Дәстүрлі «Алтын тобылғы» әдебиет туындылары байқауының ережесі
15.09.2017
1506
0

1. Жалпы ережелер
Осы Ереже Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры тағайындаған әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» сыйлығын (бұдан әрі «Сыйлық») беру тәртібін белгілейді.
2. Сыйлықтың мақсаты – қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту, қолдау көрсету және насихаттау.
3. Байқаудың міндеттері:
1) жаңа ұрпақтың қазіргі заманғы көркем әдебиеттегі өмір­лік философиялық қағидаттарын бейнелейтін жас қазақстандық қаламгерлерді анықтау және ынталандыру;
2) тың әдеби үрдістердің қалыптасуына қолдау көрсету;
3) қазіргі заманғы әдебиеттегі жаңа есімдерді көпшілік қауымға таныстыру.
4. Сыйлық құрылтайшысы мен ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры (бұдан, әрі Сыйлық құрылтайшысы немесе Тұңғыш Президент Қоры).
Сыйлықты тағайындау байқауын өткізудегі Жоба серіктестері: Қазақстан Жазушылар одағы және Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
5. Сыйлық байқау негізінде төмендегідей номинациялар бойынша тағайындалады:
1) «Жылдың үздік прозасы»;
2) «Жылдың үздік поэзиясы»;
3) «Жылдың үздік драматургиясы»;
4) «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»;
5)«Туған ел» тақырыбындағы арналған үздік әдеби туынды.
6. Әрбір номинация жеңімпазына әдебиет саласындағы «Алтын тобылғы» Сыйлығының лауреаты атағы және 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. 1,5 миллион теңге көлеміндегі арнайы сыйақы «Туған ел» тақырыптық номинация жеңімпазына беріледі.

2. Өткізу тәртібі
Байқаудың басталғандығы туралы хабарландыру Тұңғыш Президенті Қорының сайтында www.fpp.kz және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Шығармалар 2017 жылғы 1 шілдеден мен 1 қарашаға дейінгі аралықта қабылданады.
Байқау қорытындысы 2017 жылы желтоқсанның бірінші онкүндігінде жарияланады.

3. Сыйлыққа әдеби туындыларды ұсыну тәртібі
1. Байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгерлердің қазақ және орыс тіліндегі шығармалары қабылданады.
2. Бір автор екі номинацияға қатысуға құқылы.
3. Авторлық жұмыстарға қойылатын талаптар:
1) байқауға бір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған екі шығармасы ғана қабылданады;
2) байқауға бейнормалық қолданыстағы сөздер кездесетін, этикалық нормалар мен авторлық құқықтар бұзылған шығармалар қабылданбайды;
3) шығарма А-4 форматында, мәтін 14 көлеміндегі Times New Rоman шрифтімен 1,5 аралықта терілуі керек. Мәтіннің көлеміне қойылатын шектеу:
– проза үшін – 35 беттен кем емес;
– поэзия үшін – 5 беттен кем емес;
– драмалық шығарма үшін – 30 беттен көп емес;
– балалар әдебиеті үшін – 25 беттен көп емес;
– «Туған ел» тақырыбына арналған түрлі жанрдағы әдеби шығарма (проза – 35 беттен кем емес; поэзия – 5 беттен кем емес; драма – 30 беттен көп емес; балалар шығармасы – 25 беттен кем емес;).
4) Байқауға жіберілетін өтінім «Алтын тобылғы» деп белгі қойылып, бір конвертпен мынадай тәртіппен жіберілуі керек:
Конвертке бөлек салынатындар 1) автордың аты-жөні көрсетілмей бір данада басып шығарылған шығарма, 2) автордың өзі туралы мәліметтер осы конверттің ішінде жеке конвертте болуы тиіс: аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы, тұрғылықты мекен-жайы, байланыс телефондары, e-mail.
4. Өтінімдер поштамен Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 10 үй, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мекен-жайына және at2017@fpp.kz электрондық поштасына жіберілуі тиіс.
5. Байқауға қатысуға өтінім бере отырып, автор:
1) өзінің авторлығын растайды;
2) Сыйлық ұйымдастырушыларына шығармаларды бұқаралық ақпарат құралдарында, Ұйымдастырушының ұйғарымы бойынша жинақтарда және ғаламторда жариялауға рұқсатын береді;
3) авторлық гонорарды талап етпейді.
6. Қабылданған шығармалар рецензияланбайды және қайтарылмайды.
7. Жұмыстарды Байқауға жіберумен және салтанатты марапаттау рәсіміне қатысумен байланысты шығындарды қатысушылар өздері өтейді.

4. Жеңімпаздарды анықтау тәртібі
1. Қолжазбаларды бағалау және Сыйлық жеңімпаздарын (лауреаттарды) анықтауды Сыйлық Құрылтайшысы елімізге танымал ақын-жазушылардан, баспа өкілдерінен, сондай-ақ байқау құрылтайшылары мен серіктестері өкілдерінен жасақтаған (7 адамнан кем емес) Қазылар алқасы жүзеге асырады.
2. Қазылар алқасының құрамы мен Төрағасын Сыйлық Құрылтайшысы бекітеді.
3. Қазылар алқасының Сыйлық талаптарына сәйкес келмейтін шығармаларды қарамауға (сонымен қатар, анонимді шығармаларды) құқы бар.
4. Байқауға ұсынылған шығармалар қазылар алқасы мүшелеріне анонимді түрде жіберіледі (автордың есімі аталмайды).
5. Қорытынды шешім қазылар алқасының жалпы санынан кемінде 2/3 кворумы болған жағдайда ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
6. Байқауға ұсынылған туындыларды әділ бағалау үшін барлық жұмыстар анонимді түрде бағаланады. Байқауға ұсынылған жұмыстарды бағалау кезінде шығарманың өзектілігі мен автордың ойлау дербестігі, ұстанымы, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, эстетикалық әсер тереңдігі басшылыққа алынады.
7. Қорытынды шешім қабылданғанға дейін анонимділік сақталады.
8. Қазылар алқасының шешімі ақырғы болып табылады және қайта қаралмайды.
9. Сыйлыққа лайықты шығармалар түспеген жағдайда, Қазылар алқасы Ұйымдастырушыларға сол номинация бойынша жүлденің толық берілмеуі немесе жартылай бөліп беру туралы ұсыныс беруге құқылы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір