Саңырауқұлақ емес, сатира теріп жүрмін
22.09.2017
4639
2

Қоғамның бет-бейнесін айнадай айқын көрсетіп беретін жанрдың бірі – сатира. Бір қызығы – біздің қоғамда бір қарасақ сатира бар сияқты, бір қарасақ жоқ сияқты. Бар болатыны – телеарнаның барлығында әзіл-оспақ бағдарламасына уақыт берілген, әзілкештер де көп. Жоқ болатыны – айтылып жатқан әзілдердің бірі де есіңізде қалмайды, тұшынбайсыз. Сатира сөзі тілге жеңіл оралғанымен, атқарар міндеті мен жүгі мол. Сатира жанры мен бүгінгі қоғам жайлы сықақшы-пародист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көпен ӘМІР-БЕКПЕН әңгімелестік.


Көпен ӘМІР-БЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


– Көпшілік Өзіңізді теледидардан, баспасөз беттерінен сирек көретін болды. Сіз қазір қайда жүрсіз?
– Теңіздің беті жәй ғана тол­қын­данып тұрғанмен, астында әр түрлі ағыс­тар болады. Олар бері ағуы не­месе кері ағуы мүмкін, оны ешкім көр­мейді. Сол секілді, менің ішкі ағыс­тарым тоқтаған жоқ. Жанартау жер­дің бетіне шығып атқылайды. Оны жердің бетіне шығарған жеті қат­тың астындағы буырқанған күш. Қа­дыр ақынның «Атылған жанар­тау­лар даңқты, атылмаған жанар­тау­лар қауіпті» деп айтқаны бар еді.
– Сіз сонда қауіпті болып тұрсыз ба?..
– Өзімді кейде қауіпті боп тұр­ған­дай сезінем, әне-міне, атыламын дей­мін, атылмаймын… Ұсақ-түйек пен бықи-тықиды жазатын жастан кет­тік. Қоғамның түп-тамырын ші­рі­тіп жатқан жегі құртын қопарып жа­зайын десең, оған құлақ асатын кім бар деп ойлайсың… Жазғаныңды бірсыпыра баспасөз жариялағанмен, оны тыңдар құлақ бар, құлық жоқ.
1972 жылы Бобби Фишер есімді жі­гіт шахматтан әлем чемпионы атан­ды. Оған дейін аты-жөны бе­лі­гісіз болған Фишер бір жарқ етті де жоқ болды. Мені «1970-90 жылдарда сәтті пародияларымен, «Көпен келе жатыр» деген көрінісімен, елдің езуіне күлкі үйіретін эпиграм­ма­лары­мен бір рет әзіл чемпионы атан­ды да, Фишер секілді жоқ боп кет­ті» деп ойлап жүргендер бар шы­ғар. Өмірдің өзі шахматтың тақ­тасы сияқты, көп нәрсе жүрісіңе бай­ланысты. Ойланбай жүрсең ой­ла­маған жерден мат болып қалуың мүм­кін. Сатираны шахматқа теңесек, әлі де талайларға шах қоюға шамам бар деп ойлаймын.
– Сізге шах қойылған тұстан қа­лай өттіңіз?
– Маған қойылған «шахтың» 99 пайы­зы жала болды. Оған «кең бол­саң, кем болмайсың» дегендей, күл­дім де қойдым. Шах қоюшылар ма­ған жанашырлық танытқан жоқ, «қайт­сек, осының тауын шағып, омақа астырамыз?..» деген біреу жазып, біреу қол қойған сын еді. Өмір ғой…
– Қазір әр саланың өкілі сол са­ла­ның проблемаларын айтып, аракідік бас­пасөзде пікір айтады. Сатириктер үнсіз?..
– Кешегі кеңес өкіметі құлап, тоз-тозы шығып тарап жатқан кезде орыстың ақын-жазушыларының көбі саңырауқұлақ теріп кетті. Өз­де­рінің бағы әдебиетте емес, базарда де­ген ойға ергендер де көп еді. «Бі­реу­лер өмір сүру үшін тамақ ішеді, ен­ді біреу тамақ ішу үшін өмір сү­реді» деген тәмсіл бар. Біз осының аражігін ажырата білуіміз керек. Са­тираны тастап, саңаруқұлақ теріп кет­кен кезім болған емес, ол ойымда да жоқ. Менің саңырауқұлағым – са­тира. Соңғы төрт жылдың ішінде әр­қайсысы 500 бетке жетіп жығы­ла­тын төрт кітап шығардым. «Батпан құй­рық», «Көрмейін де­сем көзім бар», «Сөйле десең сөй­лейін». Төр­тін­ші шағын кітап – «Шәм­ші­нің ән­дері мен әзілдері». Қа­зақтың маң­дайына біткен Шәм­ші тек ұлы ком­позитор ға­на емес. Оның әзілкештігі, айт­қыштығы, ақындығы да өзінше ерекше. Шәмші аға екеу­міз Оңтүстік Қа­зақстан об­лысы, Отырар ауда­нын­да дү­ние­ге келгенбіз. Ол кісінің айт­қан­дарын ауыл адамдарының аузынан жа­зып алып жүргенде, бір кітап болатындай материал дайын бол­ғанын байқамай қалыппын. Кейінгі жастарды қайдам, біздің са­қа сати­риктер Ғаббас Қабышұлы, Мың­бай Рәш, Үмбетбай Уайдин аға­л­арымыз жыл сайын кі­тап шы­ғарады. Қа­рия­лар бұрынғы жазған дүниесін рет­теп, сұрыптап томдық­тар шы­ға­рып жүр ме деп ойласаң, бәрі де су жаңа жа­зылған дүние. Не деген ең­бек­қор­лық?! Сон­дықтан са­тирик­тер­ді үнсіз қалды дей ал­май­мын. Құ­дай адамға көп тыңдап аз сөйлеу үшін де екі құлақ, бір ауыз бер­ген ғой. Қазір біз бір­де­ңеден ұтыл­­­сақ, көп сөйлей алмаға­ны­мыз үшін емес, көп тыңдай алмағанды­ғы­мыздан опынып жүрміз деп ой­лай­­мын.
Оралхан Бөкей өмірден озар ша­ғында күнделігіне «Мен соңғы кезде көркем әдебиеттен гөрі, тарихи-та­нымдық, тағылымдық дүниелерді кө­бірек оқитын болдым», – деп жаз­ған екен. Кейіпкерлеріміздің бірді-екі­лі келеңсіз мінезін келекелеу біз­дің осы жасымызға жараспайды. Қайтсек танымдық-тағылымдық дү­ние жазамыз деп кейде үнсіз қала­тынымыз рас…
Зейнетке шыққаннан кейін мені сол кездегі «Нұр Отан» партиясы тө­р­а­ғасының бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек шақырып, ұзақ әң­гіме­лес­тік. Ел мен Елбасының ара­сына дәне­кер болып жүрген «Нұр Отан» партиясына бұрыннан тілеу­лес­піз. Мені Респуб­ли­калық ұйым­дас­­қан қылмыс пен сы­байлас жем­қор­­лыққа қарсы күрес ко­­мис­­сия­сының мүшесі етіп қа­был­дады. «Сатира – жауынгер жанр, үн­сіз қалмаңыз. Баяғыда азуын айға білеген саяси- сатиралық «Ара» жур­налын қайта шығарайық», – деді. Сөй­тіп, төрт жылдан бері «Айқын» га­зетінің ішінен айына екі рет 8 бет­тен 16 беттік «Ара» журналы шығып жа­тыр. Оның сыртында Қазақ ра­дио­сынан «Ара» сатиралық ра­дио­хабарын аштық. Әр жексенбі сайын таңғы сағат 09.00-де эфирге шығады. Бұл ұсынысты Қазақ радиосының Бас директоры Мәди Манатбек айтқан. «Оспанханның «Ара ара бо­лады, шаққан жері жара болады» деп айтқаны бар еді. Нарық заманының алғашқы қысылтаяң шағында «Ара» журналы жабылып қалған кезде Қал­тай Мұхаметжанов ағамыз «Ара» жа­былғаны – қазақ сатирасының қа­ра жамылғаны», – деген. Қазақ са­­тирасы қара жамылса, кім қалжың­ға қарық болады?.. Керісінше, жем­қор­лық етек алып кетті. Қоғамдағы түр­лі жағымсыз әрекетке, жемқор­лық­қа, ашкөздікке бірден-бір кесе-көл­денең тұратын «Ара» журналын «Ара» радиохабары етіп шығарайық», – деді. Хабарды өзім жүргізіп жүр­мін, бағдарламаның шапкасындағы араның әні мына­дай:
«Мен арамын, арамын!
