Екі ойдың бір арнада тоғысуы
06.10.2017
1562
0

Сағатты еска алғанда, ұдайы асығып аптыға бір мезетте қыруар шаруаны атқаруға тырысқан тынымсыз кейпі елестейді. Жанарының жарқылы назарына шалынғанды қалт жібермей, төңірегін өзіне ғана тән сүйкімділікпен баурап, таңғажайып мәліметтерімен, басқа ешкім айта алмайтын әңгімелерімен, асқан сауаттылығымен, мол білімімен қызықтыратын.

Шуақ шашқан жүзі, дархандығы, әрдайым шұғыл көмекке дайын елгезектігі адамдарды өзіне магниттей тартып әкететін. Сірә сондықтан ба, көзқарасы, пиғылы бір-біріне ұқса­май­тындар, бірін-бірі мойындамай­тын, атақсыз, атақтылар, өзара қырқыс­қан­дар, қоғамға, билікке өкпелі, ризасы да Сағатты іздеп жүретін. Солардың бә­рімен тіл табысып, мейірімін айнала­сына, әсіресе жастарға аямай төккен, оттай лапылдаған, желдей ескен, дауыл­дай соғып, құйындай үйірген Сағат не­бәрі 44 жас өмір сүрді, арамыздан кеткеніне 26 жыл.
Қатар оқыдық, жақын араластық, жақсы-жайсаңдар жиі жиналатын дастарханынан Сара Латиева екеумізді қалдырған емес. Ауылдан келген сайын ағайын-туған, анамызды қонаққа шақырып, бауырларымызға шейін құрмет көрсетті. Бертінде қайтыс болған Ғазиз (әкемнің інісі) ағам Сағат пен Шәрбанудың төрінде Өтежан Нұрғалиев және басқаларымен өткерген сәтін ертегідей есіне түсіріп, Бәтима анам да ризашылығын білдіріп отыра­тын. Мектепте оқитын Алмагүл сіңлімді алғаш көргенде «мына баланың көзінде от бар, кешке қарай бірге келіңдер» деп, аядай пәтерлерінде түннің бір уағына шейін думандатқа­нымыз есімде. Сәйім­жамал (әтей, әтеш дейтін үлкен-кіші) анасы қандай еді, шіркін! Қолынан дәм таттық, шама-шарқымызша өзіміз де ілтипат көрсетіп үлгердік. «Сұлулығына қызығатынбыз Ханымжан (осылай атады) апамыздың,- деп еске алады тоқсанға толған Бәтен Ноғайбайқызы, — бойы сұңғақ, қара торы, сылқым, түр-тұлғасы ерекше қыз болатын жа­сында. Қараңғы үйді жарық қылған, үйде отырып түзді болжайтын Сәл­бен­нің ең жақсы қызы деген аты шыққан. Сағат танымал болғанда, анасына тартқан екен ғой деп қуандым».


Орайлы сөз

«…Сағат осы теледидарда жоғары жақтың қысымшылығынан және қазақи қылықтардан күйіп кетті. Оның жүрегінің шаршауы елі үшін, халқы үшін орындар парызының үлкендігінен болды. Тоталитарлық тәртіп кезінде ешбір адам еш уақытта қауіпсізбін, ойымдағыны айта аламын деп сезінген емес. Айтары көп жанның бір күні жарылып тынатынын қырық төрт жыл ғана жасаған Сағат Әшімбаев дәлелдеп кетті».

Тұрсынбек КӘКІШЕВ,
профессор, Құрметті
академик.


Шүкір, ауыл-аймағы сыйлаған осын­дай ана перзенті елінің мақтаны­шына айналды. Жылдар алға жылжыған сайын Сағат феноменіне арналған толғау, эссе, зерттеулер көбеюде. Төл туындыларынан сан жағынан әлдеқа­шан асып түссе керек мұндай дүниелер. Бұл нені аңғартады? Аға ұрпақтың да, жастардың да Сағат Әшімбаев шығар­машылығына айналып кеп үйіріле беру себебі неде? Гәп осында!
«Әдебиеттегі әркімнің орны да он­ың адамтану іліміне әлеуметтік-пси­хо­ло­гиялық тұрғыдан қосқан жаңалы­ғының мән-маңызына қарай ай­­­қын­­далады» деп ұлы Абайға қарата жазғанын өзіне қатысты саралап бай­қайықшы. Бұл орайда өзім үшін жаңалық аштым: шығармаларында түбегейлі сипатталып көрініс тапқан Сағаттың рухани жаңғыруы өткен шақтың емес, бүгіннің, ертеңнің де бағдаршамы екен. Арамыздан аттанға­нына ширек ғасырдан асса да Әшімбаев­тың ой, пікірлері, сыны, телехабарлары, ірілі-ұсақты мақалалары ұлттық идео­логия­мыздың өзегіне айналғаны таңға­лар­лық жәйт. Туындыларын оқы да тоқы, идеяларын жүзеге асыр, ойлары­мен қаруланып Отаныңды сүй, ана тілін сақта, салт-дәстүріңді қадірле. Кез-келген сөзі дәлел бұған:
«Елдің сәні өз тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктен көрінеді; Тілге деген немқұрайдылық – айналып келгенде болашаққа деген немқұрайдылық; Тоғышарлық басталған жерде қарақан бастың қамы күйттеліп, азаматтық мұрат мансұқ етіледі, қоғамдық сана санаттан шығады; Әдебиет ақиқаттың мәнін айғайға бармай ашуы, шындықты шыңғырмай айтуы керек; Азаматтық пен адамгершіліктің биігінде тұрған адам ғана алдына ұлы міндет – халқына қаламмен қызмет ету міндетін асқара­лы мақсат етіп қояды. Үлкен жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туатын­ды­ғын тарих тағылымы көрсетіп келеді; Аза­маттық жоқ жерде азамат­тық позиция қайдан болсын! Сондай-ақ азаматтық позиция үстемдік алған жерде азаматтық көзқарастың жеңіс­ке жеткені, аза­мат­тықтың күні туғаны деп есептей беріңіз; Сұлулық та сұлу сезім бар жерге ғана қоныс тебеді; На­ғыз әдебиет туындысы белгілі бір көр­кемдік эстетикалық, фи­лософиялық заңды­лықтардың не­гі­зінде, азаматтық үлкен ойдан, терең парасатты дүниета­ным­нан, әлеуметтік қажеттілікке жауап ретінде адамгершілік қажеттіліктен туа­ды; Сынның аты – шындық, заты – сүйіспеншілік».
Інжу-маржан тіркестерін іздеп, осы­лай тере бастағанымда, қасиетті ұямыз «Лениншіл жаста» қатарласа, жа­рыса қалам сілтеген өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «жазғаның кілең цитата, біреулердің айтқаны, ішіңді жарып шыққан ештеңең жоқ, ал мен өзгелердің ой-пікіріне сүйенгім кел­мейді…» деп, айтысып қалғанымыз есіме түсті. Қызық, енді өзім оның жүр­ек­жарды сөздерін бірінен соң бірін мақалама тізіп отырмын. Алайда теле­гей-теңіз тебіренісін толыққанды сый­ғы­зып жеткізудің мүмкін еместігін түсін­гендеймін.


Орайлы сөз

«Сағат перзенттік парызға, азаматтық қарызға келгенде адалдықтың ақ туындай желбіреген айрықша адам еді. Ұлттың ұлы маұарттарына ұмтылудың үздік үлгісін көрсетіп кеткен Алаш ардақтыларының қататында Сағат Әшімбаев есімі ерекше аталады. Тәуелсіздік таңының атқанын көре алмай кеткен арда азамат арамызда жүрсе ордалы ойларымен жасына жетпей-ақ халқының абызына айналар еді.
Халқы алдындағы парызын өтеп, қарызын қайтарған азамат болса осы Сағаттай-ақ болсын. Менің бұл пікіріме қалың жұртшылық қосылады деп ойлаймын. Көп азаматтар басшылық жұмыста жүреді. Бірақ олар елдікке келгенде бір пәлеге ұрынып қалармын деп жалтақтап, өзінен жоғарының алдында кішірейіп, жалпақтап жүретінін талай көргенбіз. Сағат ол топтан емес еді. Желкесіндегі кірпік қақпай қадалып тұрған қарауылға қарамай, ел дегенде, қазақ дегенде қиын жердің өзінен жол тауып кететін еді».

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.


Жастықтың жалыны ма, дәл сол кезеңде әрқайсымыз өзімізше мықты, бір-біріміздің қадірімізге жетпеппіз. Тым қатты, ашық сынайтынбыз газет­тегі материалдарымызды. Кек сақтамай содан кейін думандата жиын-тойла­ры­мыз­ды жалғастыратынбыз. «Коллон­тай­дан аумай қалыпсың… Мынадай темір құрсау, тері киімдерді қайдан та­ба­сың, онсыз да қасыңа жақындауға батпайды ешкім, – дейтін, – мінезің қиын, кіндік балаң ғой, Мәулен саған ұқсаған, қайсар, айтқанынан қайтпай­ды, ішімдегіні тап деп тұрады, Дәурен­дей емес…». Қайран, сол жылдар, Сағат пен Шәрбану пәтерден пәтер ауыс­тырып, қайда көшсе де қонақ арыл­майды, есігі жабылмайды, біз де күн құр­ғатпай тәтті-дәмдісін жеуге әбден дағдыланғанбыз, томпиған Дәурен, Мәулен құлыншақтарды да көргіміз кеп тұрады. Әлдеқалай Шәрбану шар­уа­лармен шығып кетсе, ол келгенше Са­ғат бүкіл тағамды, тіпті сыйлы қонақ­қа деп сақтағандарына шейін алдымызға толтырып қоятын. Пейілі кең, жаны жомарт, қолы ашық, қимылы тез еді! Соңғы рет аяулы ұстазымыз Тауман Аман­досовты соңғы сапарға шығарып салғанда бәз-баяғыдай ширақ, сергек қалпында кездестірдім. Тұлғасынан арқа сүйейтіндей бауырмалдықты, жылу­ды сезіндім. Арнайы барып, мұң ша­ғып, жылағым келді басымнан кеш­кен түрлі жағдайды айтып үл­гер­медім. Тауман ағамен қоштасқаннан кейін бір айдан асар-аспаста өзінен де айырылып қалдық.
Міне, арада жарты ғасыр өткенде, Сағаттың жарқын жүзін мұңая да са­ғына елестетіп, соншалықты қысқа ғұмы­рында жүз, мың жылға татитын мұра қал­дырғанын дәл сол шақ­та еш ұқпаға­ным­ды мойын­дауға мәж­бүр­мін. Артық ке­­тіп, дарақылық таныт­қаным да бір­түрлі өзегімді өр­тей­тін­дей. Жал­ғыз Сағат емес, ірі тұлғаға ай­­налған заман­дас­­­та­рым­ның қадір-қа­сие­тін енді ғана біл­гендеймін. Ша­­шыл­­ғ­ан қа­ғаз­да­рым­­ның ара­сынан әл­дене іздеймін кеп алаң­дап, Сағаттың жазып бер­ген кітабы, күнтізбе дәптер, маңыз­ды тағы бір нәрселер бар сияқты еді, та­была қоймады. Жүйесіз үйіл­ген хат-ха­бар, қолжазба пап­ка­ларынан ізде­генімді таппай быт-шыт шаршап отыр­­ға­ным­да, жарым-жарты­сы жоқ ала­­қандай блокноттан Сағаттың қол­таңбасы жарқ етіп шыға келді. Не деген сәттілік. Айы, күні белгіленбепті, ша­масы сту­денттік кез болса керек. Ал­ғаш­қы парағын Са­ғат «Арман биік ас­қар шың, арман баспалдақ­та­рындағы ме­нің ыстық дем­дерім» деп бастапты. Сол ыстық демінің ара-арасынан сыр суыртпақ­тасақ:
«Мақсатың жалпыға ортақ болса – сен азаматсың; Әрқашан оптимист болмаққа керек; Нағыз бақыт – өз ба­сыңды сыйлау. Ал, ең үлкен бақыт – өзің сүйген мамандықты сүю; Алдымен адам­дықты жете меңгер, сонан соң ма­ман­дық шыңын игер; Бақыттың қыры да, сыры да көп, өмірлік бақыт өмірден өз орныңды табу да сол орынға лайықты теңіңді (жар) табу ма деймін; Мәртебең өссе құлди сені қуалар, құлдиласаң мәр­тебең бірге сырғанар; Бос уа­қытты күтіп жүре алмаймын, уа­қытты қолдан жасауға тиіспін; Адам­ның өңі секілді ары да әр­түрлі: жібектей жұмсағы да, көн­дей қалыңы да болады; Ұлы адам­ның қатесін сынаған артық емес, бірақ сол үшін оның өзін айыптау – ағаттық. Ұлы адамды ұлы қалпында тұ­тас ұғыну керек; Ғұмыры қолым ти­мейді деп, шыр-пыры шығып жүретін адам – асылы ештеңе тындырмайтын адам; Түбі саяқ адамның болған-толған жері – жақсы жандардың қатесін іздеу, соған жармасу; Оңашада ұрлап ішіп, жұрт көзінше мас боп жүретін жандарды көргенім бар; Жан тебірентер кітап жазу үшін көздің жасы мен айлы түннен гөрі күштірек нәрсе керек; Өткір теңеуге тән бітіретін жазушы да, жан бітіретін оқушы; Жан тыныштығын іздеген кісі­нің жанынан шығар ақылы бол­майды. Қызғаныш мұны әркім әр қалай түсін­діреді, меніңше бұл құбылыс сенімсіз­діктен әрі терең түсінбеу­шілік­тен туын­дайтын секілді; Өмір жөнінде әркім­нің түрлі, сан қилы түсінігі, пікірі бо­лады, ол ойлар бір түзудің бойында жат­­пайды; Өмір – математикалық фор­мула емес; Әрқашан ақыл, парасат жеңеді; Біреуге ақыл айту бір ерлік, ал сол ақылды өзің қабылдау іс жүзінде мың ерлік. Сезімді ақыл тізгіндейді, ақыл ойды сіз, біз дейді; Сөз шындығын өлшейтін таразы – уақыт; Уақытты минуттап санайсың да ал өмірдің ми­нут­тап өтіп жатқанын санай алмайсың; Мен үшін үлкен бақыт – оқу, іздену».
Ойларының осылай бозбала, бой­жеткен шағында тоғысуы Сағат пен Шәр­банудың мызғымас одағына ұла­сып, қазақтың рухани кеңістігінде қатар­ласа ұшты. Екеуі де оқырманын мол қазынаға кенелтті.


Шашылып түскен тіркестер

«Ойым аз болғандықтан көлемін көбейтіңкіреп жібердім», – депті Флобер.
4.04.1980 ж.
Сыншы жеке адамның творчестволық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы бүкіл әдебиеттің дамуына жол ашушы адам.
10.04.1980 ж.
Әңгіме – қиын жанр. Сол себепті де Флобердің: «Әңгіме жазу қиын болғандықтан роман жазуға мәжбүр болдым», – деген сөзінде терең мағына бар.
14.04.1980 ж.
Әдебиет дегеніміз – шындық деген сөздің синонимі.
22.07.1980 ж.
Мақтауды жақсы көрген адам мақтануды да жек көрмейді деген сөз.
Адамның ең осал жері – мақтан сүйгіштігінде, ал ең мықты жері – сынға деген сүйіспеншілігінен көрінеді.
8.04.1980 ж.
Кемшілік жіберу – адамдықтың белгісі,
Кемшілікті мойындамау – надандықтың белгісі.
Жақсылық үшін күресу – жамандыққа қарсы күресу деген сөз, ал жақсылыққа қарсы күресу – жамандық үшін күресу деген сөз.
2.08.1981 ж.
Жас жазушы көп те, жаңа жазушы аз болып жүр. Сол сияқты ескі тақырыпты жаңаша жаза алмайтындардың саны, жаңа тақырыпты ескіше жазатындардың санынан кем түспейді.
Мәселен, махаббат ең көне тақырып. Сондықтан осындай көне тақырыпты жаңа уақыттың тұрғысынан жазу керек.
5.12.1981 ж.
Ұлы таланттар күнде, жылда тумайды. Олар жүздеген жылдарда бір рет қана туса, оларды түсіну үшін де соншама ұзақ уақыт керек.
24.07.1982 ж.
Алтынның құны аздығында! Алтын аздығынан әрі құнды әрі қымбат екен! Демек, аз нәрсе қымбат, қымбат нәрсе аз әрі құнды екен.
Жақсы жазу үшін көп жазу керек, бірақ көп жазуыңның бәрін көпшілікке ұсына беруге болмайды.
25.07.1982 ж.


Академик С.Қирабаев жазғандай: «…қалам қызметін сыпайы бастап, әдепті мінезбен даурықпасыз жалғас­тырып келе жатқан бүгінгі көрнекті жазушының бірі Шәрбану кейіпкерлері – үлкен қайраткерлер емес, қазақтың қарапайым әйелі. Әр салада еңбек ететін, әрқилы отбасылық өмір кешкен топтың өкілі. Автор солардың тұрған ортасы мен қарым-қатынастары, тір­шілігі негізінде шын бейнесін та­ныту­ға, көзқарасын, өмір туралы ұғым-түсінігін ашуға ұмтылады. Журналистік қызметте жүріп өмір таныған Шәрбанудың шындықты терең түсінуі мен адамдарды тануы оның жазушылық қаламына жел бергені оның шығармашылығынан анық байқалады. Қаламгерге тән бай­қағыштық, құбылысты сурет күйінде көру де оған көмектескен. Сөй­тіп, Шәр­банудың сәтті шығарма­шылық еңбе­гіне жол ашқан. Оның характері де дара, суреттейтін оқиғалары (сюжет, фабула) да нанымды, тілі де құнарлы, ойлы. Айтары бар, ұсынар сабағы мен ғибраты да мол. Оны қазақ әйелі табиғатының жыршысы деуге әбден болады». Кейінгі буын қаламгерлердің де Шәрбану туралы зерттеулері бар. Том-том көркем шығармалары, аудар­ма­лары, мақалалары әдебиетіміз бен мәдениетімізге қосылған олжа. Бұл жай­лы айтар сөз де әлі алда.
«Сөз шындығын өлшейтін таразы – уақыт» деп Сағат бекер айтпапты. Тағы қайталаймын, бұдан отыз, қырық жыл бұрынғы шығармаларында, сұхбат, телехабарларында бүгінгі заманның талап-тілегінің қамтылғаны қайран қалдырады. Сағаттың ой-пікірлері, қанатты сөздері уақытпен тұлпардай жа­рысып, кешегінің, қазіргі күннің тір­лік тынысын қалай толықтырса, ке­лешекте де дәл солай жалғаса бермек. Өйткені Сағат Әшімбаевтың дүниелері өміршең, ұлтымыздың игілігіне тұрақты түрде қызмет етіп, мәңгілікке ұласпақ. Қысқаша қайырсақ, С.Әшім­баев мұрасы тәуелсіз Қазақ­стан­ның мора­ль­дік бет-бей­несін ай­қын­дай­тын ко­дек­сін, адам­­заттың гу­ма­нистік, жасам­паз­­дық бүкіл сыр-сипатын қамты­ған ға­жап әлем.
Сол ға­жап әлем иесі, шек­сіз дү­н­ие­нің ой-орманын ар­­ман­сыз шар­лап, оттай жа­нып кеткен Са­ғат Әшімбаев пен «әдепті мі­нез­бен» әдебиетке өл­шеу­сіз үлес қос­қан Шәрбану Бей­се­нова 70 жасқа толды. Екеуінің үпір-шүпір не­мерелері үшін қуанамын. Алтынай, Айғаным, Әлиманың жайдарман жүздерінен Сағаттың қайран анасының таныс, бейтаныс әсем де зиялы белгі­лерін шырамытып, іштей толқи­мын. Бола­шақтары жар­қын, мақсатта­ры­на жетіп, аман-есен жүрсе екен деймін. Немерелерінің қы­лы­ғын мөлтек әңгі­мелерінің өзе­гіне ай­нал­дырған Шәр­ба­нудың да тілегі осы: «Ауыр сөмкенің салма­ғы­мен жас шыбықтай бір жағына майысып, мық­шың­дап кетіп бара жат­қан немересіне қарап, әжесінің жүрегі ел­жі­рейді. Құлыншағым-ай! Иығыңа осы жүк арт­қа­ның артқан-ай! Осыдан бастап, өмір бойы өз жүгіңді өзің көтересің. Тек сол жолда ұлы Тәңірім өзі де­месін. Жүгің жеңіл, ғұ­мы­рың ұзақ болғай! – деп ті­лейді әжесі көзі жа­саурап». Тілегің орын­далып, немере-шөберелерің­нің қы­зығына тоймай ұзақ ғұмыр кеш, Шәрбану! Өзің үшін де, Дәурен, Сағат үшін де!

Мағира Қожахметова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір