Кісілік келбеті
22.09.2017
1647
0

Бүгінгі ақпарат ағымының тасқындаған заманында әркімнің де әлеуметтік желілерге жабысып отыратыны белгілі. Фейсбук парақшасын ақтара отырып, ондағы қадірлі әдебиетші-ғалым Айгүл Ісімақованың мына бір жолдарына көзім түсті: «Профессор Әбсаттар Дербісәлі әлемнің даңқты ғалымдары тізіміне кіргізілді». Тақырыпты тарқатып оқыдым, онда былай деп жазылыпты: «Құрметті Әбсаттар қажы! Биік мансабыңыз бен жемісті кәсіби және қоғамдық қызметіңіз Сізге тек өз еліңізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де әлемдік ғылыми ортадан құрметті орын алуыңызды қамтамасыз етті. Сократ атындағы номинациялық комитет Сізді ғылым және білім саласы бойынша «Ғылымдағы есім» (The Name in Science) құрмет сыйлығымен марапаттауға лайықты деп тапты. Бұл құрметті атақпен қоса, «Әлемдік ғылымға қосқан үлесіңіз үшін» берілетін арнайы диплом Сіздің әлемдік ғылыми ортадағы беделіңізді одан сайын асқақтата түсетініне сенімдіміз». Бұл 16 мемлекеттен құралған Академиялық Одақ, Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА), қоғамдық беделді ұйымдар, ғылыми кәсіби және шығармашылық одақтардың қатысуымен Францияның Канн қаласында орналасқан халықаралық Сократ комитетінің шешімі екен.

Қазақ ғалымының қайрат­кер­лігі халықаралық алаңда баға­лан­ғанына іштей қуандым. Есімі елі­мізге кеңі­нен мәлім көрнекті ға­лым, шығыс­тану­шы-арабист, бел­гілі қоғам және дін қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, фи­ло­логия ғылымының докторы, про­фессор, ҚР Білім және ғылым ми­нистрлігі Р.Б.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институтының ди­ректоры Әбсаттар Дербісәлімен жұмыс барысында жиі жолығып тұрамыз.
Осы хабарды естіген соң, ер­те­сіне абзал ағамызды аталмыш ма­­рапатымен құттықтадым. «Таза адам­дарда барлығы да таза» деген фран­цуз жазушысы Ромен Рол­лан­ның сөзі қалған. Үнемі үсті-ба­сы мұнтаздай таза жинақы жүретін, тың әрі епті қозғалатын Әбсаттар аға жадыраңқы жүзбен күлімдеп, ри­зашылығын білдіріп жатты. Бойы мен ойынан зиялылық пен зият­керліктің лебі сезіліп тұратын бұл кісінің жақында жетпіске то­ла­тынын ойлап, оның кісілік кел­бетін көз алдымда тағы бір елес­те­тіп, сананың саралауынан өткізуге тырыстым.
Иә, әңгіме атақ пен даңқтан шы­ғып отыр ғой. Халықаралық даңқ­ты ғалымдар қатарына енген шығыстанушы Әбсаттар Дер­бі­сәлінің қазақ арасындағы атағы 1970 жылдардан бастап шыға бас­таған. Сол бір кеңестік кезеңдегі атеизмнің дәуірлеп тұрған тұсында көзіқарақты оқырман «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Жалын» жур­нал­дарына басылған арабтың Мағ­риб әдебиеті, Әбу Насыр әл-Фа­раби туралы жазылған мақа­ла­ларды тұшына оқыған сыңайлы. Одан кейін Ә.Дербісәлінің «Араб әдебиеті. Классикалық дәуір» (Ал­маты, 1982), «Шыңырау бұлақ­тар» (Ал­маты, 1982), «Мың бір түн елін­де» (Алматы, 1986) атты кітап­та­рының жариялануы, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде араб филологиясы ка­федрасы мен шығыстану фа­культетін ашуға мұрындық болуы оның абыройын асқақтата түскен. Ме­нің бала күндеріме сәйкес ке­летін бұл уақытта ауылдағы үлкен кісілердің, олардың арасында өз әкемнің де, Әбекеңнің әрекетіне ыр­зашылық танытып отыратынын көзім көрген. Менің ойымша, бұл сол заманғы коммунистік идео­ло­гияның қысымының салдарынан жапа шеккен араб тілі мен әде­бие­тіне, шығыс қоғамдарының та­рихы мен мәдениетіне, ұлттық ру­ханият пен дінге деген шөлір­кеуден туған ризашылық сияқты көрінеді. Олар тіпті асыл дінмен қайта қауышатындай қуанышта болған сыңайлы еді.
1990 жылдары «Ежелгі араб елін­де» (Алматы, 1992), «Қазақ да­ла­сының жұлдыздары» (Алматы, 1995) кітаптарының жарыққа шы­ғуы, қазақ топырағында туып-өс­кен ортағасырлық ғұламалар ту­ралы мақалалар сериясының жа­риялануы халықтың көңілінен шық­ты. Әсіресе, әлемге «Екінші ұстаз» атымен танымал болған даңқ­ты бабамыз Әбу Насыр әл-Фа­раби мен «Әзірет сұлтан» есімі­мен халықтың жүрегінен орын алған Қожа Ахмет Иассауидің ру­хани мұрасын зерделеуі, қазақ жо­ғары білімінің қара шаңырағына әл-Фарабидің есімін беруге ат­салысуы, ақырында Сирия аста­на­сы Дамашық қаласындағы ұлы ба­ба зиратына туған жердің то­пырағын апаруы ел арасына аңыз болып тарады десек, артық айт­пағандаймыз.
Әбсаттар аға Дербісәлі кейі­ні­рек өзінің сан-салалы қызметінде – ағартушылық, ғылыми, ұйым­дас­тырушылық, діни, диплома­тия­лық қызметтерінде – қайда бол­сын, халқын шын сүйген пер­зен­ті ретінде осы бағыттағы жұмы­сынан айныған емес. Шетелдік іс­сапарлар барысында мұражайлар мен мұрағаттарда сирек қолжаз­балармен көз майын тауыса жұмыс істеудің нәтижесінде ортағасыр­лық араб-парсы-түркі өркениетіне өзін­дік үлес қосқан 250-ден аса тү­бі қазақ ойшылдарының аттарын әйгілі етті. Бұлар Арыскент, Ба­ла­сағұн, Женд, Иқан, Йасы, Қарнақ, Кер­дері, Отырар, Тараз, Түркістан, Сайрам, Сығнақ тәрізді қадым за­манғы қалаларда білім мен тәр­бие алып, ортағасырлық араб ха­лифаты мен кейінгі мұсылман мем­лекеттерінің өркениетінде өзін­дік із қалдырған ғұлама ға­лымдар, фақиһ-имамдар болатын. Бергісі Түркиядағы кітапханалар мен қолжазба қорларын айтпа­ған­да, сонау Марокко мен Испания тәрізді Мағриб, Еуропа елдеріндегі жәдігерліктерді жинаған про­фес­сор Ә.Дербісәлі тынымсыз ізде­ні­сінің нәтижесінде соңғы бес-алты жыл ішінде қазақ халқын Хұсам ад-дин ас-Сығнақи, Һибатуллаһ ат-Тарази, Қауам ад-дин әл-Иқани тәрізді және т.б. тарихи саңлақ­тар­мен таныстырып, кітаптарын бас­тырып шығарды.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің шетелдік іссапарларының терең ғы­лыми ізденістік сипатымен қа­тар, ұлы бабалардың ұмыт болған қабірін тауып, арнайы қасиетті Құран бағыштап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыстап кеткен азамат­тығының да үлкен тәрбиелік мәні бар. XVI ғасырда өмір сүрген көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері, ойшыл әрі тарихшы, ақын әрі дарынды қолбасшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499–1551) рухани мұрасын зер­делеуге, тәуелсіз Қазақстанда ду­ла­титану ғылымын өркендетуге шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі өзіндік үлес қосты. Ол Үн­дістанға, Кашмирге арнайы ғы­лыми сапармен барып, ұлы ба­бамыздың қабірін тапты және ол ту­ралы алғаш рет өмірбаяндық-биб­лиографиялық анықтамалық жаз­ды, кейінірек оның «Тарих-и Ра­шиди» еңбегін жариялауға ат­салысты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі осын­дай ортағасырлық ойшыл­дар­дың мұрасын зерделей жүріп, өзі де оларға тән энциклопедизмді бойына сіңірген. Оның ғалымдығы мен тақуалығы Қазақстан Мұсыл­ман­дары діни басқармасының төра­ғасы, Бас мүфти ретіндегі діни қыз­метті абыроймен атқаруға үл­кен септігін тигізбесе, еш кедергі бол­ған жоқ. Азаматтық қоғам құру­ды бағдар тұтқан зайырлы, құ­қықтық мемлекет ретіндегі Қа­зақстандағы діннің рөлін Мүфти ха­зірет жақсы түсіне білді. Қазақ­стан Мұсылмандары діни басқар­ма­сының ұстанымын ол былай деп ай­қын түсіндірді: «Біздің қоғамның конфессиялық кеңістігіндегі 70 пайыздық үлес мұсылмандарға тиесілі. Демек, Ислам Қазақ­стан­ның әлеуметтік-мәдени және қо­ғам­дық-саяси өмірінде жетекші орын алады. Дегенмен, конфес­сио­налдық әртектілікті үнемі ес­керу қажет. Ар-ождан бостандығы мен дін ұстану еркіндігі, өзге дін өкілдеріне деген төзімділік пен құрмет, мемлекет пен дін арақа­ты­на­сы мәселелері әрқашан өзек­ті­лігін жоймақ емес. Өйткені, дін­-
а­ра­лық мәмілегерлікті сақтау елдегі қо­ғамдық-саяси тұрақтылық пен ұлысаралық ынтымақтың, әлеу­мет­тік-экономикалық гүл­де­ну­дің аса маңызды шарттарының бірі. Сон­дықтан біз Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың әлеу­мет­тік серіктестік пен рухани келі­сімге ба­ғытталған оң саясатын қашан да қол­даймыз. Қолдай отырып, Қа­зақ­стан Мұсыл­ман­дары діни бас­қармасы ұлттық және діни мәде­ниет­терге деген жағымсыз қатынас пен төзімсіз­дікке, өш­пен­ділікке, ді­ни негіздегі фанатизм мен экст­ремизмге қарсы екенін мәлім­деп келді, сол ұста­нымында қала берді. Өйт­кені, бұл келеңсіз құбы­лыс­тар діннің шынайы рухының өзіне қайшы келеді. Ал діннің атын жа­мылып жасалған кез келген қатал­дықты, лаңкестік оқиғаларды «дін­ге қарсы жасалған қылмыс» деп санаймын».
Кейде хазіреті Әбсаттар қа­жының осы лауазымдағы қызметі тұсында «ислам атын жамылған дәстүрлі емес ағымдар белең алып кет­ті, оған қарсы жұмыстар жүр­гізілмеді» деген орынсыз да, негізсіз пікірлер айтылып жатады. Мұны Бас мүфтидің жоғарыда келтірілген ұстанымы, сондай-ақ оның «Біз ұстанатын діни жол», «Имам әл-Матуридидің ақидасы: мәні мен маңызы», «Дәстүрлі ислам: ерек­ше­ліктері мен құнды­лықтары», «Ис­лам әдептері», «Дін, Отанды сүю және ынтымақ пен бірлік» жә­не т.б. терең әрі көлемді мақа­ла­ларында білдірген көз­қарастары мен әр алуан деңгейдегі конфе­рен­циялар мен семинар­ларда, алқа­лы жиындарда (көпші­лігін өзі ұйымдастыруға атсалыс­қан) сөй­ле­ген сөздері теріске шығарады.
Діннен алыс, исламнан хабары жоқ шаласауатты зияткерлер мен сарапшылар экстремизм мен тер­роризмге қарсы әрекет етпеді деп ҚМДБ-ны қазір де кінәлап, тіпті бұл құқықбұзушы құбылыстардың ошағын мешіттен іздеп жатады. Осылайша діни уағыздардағы ерек­шеліктерді (діни ағымдар ту­ралы пікір айтудан, қаралаудан, күйе жағудан аулақ болу, дінге жа­лаң уағызбен емес, көркем мі­нез­бен, терең діни біліммен тарту, лаң­кестік туралы көп айтып, қо­ғамды қоздырғаннан гөрі, көбірек жақ­сы сөз айту, пайғамбарлар мен сахабалар өмірінен ғибратты әң­гімелер айту, жамандықтан жи­рен­діру мен жақсылыққа үйретудің әдейі таңылмаған (дінге тартудағы жаңа діни ағымдар мен секталар­дың әдіс-тәсілдері сияқты емес) бей­тарап әдісі арқылы жүзеге асуы) терең білмеуінің салдарынан исламды саясат ауқымына кіргізуге өздері де үлес қосатынын аңғар­майды.
Бір сөзбен айтқанда, Әбсаттар қа­жы Дербісәлі өзінің жеке көз­қа­расын да, діни қайраткерлік қыз­ме­тінде де зайырлы қоғамдағы дін­нің рухани бейтараптылығын сақ­тады, дінді саясиландырудан ау­лақ болды. Діни бірегейлік пен оны ұстануда өзі өмір бойы зерттеп келе жатқан ортағасырлық ой­шыл­дармен қатар, бертіндегі Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім тәрізді қа­зақтың діни ойшылдарының ұс­танған матуридилік рухты бойы­на сіңіріп, рухани сабақтастықты жал­ғастырып, өзіндік тұлғалық бі­тім-болмысы мен кісілік келбетін сақ­тай білді.

Бақытжан Сатершинов,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір