Қытайда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шанхай шет тілдер университетінде (ШШТУ) қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын ашты. Бұл ортақ жоба Қытайдағы ҚР Елшілігі мен Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.
Салтанатты шараға ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов бастаған университет делегациясы қатысты. Кездесу барысында ШШТУ партиялық комитетінің төрағасы Цзян Фэн жоғары оқу орнында 30 шет тілінде маман дайындалатынын айтты. Жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілі оқытыла бастағанын және оған қытайлық студенттер үлкен қызығушылық танытып жатқанын тіліне тиек етіп, мамандандырылған кафедраны ашуға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов пен Қазақстанның дипломатиялық қызметіне алғыс білдірді.
Сапар аясында ҚазҰУ мен ШШТУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ол жоғары білікті мамандарды даярлауға, сондай-ақ ғылыми-білім беру саласындағы ортақ қызмет ауқымын кеңейтуге бағытталған.