Бармас жерге барамын.
Ұйымдасқан қылмыс пен
сыбайласты табамын.
Талапайға салғанды
табамын да шағамын.
Жең ұшынан жалғасқан
жолын кесем параның.
Күллі жұртқа күлкі ғып,
Күйдіремін, қарағым!
Әзіл-оспақ, сын-сықақ –
Менің қару-жарағым.
Мен арамын, арамын!».
Міне, мұ­ны үнсіздік деп қалай айтасың…
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Қазан – біздің қа­зына­мыз, мемлекетіміздің байлығы. Ел азаматтарының бірсыпырасы, ше­неуніктер қазан жалауды әдетке ай­налдырды. Масқара ғой?.. Мұн­дайда ата-бабамыз «Аспандағы құс­ты жердегі жем ұятқа қалдырады», – деп айтып кеткен. Сонау аспанда жүр­ген құсыңыз жердегі жемге қы­зығып, қақпанға, тұзаққа түсіп қа­лып жүр. Осыдан екі-үш ғасыр бұ­рын өмір сүрген бабаларымыз
«Қарға келіп қарқ етіп, қалқып
ішіп ол кетті.
Көбелек кеп көмп етіп, көлкіп
ішіп ол кетті.
Сауысқан кеп саңқ етіп,
сарқып ішіп ол кетті», –
деген. Қазіргі Тәуел­сіз еліміздің туын көтеріп жүр­ген азаматтары­мыз­­дың қарғаның күйін кешіп, көбелектің күнін көріп, сауыс­қандай саяз ойлағандарына таң­ғалам. Адам­ның ең қымбат қа­зынасы – адам­дығы. Оны сақтай ал­маса, хайуа­наттан несі артық. Хайуан не ой­­лайды? Тек бір күндік жемтігін ой­лайды. Адамның адамдығын сақтау жолында сәл де болса еңбек етсек деген оймен жүз жылдық та­ри­хы бар «Ара» журналын шығарып, ра­диодан хабар таратып жүрміз. Мұ­ны да үнсіздік дей алмайсыз.
Енді менің жеке өз басыма кел­сем, тышқан аулауды қойдым. Ал­ғаш­қы кезеңде сатириктердің бар­лығы тышқан аулайды, құс алады. Қа­зір мына заманның жыртқыш­тарын қалай қақпанға түсіріп, са­тираның садағымен қалай атамын деген ойда жүрмін. Қазіргі заманның ті­лімен айтқанда, өзімді ірілендіріл­ген шаруашылық деп есептеймін.
– Ірілендірілген шаруашылы­ғыңыз­да жалғыз өзіңіз жұмыс істей ала­сыз ба? Ірі шаруашылықтың қыз­мет­кері де көп болуы керек шығар…
– Болгарияның Габрово қала­сын­да жыл сайын 1 сәуір – Күлкі күні дүниежүзілік сықақшылар ­бай­қауы өтеді. Жүлде қоры 1 000 000 дол­лар. Әлемге әйгілі түрік сатиригі Әзиз Несин сол байқаудың «Алтын кірпі» аталымын екі рет жеңіп алған. Біздің Қазақстанның сықақшылары Еуропаны былай қойғанда, Ресейдің әзіл-сықақ байқауына қатысқан емес. Сонда біз олардан кембіз бе? Мы­нандай ұйымдасқан қылмыс, сы­байлас жемқорлық, парақорлық, аш­көздік, аярлық дендеген заманда сатирадай жауынгер жанр керек. Ол үшін «Сатира сарайы» деген Орта Азияны камтитын үлкен орталық ашсам деген ойым бар. Орта Азия сықақшыларының басын біріктір­сек, өмірден озған сықақшылары­мыз­дың мұрасын сақтасақ, дүние­жүзін­дегі комедиялық фильмдерді әкел­сек, әлем әзілкештерін топтас­тырып, сатира жанрлары бойынша байқау өткізсек, қандай жақсы! Бұл ойымды қазақтың қалталы азамат­тарының біразына айттым, қос­тайды-қол­дай­ды, бірақ барлығы жүрегімен емес, тілінің ұшымен айтады, мен оны бай­қап қоямын. Осы мәселені Ел­басыға жеткізсем қолдайды деп ой­лаймын. Өйткені, сатира керек. Ол – ауыр артиллерия! Ауыр артил­ле­рияға шымшық ату жараспайды.
