Фэнтези әдебиеті сұранысқа ие
Әр дәуірдің эстетикасына сай белгілі бір көркемдік парадигмалардың алға шығатыны рас. Әлем әдебиетінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап постмодернизм эстетикасы бағыт ретінде белең алғанымен, кей ұлттық әдебиеттердің шеңберінде тек әдеби ағым, қала берді көркемдік әдіс-тәсіл, құралдар ретінде көрініс тауып келеді.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Постмодернизм бағыт ретінде батыс және шығыс еуропа әдебиеттерінен жарқын көрініс тапты. Оның атақты өкілдері ретінде әдебиеттанушылар итальяндық авторлар Умберто Эко, Итало Кальвино, неміс Патрик Зюскинді, чех Милан Кундераны, серб Милорад Павичті атайды. Сондай-ақ, шығыс әдебиеттері ішінен, жапондық «модернисттік емес» деп аталған, батыстық постмодернизммен пара-пар ағым өкілдері Харуки Мураками, Рю Мураками шығармаларын осы бағыт аясынан қарастыруға болады.
Постмодернизм философиясын айтпағанда, постмодернизм поэтикасының эстетикалық бүтіндігін қалыптастыратын басым элементтер ретінде теоретиктер интермәтінділікті, «Әлем мәтін ретінде» деген күрделі концепцияны, ойын поэтикасын, диалогизмді атап көрсетеді.
Қазақ әдебиетінде шығармашылығының дені осы постмодернисттік ағыммен байланысты деп мысалға аларлық ақын-жазушылар сирек. Дегенмен, әлемдік мәдени үрдіске ілесе отырып, саналы түрде осы бағыттағы көркемдік ізденістерге барған, кейде бейсаналы түрде постмодернисттік поэтиканы өзінше қолданып жүрген авторлар бар.
Ғалым Б.Майтанов «Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм» атты еңбегінде «…қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде», – деп дұрыс айтқан.
Әлем әдебиетінде әуелде жанр ретінде қалыптасып, кейіннен тіпті бағыт ретінде көрініс тапқан фэнтези әдебиеті де қазіргі қоғамда кең сұранысқа ие. Ол әдебиетте ғана емес, кино, радио, живопись секілді өзге де өнер түрлерін қамтыды. Бұл көркем бағыттың қалыптасып, дамуы туралы да түрлі даулы пікірлер көп. Дегенмен, фэнтези әдебиеті АҚШ, Англия, Германия, Россия, Украина жерлерінде қарқынды өсіп, әдеби бағыт ретінде танылып келе жатқанын әдебиеттанушы-ғалымдар мойындап отыр.
Фэнтези әдебиетінің қалыптасуына Джон Рональд Руэл Толкиеннің «Сақиналар әміршісі», «Хоббит», Клайв Стейплздің «Нарни шежіресі», Роберт Ирвин Говардтың «Конан» шығармалары негіз болған. Бұл жанр дәстүрі Роджер Желязны, Кристофер Паолини, Джоанна Роулинг секілді фантаст жазушылардың шығармашылығынан жалғасын тапты.
Қазақ әдебиетінде бүгінгі фэнтази жанрының көрінісі ретінде Зира Наурызбаеваның «Алтын тостағанды іздестіру: Бату және оның достарының басынан кешкендері», А.Түлембаеваның «Дамока және оның достары» секілді шығармаларды атауға болады.