз сенделіп кететінін айтып, театрлардың сүреңсіз жағдайын ақ жағалылардың алдына жайып салды. Театрларды талантпен қалай байытамыз деген сауалға үнемі бас қатыратын. Орта мектептің оқу бағдарламасына «Қазақстанның өнері» пәнін енгізу туралы бастама көтерген де Әшірбек еді. Ол кадр дайындау мәселесіндегі көп олқылықтың орнын толтыру үшін күресті.
Әшірбек Сығайдың «Хабар» арнасымен бірлесіп қолға алған «Жансарай» атты жобасы түптеп келгенде қазақ өнерін өрістету мақсатын көздеген еді. Бағдарлама барысында ол қазақ әдебиетіндегі, мәдениет пен өнердегі айтулы тұлғалармен сұхбаттасты. Драматургия мен режиссураның сан тараулы проблемаларын көтерді. Телевизия мен баспасөзде болсын, сахна мен мінберлерде болсын, ол ылғи мемлекеттік маңызы бар мәселелерге үн қосты. Толағай түйіткілдер жұдырықтай жүрекке салмақ салмай қоймады. Жүрегінің сырқаты асқынған соң, Әшірбек Астанаға барып ота жасатты. Сын сағатта дос-жараны қасында болдық. Отадан кейін есін жия салып, «Еске, дәрігерден қанша өмірім қалғанын сұрашы», – деді. Әзіл-қалжың араластырып: «Денсаулығы қалай? 10 жылға шыдай ма?», – дедім дәрігерге. «10 жылыңыз не, бұл кісіні одан да ұзақ ғұмыр күтіп тұр», – деп сендірді. Өзі де, біз де оның енді қайтіп ауруханаға жоламайтынына сендік. Содан бері жүрекке зардабы тимесін деп айқай-шу мен талас-тартысқа толы орталардан бойын аулақ салып жүрді. Жақсы спектакльдерге барып, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүруге тырысты. Өзі табиғатынан ақжарқын адам еді, әзіл-қалжың араластырмай сөйлемейтін. Әшірбекті танитындар басқаны ұмытса да, оның риясыз күлкісін ұмыта қоймас. Қызықты әңгіме айтпас бұрын өзі көзінен жас аққанша күліп алатын. Екеуміз талай кештерді бірге өткіздік, сан мәрте сапарлас болдық. Бір досым: «Енді тамбурда кіммен бірге ән айтасың?», – дегенде, Әшірбекпен бірге өткізген қызықты күндер көз алдымнан бір сәтте жүгіріп өте шықты. Екеуміз пойыздың шуын басамыз деп, тамбурға шығып алып, бар дауыспен ән салушы едік. Оның қасында жүрген адам ешқашан зерікпейді. Айналасындағыларды қағытып, күлкіге кенелтіп жүреді.
Туған жерімді көрсетем деп бірде мені Кентауға ертіп барды. Әкесі істеген шахтаны көрсетіп, бала күнінде өзі шомылған көлге түсірді. Кентаудың тау-тасын жаяу араладық, өлкенің тарихи жәдігерлерімен таныстырды. Сол жолы мен Әшірбектің тек өнерді ғана емес, тарих пен географияны да жетік білетініне көз жеткіздім.
Оның ерекше әуестігі – хайуанаттар өсіру еді. Орталықтағы пәтерін тастап, қала сыртынан үй салуына белгілі бір деңгейде сол әуестігі де себепкер болған шығар деп ойлаймын. Қанатты мен тұяқтының неше түрін көргенде оның үйін зообақ па деп қаласыз. Жұбайы Күләш гүл өсірсе, Әшірбек бос уақытын жан-жануарларға арнайтын. «Екі жақсыны бір қоспайды» деген сөздің жаңсақтығына Әшірбек пен Күләштің жарастығы дәлел бола алады. Екеуінің қабақ шытысқандарын біз, достары көрген емеспіз. Бірінің айтқанын бірі ерін қимылдарынан-ақ түсінетіндей көрінетін. Балажан еді. Өз перзентін ешкім жек көрмейді. Бірақ Әшірбектің балаға деген махаббаты ерекше-тін, ет-бауыры елжіреп, еміреніп тұратын. Үш баласымен қарым-қатынасы үш мемлекетпен жүргізілген дипломатияға ұқсайды. Әрқайсысын әр салаға баулып, өмірден адаспай өз жолдарын табуға ықпал етті. Перзенттерін ұлттық рухта тәрбиелеу үшін қазақы салт-дәстүрді уағыздаумен болды. Көрегендігі, ұрпақ тәрбиесіндегі сарабдал саясаты барлық ата-анаға үлгі болса, шіркін.
Әшірбек бауырыма
Кейде мұзсың,
Оп-оңай ойылмайсың.
Беріктігің болаттай,
Шойындайсың.
Данышпансып жүргенді танымайсың,
Шын дарынды дарын деп мойындайсың.
Қайрауыменен келесің жігеріңді.
Керек болса, үзесің шідеріңді!
Бірақ та сен үміттің мүритісің,
Жақсылықтан үзбейсің күдеріңді.
Біз қазақпыз сорыңды,
Зарыңды ұққан.
Бірақ біздер қаймығып,
Қорындықпа?!
Талайлардың қолдары жетпей жүрген
Сен отырып кеткенсің орындыққа!
Қып-қызыл боп көздері қала тұрар.
Кірпік ілмей тағында хан отырар.
Ұйқы бермес иесіне алтын тақтан
Ар-ожданың өзіңнің қымбатырақ!
Дала мұңлы
Бүгінде қала мұңлы.
Мұңға толы баяғы сал әніңді.
Қысқа болсын тірліктің тауқыметі,
Ұзақ болсын ғұмыры қаламыңның!
Қадыр Мырза-Әлі.
Сәуір, 2007 жыл.