– Ауыр артиллерияны алып жү­ре­тін кадрлар бар ма, үлкен тақырып­тарға артиллерия әскерінің қабілет-қа­рымы, білімі мен білігі жете ме?
– Ол үшін кадр керек. Кадр бол­ма­са – қадір қалмайды. Бізде қазір кадр бар ма? 1970 жылдардың соңы, 1980 жылдардың басында сатирик­тер маған үлкен армия сияқты көрі­не­тін. Сатира – стадион болса, са­тириктер бір футбол командасын құру керек деп жазғанмын. Қазақстан сатира федерациясының президенті – Асқар Тоқмағамбетов, бас жат­тық­тырушы –Темірбек Қожакеев, қақ­пашы – Садықбек Адамбеков, қор­ғау­шылар – Жүсіп Алтайбаев, Сақ­тап­берген Әлжаппаров, Есенжол Домбаев, жартылай қорғаушылар – Оспанәлі Иманалиев, Ғаббас Қа­бышұлы, Мыңбай Рәш, Қалтай Мұ­хамеджанов, шабуылшы – Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов, Үм­бетбай Уайдин, Оспанхан Әубә­кі­ров. Қосалқы топ мүшелері – Абдрахман Асылбеков, Төрежан Мән­дібаев, Алпысбай Боранбаев, Мұхтар Ше­рім, Марат Нұрғалиев, Бейсебай Кі­рісбаев, Бектұрсын Мәдиев, Жан­ғали Меймандосов деп тізіп қойған едік. Одан бері қырық жылдан аса уақыт өтті, бұл кісілердің қатары си­реді. Яғни сатирада фут­бол ко­мандасын жасақтайтындай он бір адам таба алмаймыз. Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілік» деген ро­ман жазғаннан кейін «Орыс әдебиеті енді демалады», – деген екен. Қан­дай сенім?! Оспанхан Әубәкіровтің орны бос, қазақ сатирасы демалыста сияқты… Сол үшін «Сатира сарайы» деген орталық ашып, сол орталыққа сатириктердің басын біріктіре алсақ, команда жасақтауға болады.
– Көп жылдар бойы Қазақстан Жа­зушылар одағының Сатира кеңе­сіне жетекшілік еттіңіз. Сіз сатира жаза бастаған уақыттағы сатирик­тер­дің болмыс-бітімі, бір-бірімен қарым-қатынасы қандай еді?..
– Керемет еді ғой… Оларда іш­тар­лық деген болмайтын, бәрінде құш­тарлық бар еді… Қазір ше? Іш­тар­лық та жоқ, құштарлық та жоқ, әр­кім өзімен-өзі. Ащы да болса шын­дық. Біз өзіміз танымайтын, біл­мей­тін біреудің сықағы газетке шықса, қатты қуанатынбыз. Осыдан қырық жылдай бұрын Торғай өңірі­нен жолданған (авторының аты-жөнін ұмы­тып қалдым) «Молодец» деген сы­қақ өлең оқыдым. Орысша біл­мейтін екі әйел жанжалдасып қалып, соңында бірі екіншісіне «Сен моло­децсің» дейді. Екінші әйел «Өзің молодецсің» десе, біріншісі «Сенің сөзіңді түсінбейтін мен бала емеспін, сен өзің молодецсің», – деп қайы­ра­ды.
«Сен молодец!
Сен молодец!
Осымен бітті бар егес
Екеуі де молодец!», –
деп аяқтала­ды.
Былай қарағанда, жәй сөз. Бірақ өзі­нің табиғилығымен, қазақы қара­пайымдылығымен есімізде қалды. Ол жігітті іздегенмен таба алмадық. Жаңадан жазып жүрген сықақшы­лар­дың шығармаларын жинап «Алты әзілкеш» атты кітап құрастырдық. Оспанхан Әубәкіров алғысөз жазды. «Қа­зақ әдебиеті» газетінде Шерхан Мұр­таза бас редактор болған тұста сатира-юмор бөлімінен «Сарыуыз са­тирик» деген айдар аштық. Респуб­ликаның әр аймағынан жастардың шығармалары қаптады. Өзге бөлім­дер жариялауға материал таба алмай қалғанда, біз сыйғыза алмай жүретін­біз. Ол кезде ел ішінде сатираны жа­зу­ға, оқуға деген ынтызарлық бол­ды. Өйткені, кейіпкер нақты көр­сетіліп, сын да нық айтылатын. Кейі­нірек бұл айдар жабылған соң са­тира саябырсып қалды. Қоғамның са­тираға деген ынтасы, оны жаза­тын­дарға қамшы болады. Ынта бол­мағасын қамшылау да жоқ.
– Сізді жақын танитын жұрт үл­кен­мен де, кішімен де жақсы тіл табы­сып, тең құрдастай ортақ әңгіме айта алатын қасиетіңізді бағалайды. Сіздің заманның жастары мен бүгінгі заман жастарының бейнесі бір-біріне қай жа­ғынан жақын, қай жағынан ал­шақ…
– Наполеонның «Соғысу үшін үш нәрсе керек: бірінші – ақша, екін­ші – ақша, үшінші – ақша», – де­ген сөзі бар. Қазіргі жастар На­по­леон болып бара жатыр… Заман со­лай. Асанбай Асқаров ағамыз ке­лін түсіргенде Фатима жеңгеміз ке­лініне: «Айналайын келінім, жүзігің алтын болмаса да жүзің жарқын бол­сын», – деп бата берген екен. Қазір жүзінің жарқын болғанынан, жүзігі­нің алтын болғанын қалайтындар қаптап келе ме деп қауіптенем. Жа­пон ғалымдары балықты зерттей ке­ле аквариумда өмір сүрген балық­ты теңізге апарғанда оның ары бір метр, бері бір метр аумақтан ары аспайтынына көз жеткізіпті. Көзін ашып көргені сол аумақ болғасын қайтсін?.. Кеңес кезінде сықақшылар аквариумдағы балықтар секілді өмір сүрді. Цензура қатал болды, соның өзінде сықақшы ағаларымыз ас­тар­лап болса да көп дүние айтты. Қазіргі жастар тәуелсіздіктің теңізіне шық­ты. Бірақ мінгендері қайық, қайық­пен теңізде жүзе алмайсың ғой. Оған алып кеме жасау керек. Мен қазіргі жастардың аквариумда өспегеніне қуанамын, бірақ қайықпен теңізге шыққанынан қауіптенем, бара-бара кеме жасап алады деген үмітім бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сө­зінде «Қарны ашқан адамға балық бер­ме, қармақ бер», – деп айтқан еді. Қазіргі қазақ жастары балықты қармақсыз аулай алмайтынын түсін­ді. Сондықтан да барлығы қармақ іздеп жүр. Ол бүгінгі нарықтың ыр­қы, за­манның парқы. Бірақ ұлттық дәс­түріміз бен салт-санамыз жыл өткен сайын ұмытылып бара жатыр. Соған ішім удай ашиды.
– Сатираның жанрлары қандай күйде? Заманның ағымына сай жаңа жанр пайда болды деуге бола ма?
– Сатирада сонау Эзоптан бүгін­ге дейін ешнәрсе өзгерген жоқ. Са­ти­раны жанр деп есептесек, оның түрі­не түр қосылған жоқ. Ұстазымыз Темір­бек Қожакеев са­тираға «Достық рәуіш» деген сөз қос­­ты. Ол әзіл деген сөз ғой. Сатираның түріне емес, мазмұнына қарауымыз керек, біз қазір түр қуып кеттік. Татымсыз көксорпаны көрерменге ұсынамыз, оқырманға таратамыз оны оқырман жартысына дейін оқи ма, оқымай ма беймәлім. Неге? Қазір газет-жур­нал­ды ашқан ел ең алдымен авторына қарайтын әдет тапты, көрермен де сол. Бұл абырой жинау, шығармаға емес, авторға деген көзқарастан ту­ған кері әдет. Баяғыда Құдайберген мен Тұңғышбай шығады десе, ше­шелеріміз сауғалы отырған сиырын қоя беріп, экранның алдына келетін. Қазір сондай бар ма?
– Тұрсынбекті іздейтіндер бар-ау?..
– Тұрсынбек Қабатов халықтың жү­регін жаулап алды. Бірақ жалық­тыра бастады-ау деймін. Ол түр қуған жоқ, мазмұн қуған жоқ. Ол сан қуып кетті, сапа далада қалды.
– Халықты өзіне қалай тартып әкетті? Неге жалықтырып алды деп ой­лайсыз?
– Біз әзілдің бұрынғы стиліне «Жи­гули», «Москвич», «Волга» ма­шинасына үйренгендей үйреніп қа­лып ек. Тұрсынбек бұл әдеттен ай­нып, қазақтың әзілінен иномарка жа­сады. Жұртың бәрі қызықты. Сөйт­ті де, бір иномарка көлігін түрлі-түр­лі қылып бір мотор, бір жыл­дамдық, бір көлемде халыққа ұсына бер­ді, ұсына берді. Ары қарай жетіл­дірген жоқ. Тоқтап қалды. Жақсы бастап, жәй қозғалып келе жатты да, «Енді зымырайды-ау!» деген тұста тоқтап қалды. Қазір ойланып, ота­лып тұр.
– Қазір пародия жанрының өрісі кеңейіп келеді. Алайда, әншілер мен ата-әжелерден аса алмай қалды. Сая­си тұлғаларға жасалатын мазмұнды пародиялардың кенжелеп қалуына не себеп?
– Біздің қазақ пародия жасасаң рен­жиді, мені мазақтады, күлкіге ай­налдырды дейді. Керісінше, біз оны дәріптейміз. Пародия шоколад бе­ріп тұрып, шапалақ жегізетін жанр. Шапалақ жегеннен кем бол­майсың, кейбір кемшіліктеріңді кө­ресің. Ал біздің пародиялар тек өзін жұлдызбын деп санап жүрген бел­гілі, белгісіз әншілерге ғана жа­салатын болды. Дауысын салады, қимыл-әрекетін келтіреді, бірақ не айтқысы келгенін түсінбейсің. Ағыл­шындардың «Панч» деген әдеби журналы бар. Сол журналға пародия, эппиграма кейіпкері боп ілінбеген ақын-жазушы қаламгер боп есеп­телмейді екен. Көрдіңіз бе? Сатира қалай дамыған… Ал бізде сәл сын айтылса, бет қаратпай кетеміз.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Ка­мал Смаилов, Роза Бағланова, Құ­дайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жа­манқұлов секілді тұлғаларға паро­дия жаздым, әртістер орындады. Қа­зір кімге пародия жасайсың? Тұл­ға бар ма? Бүгінгі күннің тұлға­сы­мақтарына пародия жасауға болады. Қай тұрғыда дейсіз ғой? Мәселен, маса біреудің білегіне қонып шағып жатыр екен. Оны қолымен қағып ұшыра берген әлгі адамға екінші адам «Ұшырма, ол әлі тойған жоқ, той­ғанда өзі ұшып кетеді. Ал егер ұшыр­саң, аш болған соң қайта келіп, қаныңды тағы сорып, сорлатады», – дейді екен. Біздегі мансап қуған тұлғалар масаға айналып барады. Міне, Пародия.
– Қазақ сатирасының саңлағы Оспанхан Әубәкіровтың тәлімін ал­дыңыз. Бүгінде өзіңіз қазақ сатира­сы­ның төріне шықтыңыз. Не себепті шәкірт тәрбиелемедіңіз?
– Қазақ данышпан ғой, «Же­тек­теген тазы түлкі алмайды» дейді. Мұ­ның астарында үлкен философия бар. Сатирада ешқашан шәкірт тәр­бие­ленбейді. Ол өзі шығуы керек. Ананың сүтімен, атаның қанымен. Ар­қалықтан Марат Нұрғалиев деген жігітті, Жамбылдан Толымбек Әлім­бекұлын Алматыға алып келдім. Екеуін де сол кездегі «Ара» журна­лы­на орналастырдым. Сатираның не екенін, оның қалай жазылатынын бес жыл бойы ұстазымыз Темірбек Қо­жакеев айтып кетті. Одан артық меніңше, ешқандай тәрбие керек те емес.
– Әке-шешеңіз әзілге жақын бо­лып па еді? Сізге әзіл қайдан дары­ды?
– Шешем – үш қыз, жеті ұл кө­тер­ген Алтын алқалы ана. Тұңғышы – мен. Әкем шертпе күйдің шебері болмаса да, күй тартатын. Әкемнің әке­сі Түкібай атамыз сауық-сай­ран­ның ортасында жүретін самдағай, сері жігіт болған екен. Отыз жасында көк­пардан көз жұмыпты. Қандай той-томалақ болса да жұрт Түкібайды күтіп отыратын көрінеді. «Түкібай келмей түк болмайды», – дейді екен. Ше­шемнің бір өзі бір театр еді. Ауыл­­дағы келіншектерді жиып алып, дастархан басында ауыл адам­да­ры­ның дауыстарын, өзіне тән қызық іс-қимылын салатын. Маған әзіл Түкібай атам мен шешемнен келген болуы керек. Біреуге біреу сатираны бы­лай жаз деп көрсетіп бере алмай­ды. Біз шәкірттерге тек жол көрсете аламыз. Мен сырттай Оспанхан Әу­бәкіров, Асқар Тоқ­ма­ғамбетов, Шо­на Смаханұлын ұстаз тұттым. Негізі ме­нің әзілге келуіме себеп болған аудан­дағы бір әже. Мек­теп бітірген соң оқуға түсе ал­май, аудандағы ха­лық театрында жұмыс істедім. Сықақ оқитынмын. Бір күні ауыл-ауылға концерт қоюға бардық. Сахнаға шығып күндегі әдетіммен «Асқар Тоқмағамбетов: «Май мұрынға май шелпек» деп оқи бастап ем, бірінші қа­тарда отырған үлкен кісі «Әй, шы­рағым, осыдан басқа сықағың жоқ па? Әнеукүні келген әртістер де осы­ны оқыды, бұрнағы жылғылар да сөй­тетін, басқасын оқысаңшы», – деп айғай салды. Жүрегім зу ете қал­ды. Содан ойлана келе өзім сы­қақ жазуға көштім. Әлгі әже маған со­лай деп айтпағанда, мен әлі де жұртт­ың сықағын оқып жүре берер ме едім… Алғашқы сықақ өлеңімнің бірі «Жігіт деме» еді. Сол кезеңде қыз­дар жасырын темекі шеге бас­таған еді, сондай қыздарға қаратып «Қарагөз-паравоз» дейтін сықақ жаздым. Жұрт жақсы қабылдады. Одан кейін жолымды ашқан Ос­пан­хан Әубә­кіров пен Қалтай Мұ­хамед­жанов. Олар маған ешқашан ақыл айтқан жоқ, тек жол сілтеді, жазған­дарымды жариялады, кітап етіп шығаруға күш салды. Нағыз тәрбие деген осы.
– «Шәмшінің әндері мен әзілдері» атты жинақ шығардыңыз. Осы кітап ар­қылы оқырман Шәмшінің айтқыш­тығын білді. Қазіргі көзі тірі замандас, құрдастарыңыздың арасында осындай айтқыштар бар ма? Оларды жинақтап жүресіз бе?
– Баяғы замандағы ақын-жазу­шы­лардың айтқыштығы сұмдық еді. Сон­дай бір дәуір өтті. Ішек-сілеміз қат­қанша күлетінбіз. Соның соңы Дулат Исабеков ағамыз ба деймін. Ол кісінің достарына, әсіресе құр­дас­тарына шығарған әзілі, айтқыш­тығы шынайы. Сенесің. Және өзі сұмдық әсірелейді. Жүрсін Ерман­ның, Халық ақыны Қонысбай Әбі­ловтің де айтқыштығы бар. Олар ай­тайын деп айтпайды, аузына келе қа­лады ғой.
Сейіт Кенжеахметов пен Қоныс­бай Әбілов іссапарға бірге барып, қо­нақ үйдің бір бөлмесіне орнала­сып­ты. Сейдағаң Қонысбайдан бір мү­шел үлкен ағасы, екеуі бір ауыл­дан. Қоныс­бай інілік ізет көрсе­тіп таңертең:
– Аға, сақал-мұртыңызды ал­май­сыз ба? – десе Сәкең:
Қара­ғ­ым, мен сақал-мұрты алы­нып туған адам­мын, деп жауап беріпті.
– Иіссу сеппейсіз бе?
– Өзім иіссу себіліп туған адам­мын.
– Жаттығу жасамайсыз ба?
– Мен жаттығу жасалып туған адам­мын.
Сонда Қонысбай:
– Ойпырмай!.. Аға, жапондардың аппаратурасы секілді сапалы жасал­ған дүние екенсіз, – деген екен.
Ауыл-ауылда айтқыштар көп. Маңғыстаулық сықақшы Ерекен Қо­рабаев «Маңғыстау әзілдері» де­ген екі том кітап шығарды. Оқысаң, ішек-сілең қатады, туабіткен өнер. Маң­ғыстаулық атақты күйші Серік­жан Шәкірат батыс аймақтың әзіл­дерін жинақтап, үлкен кітап шы­ғар­ды. Мұның бәрі дәл қазіргі емес, бұ­дан бұрынырақта өмір сүрген адам­дардың айтқыштығына мысал.
Өзімнен кейін туған Төпен деген інім­ де Оңтүстік Қазақстан облысына бел­гілі айтқыш. Оның сөздеріне жұрт­тың барлығы риза, бірақ көбі жү­зін танымайды.
Бір күні Шәуілдірге әртістер ке­ліп «Төпен айтты» деген әзілдерді тың­дап, Төпенді іздепті. Төпеннің өзі ауыл баласы, күнделікті жаман-жұ­ман киімімен есіктің алдына шы­ғып тұр екен. Оны іздеген жігіт келіп Төпенге амандасып:
– Төпеннің үйі қайсы? – деп сұрап­ты.
Нұсқаған үйге барса, есіктің ал­дын­да бес-алты кемпір әңгімелесіп отыр екен.
– Төпен бар ма?
– Шырағым-ау, бағана өзің Тө­пен­мен амандасқан жоқсың ба?
– А-а-а-а, сол Төпен бе еді, деп қай­­тып келіп, Төпенге қайта аманда­сып:
– Төке, мен сіздің Төпен екеніңізді біл­мей қалдым, мен Төпенмін деп неге айт­падыңыз, десе, Төпен:
– Сен менен Төпенді емес, Төпеннің үйін сұраған жоқсың ба? – деген екен.
Біздің елдің жұрты «Төпен оқы­май қалған, оқыса Төпен Көпеннен күшті» деп айтады. Мұндай айтқыш аза­маттар әр ауылда да бар. Тек біз оны құнттай бермейміз.
– Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» сөзін жас ұрпаққа үлгі ре­тінде көп айтамыз. Ойынның арзан, күл­кінің қымбат екенін қай кезде, қалай сезінесіз?
– Әр жастың өзінің темпера­тура­сы, жылдамдығы, күш қуаты бо­лады. Табиғат қандай болса, адам да сондай. Жас кезімізде көктем се­кілді бүршік жарып гүлдедік, жазда жа­пырақ жайып жайқалдық, енді біз­дің күзіміз келді. Сарғайдық, же­місімізді бердік. Күз сияқты жасқа кел­генде күле де алмайсың, ойнай да алмайсың. Ойыннан бұрын сені ой шырмайды екен… Бір даныш­пан­ның ер азамат елуге дейін өзі үшін өмір сүреді, елуден кейін ел үшін өмір сүреді деп айтқаны бар еді. Не­мере тәтті болады деп неге айтады, жас келгеннен кейін адам уылжып, та­биғат секілді таза көңіл күйге енеді. Жас кезде не болса, соған күл­дік, қазір күле алмаймыз, жылаймыз. Есейген адамда бір ғана мүдде қа­лады екен, ол – ел. Ол – ұлт. Шым­кент қаласында Асанбай Асқаров атындағы саябақ бар. Сол саябаққа көп құлпытас қойып, Білге қағаннан бүгінгі Елбасыға дейінгі тұлғалардың ұлт жайлы айтылған сөздері жазыл­ған. Сонау бағзы замандағы Білге қағанның «Ел болудан асқан бақыт жоқ» деген сө­зінен бермен қарай Қорқыттың «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан, шықпа­ғаны игі», – деген сөзімен жал­ғап, Елбасы­мыздың «Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлт­қа деген сенім керек», – деген сөзімен аяқ­тапты. Қазір біздегі ұлттық рух, ұлт­тық қа­сиет, ұлтқа деген сенім қан­дай дәре­жеде екенін ойлағанда, күлу мүмкін емес, жылайсың. Бірақ се­нің жыла­ғаның жұрттың күлге­нінен артық.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 07.02.2020 | 12:12

Оспанхан жынды 😜

Аноним 08.04.2020 | 01:58

Қазақ әдебиетті газетін онлайн оқу үшін қалай қайда тіркелсек екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір