Жауапты шақта бірге болдық
01.09.2017
1218
0

Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВ,
ҰҒА академигі


«Таулардың биіктігі байқалмайды, жүрген соң дәл қасынан күнде көріп» дегендей, өзім шәкіртім деп мақтан тұтып жүретін белгілі қайраткер Бақыт Сағындықұлы Оспанов та, міне, адам өмірінің алтын күзі – жетпіс жастың биігіне көтеріліп отыр екен. Институттағы студент кезінде өзім сабақ беріп, онан кейін еліміздің жер қатынастары саласында ұзақ жылдар бірге қызмет етіп, осы саланың ыстығы мен суығын қатар көрген соң мен өзімді Бақыт бауырымды жақсы білетін адамдар қатарына қосамын. Бақыт Сағындықұлы Оспанов Батыс пен Шығыстың ортасында жатқан стратегиялық маңызды ел саналатын Қазақстанның ең бір тарихи жауапты шағында, оның басты байлығы, әрі бүкіл тіршілігінің қайнар көзі, экономикалық қатынастарындағы ең басты нысаны – жер ресурстарына қатысты құрылған мемлекеттік құрылым жұмысына басшылық жасады. Осы кезең ішінде, Жер ресурстарын басқару агенттігінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еліміздегі жер қатынастары саласы нарықтық даму жолына түсіп, айналасы он-он бес жылдың ішінде жүз жылдың жүгін арқалауға лайық мәселелер шешімін тапты. Осы үрдістің басы-қасында менің шәкіртім Бақыт Оспановтың болуын мен оның ұстазы ретінде мақтаныш етемін. Өйткені, Жер саласында көптеген заңдар мен нормативтік актілер, Жер туралы жаңа кодекс қабылданып, жүзеге асқан бұл кезең оқиғалары күні ертең тәуелсіздігіміздің тарихынан өзіне лайықты орнын алып, үлкен зерттеу объектісіне айналатыны түсінікті.
Бұл жерде Бәкеңнің бойындағы адамдық қатынастардағы сыпайылық, тілге шешендік, жұмысқа деген аса жауапкершілік, келелі мәселелерді кеңесіп шешетін қайраткерлік секілді қасиеттер молынан табылып, осындай қасиеттерінің нәтижесінде үлкен ұжымды бетбұрысты сәттерде бағыттан жаңылдырмай, адастырмай тура бастап отырды.
Бақыт Оспановтың тұсында Елбасы тапсырмасына сәйкес еліміздің жер қатынастары саласы түбірінен қайта құрылып, экономиканың даму жағдайын ескерген эволюциялық жолмен бірте-бірте нарық жағдайына бейімделді. Осы мақсатта көптеген кезеңдік заңдар мен нормативтік актілер әзірленді. Ақыр аяғында жер телімдерінің жылжымайтын мүлік ретіндегі мәртебесі айқындалып, жер телімдерінің нарық пен меншік нысанына айналуына жол ашқан Жер кодексі қабылданды. Осы жағдай жердің қадір-қасиетін арттырып, оның күтімін жақсартуға мүмкіндік берді.
Бақыт Оспановтың тұсында Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы айқындалып, оны заңды түрде рәсімдеу мақсатында делимитациялау және демаркациялауды геодезиялық және картографиялық қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Геодезия мен картографияны жетілдіруде, агенттіктің методикалық, материалдық-техникалық базасын нығайтуда көптеген шаралар жүзеге асты. Халықаралық стандартқа сәйкес полиграфиялық құрылымдармен жабдықталған республикалық картографиялық фабрика салынып, пайдалануға берілді.
Еліміздің жер кадастрының маңыздылығы артты. Оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің негізі қалыптасты. Жер мониторингін жүргізудің жүйесі қалыптасты.
Сонымен қатар, Бақыт Оспановтың қатысуы және басшылық жасауымен еліміздің жер ресурстарын басқару мен реттеу ісі қайтадан ұйымдастырылып, оның тікелей бағыныстағы тиімді сатылы жүйесі қалыптасты.
Бәкең өзіне жүктелген мемлекеттік маңызды міндеттермен қатар, ғылыми шығармашылық және қоғамдық жұмыстармен де белсене шұғылданды. Экономика ғылымының докторы, профессор атанды. ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Инженерлік академиясының академигі болып сайланды. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес төрағасының орынбасары, ТМД-дағы Геодезия, картография, кадастр және жерді қашықтықтан зондтау жөніндегі Мемлекетаралық Кеңес төрағасы секілді қызметтерді атқаруы халықаралық деңгейде танылған білікті, беделді басшы екендігін аңғартады.
Мен мерейлі жетпіс жасқа келіп отырған Бақыт Оспановтың Қазақстан тәуелсіздігіне қосқан үлесінің, соның ішінде жер қатынастары саласын дамытуға сіңірген еңбегі мен арамызда қалыптасқан адамгершілік қатынастардың, еңбекпен өріліп, келісті, кең тынысты кемелдігінің сан рет куәсі де болдым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір