Қиын мамандық иесі
13.10.2017
1367
0

Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО және Қазақстанның халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Адамда дос көп болмайды. Ұзаса біреу, екеуін ғана дос санайсың. Сондай достың бірі – Әшірбек еді.
Әшірбек екеуміз бір мектепті бітіргенбіз. Кентау деген қалада оқыдық. Ол бізден кейін біраз уақыттан соң бітірген бала ғой. Райымбек ағасын сағалап актерлік факультетке де оқуға кейін келген. Әшірбекті оқуын бітіріп, сол жұмысқа кіріскен кезінен бастап білем. Оның тез арада театрды зерттеп, игеріп кеткені – дарынына, талантына байланысты. Жастайынан іргелі істерге араласып, үлкен-кішімен жақсы қарым-қатынасы түзді. Әшірбек тез арада танылды, тез арада көп дүниені меңгерді. Еңбекқорлығының арқасында профессорлық жоғары дәрежеге жетті. Аға буын актерлеріміз туралы зерттеп, қазақ театрының тарихын жаңғыртты.
Ол юморист болатын. Әшірбек басқосуларда құрдастарымен қалжыңдасып, ағаларымен де орынды қарым-қатынас құратын. Әр нәрсенің өлшемін білетін.
Тапқыштығы да бар болатын. Бірінші кітабым шыққан кезде атын «Майраның әні» деп Әшірбек тауып берген.
Ылғи жақсы сөйлейтін, «ұлы» дейтін. Мен оған: «Әшірбек, елдің бәрін ұлы дейсің, сол ұлылардың қатарында кеттік қой», – десем: «Асеке, сіз ұлылардың ұлысысыз», – деп көтермелеп қоятын.
Әшірбекпен сөйлесіп, әңгімелескенде тынысым ашылатын. Жаныңда жүретін импульс, заряд, батарея сияқты әсер беретін. Адамның күні адаммен, әсіресе, өнер адамының. Соңғы рет спектакльдерімнің бірі: «Ымырттағы махаббатқа» баға беріп жазды. Тіпті, «Сіз кімсіз, К мырза?» фильміндегі роліме ризашылығын білдірді. Актер ретінде мен де оған сендім. Себебі, оның бағасы қашанда әділ еді. Нақпа-нақ айтатын.
Әшірбек өткір ойлы, өткір сынды,шыншыл, сыншыл болды. Не нәрсені де бетке айтты. Өз-өзіне сенімді, білімді адам ғана бетке айтады деп білемін.


Орайлы сөз

Әшірбектің бойында Алла берген таланты мен сарқылмас дарыны бар азамат еді. Ол өзінің атын шығарып, «Қазақ өнері» деген ұлы қоғамға Әшірбек Сығай деген атын алтын әріппен ойып, өш­пестей етіп жазды. Бұл абырой, бұл атақ оған оңайлықпен келген жоқ. Мықтылардан тайсалмай, бөгеттерден бұқпай, қиындықтардан қаймықпай тек қана алға жүрудің арқасында келді. Сондықтан да оның аты ұлт өнерінің, төл театрының, қазақ сы­ны­ның аспанында шолпан жұлдыздай жарқырап шықты. Ол қазақ өнерінің құдіретін білетін, жаны­мен түсінетін, сол үшін аянбай еңбектенген асыл ер еді. Бұл жолда ол өзін де, өзгені де аяған жоқ.

Жарылқасын
ӘЗІРЕТБЕРГЕНҰЛЫ,
Мемлекет және қоғам
қайраткері.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір