Ақжайықтағы ақын тойы
Батыс Қазақстан облысында белгілі ақын, сыншы, филология ғылымының кандидаты, «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің иегері Сағынғали Сейітовтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Аталмыш шара ең әуелі ақынның досы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, ірі эпик ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Одан әрі Чапаев ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында С.Сейітовке арнап жабдықталған бұрыштың таныстырылуымен жалғасты. Талап орта мектебінде Сағынғали Сейітовтің сыныбы ашылды. Кейін аудандық кітапхана алдында мерейтой иесіне орнатылған ескерткіш белдеменің (бюст) ашылу салтанаты болды. Оны Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен ақынның қызы Дидар Сағынғалиқызы ашты.Тағылымды жиын Мәдени демалыс орталығындағы «Сағынғалидың сырлы әлемі» атты салтанатты шараға ұласты. Кеш барысында ақын, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай мен Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов ақын шығармашылығы жайлы тереңнен сыр шертті. «Сұлу сөздің сардары» атты аймақтық байқау жеңімпаздары марапатталды.
Өз кезегінде ақынның қос құлыны Дидар мен Ділбар Сейітовалар игі істің басы-қасында жүрген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке және өзге де бірқатар жауапты тұлғаларға ақынның ұрпақтары мен қалың жұртшылықтың атынан алғыстарын айтты. Расында, ақынын ардақтаған әруақты өңірдің атқамінер азаматтары аяғынан тік тұрып, аталмыш шараны абыроймен атқаруға атсалысқан еді. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, т.б. нағыз қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсеткен болатын.