«Талай сұлу тілегімді құп алған…»
19.08.2015
2511
0

«Махаббатпен жаратқан адамзатты…» дейді Абай. Сөзге көп құлақ аса бермейтінімізді алдын-ала сезіп-білгендей. «Махаббатсыз дүние – дос» деп қоятыны тағы бар. Қос құлаққа қоңырау ілгендей. Бәлкім, ауыздыдан шыққан сөз бір құлақтан кірген бойда екіншісінен ағып, лағып өте шықпасын дегендегісі шығар. Сөз біреу, ауыз біреу. Есесіне құлақ екеу. Тек құп алар құлық болсын деңіз.

«…Жер бетінде қанша жүрек бар болса,
Сонша жүрек махаббатты жырлайды…»

                                                                   С.Есенин.

Исраил Сапарбай

«Махаббатпен жаратқан адамзатты» ның арғы астарында Адам-Ата, Хауа-Ананың болым-бітімі менмұн­далайды. Айтыңызшы, жеке-жалғыз жан ие­сінде Ма­хаббат деген ұлы да аяулы сезім әлемі бола ма? Айта көр­меңіз, бұл арада Алланы ауызға алу­дың жөні жоқ. Алла – Жаратушы. Ол – біреу де, бі­регей. Бәрі де бір Жа­ратушы Иеден басталып, бір Жаратушы Иеге келіп та­бан тірейді. Әңгіме төркіні Адам-Ата мен Хауа-Анада, түп­теп келгенде, екеуінің арасындағы жаннан әзіз ада­ми ахуал мен бәндәуи сезім әулетінде болып отыр.
Бәнд – турасын айтқанда, тұтқын деген ұғымды біл­­ді­реді. Пенделік (бәндәлік) тұрғысында адамның бәрі тір­шілікке кіріптар, қол-аяғы қосақтаулы. Бүгін туып, ер­тең өлетінін біле тұра тыным таппайды. Күн көру, өмір сүру үшін. Ал біздің айтып отыр­ғанымыз мүлдем басқа – сезім, түйсік, таным, күйі­ну, сүйіну, азаптану, ғажаптану, қайғы кешу, қа­мығу, сағыну, жабығу… дүниесі. Бәрі-бәрінің жиын­тығы не біреу, не екеу – Махаббат машақаты, Ға­шықтық ғаламаты. Егер Хауа-Ана Адам-Атаның сол қабырғасынан жаратылмағанда, кім білсін, Қа­быр­ға иесінің қара жерді (не Жұмақты) қарыс аттам басуға қауқары келмей ішқұсталықтан өлер ме еді?.. Аспан мен жер арасын түгел өлшеп-пішіп қой­ғандай сіз бен біз де бұлайша сайрап отырмас па едік… Құдайдың құдіреті дегеніміз, міне, осы!
Бәрі де Абайдың жалғыз ауыз сөзінен шығып отыр ғой. Ал енді «Махаббатсыз дүние – дос» қа қа­раңыз. «Махаббатсыз»! Адам-Ата – Хауа-Ана екеуі жарқосақ екен, Жаратылыс пендесі қа­лайым­­ша жалғыз-жақыбай жағдайда күн кешпек? На­мақұл нақұрыстың нағыз өзі болмаса?.. Нан­ғы­ңыз да, сенгіңіз де келмейді. Алғашында. Енді өлең­нің екінші жолына келейік: Хайуанға оны теңең­дер…». «Апырай, адамның да хайуаны болады екен-ау?!» дерсіз таңданыс білдіріп, пәруана пе­ріште кейіппен. Сонда қалай, Абай сөзіне күмән кел­тірмек ойдасыз ба? Онда өлеңді қайта оқыңыз, не құлағыңыз қате есітіп, не құлқыңыз қағыс қа­был­даған шығар? Есіңізде болсын, ұлыларда ұр­да­жық мінез болмайды. Даналарда да солай – да­быра сөзден басы аулақ. Дұрысы, әуелі өзіңізге, сонан соң көршіңізге, одан әрі ауыл-аймағыңызға, ұрық-шырығыңызға үңіліңіз. Сөз қадірін сонда білуіңіз әбден ықтимал. Бар мағлұмат «…дүние – дос» деген (амалсыз қосарланған) екі-ақ ауыз сөзде жатқан жоқ па? Ең алғаш Алла Тағала да­рытқан, сонан соң Адам-Ата – Хауа-Анаға, ұрпа­ғына мәң­гі-бақи рухани, адами азық болған ұлы мәр­тебелі Махаббатты Дүниеқоңыз деген нәжіс ныс­пы­ға айырбастаған, айырбастап қана қоймай, доңыз бен қоңызды дос еткен бейшара-бейбақта қан­дай қасиет болушы еді?! Дәл осы арада, нақ осы тұста сол Абайдың «Адам бір боқ көтерген боқ­тың қабын» да еріксіз елеп, амалсыз мойынға ала­сыз. Атыңыз адам болған соң. Әрине, зауі-зат жайы бір басқа…
Абай заманын Абайдан артық айта алмаспыз, де­генмен… өз тұстас-тұрғыласыңыз – бүгінгі қа­зақ­­қа үңілгеніңіз бар ма? Кімді көріп, нені байқа­ды­ңыз? Осыдан ширек ғасыр бұрынғы қазақ қан­дай, бүгінгі қазақ қандай? Әлгі, Абай аузынан шық­қан «дүние – досты» алдыға салып? Кім сат­қын, екі­жүзді, табансыз, бүрсіз, үнсіз, әбеқоңыр, мо­жан­­топай, дүмше, дүрдіараз, дүниеқоңыз?.. Әсі­ре­се, соңғысы белалып қана емес, жанымызды «бау­рап», жүрегімізді жаулап бара жатқан жоқ па осы? Қашан тоярымызды, қоярымызды кім біл­ген… Бұл ауру төтеннен келді ме, әлде, бөтеннен кел­ді ме? Біз білетін және Абай әлдеқашан ауызға алып, санамызға салып кеткен диагнозы біреу-ақ: «Махаббатсыз дүние – дос», яғни мазмұнсыз, мәнсіз, марғау малғұндық психология! Мұның аты – Алла Тағала дарытқан рухани байлықтан, адами махаббаттан көре-көзге баз кешу. Сенімнің өл­мейтінін, үміттің үзілмейтінін еске алсақ, басыбайлы емес. Жақсымыз да бар, жайсаңымыз да аз емес. «Жал­ғыз­дың аты шықпас» ты Абай бұзды. «Жаяудың шаңы шықпас» ты біз бұздық, себебі, бас-ба­сы­мыз­да бір-бірден «темір» тұлпар бар. Тәубе деуге де лайықтымыз, бірақ бәрібір бірдеңе жетпейді де тұрады мынау пақырыңызға!..

***

Басқаны қайдам, адамнан гөрі махаббатты кө­бі­рек жоқтаймын. Адам келеді, кетеді, өледі, өше­ді… Бұл қадымнан бергі қағидат. Ал махаббат… шы­найы махаббат, мәңгі махаббат…
Әзелгі ақиқаттың бірі – ақындардың Махаббат жыр­шысы екендігі. Сан ғасырлық өнер өкілдерінің іші­н­ен бөле-жарып отырғанымның өзіндік мәнісі бар. Рас, ұлы суретші Рафаэльдің шіркеудің ішкі күм­безіне қыз суретін сала отырып, оған өзінің өлер­дей ғашық болып қалған мүшкіл халін де, саз әлемінің сәруәр сардары Шопеннің шетелде шейіт бо­лып, «жүрегімді Польшаға апарып жерлеңдер» де­ген соңғы аманатын да, ұлы жазушы Бальзактың боз­баланың бозым шағына бергісіз соңғы ма­хаб­ба­тын да естен шығарғым жоқ. Әйтсе де, құ­діреті күш­ті Алла Тағала аузыма шайнап сөз сал­ған ша­йыр болғандығым үшін бе, көбіне өзім білетін өт­кен-кеткен ақындар тағдыры, аумалы-төкпелі, қиыр-шиырлы сол тағдырға бірден-бір себепші бол­ған махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық әле­мі­нің әрқалай аужайы алаңдатады да тұрады. Бәл­кім, кім біледі, сол Ақынның шын мәніндегі тағдыр-та­лайы, тылсым да құпия мұңы мен сыры бізге жет­пей, уақыт көлеңкесінде үнсіз қол бұлғап, тілсіз қош­тасып қала берді ме?.. Тіпті, Абайдың:
«Өлең шір­кін өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей…» –
деген жол­дарының астарында біздің бағзы-бая­ғы­мыздан бе­рі келе жатқан ұлттық ментали­те­ті­міздің ұшқын-ұш­тығы қылаң беріп тұрған жоқ па екен? Шынтуай­тын­да, Ақынның мұңы мен сыры, сыры мен шыны Өлең деген «өсекші» тұрғанда қалайша уақыт жұ­мы­рында жұтылып немесе оқушы назарынан тыс тыл­сым, құпия күйінде қала бермекші?! Мүмкін емес­тей көрінеді. Мені қызықтыратын да, түн ұйқым­ды бұзып тынатын да көбіне-көп осы жәй. Құ­дай-ау, басқаны былай қойғанда, тіпті, кешегі сал­датып, серілетіп өмірдің көз ілеспес көшімен қаз-қатарласып, қаптал-қабаттасып өте шыққан Ақан сері, Біржан сал, Иман Жүсіп, Сегіз серілерді еске алмағанның өзінде, бергідегі Мағжан, Шә­кәрім, Бернияз, Қасым бастаған, қыршын кетті деуге саятын Төлеген, Жарасқан, Кеңшілік, Жұ­ма­тай, күні кешегі Мұқағали, Сағи, Жұмекен, Өтежан, Қа­дыр, Тұманбай сыңайлы дүбірлі, дүрмекті ақиық ақын-шайырларымыздың қай-қайсысының (көр­ген құқайынан мүлдем бөлек) «махаббат қызық, мол жылдары» қаншалықты баршамызға қанық, та­нық? Ауыз толтырып айта алмаймыз. Себебі, бізге олардың «сүйдім, күйдімінен» гөрі, несін жасырамыз, әлеуметтік ауқымдағы, азаматтық аядағы әуен-жырлары көбірек қажет болды. Оқы­сақ та, жаттасақ та, дәріптесек те, тіпті, дәрежеле­сек те!.. Бұл мәжбүрият, әдетте, қаладың-қалама­дың, ақын тағ­дырына (бірен-сараны болмаса) әсер етпей тын­байды. Әсіресе, идеологиясы итіс-тар­тыс, сая­саты сары езу сарноқай заманда. Бұдан соң әлгі «сүйдім, күйдіміңіз» әркімнің, оның ішінде ақынның да жеке басының шаруасына айнал­мағанда қайт­пекші?! Ал біздің білігімізше, Ақын – ең алдымен, ма­хаббат жаршысы, сонсоң ғана әлеумет жаршысы, жұмақ пен пейіш жұрағаты, тозақ пен тамұқ ха­бар­шысы! Осыны ұқпаған ұлт та, ұлыс та, әдет­те, әрнәрсеге ұрыншақ, бұрылшақ келеді. Тағы да айтуға тура келеді:
Ақын – жайгершілікте,
Батыр – жаугершілікте!

***

Бас ақынның бас шәкірті – Мағжан махаббаты ха­қында қалам тартсам деген ойда едім – жас, уыз, кінә­сіз, күнәсіз, кіршіксіз, кірпияз сезім дү­ние­сі мен жүрек қалауынан гөрі ақынның азапты өмірі мен тауқыметі таусылмас трагедиясы алдымды ора­ғыта берді. Бернияз трагедиясы қыршын да кү­нәлі қалпында жүрегімді қанжылатты. Бернияз жал­ғыз емес екен – осы жуырда, өзіне ғана мәлім хал­де Әмірхан ініміз өмірден баз кешті. Исламият ыр­қына жүгінсек, бұл қаза азалы ғана емес, көпе-көр­неу тозақ азабын да алға тартады. Бернияз да, Әмір­хан да, сөз жоқ, аузына Алла сөз салған ақын. Олай болса, бұл арасы бізден гөрі Хаққа көбірек жа­қын деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз да… «Жұ­мекенге екінің бірінің тісі батпайды» деп жүр жұрт. Өтірік. Жұмекен өлеңдері құныға білгенге құпия емес, шынайы поэзиямен тыныстай алғанға тылсым емес. Күрделінің бәрі күрмеуге келмейді деу – берекесіздік пен бейғамдықтың не әрісі, не бе­рісі. Қадыр ағамыздың «Жазмышына» жаудай ти­дік, қасарыстық, қабылдай алмадық. Тағы да сол қалыпқа құйған «қағида», ұлттық ментали­те­ті­міз­дің бағзы-баяғы ұяңсымақ ұялшақ кейіп-кес­пі­рі. Осы қалпымызбен «Жазмыш» иесінің ертеңгі өз жазмышын жаза аламыз ба деген сұрақтың сұл­басы еріксіз ой қозғайды… Жазмыш демекші, жа­­­­ратылысына сай ма екен, кім білсін, Тұманбай аға­мыз өз ғасырының тұтас жылнамасымен қоса мәуе­лі Махаббатнамасын да жазып кетті! Ал Жұ­ма­тайдың «Ләйласы» жөніндегі әңгіме мүлдем бө­лек. Әттең, тамырды тап басар сыншы тапшы, тап­шы емес-ау, мүлде жоқ есебі. Әйтпегенде, Пет­рарканың әлемдік сипаттағы Лаурасынан қазақы қарагөз Ләйламыздың қай қадыр-қасиеті кем?! Ке­шіріңіз, барды жоққа айналдыру машы­ғына Жұ­мекен мен Жұматай нана да алмайды, кө­не де ал­майды! «Туады, туады әлі-ақ нағыз ақын!» де­мекші, бүгін болмаса ертең Жұматайдың «Ләйласы» қа­зақ жұртының Лаурасына да, Ләйла­сына да ай­на­латынына сеніміміз кәміл. Тек, тезі­рек жетсек екен сол күнге.

***

Есенин әлеміне қайта-қайта ат шалдыра бер­уі­мнің себеп-салдарын енді түйсінген шығарсыз. Тағы да барғалы отырмын. Бәлкім, соңғы тұжырым-түйіні осы эссе болып қалуы әбден мүмкін.
Әрине, ақын хақындағы естеліктер өте көп, білу­ге ниет еткен адамдарға жетіп-артылады. Жа­қын­да ғана Есенин шығармаларының толық жи­на­ғын қолыма түсірдім. Біздің Жұмекен сияқты са­налы түрде прозаға түрен салған ақынның бұл тұс­тағы қалам қарымы да өзгеше. «Балуанға оң-те­рісі бір» демекші. Өзінің туған қарындастары мен дос­­тарынан бастап жұрты-жұрағаты бұл жайында әлі күнге дейін таусылмай, тамсана жазады десек, бөстекі бөспе сөз емес. Ғибратты, өнегелі бұл дәс­түр бізде бұрын да оңып тұрған жоқ еді, қазір су ая­ғы ақабаға айналды. Ілтипаты ізгі, ниеті түзік қа­лам иесіне, әйтпегенде, менмұндалап тұрған объект мен субъект аз ба?! Жоқ, керісінше, әр­қай­сымыздың бойымызда өз есекдәмеміз бар, тарихта қалуға үмітіміз де жоқ емес! Әй, қубақай пенде­шілік-ай десеңші?.. Кешегі-бүгінгі жанымызда жүр­ген бақилық қаламдас ағалар, інілер бүгін жа­ды­мыздан білте шамдай бірте-бірте өшіп жатса, бұлай демегенде не дейік…
Естелік, эсселер өз атымен, мен, бірақ бұл жо­лы Есениннің өз өлеңдеріне көбірек ден қой­дым, қайта үңілдім, тәржімаларымды талғам тара­зы­сына салдым. Сондағы байқағаным, небәрі отыз-ақ жыл өмір кешкен ақынның көргені мен түй­гені, сезгені мен білгені өзіміз айта беретін жүз жа­саған адамнан ары болмаса, әсте бері емес екен! Бәр-бәріне үңіліп қана қоймай, түңіліп те үл­геріпті. Тіпті, біз ауызға қастерлей алып отырған Ма­хаббаттан да! Бір емес, бірнеше мәрте…
Мына өмірден –
Кір өмірден зеріктім.
Ал, сырнайшым, әуеніңді соз, кәні?!
Неге келдім бұл жалғанға?
Нені ұқтым?
Шерлі күйің шермендемді қозғады.

Мен қосылам,
Сен де қосыл, әй, қаншық!
Менде кімнің,
Менің кімде қалды ақым?
Жан-тәніңді маған ғана жайғансып
Маңдай керме,
Арбай берме, салдақым.

Сені егінге қарауыл ғып қояр ма ем,
Үркітуге торғай менен қарғаны.
Шарап ішкен тарамыспен, аярмен
Тартысуға, шарпысуға хал кәні?..

…Білем, білем, секектеген сендей көп
Барын бұлдап,
Жанын былғап, тән сатқан.
Көктемдегі көкала мұз сеңдей боп
Мен бейбақты мезі қылған, шаршатқан.

Шымшылаған,
Қыңсылаған кіл қаншық
Кезек-кезек жалап жатыр жарамды.
Кімге керек жанарыма тұнған шық?
Жетер!
Жетер!
Батырайын қарамды.
Безіну… Кешіріңіз, таза, кіршіксіз, биязы ма­хаб­баттан емес, салдақы, сарқынды әлдебір ұрға­шы­дан! Желімдей жабысқан жезөкшеліктен! Жол-жөнекей кездесе кеткен кезбе келіншектен! Әрі кеткенде, бір түннің, әйтпегенде, бірер сәттің ғана қызық-шұжығынан!
Жан азығының жапа шеккен, жаза кешкен бір тұсында қылаң берген тән талабы жазған жүрекке қай­дан дауа бола алсын?!
«…Шымшылаған, қыңсылаған кіл қаншық
Кезек-кезек жалап жатыр жарамды…», –
деп мұ­ны дәркүмән, дәрменсіз күйде дәрумен іздеген ақын­ның өзі де жирене, күйзеле, тіпті, мезі бола ауыз­ға алып отырған жоқ па? Рас, ұрғашы болсын, ер­кек болсын, адам атаулы тән мен жанның жара­сымды жандасуынан ғана іи қандырады, ләззат ала­ды, ұрық-ұрпақ өсіреді. Жартыкеш дүниеде жа­зық жоқ. Хайуани сезім адами жаратылысқа жат.
…Ақын жалғыз, жапагер. Оған әлдене жетпейді, не кешегісін бүгін жоғалтып алған. Ол табыла ма, неме­се қайта орала ма? Тағы белгісіз. Тәнін жалдап, жа­нын ұрлаған әйел затын жек көрмегенде қайт­сін жазған жүрек?.. Дүниедегі ең қиын, тіпті, ең ауыр трагедиялық хал-ахуал – мынау фәни жал­­ған­да бақилық барыңнан байқаусызда көз жазып қалу. Ал енді айта қойыңызшы, бұл жазалы жағ­даят­тан Сізді, (Есенинді деп те ұғыңыз) жеме-жем­ге келгенде, кім құтқара алады? Жаратушы ма? Әр­кімнің «сатып алған ауруына» араласа берсе, Ал­ла Тағаладан нендей қадыр қалмақшы? Енді кім­нен? Әрине, әйел заты! Ұрымтал да, ұғымтал ұр­ғашы. Есіңізде болсын, еркек ұрымтал да, әйел ұғым­тал. Бір әйелден безінсең, екіншісіне келіп ұрын­бағың айдан анық. Басы айналған бәңгі сияқ­ты.
