«ШӘКӘРІМ» ҚЫТАЙ ТІЛІНДЕ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы қытай тілінде жарық көрді.
Бұған дейін қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде басылған еңбек енді Сиань университетінің тіл маманы Ли Сычанның аудармасымен қытай елінің оқырмандарына жол тартып отыр. Автор еңбегінде Шәкәрім Құдайбердіұлын тарихи, азаматтық және ғылыми тұрғыдан қарастырып, публицистикалық, философиялық еңбектеріне жаңаша баға береді. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы: «Бұл кітапта Ерлан Сыдықов мырза Шәкәрімнің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне және ұлт руханиятына қосқан үлесін жаңаша көзқараспен бағамдайтынын айтса, өнертанушы А.Тайзенхаузен: «Бұл кітап ақын, философ Шәкәрімнің бүкіл ғұмырын қамтиды. Зерттеуде ұлт тарихы да қамтылған» деп баға береді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы бұл ғұмырбаяндық кітаптың қытай оқырмандарына жетуі – ұлт руханияты кеңістігінің кеңейе түскені деп білеміз.