Театр дейтін бір сиқыр…
13.10.2017
2114
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Дүние жарық…
Әшірбексіз тағы да бір жыл өтті…
Әшірбексіз өткен осы жылдар ішін­де жұмыр жер де, жұмырбасты пен­делер де ырғақты жүрісі мен тұ­ры­сынан, мына жалған ұсынар дү­ниенің қуанышы мен күлкісінен жаңыла қойған жоқ… Қар жауды, сақылдаған сары аяз Сарыарқаны кезді… Қар еріді. Алатаудың сұлу бөктеріне жыл құстары оралып, көк­тем келді… Көктемнің жы­лымығы байқалмай жаздың шуақ, нұ­рына жалғасып, Атыраудың ақ тол­қындары жағаны соқты…
Сөйтіп жүргенде…
Тамыздың таңғажайып түндері арт­та қалып, Алтайға сары ала күз кел­ді.
Сөйтіп жүргенде …
Қаратау қарттың қабағын тұн­жы­ратып, қазан ұрды…
Хантәңірі мен Хантағының ас­па­нын мұңға батырып, қараша құстар та­биғат-ананың жылы қабағын іздеп, жылы жақтарды бетке алды.
Әшірбексіз өткен уақыт жүректі мұңға бөлеп, ойды қабаржытып, жады шіркінді қайыра-қайыра жаң­ғыртып, көңіл дейтін жазулы дәп­тер­дің па­рақ­тары мен беттерін ақта­рыс­тырды. Еміс-еміс есте қалған өмір үзіктері ана ға­сырдың алпысыншы, жетпісінші, сек­сенінші, тоқсаныншы жылдарына тіл бітіріп, құлағыма боз­бала күннің үні жеткендей болды. Қатар жүріп, қан­жыға қағысып, ерге қатар қонған, таң­ды-таңға ұрып, Ал­ма­тының ас­панын әнмен тербет­кен, жар қабағын ая­лап, балаларымыз­ды бақшаға же­тектеп, мектепке бірге апарған сәт-са­ғат­тар еске түсті… Ал­маты дейтін ұлы шаһардың қойын-қолтығын кезіп, пәтер жалдап, біресе Әшірбектің Кү­ләші­нің, біресе Сағат­тың Шәрбәнінің, бі­ресе Баққожаның Нұржамалының, бі­ресе Оралханның Айманының, біре­се менің Фаукенім­нің жылы жұм­сақ­тарын бөлісіп, кейде түнді ауғызып, кей­де таңды шар­шатып, үйді-үйімізге әзер тарай­тын, дүниеде әдебиет пен өнер­ден өзге құдыретті ештеңе жоқтай кө­ретін со бір ессіз шақтар тізіліп өте бас­тады. Айлықты-айлыққа жалғап, пә­терден пәтер ауыстырып жүріп, мы­на ұлы дүниенің мәңгілік құндағын ша­бытты шақтармен тербеткен тұнық сәттер жан дүниемді теңіздей са­пырды…
Иә…
Айтса, айтқандай! Жастықтың жа­лынды күндері де, ел танып, топ жар­ған, өмір дейтін ғұламаның қы­зық-қуанышын бірге жүріп бөліскен, әде­биет дейтін ұлы кеңістік пен театр дейтін текті жұртың түренін бірге ұстап, шоқтығын да қатар үрлеген құр­бы-құрдастарымды ойладым… Алпыс екі тамырымды кеткен айлар мен көш­кен жылдардың ыстығы кезіп, жү­ре­гімді әлдебір қуатты жалын шарпып өт­кен­дей болды.
Мен Әшірбекпен ең алғаш ҚазГУ-дың үшінші курсында оқып жүргенде кездесіп едім…
Құрманғазы консерватория­сы­ның бір топ студенттері мен біздің филоло­гия факультетінің ұл-қыздары бірігіп, «Ма­хамбет рухы» дейтін театрланған жыр кешін өткізбек бол­дық. Абайдың те­реңіне енді-енді бет бұрып, Махам­бет­тің өр мінезіне елік­теп жүрген жас­тармыз… Жыр десе, жарғақ құла­ғымыз жас­тыққа тимейтін кез… Талабымыз дұрыс еді… Бірақ қалай болғаны, кім­дердің тоқтатқаны белгісіз, 1968 жыл­дың жылы көкте­мінде болған үш төрт кездесуден соң, Махамбеттің «ереуілді кеші» болмай­тын болды… Сол тұстағы «жылымық» тудырған тұлғалар мен «Жас тұлпар­дың» тұяғын тасқа салған әрекетердің салқыны тиді ме, әйтеуір кеш қанаты қайырылды… Дайындық тоқ­татылды. Өтпейтін болды… Әшір­бек есімді орта бойлы, жұтынған сары бала сөзі­мен, жүрісімен, тұрысымен көзімізге бірден ілікті. Жақсыны жа­дында тез сақтап, жаңаны көрсе, та­быс­қысы келетін, тазалықпен жүрегін суғар­ған жылдардың мінезі… Әшір­бек­пен шала-шарпы есте қалған ал­ғаш­қы таныстығымыз осылай болды.
Шала таныстығымызға жан бітіріп, бүтін сипат алуына себепші болған адам – Сағат Әшімбаев.
– Мен сені бүгін бір тамаша жігіт­пен таныстырамын. Консер­ва­тория­ның соңғы курсында оқиды. Өзі бізбен түйдей жасты, – деді ойы да, сөзі де ел­гезек Сағат досым.
Сонымен…
Айтқан кезде, айтылған жерде, «уә­де құдай аты», кездестік.
Сағат қай кездегідей шапшандық та­нытып, екеумізді таныстыра бас­та­ды.
Үстіне мойылдай қара костюм киіп, мойнына қызғылтым галстук бай­лаған орта бойлы ақсары жігітті бір­ден таныдым. Осыдан бір жылдай бұ­рын «Махамбет рухы» тұсында көр­ген студентім.
– Әшірбек Сығай…
– Нұрлан Оразалин…
Сағат ішек-сілесі қата күлді:
– Екеуің емтихан тапсыратын сту­дент­тердей сіресе қалдыңдар ғой… Бо­сатыңдар бойларыңды! Қане! Әшір­бек консервоторияға мұғалім­дікке қа­латын болыпты. Мұғалімдер «строго» киінбесе болмайды. Ал, жігіттер, кез­десуі­міздің ресми бөлігі осымен бітті. Енд, бейресми жағына өтейік. Жүрің­дер, ана «Блиннаядан» бір-бір порция бли­ны алып берейін… – деді
Блины желінді… Шәй ішілді… Әде­биет пен театр туралы әңгіме бас­тал­ды…
Әшірбек екеуміз көбірек тыңдап, Са­ғат көбірек сөйледі. Белинскийден бас­тап, Добролюбовқа өтіп, Әуезов­тен бас­тап, Мүсіреповке соғып, ұзын сөз­дің қысқасы, әдебиет пен өнердің ба­тысы, шығысын аз-кем адақтап, Әшір­бекке өзі жаңа орналасқан «Ле­ниншіл жас­тың» тапсырмасын да беріп үлгер­ді.
– Үшеуміз бірге барып кө­рейік. Жақ­­сы спектакль, жаңа спек­такль… «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу­дың» соны ше­шімді қойылымы. Мәмбетовтің жұл­­дызды дүниелерінің бірі! – деді Әшір­бек те Сағаттың сөзін қуаттағанын байқатып.
Арада бірер ай өтті. Көктемде бол­ған әлгі үш құрдастың танысуы тұсында бол­ған әнгіме өз мәресіне жетті. Ұмыт­пасам, күз айларының бірінде Сағат пен Әшірбектің қосал­қы авторлығымен Әзербайжан Мәм­бетовтің «Қозы Көр­пеші» туралы мақала жарық көрді. Спе­к­такль де, мақала да өз кезінде зиялы қауым арасында үлкен әңгіме туғызды. Қолдаушылар да, сынаушылар да аз болған жоқ… Қалай деген де, қа­зақ театрына жаңа леп әкелген Мәм­бетов­тің әр жаңа дүниесі әрісі – Мәс­кеу, берісі – Алматының кірпияз мі­­­­незді театртанушылары тарапынан «үнсіз» өткен емес. Сол тұстағы Мәс­кеуінің «Современник», «Таганка» театр­­лары­ның спектакльдері қатарын­да үлкен-үлкен мінберлерден жиі ай­ты­­латын. Қазақ топырағында дәстүрлі режиссураның қалыбын бұзған но­ва­тор режисер мен жаңа тұрпатты нава­тор актерлер туралы бел шешіп, пікірін ашық айтқан қос достың мақа­ласы Мәм­бетов дәуірін тану­шылардың ал­ғаш­қы қадамдарының бірі еді.
