«Талай сұлу тілегімді құп алған…»
«…Жер бетінде қанша жүрек бар болса,
Сонша жүрек махаббатты жырлайды…».
С. Есенин.
(Соңы. Басы өткен санда)
Исраил Сапарбай
***
Экзотика демекші… әлем жыр жауһарларының бірі де бірегейі – «Парсы саздары» Есенин шығармашылығының үздік туындысы ғана емес, жазылу мәнері мен мазалы мақамы көркемдік тұрғысынан әлі күнге көпшілігімізге үлгі. Өзі қолдан тұрғызбақ болған «жұмағына» өзі жете алмай жер жастанған әлгі патшадай емес, керісінше, нұрлы, сырлы Пейіш әлемін Есенин өз ішінен тапты! «Іздегенге-сұраған» демекші, оған Кировтай кең пейілді, сергек көңілді кемел басшының бекзада бейілін қосыңыз. Ол аз десеңіз, қай заманда да айбарлы ағзамынан гөрі айдарлы ақынын жүрегіне көбірек жақын тұтатын орыс жұртының әншейіндегі көлпар көңілін көз алдыңызға келтіріңіз. Сол көңілдің, сол бейілдің, несін жасырайық, қай тараптан да біздің қанымызда әлі күнге дейін қайнап-пісіп жатпағаны бесенеден белгілі. Ащы да болса, бұл шындық. Ал Шындықтың бетіне тура қарау да тумысымызға сын…
Біз «Есенин де шынайы махаббат болды ма?..» деген сауалға әлі толыққанды жауап бере алған жоқпыз. Бәлкім, «Парсы саздарын» қайта парақтау, парықтау барысында не «бүкке», не «шікке» көз жеткізерміз…
Ауруымның әлпештейін несін мен,
Ебі келсе, енді еркіне көнбеймін.
Тегеранның таңғажайып кешімен
Шайханада шалығымды емдеймін.
Басқаға емес,
Маған тиіп төр мына,
Шайханашы бек келтіріп баптауын,
Ащы арақ, тәтті шарап орнына
Қара шәйдің жеткізеді мақтауын.
Сыйла, сыйла,
Бәрі де тұр жарасып,
Мейманыңды-бейғамыңды жас, бұлаң.
Маған қарап қиылады қарашық
Торғын торы пәрәнжінің астынан.
Біздің жақтың салты басқа,
Ғұрпы да…
Ақшасыз-ақ аймалаймыз аруды.
Бәлкім, көнер, бәлкім, көнбес ырқыңа,
Қызға бола жұмсамаймыз қаруды.
Бір сәт емес,
Азық болар біраз күн
Ал мына бір қылдай нәзік жан үшін
Түрлі-түсті кілеміне Шираздың
Қосып берем Хорасанның шәлісін!
Ал, Қожайын,
Мәйін жүріп, жай басып,
Баптап, шақтап, келістіріп құй шәйді!
Жаны жібіп, қаны жүріп… жайғасып,
Жас мейманың жамбасына қисайды.
Кіргенге де, шыққанға да жолы ашық,
Есік жаққа елең қаға бермеші.
Маған текке қараған жоқ қарашық,
Ақ бетіне көлегейлеп пердесін…
Қожайынның шәйханасы – осы тұрысында Есенин үшін жаңа ашылған Жұмақ есігі. Мұның қасында Мәскеудің мәйханасы әдірем қалса болмай ма?! Ал шәйхана ішінде… Періште сипатты сұлу қыздың сұлбасы, әлде, ақ тұман арасынан, әлде, ақшәлі ішінен еміс-еміс елес беріп, көрінер-көрінбесте көзді арбайды. Әйгілі Гете
«…шіркін-ай, сегізіншісі болып соңынан қосылар ма едім?!» деп армандаған, аңсаған әлемге мәшһүр жеті Шайырыңыз да осы қасы-көзі қиылған хас сұлуға қайран қалған, тамсанған, қызыққан, бірақ сұқтанбаған!.. Өйткені, Шығыс әдебі әдемі қызға сұқтануды әдетке айналдырып көрмепті. Ал мына аңсары мен аусары алыпқашпа аттай егіз-қатар тізгін қаққан жирен шашты шайырға не десек болады?
«Ауруымның әлпештеймін несін мен,
Ебі келсе, енді еркіне көнбейміннің…» аржағында не тұр? Серт пе, дерт пе? Екеуі де бар. «Ауруы» естірек те, «шалығы» ескірек пе, қалай? Қалай десек те, ақын кеудесінде аударыспақ ойнаған алай-дүлей бір сезімнің бой көтергені анық!
«…Маған қарап қиылады қарашық…»
Торғын торы пәрәнжінің астынан…
Бұрын:
Көйлегі көк,
Көздері де аспанкөк
Сүйіктіме жан сырымды ашқам жоқ…» деп көре-көзге бәлсінетін бәдікшіл шайырыңыз табан астында бәйітшіл күйге көшкендей әсер қалдырады. Солай-ау шамасы… Әрі қарай оқиық:
«…Біздің жақтың салты басқа, ғұрпы да,
Ақшасыз-ақ аймалаймыз аруды.
Бәлкім, көнер, бәлкім, көнбес ырқыңа,
Қызға бола жұмсамаймыз қаруды…» Салыстыру ма, салғастыру ма? Екеуі де емес. Көз алдыңызда айран-асыр күй кешіп отырған ақын кейпі. Шәйға шашалмаса да, шарабын аңсамаса да, шәйі шымылдық аржағынан қызды емес-ау ноқаттай қарашықты көргеніне мәз, тіпті, шала мас. Бұрын-соңды түсіне де кірмеген, ішіне де енбеген ертегіге бергісіз шырын-шербет әзбараи бір әлем. Тек орыс жұрты ғана емес, тұтас Батыс жамағаты жарым-жартылай жалаңаштана бастаған, (қазір жалаңаштанып болған) жырым-жырым жұлым-жұлым жұқпалы аурудың мұнда жұғанасы да жоқ! Ана жақта… қала жақта аңсары мен аусары әуейілікке ауысуға айналған ақынның мына жердегі көргені мен сезгені көңіл безбенінде берекесіз күй кешулі. Әйткенмен, ақыннан асқан көргек, сергек һәм сезімтал жан иесі жоқ-ау дерсің мынау фәни дүниеде! Ғұмыры бір сәттік қана жалаң, жадағай, жалт етпе сезім жанардан өлімші күйде өшіп тынып, оның есесіне тұла бойда қунақ бір толқын тулап шыға келгендей:
«Бір ғана емес, азық болар біраз күн
Ал мына бір қылдай нәзік жан үшін
Түрлі-түсті кілеміне Шираздың
Қосып берем Хорасанның шәлісін!»
Шындығына жүгінсек, бұл да өткінші, әрі-беріден соң әлгіндегі жеті шайыр әлдеқашан жазып кеткен қиыр-шиыр соны соқпақтың соңы ғана. Соны елден бұрын өзі сезгендей Сергей өлең соңын:
«…Маған текке қараған жоқ қарашық,
Ақ бетіне көлегейлеп пердесін» деп дәркүмән көңілін дәмегөй ниетпен жұбатқан болады. Олай етпеске лажы да жоқ. Шығыс аруының шынайы шырайы шымылдық ішінде ғана көзге шалынса керек. Перде мен пәрәнжі жұмыртқа ішіндегі ақ уыз бен сары маңыздың саққұлақ сақшысы ғана деп біліңіз… Қиялымен қызықтырып, елесімен еліктірген экзотика діттеген жерге жеткізсе жақсы-ау… Әліптің артын бағайық.
***
Үйде қамалып, Ордада омалған ақын – тор себеттегі құсалы тотықұс. Тотықұсқа құдайым қос қанатты торығу үшін бермеген. Ақынға да солай – ілуде келер үргедек шабыт үйге сыймайды, үкілеп қосар үйірі болмаса. Мәскеуге сыймаған ақын нақ бір онда нағашысы жайғап алатындай Питерге асықты. Оның алдында қиялдағысын қайдам, қияндағы Америкадан біржола түңіліп қайтқан. Орыс-орманына қайтып оралған соң да оған әйтеуір бірдеңе олқы соқты да тұрды. Біресе Батумиді бағытқа алып, біресе Тифлисті жағалап қысқа күнде шиірген асықтай шиыршық атты. Бағзы-баяғыда оқып тауысқан Шығыс шайырларының шаһбаз жырлары өмір өрмегінде қайта тоқылып, желбір-жекен жетібояуымен көз жәуін ала берді, ала берді… Изадораға да қарасын көрсетпегелі біраз болды. «Қайда барар дейсің, түптің түбінде өзіме қайтып оралар…» деген Татьянаның (Бениславская) талмай күткен тағаты да таусылуға таялды.
Құрықтан босаған арғымақ көңілі Тәшкен жаққа жалт бұрылып, иен далаға ен салып, із тастағаны да естияр елдің есінде. Бірақ бұл сапарда не өндірді, нені ұқты – бізге ізім-қайым белгісіз. Пушкиннің қалмақ даласына келіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының бір нұсқасын жаздырып алып кеткені жайындағы ауызекі әңгіме де ел жадынан өшіп тынғандай бүгінде… Оны айтасыз, тым бергідегі Шәкәрім мен Достоевскийдің өзара жазысқан хаттарын таптым деген бір тарихшы болсайшы!.. «Анық Тәшкенге аяқ іліктірген екен, қарыс аттам жердегі қазақ сахарасына біздің Сергей қалайша бұрылмай кете барған?» деген сыңар сауал әлі де әптариқатымыздан айырып, мазалауын қояр емес. Әйткенмен, құнарлы, шырайлы Әзірбайжан жері біз бен сізден гөрі әлдеқайда бақытты һәм мейманалы екен. Қысқа да нұсқа Есенин өмірінің ең айшықты, ең бедерлі беттері басқа емес, нақ осы арада дүниеге келді. Әзіз Гетенің көкейіндегі көксеуге елден бұрын елкезер Есенин қол жеткізді! Дүние кеңісінің, ақын өрісінің, өлең жемісінің бір өнегесі, міне, осы! Ақынға «дүниеге келер-кетер пенденің бірі» деп қарамай, қалауынша ерік берген елдің енжайлау көңілінен айналып кетсең болады! Әйтпегенде, бізде Сергейлер сирек, Александрлар аз ба?! Шайыр шабытына қанат бітірер Шаганэ – қыздарымыз қаншама?!. Әттең-ай, әттең…
…Көз алдыма тағы да қаламдас достарым Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Тынышбайлар қаз-қатар тұра қалды… Кешіргейсіңдер кертартпа кежір-кещелігімізді…
«Керенау, кербез, бір керім..,
Жақпайды маған сол жерің…» Абай сөзі ерінімде күбір қақты. «Парсы саздарына» қайта үңілдім:
Көгілдір ауа, көк тұнық,
Сағыммен сәнді сонау шың.
Аптапқа ерін келтіріп
Барасың қайда, жолаушым?
Көгілдір ауа, көк тұнық.
Алдыңда – сайран сәнді бақ,
Көз тартар гүлдер әрқилы.
Жасарып көңіл, жан қунап,
Ауада әтір аңқиды.
Алдыңда – сәруар сәнді бақ.
Таралса бойға күн нұры,
Талықсып кетер тал бойың.
Салкерім бақтың сыңғыры
Сағади салған әндейін.
Талықсып кетер тал бойың.
Мен ғана емес, масаң гүл,
Қаперсіз,
Қамсыз,
Жан тыныш.
Перімен бірге Хасанның
Сыбызғы сазын сарқып іш.
Мен ғана емес, масаң гүл.
Сарғайса өңі санамның,
Сабасы қайда ақылдың?
Аңқыған иісін самалдың
Алқына жұтып жатырмын.
Аңқыған иісі самалдың…
Өзініз байқап отырсыз: албырт ақынның оқыған-тоқығаны мен көрген-білгені табысып-жұптасып өзгеше бір әлем құрап отыр. Сол әлемге елігіп, елітіп біз де еніп барамыз байқамай, бажайламай. Өлеңмен, оның әр буын, ырғақ сазымен үндескен сүмбіл сезім, сұңғыла сұлулық Сізді мынау бір бей-берекет бейопа дүниеден біржола бездіріп, берекелі де бейбіт, мерекелі де меймана, сәнді де сәруәр әлемге әуелетіп ұшқандай! Қайда? Әрине, өңдегі Әзірбайжан, қиялдағы парсы еліне! Кіммен! Әрине, серішатыс Сергеймен!
…Алдыңда-сайран сәнді бақ,
Көз тартар гүлдер әрқилы.
Жасарып көңіл, жан қунап,
Ауада әтір аңқиды…
Есениннің ел кезіп жүріп қияннан тапқан, қиялдан соққан әзіз әлемі, міне, осындай! Ендеше, жазалы жүректің мазалы махаббаты да осында деп біліңіз!..
***
Махаббат демекші… Көкейімізде әлі де сол сауал… бір-екі ауыз сөзбен Есенин әлемін толықтай ашып болдық деуден аулақпыз. Дегенмен, сауалға із салар саңлауды сәл де болса тапқандаймыз – санамен, түйсікпен. Табиғатына тән шығар, ақында алыпұшпа сезім де, аяулы махаббат та аз болмаған. Бірер сәтке Константиново селосын еске түсіріңіз: келісті, кербез келіншекке барып-келіп жүрген байызсыз, бақылаусыз бозбала… Келе-келе балқымаға айналған балауса сезім, өзекке шоқ түсірген тылсым өбіс, гүлсім сәт. «Сылқым келіншек сенің не сәнің, есіңді жисаң етті?..» деген Ана сөзін жүре тыңдаған Сары бала… Сол бір жалт етпе жалғызілікті сәттердің жарылқауындай дүниеге келген жасампаз дүние – «Анна Снегина»… Одан кейінгі Мәскеудегі өткен серуенді һәм сергелдеңді он жыл. Адасу, табысу, ажырасу, қауышу… одан кейінгі елес қуу, ес жию, еңсе тіктеу, еркіндік аңсаудың енсіз-түпсіз қиыр-шиыр қияметі… Осылардың арасында өз уақыты өзіне жетпеген ақын цейтнотқа түсіп қалған шахматшыдай алабөтен аласұрады. Жол-жөнекей жолыға кетсе желімдей жабысып соңынан қалмай қоятын жеңіл етек желбегей қыз-қырқын. Ақынға біткен ақ-адал, ақеділ жүрек қайсысына жалау бола алсын?.. Бірін сүйеді, бірін емексітеді, бірін алдарқатады… Сөйте жүріп жан-жүрегімен аяйтыны да аз емес. «Тентек, сотқар, жеңілтек, жүргіш…» деп жел-өсекті олай да былай қоздырып, қоздатып жүрген әлдекімдер мұны, арине, қаперге алғысы келмейді. Ал, шынтуайтында, ақын түгілі кез келген ақыл иесі нәзік жынысты қыз жүрегіне үңілумен бірге оның алмағайып тағдырына да бейтарап қарай алмайды. Мына өлеңді оқи отырып ішіне шындап үңілсеңіз, әншейіндегі «сотқар» Сергейдің сергек те сезімтал, көргіш те байқағыш, мұңшыл да сыршыл екеніне титтей де күмәніңіз қалмайды:
Саған қарау аянышты һәм мұңлы,
Қайда сол бір мөлдір, желбір қыз бала?..
Қойсайшы бұл ақыр-тақыр тағдырды,
Ендігі еншің – күрсіні мол күз ғана.
Таскенеше жабысты екен қанша ерін
Жас денеңе қызығып та үзіліп?
Қандыра алмай жүрсің бе екен жан шөлін,
Көзіңді ілмей,
Көңілің нілдей бұзылып?..
Жә, несі бар!
Керегі не үркудің?
Кімнің мұңын, шынтуайтта, кім ұғар?
Өмір деген өзгермелі шіркіннің
Өңі,
Түсі,
Күнгейі мен күні бар…
Маңдайымның шамшырағы жанса да,
Марғау ғұмыр кеше алмадым тамсана.
Кемшіліктер кетті менен қаншама,
Өмір өксіп өтті менен қаншама…
Сылқым дүние –
Сырласым да мұңдасым,
Саған кімнің қышып жатыр иегі?
Көрмеймісің ақ қайыңның сұлбасын,
Қабырдейін қаңсып қалған сүйегі?..
Ерте ме кеш…
Бір келеді құрбан шақ,
Біз де қунап,
Қуарармыз дәл өстіп.
Қыз кезінде қызыл-жасыл гүлді аңсап,
Қайғыру да,
Айға ұлу да әбестік.
Жалғыз соқпақ, мың-сан із… Зымырандай заулаған едел-жедел уақыт… Болмай жатып болдырған демесек те, түбі шикі тіршіліктің түңілер тұстарының ту сыртынан аңдуы… Көре алмайтын көп дұшпан демесек те, көрінбейтін Көлеңке мен ерінбейтін Елестің қашып құтыла алмастай қараң-құраң алдынан шыға беруі («Қара адамды» жаздырған да солар) әрине, кім-кімді де қажытпай тынбайды.
Көп ішіндегі жалғыздықтан жаман нәрсе жоқ – жүре келе өз көлеңкең де құбыжыққа айналуы да әбден мүмкін… Бір қызығы, дәл осындай жалғыздан-жалғыз сәттерінде ақын дос-жарандарын емес, жақсы көретін немесе ұнататын ұрғашы қауым өкілдерінің бірен-саранын ғана жанына жуықтатады. Жәй, ермек емес, керісінше, екі жақтың жан жарасын серіктесіп-селбесіп жамап-жасқау үшін:
Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе кез!
Келші, аяулым, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.
Шашың да алтын,
Күз де алтын…
Айдан өңің аумайды.
Құлын мүшең, қыз қалпың
Қызықтырып баурайды.
Дәм-дауасын Даланың
Ұмытқандар қаншама.
Қармағына қаланың
Іліккендер қаншама…
Дүйім дүние дүбірі
Жұмағыма жетпейді.
…Құрбақаның құрылы
Құлағымнан кетпейді.
Жатаған үй, жаппа там
Шығар ма әсте есімнен?!
Ана, сенің ақ батаң
Мені ақын ғып өсірген.
Сарғалдақтай сол бала
Неге бүгін шет құмар?
…Тобықтай құс торы да
Сайрағысы кеп тұрар.
Сайрай-сайрай жақ тынар,
Салқын тартып өнебой.
Жағалауға лақтырар
Бізді де ертең Телегей…
Суық құшақ сұм ажал –
Өлгендердің өң-түсі.
А-н-ау соқпақ, мына жол –
Келгендердің еншісі.
…Бейопа, беймағына
Кетсінші әрі кезбе-кез!
Келші, күнім, жаныма,
Сырласайық көзбе-көз.
…Бұдан әрі соза берудің қажеті жоқ. Аталмыш өлең қай жылы, қай күні, қай сағатында жазылғанына қарамастан, онсыз да қыршын кеткен ақынның қимасына, сырласына қиыла қарап отырып қиған соңғы сәті сияқты. Әр шумақтың әр талын талдаудың да артық екенін сезіп-біліп отырған жәй бар. Кейбіреулер бағзыбір ақындар жайында әртүрлі әттеген-айлар айтып, өзінше сәуегейсиді: «…жас кетті, әлі де жүре тұрғанда мұнан да артық, айшықты өлеңдер жазар ма еді…» деп. Саттар, Төлеген, Жұмекен, Мұқағали, Пушкин, Рубцов… және біздің кейіпкеріміз турасында айтатын болар. Бірақ тағдыр, бұйрық, жазмыш, ажал деген біз үшін тылсым да құпия жәйттерді қайда қоясыз? Пенденің айтқаны мен дегені қашан алдынан шығып еді? Оның үстіне «Аузына Алла сөз салған» ақын тағдырын пенделік өлшеммен өлшеуге қайсымыз хақылымыз?
«Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған?..» деген Абай тұспалын тура мағынада түсіне білу де сана сарасына сын болса игі. Сол «өлмейтұғынның» бірі Сергей Есенин мұны күнібұрын айтып, алдын-ала жазып кетсе, таң қалмасқа не ылаж?
Қарлы жапан.
Жалғыз Ай адасып жүр көкте кең.
Мынау өңір,
мына өлке бұрынғыдан бөп-бөтен.
Ақ қайыңды қуарған
енді қайтіп көктетем?
Кім өтті екен өмірден?
Өзім өлген жоқ па екем?..