Қаламақы – жазушы еңбегінің өлшемі
Егемендік!
Ұлы арман болған, біздің ұрпақтың ғана қолы жеткен Ұлы Дәуір екенінде еш таласымыз жоқ. Оның маңызын түсінген, әрине, қалам ұстаған қауым еді. Өйткені еркіндік жолында өмірін қиғандар да, күрескендер де қалам ұстағандар болатын.
Қашан да ұлтының есеюін көксейтін ақын-жазушы еріккеннен шығарма жазбайды. Оларды табиғат өзі талантты етіп, сезімтал етіп сыйлайды. Сондықтан да олардың есімін халық мәңгі есінде сақтайды. Өйткені олардың арман-тілегі қашан да халықпен үндес.
Сол қаламгер қауым, яғни біздер 25 жыл бойы қаламақысыз қалдық. Егемендікке қуандық, сол нығайсын дедік, 25 жылда еңбегіміз еленген жоқ, яғни шығармамызға ештеңе алмадық. Бүгінгі таңда жақсы жаңа шығарма жазылмауының бір себебі содан да болуы мүмкін.
Той басқарған асаба асыл жолдарыңды жатқа айтып, қыруар қаражат жинап алатын болды. Күзетшілер байыды, алыпсатарлардың көзі ешкімді көрмейтін де кездер бар. Ақынның бәрі айтыскерлікке көшті. Құнды жазба – поэзия шетке шығып қалғаны рас. Қазақтың қара өлеңінің орнына шатпақ жолдар эстрада арқылы тыңдаушыға жол тартты. Ақшаң болса, ақын да өзің, жазушы да өзің, әнші де өзің болған дәуір туды. Көрермен талғамын төмен сатыға түсіріп алдық.
«Ештен кеш жақсы» деген, енді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі осы жылдан бастап қаламақы төлеуді қолға алады деп естиміз. Енді оның қанша төленетіні анықталуы қажет. Дене қуатын пайдаланған спортшы бір жеңісі үшін үйлі-күйлі, машиналы болып шығады, ұлт намысын, ұрпақ тәрбиесін, адам санасын оятатын шығарма болмашы, ұсақ теңгемен бағаланса, меніңше, әділетті болмайды.
Қоғам саналы, тәрбиелі, рухани бай болуына қызмет ететін – кітап, әдебиет, ақындар мен жазушы еңбегі өз бағасын алатын кезең келді.
Жалтақ адам, ертеңі бұлыңғыр адам батыл қалам ұстай алмайды. Замандас ойшылымыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсам:
Арман қашан да ұзақ,
Ғұмыр қашан да қысқа.
Талант арманға табынады,
Өмір мүмкіндікке бағынады.
Қауым таланттан «Ананы неге жазбады, ананы неге тындырмады?» – дейді. Ал талант олардан «Мен сол істі тындыруға сен қолұшын бердің бе?» – деп сұрай алмайды.
Шын талантқа көмек керек, ағайын!
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.