Хас өнердің тамыршысы
Әшірбек СЫҒАЙ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
театр сыншысы:
Театр – өнер атаулының жүрегі іспетті. Ол құрама құбылыс және де салмақты да бас-аяғы жұп-жұмыр, бүтін де бірегей, болмысы бөлек әлем, бар жанрдың басын біріктіріп жатқан киелі сала. Сазың да, бояуың да, үнің де, әрекетің де – бәрі сонда. Театр әлемі – көрінгенге жалын сипата бермес өзгеше тылсым сыры мол әлем. Соған қарамай, осы жұрттың көбі, меніңше, театрды тым түсінгіш. Білгіш. Көргіш. Таң қалам?! Солардың көбі театрдың тереңіне зер салып, тұңғиығына бойлап, ақырына дейін мән беріп, оның көптеген қырлары мен сырларына үңіле қарамайтындай көрінеді маған. Сонда-дағы қарапайым, қайран театр көштен қалмай, бұқараның бұғауында, қара-құрым халықтың шылауында келеді. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп келеді. Желіп келеді. Солай, Софокл, Сенека, Шекспир, Мольер, Шиллер, Островский, Әуезов кезеңдеріне көз салыңыз. Жолы ауыр. Жолы жіңішке. Жауапкершілігі күрделі. Жеңілдеу қарап жүрген өзіміз. Жетімсіретіп жүрген де жұрттың өзі. Көш кейін келген кино да, эстрада да, теледидар да жарықтықтың шалғайына жабысып, мойнына асылды… Сілкінеді, серпиді. Малтығып жүріп, тағы да алға озады. Театр – тірі организм. Ол да ауырады, сауығады, бір уақ салы суға кетсе, бір мезет сергиді. Қалғитын кезеңдері де болады, бірақ қашан да көңілі ояу, көзі ашық, көкірегі даңғыл. Бар сиқыры осында…