Қазақтың Сафуаны
Өмірдің сан қырлы бұралаң, күрделі жолының қызық пен шыжыққа толы алғашқы сатысы орта мектеп бітірген он жыл деп қарасақ, әне, сол уақыт ішіндегі оқытылған пәндердің қиялда шарықтауы барша қиындықты жеңіп шығуға, көңілді көтеріңкі ұстауға сеп жасап, күш-қайрат, жігер беріп, болашаққа ұмсындырған да, сенім ұялатқан да әдебиет пәні еді. Әдебиет, мәдениет, өнер құдыреті болашақ инженер-техник, химик, биолог, физик, математик – барлығына ортақ болатын.
Өз басым онша жарытпаған алгебра, физика, тригонометрия секілді пәндерді де жаңғақтай шағатын кластастар әдебиет пәнін де қызыға оқып, бес алатындары есте. Мән бере ойласақ, бұл заңдылық екен. Өйткені, олар болашақ оқырман «Абай жолы», «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Шығанақ» сынды романдарды солар оқымағанда, кім оқиды?! Және түп мағынасын ұғып, түсініп оқу бар. Осы тұрғыдан олар талғамы жоғары оқырман боп қалыптасты. Ал, тіл-әдебиет факультетін бітіргендер мектеп, жоғары оқу орындарында сабақ беріп, бірен-саран журналистикаға ат басын бұрғандар да болды. Бірі – өзім. 1958 жылы жазда Ташкенттен келіп «Лениншіл жас» газетінде қызмет ете бастағаннан бері алпыс жыл шамасы сол айналадамыз. Бұл деректерді көз ашып, ес жиғаннан бастап – мектепке дейін жыр-дастандар тыңдап, өз бетімізше сауат ашып, латын әріпмен шыққан әдеби кітаптарды оқып, арғы-бергі әнші, күйші, ақын-жазушылардың көбін біліп, кім екендеріне қанық боп өскендіктен ауызға алып отырмыз.
Жетіжылдық, орта мектепте оқыған жылдарда білік-пайым молайып, әсіресе, әдебиет әлемінде жаңа көрінген ақын-жазушылардың шығармалары да, өздері де бірден санада тоқылатын. Өз басым Тәкен Әлімқұлов, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Тоқаш Бердияров сынды ақындардың алғашқы өлең жинақтарын мектеп қабырғасында жүргенде оқыдым. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков те солай. Олардың іздерін ала Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұқан Иманжанов, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, т.б. прозашыларды білдік. Оларға дейін Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Әбділдә Тәжібаев, Қалмахан Әбдіқадыровтардың есіміне бесінші, алтыншы кластардан қанық болатынбыз. Әдебиеттік оқу кітабындағы Абайдан басталатын Жамбыл, Сұлтанмахмұт Торғайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев шығармаларын сүйсіне, тамсана оқып, көбін жатқа білетінбіз, шет жағалай айтылып отырған бұл әлемнің ауқымы ұшан-теңіз. Мектеп табалдырығын ашпай тұрғанда Нұржан Наушабаев, Нарманбет Орманбетов, Ығылман Шөреков, Шәңгерей Бөкеев, Жақан Сыздықов, Иса Дәукебаев, Төлеу Кобдіков, Саяділ Керімбеков сынды қаламгерлердің латынша басылған шығармаларын өз бетімізше оқығанымыз өзінше.
Осындай «жүкті» арқалап институтқа түскен кезде қарымды қаламгерлер қатары еселей көбейе түсті. Ұмытпасам, солардың бір де бірегейлері ретіндегі болашақ классик жазушы Сафуан аға Шәймерденовтің тырнақалды туындысы «Болашаққа жол» романымен де мектептің жоғары кластарында оқыған жылдарда таныссақ керек. Өйткені, 1953 жылдың күзінен бастап Ташкент пединститутында білім алуға кіріскенде оның аты жиі аталып, қай жаста екенін білмесек те, үлкен жазушы деп қабылдайтынбыз. Оған тағы бір себеп, өзге де уақ-түйек шығармаларымен бірге, «Болашаққа жол» романы екінші рет «Инеш» деген атпен басылып шыққан болса керек. Ташкентте жүрсек те қолға тиіп, кезектесіп оқитынбыз. Оның үстіне, обалы не керек, институт кітапханасы Алматыдан шығатын барша қазақша газет-журналды жаздырып алатын. «Абай» романының соңғы кітабын «Жұлдыздан» оқыдық. Ол бірнеше санда жарияланды.
Енді бір ғажабы, мектепте оқыған көзі тірі жазушыларды көреміз, тілдесеміз, қызметтес боп, қатар жүреміз, жақын араласып сыйласамыз деп кім ойлапты?! Бірақ, ұзамай ондай күн де жетті. Алматыға алғаш келген жылдың (1958) өзінде Жазушылар одағының басшысы Ғабит Мүсірепов бастаған төрт алыптан бастап, барша белгілі қаламгерлермен таныс-біліс, дәм-тұздас болдық.
«Мәдениет және тұрмыс» журналында істейтін Сафуан аға Шәймерденовті сонда (1959 жылы) шағын материал апарғанда көрдім. Сағи Жиенбаев екеуі асты-үстіме түсе жылы сөйлеп, жазғанымның жарық көруіне сеп жасады. Айта кетейін, Сафуан ағаны содан кейін 1964 жылдың жазында «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істеп жүрген кезде екінші рет жүзбе-жүз көрдім. Ол бұл кезде журналдан басқа жерге ауысса да, «су ішкен» жерінен күдер үзбей, ауық-ауық келіп тұрады екен. Бір келгенде летучкаға қатысып, менің командировкаға барып жазған мақаламды жер-көкке сыйғызбай мақтап, «пәленшені пәлен уақыттан бері білемін» деп, атымды атап, мерейімді асырып тастады. Даусы ашық, қоңыржайлау болатын, шынайы ықылас-пейілі аңғарылып, сезіліп тұратын. Содан бастап Сәкеңді өзімше тілектес жанға балап, ол да, мен де бір-бірімізге жылы қарап жүрдік. Тіпті, оған арқа сүйеп, тірек санап, кейде әлдебір жайды арнайы жолығып, ақылдасатын халге жеттім. Ол жөніндегі сөзді «Сафуан аға» деп бастауымның себебі сол.
Қала үлкен. Әркімнің тіршілік-тынысы өзінше. Қарбалас басым. О жер, бұ жерде көрісіп, жылы сәлемдесіп жүргенмен, етене жақын болудың сәті түсе қоймады. Есесіне, жазған-сызғандарының көзге түскендерін қалт жібермей оқып, телефонда не жолыққанда пікір айтатынмын. Сахнада қойылған пьесаларының барлығына бардық, көрдік, әрине. Бір жолы алда қойылуы тиіс кезекті пьесасы жайлы: «Ондағы кейіпкерлердің бәрінің аты сен айтқан атаулар, премьераға міндетті түрде кел, жақындағанда хабарласамын, бірінші қойылымды көрген дұрыс, ұмытпа», – деп күлімсірей бетіме қарады. Біреулер оны «мінезі қатты, ешкімді аямайды, оңдырмай айтып тастайды» дегенмен, өзім ондай ештеңесін аңдамадым. Мен білетін Сафуан аға қашанда сыпайы, жұмсақ, әдепті, жүзінен нұр шашып тұратын, қайырымды, мінезі де, қолы да ашық, қарапайымдығы бір басына жететін әскеттеу жан еді. Бірсөзді, уәдеге берік, шындықты батыл айтатын, жазатын. Оған ағалар туралы кітабында дәлел-айғақ мол. Өзі хан көтеріп сыйлайтын, жақын санайтын жасы үлкен қаламгерлерден Ғабең, Ғабит Мүсіреповтен бастап, біраз кекселердің көлеңкелі жақтарын нақты, ашық, күлбілтесіз суреттейді. Жарайды, бұл бөлек гәп. Әлгінде бір пьесаның кейіпкерінің аттарын мен айтқан атаумен жазыпты дедім ғой. Соның мән-жайына келейік.
Бір жолы қыстың басында таудағы «Алатау» санаторийінде Сәкеңмен бірге демалдық. Бірге болғанда, үлкен бөлмеде екеуден-екеу жаттық. Асқазанда жара болғандықтан менде күн сайын қабылдайтын ем-дом көптеу. Сафуан аға ваннаға түсіп келген соң, көп ұзамай тысқа шығып, түскі тамаққа бір-ақ оралады. Түстен кейін бірге қыдырамыз. Бос сөзге бармайды, айтса ғибратты, өнегелі жайларды айтады. Мен де бөстекі сөзге бармаймын, Бекен Әбдіразақов құлағыма құйып жібергендей, өзімді мейлінше сақ ұстаймын (бірге жұмыс істейтін Бекен марқұм Сафуанмен бірге жатсаң байқа, ол өте мәдениетті болғанмен, сыншылдығы басым, көңіліне марал келтірме, аз сөйле, байқап жүр деген болатын). Дегенмен…
Бірде Гурьев облысында командировкада болғанда бұрын құлағым шалмаған адам аттарын қойын кітабыма жазып алғанымды айтып ем, онда соларды оқышы деген соң оқып бердім: Қилау, Шилау, Діңке, Пышпыл, Адыран, Тәмпи, Шәуши, Одаман, Гадаман т.б. Сөйтсем, оларды Сафуан аға маған білдірмей Шымкенттің түбіндегі Леңгір (қазір Төле би) ауданына жол түскенде қағазға түсірген Жалтырбас, Жалпақбас, Жылтырбас, Жарықбас деген атаулармен қоса жазып алып, кейбірін пьесасындағы кейіпкерлерге пайдаланыпты. Және сол жолы мынадай жағдай болғанын да айта кеткен артық еместей. Қабырғадағы шкафта мен ала барған бір шөлмек орыс арағы мен армян коньягі тұратын. Мен екібастан татпаймын. Кешкілікте Сафуан ағаға ептеп ырым жасаймын. «Әй, сен өзің ішпесең де, жөн біледі екенсің», – дейді де, сөзімді жерде қалдырмайды. Қалаға түскенде өзі екі шөлмек коньяк әкеп, шкафқа салып қойды. Бір көңілі жақын жолдас маған бір шиша шампан әкеліп, ол балконда тұрды.
Күн суық, аспан бұлтты бір күні түс ауа Сәкеңнің жасы қатарлас төрт танысы сау етіп кіріп келді де, екеуміз далаға шығу жайына қалып, әңгіме-дүкен қызып берсін. Әлгілердің әкелген дымы жоқ, тек қызыл сөз. Мен асханаға барып (таныстықты пайдаланып) төрт тарелка ыстық тағам әкеліп, Сәкең коньяк ашып, қонақ күту жоралғысы жасалды. «Коньяк та, тағам да әне-міне дегенше таусылып, балконда тұрған шампан мен бір білем қазыны әкеліп, олар да тез суалды. Құрғақ қасық ауыз жыртады дегендей, қонақтардың бірі қарап отырмай: «Дұрыстап күтпедің», – деп салды Сафуан ағаға мысқылдай сөйлеп. Міне, осы жерде Сафуан аға мен бұрын-соңды байқамаған мінез көрсетті: «Мұнда жақын жерде дүкен, асхана жоқ, келген екенсіңдер, мені сыйласаңдар, арақ-шарап, қазы-қарталарыңды арқалап келмедіңдер ме? Дәстүр солай емес пе?» – деді зілділеу дауыспен.
Сафуан ағаның құрметі үшін қонақтарына тағам әкеліп, балкондағы қазы мен шампанды қоса жұмсаған маған адам деп те қарамай, ең болмаса, бір рет атымды атауға жарамаған төрт сері көздерімен жер шұқылап, міңгірлеп сәл отырды да, келген іздерімен тайып тұрды.
Сафуан ағаның өң-түсінен достарым келді деген ырзалық ізі байқалмай, томсырайған күйі жастыққа жантайды. Осы бір жағдайды айтпаса да болғандай еді, әрине. Алайда, көңіл кілтипанын айтатын жерде айта білгені үшін ауызға алуға тура келді. Сафуан Шәймерденов болғаны үшін.
Сафуан Шәймерденов. Үлкен тұлға, айтулы қаламгер, ұлы жазушы. Адам! Азамат! Кәрі түлкі Колбинге қарсы сөздерін жұрт дабы-
ралап жүргендей буырқана алқынып-жұлқынып емес, алды-артына қарайлап, мәдениетті түрде байыппен, сабырмен, сыпайылап айтқан-ды. Зіл батпан салмағы содан да аңғарылып, білініп тұрды. Мұны сол жиынға қатысқандар жақсы білсе керек.
Аруағың шат болсын, аяулы аға! Қазақтың Сафуан Шәймерденові!
Зәкір АСАБАЕВ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.