Қабырғаңнан жаралған әйел қашанда қа­сың­да. Қабырға дегеніңіз қайысқақ та майысқақ, иіл­­гіш те бүгілгіш. Сындырмаққа әурелену бүлдір­мек­­тің басы. Қысқасы, құтылу қиын, тұтылу оңай. Оның үстіне, еркектің бағына орай (соры да аз емес) жанға жалау боларлық жақсылары мен жай­саңдары да жайдақы, жалғыз емес. Аз ба, көп пе – жаратылыс жазған жазмышыңызға, одан қалса, тағ­дыр-таланыңызға байланысты. Пенде есебінде Есе­нин де өзіне лайықты жазмыш жапагері. Же­лігу мен зерігудің арасы бір-ақ адым. Жас күнінде кім желікпейді?! Аты ауыздан түспей, серілігі сер­гел­деңге ұласқан Сергейді масаң Мәскеудің ма­залы түндері, мазасыз күндері аз еркелетпеген. Ма­хаббат мәзірінен де ықылық атып жүріп толайым тоят тапты. Шалыс басып жүріп шалт қимыл­да­ған сәттері де осыған куә. Уыздай жігіт шағының өзінде бір емес, бес рет әйел затымен некеге тұрса, бәрісі де сиқырлы һәм сан сырлы махаббат се­зімімен, шырын да шынайы ғашықтық ғала­ма­тымен табысып, қауышып жатты деу қиын. Қалай болғанда да, ақынның аты ақын. Жер бетіндегі, тіп­ті, аспани әлем төріндегі періштелік махаббат­тың жоқшысы да, жаршысы да, түптеп келгенде, осы Пәруана. Оған титтей де күмәніңіз болмасын. Бо­ла қалса, Есениннің балтума, төлтума нәзік, нақыш­ты, нәрлі назымдарына қайта үңіліңіз. Бір жа­сап, жасарып, жақсарып қалатыныңыз кәміл. Қай­сыбір тұстарда ішінара кездесіп, жүздесіп дегендей, назарыңызға ілігіп отырса, «Парсы сазда­рында» бұл мамырлы, мазалы мақам тола­йым-түгел жан-дүниеңізді баурап, жаулап алады!
Қанша күнді қалғып-мүлгіп қарсы алдым?
Қанша күннің құрдымына құйылдым?..
Алғаш рет «Махаббат» деп ән салдым,
Алғаш рет тентектіктен тиылдым.

Қыздырмайды қызылкүрең шарабың,
Құлықсызбын өтіп жатқан күнге де.
Күзгі бақтай күрең тартып барамын,
Үйрек ұшып, қаз қонса да іргеме.

Көздеріңе отырайын қарап тік,
Ерік беріп еріп түскен жасқа да:
Өткеніңді өкінішсіз талақ қып,
Менен кетіп қалмау үшін басқаға.

Тамырыңа удай тарап мұңды үнім,
Бал тамызсам жүрегіңе тілімнен.
Құзырыңа құрақ ұшып құлдығым,
Сендірсем-ау сүйе білетініммен.

Бәріне баз – шарап, кабак, саябақ…
Өлеңмен де қатырмайын басымды.
Сенің ғана саусағыңды аялап,
Сенің ғана тарасам-ау шашыңды.

Бірге кетем,
Қаласаң да қай елді!
Маған мекен бола алмайды бұл Тамұқ.
Алғаш рет сүйдім білем әйелді,
Алғаш рет өзімді-өзім шын танып.
Ішіне үңілсек, бұл өлең кейінірек жазылған сияқ­ты. Бәлкім, Айседораға ма екен?.. Биші би­кеш­­ке десек, «Бірге кетем қаласаң да қай елді!» жо­лы кесекөлденең тұр. Айседораның жердің ар­ғы тү­бінен Ресейге бір емес, бірнеше рет келіп кет­­кені, ақырында өзінің би мектебін ашып тын­ғаны әу бастан белгілі. Оның үстіне «мой золотоймен» (Сер­гей) кездескенде Изадора аса бір уылжып пі­сіп жарыларға шақ тұрған перуайым пе­ріште емес­-тұғын. Енді кім? Бізге белгісіздеу піс­те мұ­рынды, жирен шашты, бидай өңді, ортекедей ой­нақ­­шыған орыстың әйбәт бір ару қызы бол­ғаны да! Еркіндігі мен еркелігі шектен асқан ақын­ның на­­зарын өзіне қаратып қана қоймай қыз­ғанышын да «Ме­нен кетіп қалмау үшін бас­қаға…» оятқан осынау қыз бала «Парсы саз­да­рының» бастапқы тұ­сын­да да қылаң береді:
«…Шаганэм менің, Шаганэм!
Өзіңдей қыз өзен бойын маңайлап,
Жан-жағына жаутаң-жаутаң қарайлап,
Жүрген шығар жүдеп, жадап мені ойлап..,
Шаганэм менің, Шаганэм!..».
Жоғарыдағы өлең жолдарын сол күйінше т­ұтастай мысалға алып отырған себебіміз, Есенин поэ­зиясы бөліп-бөлшектеуге келмейді, үзіп жұлуға да көнбейді. Жол мен сөз аралығында екінің бі­рінің құлағына құйыла бермейтін ішкі ырғақ-иірім, әуен-саз бар. Жан-жүректі сыбызғыдай сыңсып сыз­дататын бұл сиқыр саз үзіле, сызыла келе ұлы ақын­ның улы да мұңды музасына ұласады.
Біздің ұғымымызша, Айседораны Сергей өліп-өше сүйе алмаған тәрізді. Тек ақын жүрегінің бірер сәт­тік елітіп-елжіреуі болмаса. Бұл экзотикалық көңіл-күй, әдетте, аспан мен жердің арасын түгел шар­лап, қалқып-ұшып жүре бермейді. Бірде мәрт қы­зығады, бірде шорт үзіледі. Әсіресе, аумалы-төк­пелі, астарлы-сырлы алмағайып ақын тағ­ды­рын­да.

***

Ақын да бір – нөсерлі көктен ағып түскен жасын да бір. Қай жасынды қай ару ақжалаңаш алақанында ұстап тұра алсын! Есенин мен Дункан аралығында адам қызығарлықтай аяулы сезім, асыл махаббат бола қалғанның өзінде, оның көпке өнеге әрі баянды ғұмыр кешуі екіталай еді. Өйткені, тағдыр басқа, таным басқа, жасын басқа, жалын басқа. Сергей Айседораны емес, керісінше, Айседора Сергейді көбірек жақсы көріп, ұнатты дегеніміз дұрыс шығар.
Сүю, жану, өртену, дерт ему… сайып келгенде, жеке адамның өз машақаты, махаббаты, мехнаты… Әйтпегенде, Есенин Дунканмен жұптасып Америкаға сол кеткеннен мол кетер еді ғой… Қайтып келді – еліне, жеріне. Шетелде өткізген бір жарым жыл айтулы ақынға, зерігу, жалығу, түңілуден өзге ештеңе берген жоқ. Біз ашып-аша алмай, біз қашып-қаша алмай жүрген әсіре демократияшыл Америкаңызды Есенин со-н-ау жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында-ақ жалпақ әлемге айдан анық әшкерелеп берген болатын…

***

Экзотика дейміз… Сол экзотика дегеніңіз, уақытша болса да, қолдан Жұмақ жасау емес пе екен?! Жұмақ туралы түсінік әркімде әрқалай екеніне, әсіресе, соңғы кезде көбірек көз жеткізіп жүрміз. Менің көршілерім бар, әрқайсысы өз үйіне бір-бірден жұмақжай жасап алған. Кірсең шыға алмайсың, кірмесең не екенін ұға алмайсың. Өзінен-өзі ашылып-жабылатын қақпа, әрине, қожайынға қонымды, қонақжайға қолайсыз. Біздей бәкене бойлы бейбаққа биік көрінетін қорған ішінде екі-үшеуден алып-соғар Алапар бар, ертелі-кеш арылдайды да тұрады. «Апырай, Жұмақ та осылай тас бекініп алады екен-ау?» деп ойлайсың еріксіз, олай-былай өткенде. Ішінде кім болушы еді, әрине, періште емес, пенде кейіпті адам. Бүгінгі баю мен тоюдың бар сықпыты осы. Баю кердең қақтырады. Тою кекірік аздырады. Қанағат қашқан жерді, әдетте, әбілет басады. Тәубе тасынғанның түсіне де кірмейді. Шүкіршілік мейманашыл кейуананың ғана аузындағы аяты, қолындағы саяты. Ал біз, артық айтсам, кешірерсіз, үшеуінен де зәрезап болған зәнталаққа ұқсаймыз, көрген көзде жазық жоқ, шыны осы. Жердегі жұмақсымақтар көбейген сайын көктегі Пейіш елінің қадыр-қасиеті арта түседі. Себебі біреу ғана – ол биікте, біз жерде. Жердегіге жертөле де жетеді – жатуға, жертөсек те жетеді – жантаюға, жербесік те жетеді – мәңгі ұйқыға батуға…

***

Жұмақ демекші, ертеректе оқыған бір әфсана есіме оралып отыр. Алағай да бұлағай асып-тасқан бір патша салтанатты сарайында ісініп-күпсініп отырып олайғы-былайғыларына бүй депті:
«Жер бетінде менен асқан қай патша бар?». Үнсіз бас шұлғу. «Жер бетінде маған бағынбаған ел қалды ма? Үнсіз бас шұлғу. «Жер бетінде менің патшалығымнан бай, қазыналы кім бар?». Үнсіз бал шұлғу. «Жер бетінде біреу-міреу жұмақ салды ма екен осы?». Үнсіз бас шұлғу… Жоқ, кешірерсіз, үнсіз бас шайқау. «Ендеше, мен саламын жердегі сол Жұмақты!». Үнсіз қайта-қайта бас изеу. Болды, бітті. Айтты, кесілді. Сандықтағысы бар, алым-салығы бар, бәрі сарқылды. Есесіне Жұмақ үйі бой көтерді. Жұмыр жердің жұртында! Сеніп-сенбей жұрт аң-таң. Сөніп-сөнбей жұлдыз жалтаң. Айтып-айтпай не керек, Ай мен Күннің аянында, бар мен жоқтың баянында сегізінші Жұмақ есебі ел-жұрттың есін жиғызар емес! Атамзаманғы Ібілістің Аллаға айтқаны айна-қатесіз дәл келіп тұр: «Ей, раббым! Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді… Сонда қайтпексің?». «Жерді таумен басып қойғаным тәрізді, асынып-тасынып бара жатса, адамды тәубасына түсіремін!».
Айтқаны дәл келді. Алла Тағала Жәбірейіл періштеге: «Жердегі анау патшасымақтың жанын кеудесінен суырып ал да, «жұмағымен» қоса бері алып кел!» деп пәрмен қылды. Алла айтпайды, айтса – айтқанынан қайтпайды. Салтанатты сәтте әлгі «жұмақ» есігінен аттай берген патшаңыздың жаны кеудесінен бақиға ұшты да кетті…
«Қызым саған айтамын, келінім, сен тыңда» дейді атам қазақтың дуалы ауызы. Бұған «Ымды білмеген, дымды білмейдіні» қосып қойыңыз. «Мың асқанға бір тосқанның» да ауылы алыс емес. Пешенелі пендеге тола-толық жемсаудан гөрі Пейішті аңсаудан артық не бар дейсіз бұл фәни жалған дүниеде!..

(Жалғасы бар).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір