«Алаш зиялыларын жоқтау кезеңінен өттік, енді…»
15.09.2017
2616
0

Бүгінгі қоғамда Алаш идеясының кең таралуына тек қазақ ұлтының интеллигенция өкілдері ғана мүдделі сияқты көрінеді… Ал шындығына келсек, мемлекетшіл сананы нығайтуда, ұлттық бірегейлік жолында Алаш идеясының маңызы зор болуы керек еді. Алаш идеясының маңызы мен оның бүгінгі ұрпақ мұратымен сабақтастығы жөнінде ҚР ҰҒА академигі, көрнекті Алаштанушы Мәмбет ҚОЙГЕЛДІНІ әңгімеге тарттық.


Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, ҚР ҰҒА академигі


 

 

 

 – Биыл Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл. Біз осы пар­тияның қазақ халқының өмі­рін­дегі маңызын қаншалықты ұғы­нып жүрміз?

– Алаш тақырыбы Кеңестік дәуір­де жабық тақырыптардың қатарында болғаны белгілі. Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың екін­ші жартысында қайта құру про­цесі басталып, Алаш тақы­ры­бы жөнінде там-тұмдап мәселе қойыла бастады. Мен сол кезеңде Қа­зақстан Коммунистік орталық пар­тия комитетіне қарайтын Ком­мунистік партия тарихы инс­титутында жұмыс істедім. Алаш зиялыларын ақтау процесінің қа­лай жүзеге асқанына және оның өте қиын болғанына куә бол­дым. Бірақ тарихшы ретінде бай­қағаным, Алаш көтерген мә­селе өлмепті, халықтың сана­сын­да, көңілінің түкпірінде жатқан екен. Өйткені, Алаш идеясы, Алаш­тың мақсаты ұлттың мақсат-мұратынан бастау алған. Ұлт мұраты мен Алаш мұраты­ның арасында ешқандай айырма жоқ. Кеңестік идеология ұлттың мұраты мен Алаш мұратының ара­сында бірлік жоқ, ешқандай үй­лесім жоқ деп көрсеткісі кел­ді.

М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов сындыАлаш зиялыларының еңбегі жариялана бастаған соң халық олардың не үшін күрес­кенін, Кеңес өкіметінің қандай идеяға қиянат жасағанын анық түсінді. Яғни Алаш қайраткерлері­нің мұраты түптің түбінде ақталып шықты. Қазір біз Алаш зиялы­ла­ры­ның еңбегімен қауышу, оларды жоқ­тау кезеңінен өттік. Енді жы­лап-сықтау артық. Халық Алаш зия­лыларының жасампаз, күрес­кер, реформатор буын екенін ұғын­ды. Тарихшылардың ендігі мін­деті – Алаш идеясын жас ұрпақ бойына сіңіру, іске асыру. Алаш қай­раткерлерінің мақсат-мұраты жас ұрпақтың ұстанымына ай­налуы керек. Яғни Алаштықтар­мен бүгінгі жас буын арасында са­бақтастық орнату қажет.

Алаш партиясы, ең алдымен, отар­шыл жүйеге одан кейін қазақ қоғамында салтанат құрған ескі идеяларға, ескі тәртіптерге, қо­ғам­дағы кертартпалыққа қарсы кү­ресті. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш қайраткерлерінің негізгі мақ­саты – ұлттық мемлекетті жаң­ғырту, қалпына келтіру еді. Қа­зақ даласында Алашқа дейін өмір сүрген патшалық билік те,кеңестік билік те қазақ хал­қы­ның негізгі талап-тілектерін қа­на­ғаттандыра алған жоқ. Ы.Ал­тын­сарин, А.Құнанбаев,
Ш.Уә­ли­ханов шығармаларында осы мә­селе терең қозғалады. Шо­қанның «Сот реформасы туралы» еңбегінде «патшалық биліктің реформалары ұлттың негізгі сұраныстарын қанағаттандыра алған жоқ. Ұлтқа экономикалық даму әкелген жоқ, ұлт мәдениетін өркендете алған жоқ. Қазақ халқы Ресей патшалығы құрамына кір­генде даму жолына түсеміз, азат­тық аламыз, мәдениетті ел­дің қатарына кіреміз деген үміт зор болды. Бірақ ол үміт ақталған жоқ» деген ой айтылған. Бө­кей­ханов басқарған Алаштықтар да осы тұжырымда болған. Демек, Алаш партиясы патшалық билік жүр­гізе алмаған реформаны іске асыруды көздеді.

Жақында өзбек, қырғыз, қа­зақ ғалымдардың қатысуы­мен ­халықаралық конференция өтті. Осы конференцияда біз «Қазақ жерінде өмір сүрген патшалық билік те, кеңестік билік те ли­ги­тимді билік емес. Олардың заң­дық негізі жоқ» деген тұжы­рым жасадық. Бұл қазіргі заманғы тарих ғылымындағы ең жаңа соны тұжырым. Ал қазақ дала­сын­дағы заңдық негізі бар билік – Алаш-Орда. Өкінішке қа­рай, біздің ұлы әкелеріміз өз мақсат­тарына жете алмады, кеңестік би­­лік ол құрылымды тарих сах­насынан күштеп шығарып, кө­семдерді нысанаға қойды.

– «Алаш» партиясының негізгі мұраты – қазақ елінің мемлекет­тілігін қа­л­пына келтіру еді. Қазір Қазақ­стан дербес мемлекет ретінде әлем­ге танылып, жаңа даму жо­лы­на түсті. Сіздің ойыңызша біз қазір «Алаш» партиясының қаулы-қа­рар­ларында айтылған қай мәселеге көңіл бөле алмай жүрміз?

– Әрине, Құдайға шүкір, біз ұлттық мемлекетімізді белгілі бір дәрежеде қалпына келтірдік. Қа­зақ жерінде Тәуелсіз Қазақ мем­ле­кеті орнағалы ширек ғасыр өт­ті, басқару аппараты жұмыс іс­теп жатыр. «Қазақстан» атты ел­ді әлем мойындады.Бұл жетіс­тік­ке жетуімізге осы уақытқа дейін­гі ұлттық мұрат жолындағы атқарған жүйелі жұмыстар негіз болды.

Ұлттық мемлекетті нығайту ісі өте күрделі – жаһандану ке­зеңі­мен тұспа-тұс келіп тұр. Сырт­қы ықпалдың екпіні өте күш­ті. Мемлекет мәселесін, елдің өткені мен болашағы туралы айт­қанда, қазіргі жетістігін бағалауда осы факторды есепке алмасақ бол­майды. Ата-бабаларымыз аң­саған, біз қол жеткізген қо­ғамның дамуына түр­лі жолмен, алыс­тан да, жақыннан да ықпал еткісі келетін күш­тер көп.Мұндай жағ­дайда қазақ қоға­мына артылар жауап­кершілік те орасан. Біз­дің алдымызда қайт­кенде өз біре­гейлігімізді сақтап қа­ламыз, жаңа дәуірдің эконо­ми­калық, оқу-ағар­ту, рухани, мәдени талап­та­рына қалай іле­семіз деген мә­се­ле тұр. Сыртқы ықпалға төтеп беру үшін өзіміздің мәдениетіміз, ішкі ұстынымыз мықты болған жөн. Мен Президент ұсынған түрлі жобаларды сыртқы ықпалға тө­теп беруге жол көрсететін бағ­дар ретінде қабылдаймын. Тарих саласына қатысты бұдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынын­да» бағдарламалары, жақында жа­рия­ланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, осының бәрі ұлттық сананы ояту, ұлттық сананы бір арнаға ба­ғыт­тау, әлемдік кері ықпалға ермей ұлттық бірегейлікті сақтап қалу үшін жасалған талпыныс деп білемін. Бұл бағдарлама тек мем­ле­кеттік қызметкерлерге ғана емес, зиялы қауым өкілдеріне, ға­лым­дарға, барлық ғылым сала­сының мамандарына үлкен жүк артып отыр.Біз ұлттың эко­но­ми­касын, мәдениетін, ғылым-бі­лімін жаңа сапаға көтеру жолында жұмылуымыз керек. Ағылшын тілін игеру де, латын қарпіне өту де ұлтты жаңа сапаға жеткізу жо­лында қолға алынған жұмыстар.Ағылшын тілін игермесек, соңғы ақпараттық ағынға ілесе алмай­мыз, латын қарпіне өтпесек әлем­дік кеңістікке толық шыға ал­маймыз. Ғалымдар мен зиялы­лардың ендігі міндеті осы қолға алынған іске мақсаттылық сипат беру.


Өмірдерек

Мәмбет Құлжабайұлы ҚОЙГЕЛДІ

 

1968 жылы Бішкек қаласындағы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университетін бітірген.

1968-1970 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеді.

1970-1971 ж.ж. Жамбыл облыстық мұрағатында ғылыми қызметкер.

1974 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне тарих мамандығы бойынша аспирантураға қабылданды.

1977 жылы кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

1982-1989 ж.ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің КСРО тарихы кафедрасының доценті.

1989-1991 ж.ж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,

1994 жылы тарих ғылымының докторы атанды.

2002 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Тарих және этнология институтының директоры.

2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметінде.

2017 ҚР ҰҒА академигі.

ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен»,   «Парасат» орденімен, «Әлихан Бөкейханов» атындағы медалімен, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылыми қайраткері» медалімен марапатталған.


– Бұл әрекеттерді Алаш идея­сы­ның жаңа заманға лайықталған түрі деп бағалауымызға бола ма?

– Сөзсіз. Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Ал­матыдағы алғашқы универ­си­теттің ашылуында сөйлеген сө­зінде, басқа да мақалаларында «Біз басқа елдермен тең болуымыз үшін, басқа мәдениеттерге кіріптар болмау үшін, жаңа білімді, жаңа технологияларды игеруіміз керек. Онсыз біз отарлаудың жаңа түріне ұрынамыз. Тәуелсіз болудың бір ғана жолы – білімді, мәдениетті игеру. Оның басқа жолы жоқ», – деді. Бұл – ғажап тұжырым. Мұны Алаштың ұраны деуге болады. Осы тұрғыдан келгенде, Алаш идеясы бүгін де өзекті. Олардың білімді болу идеясын бүгінгі буынның мұра­тымен сабақтастыру алдыңғы толқын оқығандардың негізгі мін­деті.

– Алаш идеясын жас ұрпаққа сіңіру­дің, бүгінгі өмірмен са­бақ­тастырудың бір жолы олардың ең­бе­гін насихаттау, мектеп және жо­ғары оқу орындарының бағ­дар­ламалары-на енгізу. Бұдан біраз уақыт бұрын ЖОО-ларда Қазақстан тарихы пәні «1991 жылдан бастап оқытылуы керек» деген сөз шықты. Сол тұста Талас Омарбеков пен Хангелді Әбжанов үшеуіңіздің «Егемен Қа­зақстан» газетіне «Ұлт қорғаны – ұлт­тық тарих» атты мақалаңыз жа­рия­ланды. Оған Білім және ғылым ми­нистрлігі жауап қатты ма? Нәти­жесі қандай?

– Бұл туралы көп ойландым. «Еге­­мен Қазақстан» газетіне ма­қа­ла жариялау туралы бастама жасаған мен едім.Талас Омарбеков пен Хан­гелді Әбжанов қолдады.

Кезінде «ЖОО-дағы тарих пә­нін оқытуда тарих факультетінен бас­қа факультеттерде мектеп бағ­дарламасын қайталау бар» деген орынды сын айтылды. Тарих пәнін оқытуды жаңа сапаға көтеру кезек күттірмейді, ол тарих­шы­лардың міндеті және мұны басқа ешкім атқара алмайды. Қазір біздің кафедрада жаңа бағдарлама дайындалып жатыр. Бағдарлама бойынша Отан та­рихын оқытудың өзегі – қазақ же­рінде ұлттық және мем­ле­кеттік бірегейліктің қалыптасу үрдісіне негізделуі тиіс.Ұлттық бі­регейлік қалыптаспай ұлттың дамуы мүмкін емес. Біз осыны ұғынуымыз керек. Ал мемлекет – Ұлттық бірегейліктің қорғаны. Ол ұлттық бірегейлікті сақ­тауға, жетілдіруге кепіл бо­лады.

– Ал тарихты оқытудағы осы күнге дейінгі қателік неде?

– Отан тарихын оқытуда та­рих­шылар акцентті дұрыс қой­ған жоқ. Мәселен, біз көне дәуір­ді оқытуда грек, парсы, қы­тай деректеріне баса назар ау­дарамыз. Ал өз халқымыз жа­саған тарихи ескерткіштерге, өз жерімізде ашылған тарихи жаңа­лықтарға, тарихи дерек­терге жіті көңіл аудармай келіп­піз. Мәселен, біз 1960 жылдары университетте оқып жүргенде бірінші курста өтетін КСРО тарихы деген пәнге оқытушылар жіті көңіл бөлетін. «Русская прав­да», «Повесть временных лет» атты орта ғасырлық, яғни орыс деректерін тереңдете оқи­тынбыз, сондағы әлеуметтік категориялар туралы анықтама­лар­ды жаттайтынбыз. Жат­тама­сақ, бізге жоғары баға қоймай­тын. Бұл – тарих ғылымын ірге­лендіру тәсілі. Ал біз қазір Отан тарихын оқы­туда сол «Русская правда», «По­весть вре­менных лет» сынды шы­ғарма­лардан да ерте пайда бол­ған төл ескерткіштерімізді есеп­ке алмаймыз. Орхон ескерт­кіш­тері, Күлтегін жазуы, Білге қаған, Тоныкөк жазуларындағы мем­лекеттік, елдік идеяны жас буынның санасына толық сіңі­ре алмай келеміз.

Отан тарихын оқытуда грек, пар­сы, қытай деректері де маңыз­ды. Бірақ жас ұрпақ елін, жерін, Отанын сүйсін десек, көне тарихи деректерді, ондағы идеяны жас ұрпақ санасына өз дәрежесінде сіңірейік.

Бергі орта ғасырға байланысты да осы ұстанымдамын. Ол кезең­дегі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» білеміз бе? Онда елге, Отан­ға деген сүйіспеншілік, мем­лекеттік басқарушыға қойылатын талаптар туралы нақты айтылған. Синхрондық тұрғыдан алғанда, ол кезде бүкіл Еуропада «Құтты бі­лік» секілді еңбек болған жоқ. Мәу­реннахрда ашылған­жаңа­лықтар қаншама?! Осыдан біраз жыл бұрын ЮНЕСКО адамзат өркениетіне ықпал еткен үш тұлғаны атады. Соның бірі біздің жерімізде өмір сүрген Ибн Сина. Америка ашылмай тұрып біздің жерімізде адам анатомиясы туралы еңбек өмірге келді, оның авторы сол Ибн Сина. ХХ ғасырға дейін бүкіл еуропалық универ­ситеттер адам анатомиясын Ибн Синаның еңбегі бойынша оқыды.Меніңше, біз осы айтылған та­рихи тұлғалардың еңбектерін жас буынның санасына кезең-ке­зеңімен сіңіруіміз керек. Өскелең ұрпақ осыларды білу арқылы біздің жерімізде озық мәдениет қалыптасқанын түсінеді, өзін-өзі сыйлау мәдениеті қалыптасады.

ХVIII-XIX ғасырға келсек те осындай деректер бар. Барлығын айтпай-ақ, Алаш бағдарламасын алайық. Бұл экономикалық, саяси-әлеуметтік, рухани тұр­ғы­дан қайта өрлеу бағдарламасы. Ал біз оны ЖОО-ларда, орта мек­тептерде лайықты деңгейде оқыта алмай келеміз.

– Ұлт тарихы ұлттың саяси бағ­дарымен астасып тұруы тиіс дегеніңіз бе?

– Қазақстан тарихы­н о­қы­ту­дың негізгі функциясы осыған бағытталуы тиіс.Университет­тер­дің негізгі мақсаты біздің мем­ле­кетіміздің негізгі саясатын жүзеге асыруға көмекші болғаны абзал. Менің ойымша, екеуі бір-бірінен алшақ кете алмайды. Қазақстан тарихы пәні білім жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың табан ті­рер тірегі болуы керек. Осы мә­селені Білім және ғылым ми­нистр­­лігі, ректорлар дұрыс тү­сі­ніп Қазақстанның төл тари­хына қолдау жасау керек, өзге та­рих табылады.

Дәл осы кезеңде ЖОО-ға ар­нал­ған мектеп бағдарламасын қайталамайтын бағдарлама дайын­дап жатырмыз. Бірақ оның бір­ден қолдау табатынына кү­мә­нім бар. Кезінде біздің бір әріп­тесіміз барлық университетте Қазақстан тарихы кафедрасының рөлі күшті болуы керек, оның негізгі функциясы елімізде ұлт­тық бірегейлікті қалыптастыру болуы тиіс деген ой айтты. Біз осы идеяны іске асырсақ, Алаш мұра­сының үдесінен шығамыз. Алаш мұрасына жаңа күш, жаңа серпін беретін боламыз.

– Бірден қолдау таппайтынын біле тұра бағдарлама ұсынуға ниет­тісіз…

– Өз мемлекетін нығайтып жат­қан елдің тарихшылары кү­рес­кер болуы керек. Мәселен, Ел­басының «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласының не­гізінде дүниеге келген «Туған жер» бағдарламасын алайық. Бұл – Президент тарапынан тарих­шыларға берілген карт-бланш се­кілді. Біз осыны қабылдап, нақ­ты жүзеге асырудың жолын қа­растыруымыз керек.Еліміздің әр аймағында мектеп ұжым­дары­ның қоғамдағы ағартушылық рө­лін арттыруымыз қажет. Әр мек­тептің пән мұғалімдері өз са­ласы бойынша сол ауыл туралы зерттеу жүргізсе, тарихшы тари­хын, биолог өсімдіктерін, географ ауылдың тау-тасы, өзен-көлін, фи­лолог ауыл ішіндегі аңыз-әң­гімелерді ден қойып зерттесе, көп жұмыс атқарылар еді. Соның негізінде мектеп жанынан шағын мұражай ашуға да болады. Бұл істі атқаратын субъектілер мен тұлғалар нақтыланса «Туған жер» бағдарламасының жүйелі түрде жүзеге асуына ықпал етер едік.

– Мұны тарих ғылымындағы микротарих бағытына жатқызуға бола ма?

– 2012 жылы Абай атындағы университет жанынан «Айтылған тарих» атты орталық аштық. Оған сол кездегі ректор Серік Жай­лау­ұлы үлкен қолдау көрсетті. Ашыл­ғалы бері Алматы, Жамбыл, Қа­ра­ғанды облыстарына арнайы экс­педиция жібердік.

– Оны кім қаржыландырды?

– Алғашында университет қар­жыландырды, сосын министр­лік тарапынан жоба алдық. Одан ары Жамбыл облысы жоба ұсын­­ды. Кейін «Халық тарих тол­қы­нын­да» бағдар­ла­масы арқылы қаржылай қолдау алдық. Қазір «Ай­тылған тарих» бойын­ша ка­федрада бір­неше пән бар. Мұ­ғалімдердің біразы осы бойынша дәріс береді. Тарихи фактілер тек ­мұра­­ғаттарда сақталады деген жаңсақ түсінік. Та­рихи фактілер ел ара­сында, халық сана­сында тарыдай ша­шылып жүр. Тарих­шы­ның міндеті елдің жадын­дағы факті­лерді де айна­лымға қосу.

– «Айтылған тарихтың» дәл­дігіне күмән келтіретіндер та­былады ғой?..

– Өткен ғасырдың 60 жыл­да­рынан бастап Еуропа, Америка, Азия­ның тарихнамасында «Ай­тыл­ған тарих» деген үлкен бір ар­на бастау алды. Осы елдердің барлық мұрағатында «Айтылған тарих» қоры бар. Мәселен, де­монстранттар өздерінің белгілі бір талаптарын қойып көшеге шы­ғады. Олармен сөйлесуге жур­налистер ғана емес, тарихшылар да барады. Тарихшы демонстрант­тың көшеге шығу себебін өз ау­зынан жазып алып, аудио-бейне жазбаны мұрағатқа тапсырады. Бұл – тарихтағы жаңа технология.Біз қазір студенттерге осыны үй­ретіп жатырмыз. Дәл осы әдіс-тәсіл «Туған жер» бағдарламасы бойын­ша жұмыс істеуге әбден лайық. Мәселен, мектептегі шә­кірт атасынан, әжесінен ауылдың тарихына байланысты көп дерек жинай алады. Бұл өткен тарихты білудегі буынаралық сабақ­тас­тық.

– «Айтылған тарих» осы уни­вер­ситетте ғана оқытыла ма? Әлде өзге оқу орындарына таралды ма? Білім және ғылым министрлігі бұл пәнді мақұлдады ма?

– Бұл істі алғаш қолға алған осы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Қа­зақстан тарихы кафедрасы. Мұны министрлік мақұлдады, сайтында бар.Біздің кафедрада «Айтылған тарихтан» басқа «Күн­делікті тарих» пәні оқытылады. Күн­делікті тарих дегеніміз мик­ротарихқа кіреді. Бұрын тарих ғылымы макротарихты – ұлттар, мемлекеттер, жеке таптар тари­хын оқытуға ден қойған болатын. Қазіргі кезеңде тарихнама мик­ротарихқа бет бұрды. Микротарих дегеніміз жеке адамның, шағын әлеуметтік таптың өміріндегі өз­ге­рістерді білу. Үлкен оқиғаларға бай­ланысты жеке адамның көз­қарасын білу. Мәселен, біз Кеңес­тік дәуірдегі социалистік кезең­нен Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне, нарықтық қатынас кезеңіне өттік. Осы өзгерісті жеке зауыт жұ­мысшы немесе жеке шаруа қа­лай қабылдады? Бұл маңызды емес пе? Оны тарихи айналымға қосу тарих ғылымындағы жаңа ба­ғыт. Микротарихтың артық­шы­лығы да осы, оның болашағы зор.

– Бұл екі бағыт бір-біріне қай­шы келмей ме?

– Керісінше, бұл екі бағыт бі­рін-бірі толықтырады.

– «Айтылған тарих» бойынша ел ішінен Алаш жөніндегі де­рек­тер де табылуы мүмкін ғой…

– Дәл қазір авторын ұмытып отырмын кезінде мынадай бір сөз оқып ем. «Түкпірдегі ауылда көп білетін қарияның көз жұмуы бір кітапхананың өртеніп кеткенімен тең». Дәл айтылған сөз. Біз кеу­десі қазыналы, шежірелі қария­лары­мыздың көбінен айырылдық. Егер ол қариялардың қатары си­ремей тұрғанда осы «Айтылған та­рих» қолға алынса, көп дерек­пен та­нысып, көп нәрсені сақтап қа­лар едік. Қазір де кеш емес, олай дейтінім, біз социалистік дәуірден өттік. Қоғамдық жүйе ретінде ол ел ішіндегі азаматтарға әсер ет­пей қоймады. Сол дәуірдегі ақ­сақалдармен әңгімелесіп, тарихи сұхбат алуымыз керек. Тарихи сұх­баттың өз ерекшелігі бар. «Айтылған тарих» орталы­ғының ұсынысымен Алматы қала­сын­дағы ҚР Ұлттық мұра­ғатынан қор аштық. Өзіміз жазып алған тари­хи сұхбаттардың паспортын жа­сап, сұхбат берген кісінің сол сұх­батты пайдалануға болады де­ген рұқсатын алып, заңдастырып, қорға өткізіп жүрміз. Еуропада мұндай қорлар­дың жұмыс істей бастағанына 60-70 жылға жуық­тап қалды, біз болсақ жаңа ашып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір