Заман талабы
Кеше Қазақстан Жазушылар одағы басқарма секретариатының кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде жалғыз мәселе – латын әліпбиіне қатысты ұсынылған жобаны талқылау. Ұйым басшысы Нұрлан Оразалин жүргізген жиынға Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдәулет, Бауыржан Жақып, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Сарбалаұлы, Жанарбек Әшімжан сынды хатшылық құрамынан бөлек, Марал Ысқақбай, Марфуға Айтхожина, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қуанышбай Құрманғали, Тұрдақын Жексенбай, Молдахмет Қаназ, Ахметжан Ашири, Рафаэль Ниязбек, Эрнест Төреханов, Әшірбек Көпішев, Сара Ләтиева, Самат Ибрагим секілді қаламгерлер және академик Өмірзақ Айтбайұлы, профессор Зейнеп Базарбаева сынды ғалымдар қатысты. Жиын барысында академик Өмірзақ Айтбаев пен профессор Зейнеп Мүсілімқызы әліпби ауыстырудың тәжірибесі мен әлеуеті жайлы терең сөз қозғап, бұл жобаның артықшылығы мен кемшілігі жайында барынша кеңірек мағлұмат берді. Жиын соңында қатысушылар аталған мәселені тіл мамандары, тарихшылар, басқа ғылыми ұйымдармен бірге кеңесу керек дегенге тоқталды. Осы секретариатта айтылған пікірлер мен ұсыныстар негізінде арнайы қаулы қабылданып, билік баспалдақтарына және әліпби жөніндегі комиссияға жолданбақ. Кеңес отырысында қамтылған мәселелердің толық нұсқасы алдағы уақытта «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарық көретін болады. Мәжілісті Одақ төрағасы қорытындылады.