Әшірбек өзінің туабітті алғыр­лы­ғы­ның, сөз табиғатын тереңнен суы­рып таныр сирек дарынының, сондай-ақ үлкен кәсіби дайынды­ғының ар­­­­қасында қалыптасқан дәстүрі мен мектебі бар қазақ теат­рының өрлеп, өр­кендеуіне орасан еңбек етті. Жаңа дәуір тынысын тап басып танып, жаңа дәуір талабына сай театр дейтін тар­ланбоз өнердің өрісін кеңейтуге ол қос­шы да, басшы да, ұйымдастырушы да, театртанушы да бола жүріп, аянбай терін төкті. Сонау жетпісінші жылдары қазақтың ұлы актрисаларының бірі – СССР халық артисі Хадиша Бөкеевадан дәріс алып, қанаттанған жас жігіт ак­терлер дайындайтын факультетте мұ­ғалім болды. Бүгінде театр дейтін киелі өнердің бір-бір майталман­дарына, хас шеберлеріне айналған Тұңғышбай Жа­манқұлов, Досқан Жолжақсыновтарға ұстаз­дық етті. Ара-тұра сол күндерін еске алып: «Пәлі, бұлар жасы жағынан маған өкше басар болатын. Екеуі де сұра­пыл, екеуі де дарынды… Екеуі де иық­­тарын жұлып жеп, сахнаға шық­қанда, «аласа бойлы, терең ойлы» мені қойып (осы тұста өзі де мырс етіп, кү­ліп алатын), алдарындағы ал­памсадай ағаларын таптап кете жаздайтын. Тіпті осыларға «ұстаз болып едім» деудің өзіне ұяламын осы күнде, – деп мәз-мәйрам болатын.
Әшірбек мінезді жігіт еді…
Ол жақсы көрген адамына ықы­ласы мен пейілін құлай танытып, жүр­ген жерінде оларды аузынан тастамай, айтып жүретін. Біреудің ығына ты­ғы­лып, судан аман шы­ғайын, желден аман қалайын дегенді білмейтін. Айт­са, тура айтып, сол жолда жығылса да, сүрінсе де өкін­бейтін… «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура болғаным артық» дейтін кейде ішкі сырын ақтарып. Сондайда жөпшендіге иығын бер­мейтін, Алтайдың кербұғысындай керіле шалқайып тұрып, қою қара шашын оң қолымен сілке тарап, қай­ран Орекең (Оралхан Бөкей): «Әшкө! Дұрыс! Дұрыс айтасың. Бұл мәселеде пікіріміз ұқсас…», – деп ақсия күлетін. «Біз бәріміз де сізге ұқ­сауға тырысамыз ғой, Ореке!..» деп Әшірбек те әңгімені Орал­хан Бөкейдің өзіне итеріп, орта­мызды күлкімен қарық қылып оты­ра­тын.
Ол жақсы көретін жылы жүректі ор­таға түскенде әзіл-қалжыңын қар­дай боратып, тамылжыта ән салудан жа­лықпайтын… Ілия Жақановтың «Да­ниярдың әнін» дәл Әшірбектей әуелетіп шырқаған бір әншіні ес­тімеп­пін. Алпысыншы, жетпісінші жыл­дар­дағы алмасы мен қара өрігі көшесінде тө­гіліп жататын Алматыны ойласам, көз алдыма ылғи көзілдірігін көтеріп қойып, әңгіме айтатын Сағат пен «Да­ниярды» шаншылып тұрып, үздіге шыр­қайтын Әшірбек елестейді. Ескі Алматының аспанын ән тербеген сәттер елестейді… Әшірбек консерва­то­­рияда қатар оқыған жігіттер мен қыз­дарды кездестіргенде де, әң­гімеден әң­гіме өргенді, өнер айнала­сын­да жүр­ген дос-құрдастары жайлы күлкілі сәт­терді еске алғанды жақсы көретін. Құ­ман Тастанбековпен, Әнуар Бо­ран­баев­пен, Әшірәлі Кенжеев­тер­мен кез­дескенде, балаша қуанып, қайдағы-жайдағыларды еске алатын… Еркелей де, еркелете де білетін. Адал достары де­генде көңілі ала-бөтен еді.


Орайлы сөз

«…Жазуға деген қабілетіңді де құптаймын. Оны тастама. Өнер мен әдебиет – егіз.
Ал, өнер табиғаты тегінде аса нәзік құбылыс. Ол – еліктіргіш, еліттіргіш. Үстірттікті жақтырмайды. Өнерге оңай деп талаптанба, қиын деп талаптан! Құр сырттай құмартушылық алысқа апармайды. Әсіреқызыл, әлем-жәлем жеңілтек ойлармен өнер дүниесіне кірігу екіталай нәрсе. Өнер жайлы әдебиеттерге зер сал. Олар сирек, әрине. Дегенмен, газет-журналдарға шыққан өнер мақалаларын назарыңда ұста…»

Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Райымбек Сейтметовтің 15 жастағы Әшірбек Сығайға жазған хатынан үзінді…


Сөйтіп жүріп… Театр, өнер, спек­такль деген ұғым­­дар айналасына кел­ген­де, әлгі еркелеп, ер­келетіп жүрген әріп­тес-достарына «қара­бай­дай қа­тал» болатын. Сыншы ретінде айтарын кесіп ай­тып, көңілінен шықпаған тұсы бол­са, оны тура айтатын, тіпті турап ай­татын. Онысы біреуге ұнаса, біреуге ұна­майтын… Спектакль талдауға кел­генде, шығар­маның көркемдік сұл­басын таратып айтып, әр актердің об­раз сомдауына соншама терең, сон­шама нақты талдау жасап, баға беруде сын­шы Сы­ғаевтың пікіріне ден қой­майтын ұжым, құлақ ас­пайтын актер бол­мау­шы еді… «Әшірбек не депті?», «Әше­кеңнің пікірі қалай?» деген сауал әр спек­такльден соң театр ғимаратының қойны-қонышын кезіп жүретін… Сах­нада дүниені қопарып әкете­тін­дей бо­лып күркіреген талай дүлдүл тұлға­лардың көр­кемдік кеңес үстінде Әшір­бектің шаншудай қада­лар саңқылдаған үніне үнсіз құлақ түрген сәтін сан мәр­те көргенім бар. Көріп отырып, театр дейтін сиқыры мен жұмбағы көл-көсір осынау ғажайып әлемге өз тағдырын байлаған дос, құрдас замандасқа, іш­тей риза болушы едім…

***
Кейде театр дейтін іргелі өнердің ба­ғын анық­тай­тын басты орынды бірі­міз – драматургке, бірі­міз – режиссерге, енді біріміз актерге теліп, қызыл кеңір­­дек болып жатамыз. Осы бір ешкімге ке­регі жоқ ескі даудың қашан бастал­ға­нын, неден бас­тал­ғанын ешкім біл­мейді. Бірақ дау мәресіне же­тер емес… Жалғасып келеді… Гоголь мен Ос­т­ровс­­кий за­ма­нында да, Чехов пен Бул­гаков кезін­де де… Станиславский мен Мейрхольдтің тұсында да, Пи­тер Брук пен Марк Захаров кезінде де… Жалғасқан!.. Бұл әңгімеден Мәмбетов пен Мұха­меджанов та, Қа­дыр Жет­піс­баев пен Бағыбек Құндақбайұлы да, Әшір­бек Сығай мен Нұрқанат Жақыпбай да, Сағат Әшімбаев пен Оралхан Бөкей де, сырт қал­ған жоқ… Театр дейтін кек­се өнердің тізгінін кім ұс­тайды? Айтулы өнердің өрісін кеңейтуде «Бірінші кім?» секілді сұрақ, сауал айналасындағы сөз үзілген емес, үзілмей келеді. Жалғасып келеді…
Жас кезімізде театрға бармасақ әлде бір қым­бат бұйымымызды жоғалтып алғандай дегбіріміз ке­тетін, ертерек жылдарда бұл әңгімеге менің қатарым­дағы жолдас-жораларымның да талай ат терлеткені есімде.
Сондай дау көрігі қызған тұстарда «жас клас­сик­­тер­дің» дені жас сыншы Әшірбек Сығайдан тө­релік сұрап жататын. Әшірбектің өз сөзімен айт­қанда, «жиырма жеті жасында жиырма жеті театрға баст­ық болған» досымыз төрелік сөзін жасқанбай айт­татын. «Мықты пьеса мықты режиссердің қо­лына тисе… Бір деңіз! Мықты ре­жиссер қара қылды қақ жарып, рөлді әділ бөлсе… Екі деніз!… Бұған сце­нографтың шешімін қо­сыңыз… Үш деңіз! Спек­такльдің көңіл ауанын жасайтын музыканы қосып, төрт деңіз!… Бесінші!.. Көрермен мен сахна арасына кө­пір салушы сыншы барын ұмытпаңыздар! Мыр­залар! Ол – мына біз! Сағат екеуміз. Бес деңіз! Театр осы бес деген бірліктің биігіне көтерілгенде ғана Бес деген бағаға қол жеткізеді. Театр, әсіресе, жаңа дәуір­дің театры осы бес түрлі компоненттің басы қо­сылған тұста ғана бақ биігіне көтеріледі», деп жауап беретін еді… Осылай дау өзінің апогейіне жеткен бір сәтте арамызға өнер атаулының без­бен­шісі, үлкен де, кіші де алдында байқап сөз айтуға ты­рысатын Асекең – Асқар Сүлейменов келетін еді ойда-жоқта… Бірден пікірталасқа араласып кетпей, шеттеу қонып, қою кофесін сыздықтатып отыратын. Драматургтер көп… Әшірбек жалғыз… режиссерлер бірен-саран… Дау күшейіп, гәп «сен тұра тұрға» жет­кенде, жас сыншы жарыла жаздап: «Асеке! Ай­тыңызшы мыналарға. Солай емес пе?!» дейтін еді. Сол кезде Асекең: «Браво! Браво!» деп қол соғатын. Со­ғатын да: «Сендерді білмеймін. Бізде, Созақта иманды мұғалімнің қояр бағасының ең жоғарғысы қанша? Білесіңдер ме?». «Созақтың бұл араға қа­тысы қанша?» дейтін еді күйіп-пісіп Әшірбек. «Ай­тыңыз!» дейтін Оралхан. «Созақта театр жоқ…» деп Қадыр Жетпісбай орнынан өре тұратын… «Дра­матургсыз пьеса жоқ. Пьесасыз спектакль жоқ!» дейтін едім мен де. «Созақта пье­са­сыз да спектакль қоя береді» деп Асекең міз бақпайтын… «Ту, Асе­ке!…». «Білмейсіңдер ме? Мейрхольдтың қайдан еке­нін?…» «Әділін айтыңызшы! Солай ғой…» «Со­лай! Мейрхольдтың Созақ­та туғанын естімеп пе едің­дер?!» дейтін Асе­кең шиқ-шиқ күліп.
Шулы топ ошарылып барып, отырыстың аяғы ду күлкіге жалғасушы еді.
Күлкі басыла бере Асекең: «Әшірбек прав!» дей­тін. «Неге?». «Өйткені, біздің Созақта ең жоғарғы баға – бес!» дейтін Асекең. «Әшірбектің бес компо­нен­тінен Созақтың түтінінің иісі шалқиды. Бес! Ең жо­ғарғы баға! Бұған мен түгілі, Бақтығұл да (Зей­нолла Серікқалиевті айтып отыр) қол қояр еді. Вот, те­бе спектакль высшей пробы!» деп рюмкасын кө­теретін. «Мықты спектакль үшін!» «Өнер үшін!» деп гуілдесетін отырған­дар…
***
Менің жадым жаңғырып отыр…
Жаңғыртқан Әшірбек достың рухы…
Менің ойыма қанат бітіп отыр…
Қанат бітірген сыншы қаламынан туып, қазақ теат­рының ары мен абыройын арқалап, аза­мат­тың түн ұйқысын төрт бөлген театр ха­қын­дағы ұшан-теңіз жазбалары – ойлары, толғаныстары, эсселері, портреттері, реце­нзия­­лары, ғылыми талдаулары, мо­нография­лары, лекциялары, естеліктері, аудар­малары, т.т. сыншы қиялын тербеткен телехабар­лары, әр алуан үлкенді-кішілі аудиторияларда сөйлеген сөз­дері, ел аумағында ғана емес, алыс-жақын шет ел­дерде жүріп, сахна өнері­нің қыры-сырына үңілуге жетелейтін ойлы сөздері, бай­салды баяндамалары… Бір сөзбен айтқанда, өнердің осынау тебінгілі, текті саласын тануға, талдауға, саралауға ар­нал­ған жарты ғасырлық мерзім ішінде өмірге келген рухани таным мен сиқырлы сұлулықтың кеңістігі! Менің ғана емес, талай жанның ойын тербеп, жүрегін қозғаған, жаратылысы мен болмысы бөлек, бар өмірін өнерге ар­на­ған кесек мінезді, кескекті тұлғаның әлемі!
Осы бір тіл ұшына оралған түйдек-түйдек ой­лар төркінінде өз тағдырларын театрға бай­лап, ұлт өнеріне өлшеусіз қызмет еткен қан­шама буынның басып өткен жолы жа­тыр?! Қан­шама тұғырлы тұлғалардың театр өнеріне сіңір­ген еңбегін бағалап, олардың шығар­ма­шы­лық қалыбын, қара үзген бол­мы­сын, дара си­патын тануға себі тиер өнер тану­дың өрісті, жар­қын беттері жатыр де­сеңізші?!
Әрісі – Қаллеки Қуанышбаев, Серке Қо­жам­құлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жан­дарбеков, Қанабек Бейсейітов, Қапан Ба­дыров, Рахия Қойшыбаева, Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, Шәкен Айманов, Камал Қар­мысов, Хадиша Бөкеева, Сейфолла Телға­раев, Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Мүлік Сүртібаев, Нұрмұхан Жантөрин, Ыды­рыс Ноғайбаев сынды аға буын; берісі – Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әнуар Мол­дабеков, Фарида Шәріпова, Райымбек Сейт­метов, Есболған Жайсаңбаев, Нүкетай Мыш­баева, Салиха Қожақова, Торғын Тасы­бекова, Құман Тастанбеков, Әнуар Боранбаев, Әшірәлі Кенжеев, Тілектес Мейрамов, Рахила Ма­шурова, Гүлжан Әспетова, Ғазиза Әб­діна­биева сынды орта буын актерлері жайлы жа­зылған мақалалар мен портреттер, эсселер мен пікірлер… Бәрін санап, түгендеп шығуға уақыт тар… Бұл айтып отырғандарымыз бір ғана Әуе­зов театрындағы мысалдар. Әшірбек Сығаев қаламы мен талдауларына іліккен жастар теат­ры мен облыстық театрлардың майталман жүй­ріктері қаншама?! Кейінгі жас буын актер­лер қаншама?!
Әшірбек әлемін құрайтын көп салалы, кең тынысты көркемдік танымның қанаты қалай құлашты болса, тамыры да солай терең.
Ол театр дейтін аса күрделі қанатты, қуат­ты өнер­дің өрісін актерлер болмысынан қалай із­десе, сахнаның алтын арқауы саналар драматургия мен сахнаның алтын қазық, ақ бұрауы саналар режиссурадан да солай іздейді… Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлиндер се­кілді ұлт­­тық класси­каның табысты қойылым­дарын тіл­ге тиек ете отырып, өткен ғасырдың алпы­сын­шы, жетпі­сінші, сексенінші, тоқсаныншы жыл­дарында театрлар репертуарын құраған ке­зеңдік пье­салар мен шоқтықты драмалық шығармаларды да өз назарында ұстағанын білеміз… Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Әзір­байжан Мәм­бетов, Бәйтен Омаров, Есмұхан Обаев, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Нұрқанат Жа­қыпбай, Жанат Хаджиев, Әубәкір Рахимов, Талғат Теменов секілді қазақ режис­сура­сы­ның әр дәуірі мен әр алуан дамуын көз алдымызға елес­тетер тұлғалар жайлы пікірлері, мақалалары театр процесін тануға, театр өнері­нің бағыты мен бағдарын айқындауға көмек­теседі.
Әшірбек әлемінің тұтастығы мен кеңдігін аң­ғартар бір қыры – ұлттық театрдың өрісі мен өр­кенін әлемдік театр өнерімен сабақтастықта оты­рып, жалпы өнер дамуына әсер етер ық­палды бағыттарды жадынан шығармайтыны. Ол әлемдік класиканың ұлттық сахнаның өсуі мен өрлеуіне өлшеусіз әсері болатынын үздіксіз айтып, төл теат­рымыздың осы бағытта ізденуін, өріс жайып, өр­кендеуін қалайтын. Шәкірттерін де осы бағыт­та тәрбиелеуші еді.
Бұл принцип оның эстетикалық кредосы бо­латын. Өзі де ізденуден жалықпайтын, өз­ге­лер­ден де соны талап етуге күш салатын. Айт­қанына тақ тұратын сыншылық мінезі, терең эрудициясы, мол білімі Әшірбектің кез-келген аудитория ал­дында кібіртіктемей, көсіле шауып, есіле тауып сөй­леуіне әркез көмекте­сетін.
Ең бастысы, Әшірбек театр дегенде «ішкен асын жерге қойып», керек пе алыс-жақын демей, кө­лік таңдамай, бап тілемей, жолға жүре беретін. Бір күн Астанада жүрсе, бір күн – Алматыда, бір күн Ташкентте жүрсе, бір күн –Мәскеуде… Жар­ғақ құлағы жастыққа тимей, жаналық пен жақ­сылық атаулыны іздеумен жүретін. Әсерлерін қа­ғаз­ға түсіріп, мақала етіп жазуға, лекция күйін­де аудитория алдында әңгімелеуге асығатын.
Әшірбек тынымсыз еңбек пен табанды күрес­тің адамы еді.
Ол Кеңестер Одағы кезінде Орталық Ко­ми­тет­те жауапты қызметте жүргенде де, министр­лікте әртүрлі басшылық қызметтерде (бөлім бас­тығы, басқарма бастығы, Мәдениет минист­рінің орынбасары, бірінші орынбасары, өнер ака­демиясының ректоры) болған кезде де театр­ға деген ықыласын еш бәсеңдеткен емес. Аға буын­ды назарында қалай ұстаса, іні буынды да со­лай көңілінен таса қылмайтын. Жаңа, жақсы дү­ниені көрсе, балаша қуанып, солғын дүние көр­се, қабаржып, қуарып қалатын. Әсіресе шә­кірт­терінің жетістіктеріне қуанып, олардың шы­ғармашылық бағыт-бағдарын қадағалап оты­ратын.
***
Осындай ойлар құшағында отырып, күн­де­лігіме қонған мына бір жазбаға көзім түсті.
«…Телефон күтіп, түскі үзіліске кешігіп отыр ем, Әшірбек Сығай келді. «Қазақ әде­бие­тіне» жа­рияланған Хұсейн Темір жайлы ма­қа­ласымен құт­тықтадым.
– Ескерусіз жүретін елдегі азаматтардың бірі ғой, дұрыс жасаған екенсің… Әлі оқи қойған жоқ­пын. Асықпай оқимын, – дедім.
– Рахмет. Маған оқығаның керек… Рас айта­сың, өзі де қаға берісте, ескерілмей жүретін жігіт. Әдейі жаздым. Ел білсін деп жаздым, – деді Әшір­бек.
Алдымда жатқан күнделік бетін ашып, Әшір­бекке Жақып Омаров өлімін естіген күнгі жаз­баларды оқып бердім.
Бір сәт екуміз де үнсіз қалдық. Толқы­дық…
Тыныштықты Әшірбек бұзды:.
– Тұрмайсың ба? Үзіліс бітіп барады… Уа­қы­тың болса, біздің институтқа барайық. Жаңа шә­кіртерімді көр. Ашық сабақ.
– Телефон күтіп отыр ем… Кейін … Бір қол бос­та барармын.
– Өмір ғой… Тағдыр ғой… Иә… Жақыптың өлі­мі ауыр болды. Уфа көз алдымнан кетпейді. Әлі күнге. Амал жоқ… Қас пен көз арасында арыс­тай азаматтан айырылып қалдық. Жүрекке жі­берме…
– Ескі жазбалар… Сені көрген соң оқыдым.
– Жүрек арқылы өттеді бәрі… Жүректі сақ­тай­тын кезеңге келдік. Ой, ми, жүрек – үшеуі бай­ланыста екенін ұмытпа!… Жүйкені қажауға бер­меиік.
Жастық шақтың талай-талай қызуы мол қы­зық күндерін бірге өткізген жақын досты есікке дейін шығарып салдым. Іштей әлде бір тол­қы­ныс­ты сезім құшағына түстім… Әшірбек кетті… Мен де кеткен достың соңынан ілесіп бірге кет­кім келді… Баяғыдай көше кезіп, тау­сыла сыр­лас­қым келді… Ағыл-тегіл ақтарыл­ғым келді… Бірақ оған мына қыдиып желкеңде отырған өмір, қыз­мет, міндет дейтін көзге көрінбейтін үнсіз қа­рауыл мүмкіндік бере бер­мейді. «Шаруадан қол бо­самайдымен» уақыт өтіп барады…
Әшірбек кеткенімен, оның әлгінде ғана айт­қан сөздері құлағымның ұшынан кетер емес…
(2001 жыл, 23 ақпан, жұма).
Бұл – осыдан табаны күректей 16 жыл, 8 ай бұрын жазылған ойлар.
Осыдан 16 жыл, 8 ай бұрын мені «жүрегіңе жіберме» деп сақтандырған Әшірбектің өзі, өз жүрегін сақтай алмай, оқыста мына жарық дүниемен қоштасып, жүре берді. Ойда жоқта…
Қалың елі, театр дейтін ұлы жұрты арда емген азаматын ақырғы сапарға аттандырып жатқан күндердің бірінде Әшірбекпен қоштасып тұрып, әріптестерінің бірі: «Театр жетім қалды!» деп еді күйзеліп.
Сол сөзді сол тұста күллі қазақ театрлары үн­сіз қайталап жатқандай еді.
Жары Күләш… Ұлдары – Қанат, Сұңғат, Нұр­зат… Немерелері… Әшірбексіз өткен уақытты тұрлаулы тарихқа аманат етті.
Бәріміз де Әшірбексіз өткен уақыттың сал­мағын қатты сезіндік…
Иә…
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «театр дейтін бір сиқырдың» арбауына шәкірт бо­лып ілігіп, өмірінің соңғы сәт сағатын театр дей­тін құдіретті әлемнің үлкен майталманы, бе­делді білгірі, мүлт кетпес Мэтрі болып аяқ­таған жо­март дарынның ұлт өнеріндегі орыны осы Әшірбексіз өткен уақыт ішінде анық бай­қалды. Ол орынды толтыру, ол орынды әлде­қандай лауазымды басшылардың бұйрығымен қалпына келтіру мүмкін емесі анық аңғарылды. Оны театрға қатысы бар әрбір адал, ақ жүрек адам жан жүрегімен, болмысымен сезінді десек, артық айтқандық болмас еді…
Алтай мен Атырау, Арқа мен Сыр арасын жай­лағын ұлы байтақтың әр театрының ұжымы осы бір толқу мен тебіреніске толы пікірдің асты­на ойланып, толғанбай, бірден қол қоярына өз ба­сым кәмілмін. Бұл ой, бұл баға Әшірбекті ақыр­ғы сапарға шығарып салу кезінде «жоқтау» сары­нын­да қалай айтылса, енді театр дей­тін ғажайып әлемнің жүрек соғысынан, алған демінен, әрбір тынысынан сағыныш лебі болып солай есіп тұр.
Өйткені…
Сыншы, театртанушы, қабырғалы қаламгер, ұстаз, ғалым, аудар­ма­шы, профессор, Қазақстан Респу­блика­сына ең­бек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, бір сөзбен айтар болсақ, тағды­рын театрға теліген, өзгеге ұқсамайтын Өз әлемі бар Әшірбек Төребайұлы Сығай жүрегі Алашым деп соққан хас өнердің тамыршысы, текті азамат, тегеурінді тұлға болатын.
Дүние жарық деген осы…
Сарыарқаның сары белі қуаң тартып, Қара­таудың қарт қабағын тұнжыратып, қазан ұрды.
Алтайға қырау қонып, Атырауға солтүстіктің салқыны келді.
Алатауда – қоңыр күз.
Алматыда түн салқын.
Кеңсай атты қабірстан үнсіз…
Хантәңірі мен Хантағының аспанын мұңға ба­тырып, қараша құстар жылы жақтарға бет түзеді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір